ПАРЫЗ БЕН ҚАРЫЗДЫ БІЛУ – ҰРПАҚҚА МІНДЕТ
(Абыз әке Тұрсынбек Кәкішұлы туралы естелік)
Әдебиеттанушы ғалым, профессор Тұрсынбек Кәкішұлы туралы ой-толғамымды осыдан бірнеше жыл бұрын, ағайдың 85-ке толған мерейлі мүшелтойында жазған екенмін. Тұрсекең 7-ші мүшелін әдемі қарсы алды, әрі қарттыққа әдемі жеткен абзал жан, үлгілі тұлға болды. Оған бәріміз де куәміз. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоратының мәжіліс залында салтанатты түрде аталып өткен сол жиын баршамыздың жадымызда шығар-ау! Тек әттеген-айы, ағайдың жарасымды қалжыңы мен күлімсіреген жүзін соңғы рет көріп тұрғанымыз ешкімнің де қаперіне кірмегені анық…
Біздің Тұрсынбек ағайымыздың бойындағы кішіпейілділік пен қарапайымдылық күнделікті күйбің тірлікте кез келгенімізге керек-ақ қасиеттер. Тұрсекеңнің ешкімнің де шен-шекпеніне қарамастан, ақ сөйлейтін туралығын тағы қосыңыз. Негізі, ағайдан үйренеріміз көп-ақ еді. Кейде ойлаймын, «ағайдың адами сипатын көзі тірісінде ауыз толтырып айта алдық па екен, осы?!» деп, өйткені, Тұрсекеңмен қанша рет дастархандас болсам, сонша рет кісілігі мен кішілігіне тәнті болып, таңданумен жүретінмін. Әсіресе, аңғарымпаздығы, адам бойындағы мінді байқағыштығы, оны сол сәтте-ақ, құлағыңа елеусіз ғана ескертетін әкелік қамқорлығын айтсаңызшы! Шіркін, сол ақшаңа сатып ала алмайтын теңдессіз кеңестерді айтқан Тұрсекеңдей тұлғаның мәңгі тұрмайтынын аңғармаған қамсыздығы ма, енді өкініп отырғандаймын.
Соңғы рет жүздескенім мүшелтойында болса, соңғы рет тілдескенім телефон арқылы болыпты. Онда да сол баяғы «Не істемек керек? Қалай ойлайсыз, не айтасыз? деген сауалдармен абыз ақсақалымыздың кеңесіне жүгінген екенмін. Өзінің сырқаттанып жатқанынан сыр білдірмеген ағай, сол қарлығыңқы үнімен тағы да ақылын аяп қалмады… Осы тұста Тұрсекеңнің ұлы бұл фәниді тастап, ағайдың қабырғасы қарс айырылып жүрген уақыты болатын. Мүмкін сол қабырғасын сөккен қайғысынан ба, әлде Жаратқанның өлшеп берген өмірі ме.., бұл күні ағай ортамызда жоқ, өмірден өткеніне қыркүйекте жыл толады. Егер ағайдың талқаны таусылмағанда тамыздың 15-і күні 89 жасқа келер еді-ау!
Көзі тірісінде «қазақ әдеби сынының тарланы», «абыз», қазақтың рухы биік көкжалы» атанған, ал менің танымымда «Ахаң мұражайының рухани әкесі» болған Тұрсекеңе мерейтойлық арнау-мақала жазу – үлкен абырой болған-ды. Оқыған жұрт «мақтасып, қолпаштап» жатқанда, едәуір көңілім өсіп қалған-ды. Енді бүгін сол рухани әкемді жоқтап жазуды – өзіме ұрпақтық парыз санап, ақ парақпен сырласқанымда бір жағынан, үлкен жауапкершілікті сезінсем, екінші жағынан, өмір мектебіндегі дәстүр жалғастығы дейтін ата-бабаларымыздың алтын соқпағына апаратын қилы жолда адал еңбек ету жүктелгендей күй кешудемін… Ағаймен ресми жиындарда кездескенде сөйлескен кездейсоқ минуттар, арнайы барып сұхбаттасқан сәттер, дастарханда дәмдес болғанда кенеттен туған күлкілі әңгімелер, Ахаң (Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы) мұрасын насихаттау шараларында жасаған арқалы баяндамалары бәрі-бәрін, сана сүзгісіне салып, електен өткізгенімде Тұрсекеңнің кескін-келбеті, ешкімге ұқсамайтын бөлек болмысы көз алдыма «менмұндалап» тұра қалды. Жақсы адамның бейнесі қандай жарқын болса, «жарықтыққа айналған елесінің» де сондай жарқын болатынын сезініп отырмын. Тіпті, құлақ түбінен «Ғасыр саңлағы: А.Байтұрсынұлының шығармашылық ғұмырбаяны» атты кітаптың тұсаукесерінде сөйлеген дауысы естілгендей. Жақсы адамның үні де қарлығыңқы шыққанына қарамастан, соншалықты жылы, әрі жағымды болады ма деймін. Әлде, бұл рухани әкені аза тұтқаннан туған елес пе екен?! Иә, бала күнімде өмірден өткен әкемді сағынып, көрпе астында анам мен бауырларыма көрсетпей қыстығып жылаған сәттерде «әке бейнесін» түсімде көруші едім. Бұл тылсым дүниенің құдіретіне шек бар ма?!
Тұр-сын-бек! Осы үш буыннан тұратын бір етістік пен екі атау сөз – ағайдың бүтін болмысын сөзбен өрнектегендей! Иә, Тұрсекең есімінің бірінші буыны – «Тұр»-дың мәні, оның сөзіне берік, жасаған ісі қаққан қазықтай нық екенін паш етеді. Мұны құрбы-құрдастары, тәрбиесін көрген шәкірттерінен бөлек, баласындай болып кеткен студенттері де біледі. Ал екінші буыны – «Сын»-ға келетін болсақ, бұл Тұрсекеңнің тірлігінің мәніне айналған өмірлік ұстанымы екені қазақ қоғамына мәлім. Атадан қалған асыл сөздің сын жанрын – Тұрсекеңсіз, Тұрсекеңді – сынсыз елестету мүмкін емес. Оған дәлел – «қазақ әдеби сынының тарланы» атануын айтсақ та жеткілікті. Енді соңғы «Бек» буынына келсек, мұның тұзы тіпті жеңіл. Оған ағайдың бозбала күніндегі серілігі мен ел ағасы болған тұстағы мәрттігін, қартайған шағында да тұғырынан түспей, талай жастың той-томалағында сый жасағыш қол-жомарттығы дәлел! Міне, осындай Абыз-Тұрсекеңнің айқара қасиеттері артынан ерген бүгінгі Тұрсынбектер мен қазақтың барша ер-азаматтарының бойынан табылып жатса, қандай ғанибет десеңізші!
Тұрсынбек ағай тірлігінде мойнындағы парызды біліп, қазақ қоғамы мен өзінің сүйікті кәсібіне арымен қызмет еткен парасатты жан еді. Абзал ағаның артында қалған ұрпағы мен саналы ғұмырын арнаған әдебиетіне қарыз болып қалмағаны да анық. Ахаң атындағы «Саңлақ автор» медалін Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті, Тұран университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы Рахман Алшанұлы Тұрсекеңнің 85 жасына тарту еткенде қуанышымда шек болған жоқ. Бірауыз сөзімді елеген, Ахмет Байтұрсынұлы мұрасының жанашыры Рахман ағай Алшанұлының да адамгершілігіне тәнті болдым. Бұл марапат – Тұрсекеңнің Алаш мұрасы мен Ахаңның артында қалған тағылым мектебіне деген адалдығының өтеміндей көрінді, ал сол салтанатты жиында «Ұлт болмысы» журналының бас редакторы Гүлжанар Амантайқызы екеуміз сыйлаған портретті Тұрсекеңді соңғы сапарға шығарып салған қоштасу рәсімінде көргенімде көз жасыма тұншығып, абыз-әкемен іштей бақұлдасқан едім.
Өмір мен өлім айқасқан бұл тірлікте адам баласына Алла Тағаланың бұйрығымен келетін «ақ өлімнің» орны бөлек деуші еді үлкен кісілер, тіпті оны «той» деп те жататын. Ақ өліммен ақтық сапарға аттанған Тұрсекеңнің екінші мәңгілік өмірі басталғанына жыл болады. Қазақ әдебиеттану ғылымында өзіндік қолтаңбасын қалдырған Тұрсынбек ағайдай толық адамның толымды бейнесін жазу – бүгінгі және ертеңгі ұрпақтың мойнындағы парыз. Қазақ қазақ болғалы, «бабалар мұрасына адал болуды ұрпағына аманат етіп келе жатқан тағылымы мол жұртпыз» деп мақтанамыз ғой. Ендеше, жұрттығымызға сын келтірмейтіндей келелі істің кескекті жолын көрсеткен Тұрсекеңдей тұлғаның адамдық пен әдебиет күресініндегі бөлек болмысы алда жазылатын асыл сөздің еншісінде екені даусыз!
Райхан САХЫБЕКҚЫЗЫ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті,
Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры.