Шашубай ФЕНОМЕНІ
Қазақ даласы туа біткен дарындарға кенде емес. Сондай ғажайып өнер иесінің бірі, сан қырлы тума талант, ақын әрі композитор, әнші, сырнайшы, цирк ойындарының тамаша орындаушысы Шашубай Қошқарбайұлы болатын. ХХ ғасырда оның даңқы бүкіл сахараға тарады. Оның әндерін барша алаш жұрты орындап, сүйсініп тыңдады.
Тек қазақтар ғана емес, өзі талай рет дүбірлі ойын-сауықтарға қатысқан Сібір жұрты да дала қазағының орыс циркінің майталмандарынан кем түспейтін ерекше қабілетіне таң-тамаша болса, көрші қырғыз елі де Алатау алқабын талай аралап, ақындық, әншілік өнерімен тамсандырған Шашубайды ерекше құрмет тұтты.

Кейінгі ұрпақ ақын есімін көп білмегенімен, айтыс өнері туралы әңгіме қозғалған кезде жоғары оқу орындары мен жалпы білім беретін мектептер курстарында жыр жүйрігінің ақындық суырыпсалма өнеріне міндетті түрде арнайы тоқталып өтеді.
Сөйте тұра біз бір өзі көшпелі театр, дала циркі болған Шашубайды толық ашқан жоқпыз. Шынында да, ол тек қазақ мәдениетіндегі ғана емес, әлемдік мәдениеттегі сирек құбылыс, яғни феномен деп айтуға тұрарлық ерекше тұлға. Қазақы қалыптағы әнші, ақындығымен қатар жатжұрттық сырнай аспабын домбыра сияқты жетік меңгеріп, ұлттық әуендерді құйқылжыта орындаған, бет-аузын құбылтып, түрлі қимылдармен аң-құс кейпін, әр түрлі жастағы адамдар бейнесін сомдап, ат үстінде акробаттық күрделі жаттығулар жасаған мұндай бесаспап өнер иесін қай қырынан зерттесе де, көптеген тақырыптар молынан қамтылар еді. Алайда 1960 жылдары жарық көрген үштомдық «Қазақ әдебиеті тарихының» кеңестік кезеңдегі халық ауыз әдебиетіне арналған бөліміне Шашубаймен қатар шыққан замандас жыр жүйіріктері Нұрпейіс Байғанин, Кенен Әзірбаев, Төлеу Көбдіков, Қайып Айнабеков, Үмбетәлі Кәрібаев, тіпті одан кейінгі буын өкілдері Омар Шипин, Нартай Бекежанов, Қалқа Жапсарбаев, Ілияс Манкин, Нұрқан Ахметбеков, Иса Байзақов туралы тараулар енеді де, әңгіме өзегі болып отырған айтулы ақын жайлы сөз арасында ғана айтылып өтеді. Ал дәп сол кеңестік кезеңде шырқау биікке көтерілген халық поэзиясының өркендеп дамуына өлшеусіз үлес қосқан Шашубай есімінің дәуірлеп тұрған кезі еді. Шығармашылық шыңға шыққан ақиық ақынның ұлт мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанып, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталуы сол жылдардағы үкімет тарапынан талант иесіне көрсетілген үлкен құрмет десек, осындай абырой биігінен көрінген дара дарынның әдебиет тарихынан лайықты орын берілмеуіне таңданыс білдірдік. Бұл қызыл сөз емес. Ақын, әнші, композитор Шашубай талантының көп қыры қалың қауымға әлі де кеңінен таныс емес. Тыңдарман қауым бірнеше әні мен кейбір өлеңдерін білер. Оның өзінде ақын туып-өскен Орталық Қазақстан өңірінде ғана кеңінен насихатталып келеді. Ал барша алаш жұрты ақын атына қанық болғанымен, шығармашылық мұрасын көп білмейді.
Соғыс алдындағы кезеңде жыр алыбы Жамбылдың атақ-даңқы бүкіл Кеңес Одағына жайылып, үкімет тарапынан халық ақындарына ерекше көңіл бөлінді. Сонау қияндағы Балқашта тұратын Шашубай ақын да:
Баласы Қошқарбайдың Шашубаймын,
Ақынмын атым шыққан жасырмаймын.
Жетпістің жетеуіне жетсем-дағы,
Қалтырап, кәрілікке бас ұрмаймын, –
деп жаңа заманның өнер бәйгесіне қосылды. 1939 жылы жазда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің арнайы қаулысы бойынша Алматыда халық ақындарының слеті өтті. Бұл келелі жиынға Жамбыл жырау бастап, қазақ даласының түкпір-түкпіріндегі атақты жыр жүйріктерінің түгелі дерлік қатысты. «Халық ақындарын көріп, олардың айтысын тыңдағысы келген жұрт театрдың есігін бұзып, терезелерін сындырып кірді», – деп еске алады осы оқиғаның қызу ортасында болған көрнекті ақын, Қазақстанның халық жазушысы Әбділда Тәжібаев өзінің «Жылдар, ойлар» атты кітабында (Алматы, 1976, 160-б.). Бұл да ашаршылық нәубеті мен қуғын-сүргін зобалаңынан әбден тарығып қалжыраған халықтың төл өнерімен сағынып көріскендігінің айқын белгісі еді.
Алматыдағы осы алқалы жиында қартаң тартқан Шашубай да өз өнерін көпшілікке көрсетіп, барын салды. Сахнада өлеңді лезде суырып салып шығарып, әуендетіп айтқан әнімен де, елге таңсық басқа өнерімен де жұртшылықтың зор ілтипатына бөленіп, алғысын алған Шашекеңнің ерекше таланты туралы Әбділда ақын: «Арқалы, бет-аузын бақсыша ойнататын Шашубай ақын қыза келе домбырасын лақтырып жіберіп, тепсініп жүріп айтады екен. Оның термелеп төккен жырына оң аяғының тап-тап қосылғаны әлдеқандай айбарлы ырғақ береді», – деп асқан дарын иесінің сирек кездесетін талант қырларына тоқталып, одан кейін басқа бір ырғаққа түсіп, қара өлең әуенімен әндетіп кететін қасиетін айтып өтеді. Осыдан кейін іле-шала өзі шығарған «Ақ қайың» әнін сырнайға қосылып шырқағанын сипаттайды. «Шашубай ақынды бұрын мен сырттай білетінмін. Көзінің тірісінде-ақ осыншалық аңызға айналған ақынды көрген емеспін», – деп таңданыс білдіреді Әбділда ақын сол естелігінде.
Иә, сол жиында көзге түскендердің бірі, аңызға бергісіз ақын араға екі жыл салып Қазақстан Жазушылар одағының жеке тапсырмасы бойынша 1941 жылы мамырда Алматыға шақырылады да, арнайы бөлінген адамдар, олардың ішінде жас ақын Сағынғали Сейітов те бар, бір ай бойы Шашубайдың өлеңдерін өз аузынан жазып алып, жинағын баспадан шығаруға әзірлейді. Осындай ілтипаттың арқасында дайындалған «Сөйле, Шашеке!» жинағы белгілі ақын, әдебиеттанушы-ғалым Сағынғали Сейітовтің құрастыруымен сұрапыл соғыстың қызған шағы – 1942 жылы жарық көріп, Шашубай есімін республика жұртшылығына кеңінен танытты. Жинаққа енген өлеңдердің барлығын дерлік Сағынғали ақын Шашубайдың өз аузынан естіп, хатқа түсірді. Сондықтан Шашубай шығармаларының дер кезінде жиналып, елге танылуында Сағынғали Сейітовтің сіңірген еңбегі өлшеусіз екенін атап өткен жөн. Бұл Шашубайдың сол жылдары жеке кітап болып шыққан бірден-бір жалғыз жинағы еді.
Шашубай қатарлы халық ақындарының жыр жинақтары 1940–1960 жылдары бірнеше рет жарық көріп, олардың шығармашылығы туралы жоғарыда атап өтілген «Қазақ әдебиетінің тарихында» арнайы портреттік мақалалар берілді де, «Жезтаңдай мен – қазақтың Шашубайы» атанған атақты жыр дүлдүлі есімі көпке дейін ескерусіз қалғандай болып еді.
Шашубай есімін екінші рет тірілтіп, даңққа бөлеген белгілі әдебиеттанушы-ғалым, халық ақындары мұрасын тынбай зерттеп келе жатқан филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов 1982 жылы «Жұлдыз» журналының №10 санында «Қошқарбайдың баласы Шашубай» атты мақала жариялады, арада екі жыл өткенде, 1984 жылы «Жазушы» баспасынан ақынның «Ақ қайың» атты жинағын құрастырып шығарды. Халық поэзиясы туралы көптеген ғылыми-танымдық мақалалар жазған ғалым бұл жинаққа кезінде С.Сейітовтің Шашубайдың өз аузынан жазып алып, «Сөйле, Шашеке!» кітабында жарияланған өлеңдерін, басқа толғаулары мен айтыстарын енгізді, ақын өмірі мен шығармашылығынан көп мағлұмат беретін алғы сөз жазып, шығармаларына ғылыми түсініктемелер берді. Халық поэзиясының білгірі осы жинақпен ғана шектеліп қалған жоқ. Одан кейін де республикалық баспасөз беттерінде Шашубай шығармашылығын көпшілікке кеңінен танытқан бірнеше зерттеу мақалалар жариялады. Мұның өзі ғалымның ақын мұрасына деген шынайы қамқорлығын айғақтаса керек. Шашасына шаң жұқпаған, қартайғанша қолынан домбырасы түспей, ән-жырды төгілткен Шашаң сері осылай халқымен қайта қауышып, өзінің ақындық бар болмысымен айшықталды.
Шашубай, біріншіден, шынайы халық ақыны. Халықтың қалың ортасынан шыққан тума талант жырлары ертеден қалыптасқан дәстүр бойынша ауыздан ауызға жетіп, ел ішіне тарады. Халық сүйген арқалы ақын өзінің тұмадай тұнық туындыларында ғашықтық пернелерін ағытып, қыз сұлулығын бейнеледі, қарапайым еңбек адамдарын жырға қосты, еңбекті дәріптеп, оқу-білімге шақырды. Оның шығармаларының тақырыбы да әртүрлі: ертеден келе жатқан имандылық құндылықтарымен бірге елінің ерен ерлік істерін дүйім жұртқа паш ету, туған халқының толағай табыстарын өз жетістігіндей қабылдап, қуанышқа бөлену, алдағы болашаққа үмітпен қарап, өскелең ұрпақтың ертеңін ойлау сияқты ақынның ой түкпіріндегі терең толғаныстар қартайған шағында да бей-жай қалдырмаған.
Осыдан-ақ Шашубай шабытының қайнар көзі ұлттық бай фольклор мен халық ауыз әдебиетінде жатқанын айқын сеземіз. Ақын бүкіл дарын даралығымен халық шығармашылығынан сусындаған, әсіресе эпостық жырларға құлай берілген. Оның саналы түрде батырлық, ғашықтық жырларға еліктеп, бұрынғының ақын-жырауларындай заман ағысын, уақыт кеңістігін төгілте жырлауы әр шығармасынан айқын аңғарылады. Халықтық ойлау жүйесінен, қарапайым жұртшылықтың дүниетанымынан ол халық поэзиясына тән әлемді қабылдау тұтастығын бойына сіңірді. Шынайы халықтық осы ерекшелік, қым-қуыт өмір ырғақтығы мен реттілігі ақын поэзиясымен тығыз қабаттасқан да, оның өлеңдерінің эпикалық сарынын күшейткен. Ақын бүкілхалықтық ой-түйсікті өз болмысымен терең сезініп, халық поэзиясы рухында жыр тиектерін толғанысты сезімдермен ағытады.
Ғасырға жуық ғұмырында әлеуметтік дүмпулерге толы екі дәуірдің куәсі болып, кедейлік тақсіретін көп тартса да, өнерімен өмір кешкен, сөз құдіретімен поэзия шыңына шыққан жыр тарланының ақындық жолы қалай басталып, талантының қайнар көзі қандай сыр бүгіп жатқанын, өнген, өскен ортасы оның шығармашылығына қаншалықты күш-қуат беріп, шабыт шалқарына шығарғанын білудің өзі ерекше қызық. Ақын өмірбаянының тылсым құпиялары оның жырларында. Алайда Шашубай шығармашылығына қызығушылық танытқан жұртшылық оның өмір сүру қағидалары ақындық ұстанымдарымен қаншалықты қабысып, тебіреністі жырлары оның бүкіл талант, бітімінің бет-пердесін қаншалықты айқындағанын білуге үнемі құштар. Ақынның талант табиғатын жақсырақ ұғыну үшін оның шыққан тегіне, туып-өскен өңірі мен ортасына үңілу қажет. Бұл – адамзат тарихындағы белгілі тұлғаны танудың бірден-бір негізгі шарты.
Шашубайдың кіндік қаны тамып, балалық, жастық, азаматтық, ақсақалдық шақтары өткен жері – Арқа аймағының Ақтоғай-Балқаш өңірі. Қазақтың тектік жағынан тартқанда арғы ата-бабалары Дадан тобықты ұрпақтары үш ғасырдан бері қоныс етіп келе жатқан бұл өлке алаш жұртының құт мекені. Ежелден елге ырыс пен қасиет болып қонған Тоқырауын өзені Сарыарқаның белінен бастау алып, шығысқа қарай бағыт алады да, жол-жөнекей шағын өзендермен суын молайтып, біршама күншілік жерге ағып барып, Балқаш көліне құяды. Қазіргі кеншілер қаласы – Балқаш халқы тұщы суды осы Тоқырауыннан ішеді. Ал Ақтоғай өңірінің орта тұсы Балқаш көліне қарай еңістеп аласара беретін ұсақ шоқылы, қырқалы жазықпен көз тартса, солтүстігін аласа таулар тізбегі алып жатыр. Осы тізбектегі Қызыларай тауы – теңіз деңгейінен 1565 метрде орналасқан Орталық Қазақстандағы ең биік тау ретінде өңірдің ажар-көркін беріп тұрған туристік маңызы зор мекен.
Міне, Шашубай ақын жері де бай, елі де бай осындай киелі өлкеде – Балқаш көлінің батыс бөлігіндегі Сарышыған шығанағындағы ауылда өмірге келген. Қазір бұл жерді Сарышаған деп атап кеткен. Ал дұрысында Сарышыған аталуы керек, бұл қолайлы, балыққа бай деген ұғымды білдіреді. Шашубайдың балалық, жастық шағы талай аң жортып, құс қалықтаған кең жазира далада өткен. Ақтоғай өңірінің тылсым табиғаты мен көшпелі түркі тайпаларының Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жататын көне ескерткіштері саяхатшылар мен ғалымдар назарына ерте іліккен. Бала Шашубайға шежірелі туған өлкенің тылсым құпиялары ерекше әсер етіп, шабытына шабыт қосқан, өлеңдерінің негізгі өзегі – өзі туып-өскен суы мол, шөбі шүйгін, шетсіз, шексіз Сарыарқа даласы, қасиетті мекеннің әсем табиғаты болса, кейін жасы ұлғайған шағында Балқаш жеріндегі мыс, молибден, вольфрам, қорғасын, мырыш және тағы басқа кен байлықтарын үлкен мақтаныш сезіммен жырлады, кеншілер өмірін мадақтап, өндіріс тақырыбын ерекше шабытпен жырға қосқан бірден-бір ақын ретінде танылды. Арқаның айдай ақиқаты мен жан-жүрегі болды.
Ақынның өскен ортасын айтқанда аталас туыстары – қалың тобықты жоңғар шапқыншылығында «ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» тап болған заманда Арқаға үдере көшкен елді бастап, Тоқырауын өңіріне әкелген баба атанған тарихи тұлға, кемеңгер Қараменде би мен сөзге шешен, әділ де адал Сана би артына қалдырған даналық үлгісімен, асыл сөздерімен Шашубайға да игі әсер еткен. «Үш жүзге өрнек үлгі айтқан» Қараменде бидің: «Малың кетсе де, береке-бірлігің кетпесін, бәрі айналып қайтып келеді», «Жақсы боламын десең, әділ бол да халыққа жақ» деген өсиет сөздерін жадында тұмар етіп сақтаған Шашубай жасында кедейлікпен күн кешсе де, барға қанағат етті. Қараменде бабасындай жалғандық пен өтіріктің құнын жақсы біліп, алмастай айбарлы сөзімен халқына қамқор болды, әділдікті ту етіп, ел-жұртына жақты. Осынау табиғаты бай өлкеде өмір кешкен жыр алыптары, зар заман поэзиясының белді өкілі Шортанбай мен айтыстың ақтаңгерлері Шөже мен Кемпірбай ақындар өлең өлкесіне өрлеуіне қанат бітірді, даланың кең жазира кеңістігі мен көк зеңгірі поэзия арқылы туған халқына қызмет етіп, адамдарға жақсылық жасауға құлшындырды. Бала жасынан шетсіз, шексіз даласын, буырқанған бұлақтар шуылын, жан жадыратар халық әндерін сүйіп өспесе, атақты би-шешендер нақылдары мен ақын-жыраулар толғауларын құлағына құйып өспесе әсте еліне мәшһүр осындай ақын шығар ма еді? Бәрі де тұлғаның шыққан жері мен асыл текті ортасына байланысты екендігі бесенеден белгілі.
Ел-жұртқа құт болған қасиетті Тоқырауын өзенінің құдіреті Шашубай ақынды талант нәріне қандырды. Туған жері ақынды сарқылмас рухани қуатпен қоректендірді. Туған өлкенің сол ерен рухы оның бүкіл күнделікті қам-қарекеті мен ақындық жолына толығымен жетті. Шашубайдың шығармашылық тағдыры – ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген ұрпақтың өнегелі тағдыры. Ол өзі тұстас ақындар сияқты өзін өмірге әкеліп әлпештеген, өнер, өлең жолына қанат бітіріп, биіктерге жетелеген ауылын үлкен мақтаныш сезіммен әрқашан жырға қосты.
Сахараның өнер жұлдыздары бас қосып, жас таланттардың бағын ашқан атақты Қоянды жәрмеңкесінде Құдай берген дарынымен көзге түсіп, даңқы бүкіл елге жайылған Біржан салдан бата алуы оның тағдырындағы жаңа кезең болды. Осыдан былай зерделі жас ән-жырға құлай беріліп, өнер өріне өрлей берді. Бұл жолда үнемі шығармашылық ізденісте жүріп, аға буын ақындар мен сал-серілерден талмай үйренуі, ел аузындағы жыр-дастандарды жаттап алып, жұртшылық алдында орындауы сөз қадіріне терең бойлатты, шартты көркем тіл қағидалары қандай да бір жасқаншақ сезімді жеңуге көмектесті. Жас талант тек үйреніп қана қоймай, өлең мазмұнымен тығыз қиысатын шеберлік қырларын тынымсыз іздеп шарқ ұрды. Бұл ізденістер оның туындыларының тілін жаңартып қана қоймай, көкжиегін кеңейтті, заман тынысын айқын сезіндірген жыр жолдарын түйдек-түйдек ағытты.
Баласы Қошқарбайдың Шашубаймын,
Болсам да баста жарлы басылмаймын.
Көрсем де кедейліктің тақсыретін,
Жалынып малы барға бас ұрмаймын, –
деп «Ақ қайың» деп аталатын атақты бағдарламалық ән-өлеңімен Сарыарқадан асып өтіп, өр дауысы Алатау асуларына жеткен жыр жампозы осылай ән әлеміне, поэзия патшалығына батыл еніп, өзіндік талант табиғатын танытты.
Суырып салып табан астында өлең шығаратын арқалы ақын поэзия әлемінде өзі өмір сүрген дәуір шындығын, тарих тынысын сезінбей уақытты сезіну мүмкін емесін ойша ұғынып, ешқандай сауаттылық та, кітаптан алған білімдарлық та ақынның ақиқатты өзі көріп, тануын алмастыра алмайтынын айқын аңғарды. Арабша алғашқы сауаты болғанымен, негізгі білімі даланың рухани мектебі болған Шашубай қазақ даласын аттылы, жаяу-жалпылы аралап, бағзының сал-серілері сияқты апталап, айлап ел ішінде сан түрлі өнерін көрсетіп, жұртты риза етті. Сахараның көшпелі театры болған сегіз қырлы, бір сырлы өнерпазға көпшілік бауыр басып, жақын туысындай жақсы көрді, өздерінің мұң-шерімен бөлісіп, арман-тілектерін айтты, ақынды жанашыр жанға балап, көріпкел, әулие, бақсы іспетті ерекше құрмет тұтты. Ол бұл қасиетінен кеңестік заманда қартайған шағында да айырылған емес. Өнерпаз ақын жастайынан бүкіл Арқа жерін, Жетісу өлкесін аралап, көрші қырғыз елінде де болды, алыс-жақын аймақтардан жаңа достар тапты. Мұның бәрі де оның әншілігі мен айтыскер ақындығының, түрлі өнерді бойына сіңірген ерекше дарынының арқасы еді.
Ол қазақ жерінің ұлылығын, әдемілігін жырлап өтті. Қай өлкеде болып, қай аймақта жүрсе де, жүрек түкпірінде туған жерге деген сағыныш жататын. Алыс жерлерде қаншама құрмет көрсетілсе де, шетсіз, шексіз даласына келіп еркін тыныстады, кең жазира самалына рақаттанып, малшының қара қосында, кеншінің үңгір жертөлесінде емін-еркін әңгіме-дүкен құру оны жаңа шығармашылық ойларға жетеледі, қиялына қанат бітіріп, шабытына серпін берді.
Шеберлік ақынның болмыс-бітімінде тұрақтаған. Шеберлік атаулы талантпен, оның өмірбаянымен, қым-қуыт тіршілік-тынысымен, ақындық және өмірлік тәжірибесімен тығыз қабысқан, бүкіл жан дүниесімен бітіскен. Шеберліксіз таланттың да болуы мүмкін емес. Шашубай талантын да оның шеберлігі арқылы айқындаймыз. Шашубайдың ақындық таланты сәтті шығарылған ұйқасты өлең шумағынан, дауыс ырғағынан, толып жатқан әдемі теңеулер мен бейнелі сөздерден сезіледі.
Тұңғиық ақыл, терең ой
Өрісі кең Жайықтай.
Қиялы ұшқыр самғаған
Көктің төсін шарықтай.
Сүңгіп терең түбіне
Су серісі балықтай.
Қырымнан болжап қиынды
Шалдығып шаршап талықпай.
Шолпан болып ұлтына
Нұр сепкен түнгі жарықтай.
Ақын өзіне ұстаз тұтқан ұлы Абайды осылай жырлайды, шырқау биікке көтереді, данышпан сөз зергерінің ұлтына сіңірген өлшеусіз еңбегін Шолпан жұлдызына теңеп, «кестелі сөздің шебері» деген бейнелі сөзбен даналық кейпін сомдайды. Өлең соңын:
Әлемге атың жайылып,
Тарихтың шықтың төріне, –
деп адамзаттың ақынына айналған ғұламалық орнын айшықтап береді.
Шашубай ақын өз өлеңдерінде сөзге үлкен мағына беріп, асқан жауапкершілікпен қараған. Сөзді сүймеген, сезінбеген, ұғынбаған, оның үндесуін тыңдап, оның әр қилы реңктеріне сүйсінбеген ақын ақын емесін Шашубай жырлары дәлелдей түседі. Ақиық ақынның өз «мені» – қайталанбас сөз мәйегі болған. Оның поэзиясының құндылығын арттырып отырған да осы – кәусар жыр-толғаулары. Сахара ақынының суырып салып айтылған өлең-жырлары күні бойғы жұмыстан қалжыраған еңбекші халықты сергітіп, жаңа жетістіктерге жетелеген, еңбек адамына тың серпін, сарқылмас күш-жігер берген. Шашкеңнің еңбекті еселеуге жігерлендірген жалынды жырлары – сол кездегі ауыл еңбеккерлері мен кеншілердің тұтас бір жұмыс бағдарламасы іспетті.
Ана тілінен нәр алған жыр жампозы туған тілінің қадір-қасиетін биікке көтеріп, оның құдіретін бойына дарытты, халықтық мол тіл қорының сөз байлығын жаңаша түрлендіріп, көркем тіл жасаудың шебері ретінде көрінді.
Саржадай керілген қас, кірпік оқтай,
Ғашықтық ішке түсті қызыл шоқтай.
Құмарым ат басындай кеудемде алтын,
Тарқарма-ай, домаланып жатыр
доптай, –
деген жыр шумағының екі жолына қыздың сұлулығын сыйдырып, кейінгі екі жолында махаббат дертіне шалдыққан ақынның кейпін дәл суреттеп, сомдаған. Бұл жерде ақын фольклор жауһарларынан керегін алып қана қоймайды, халық ауыз әдебиетінің қайнар бұлағынан өзінің жан дүниесіне жақын дүниені іздейді. Абайдың:
Сөз мәнісін білсеңіз,
Ақыл – мизан, өлшеу қыл.
Егер қисық көрінсе,
Мейлің таста, мейлің күл.
Егер түзу көрінсе,
Ойлап-ойлап құлаққа іл, –
деген тағылымын жіті назарда ұстап, халықтық қолданыста бар сөздер мен сирек нақылдардың жетегінде кетпей, өзін еліктеуден аулақ ұстайды. Ақын халық поэзиясының рухани бай қазынасынан шын көңілден айтылған сөздерді ғана қолданды. Бұған оның барлық өлең-жырлары дәлел бола алады. Қай өлеңін оқысаңыз да, ақынның өзіне тән сөздік қорын, өлең өрнектері мен көркемдік өзгешеліктерін аңғарамыз.
Сөз құдіретін Шашубай ақындық жолға түскен балаң шағынан терең сезінген. Ол сөзді көреді, тыңдайды және сезінеді, сөздің бұл қадірі, сөздің бұл алтын желісі оған ата-бабаларынан, Тоқырауын мен Балқаш тарихының терең қойнауынан сыр шерткен кең байтақ даласынан мирас болып жеткен. «Сөзім бал, тілім майда, жырым бұлақ» деп жырдан мүсін құйған сөз зергерінің сексеннің сеңгіріне шыққан шағында да ел алдындағы жауапкершілікті сезінген толғаныстары қызығарлық та үлкен тағылым аларлық.
Құздан құйған бұлақтай,
Шапшытып жырды көмейден.
Толқытып күйді сынаптай,
Маржандай сұлу өлеңмен.
Елімді жырға бөлейін,
Теріп алып тағы да,
Сөз асылын тереңнен.
…Гармоным құлаштап,
Жыр маржанын төгем мен, –
деп ел басына күн туған қаһарлы соғыс жылдары бұрынғының жырауларындай тереңнен толғап, қартайғанына мойымай, өзін майдандағы жауынгерлермен бір сапта сезінеді, сын сәттегі ақынның жоғары жауапкершілігін ішкі толғанысы мен жан тебіренісі арқылы білдіреді.
Шашубайдың ақындық талантының нағыз өрлеген тұсы осы соғыс кезі болды. Ашаршылық тауқыметі мен одан кейінгі саяси қуғын-сүргін қасіреті салдарынан тоқтап қалған айтыс өнері қысылтаяң шақта қайта жанданып, халықтың патриоттық рухын көтеруге көмектесті, қалың көпшілікті ел қорғауға жұмылдырған қуатты өнер құралына айналды. Айтыс дәстүрін бірінші болып 1943 жылы Шашубай бастаған Қарағанды ақындары жаңғыртып, жыр сайысын ұйымдастырды. Бұл сайыста Балқаш кеншілері атынан шыққан Шашубай мен Қарағанды қаласының намысын қорғаған Көшен Елеуовтің айтысы құлашын кеңге сермеген, көркемдігі қуатты, жаңаша мазмұндағы сөз сайысы ретінде есте қалды. Ұлы жазушы, академик Мұхтар Әуезов өзінің «Айтыс» атты зерттеуінде осы айтысқа арнайы тоқталып, оның тақырыптық-көркемдік ерекшеліктерін ашып көрсетеді. «Бұл айтыста – «тынысы тарылмаған өрен жүйрік, үш жүзге мәшһүр болып даңқы шыққан» қарт Шашубай Балқашын, оның «көз жеткісіз кең шалқыған жерін», «көпіртіп көк теңіздің көбігіндей» мың-мың тоннадан қорытылып жатқан мысын, қажырлы еңбекпен жеңіп алған қызыл туын мақтан ете жырға қосып, ақындар алдына үлкен қоғамдық маңызы бар міндет, мақсат қойды» деп, Шашубайдың айтыскерлік қырын қарастыра келіп: «Қарағанды ақындарының айтысы ішіндегі күрделісі де, көркемі де осы «Шашубай мен Көшеннің айтысы» деп жоғары баға береді (Әуезов М. Айтыс. – Кіт.: «Қазақ әдебиетінің тарихы». – Алматы, 1964. –Т.1. Екінші кітап. 202-б. және 204-б.). Бүгінге дейін ұлттық әдебиеттану ғылымы тарихында Шашубай шығармашылығына осылай жоғары пікір білдірген құрмет белгісі жоқ шығар.
Соғыс жылдары қайта жаңғырған айтыста Шашубай ақынның екінші тынысы ашылды. Айтыс жанрының қайта түлеп, жаңа мазмұн мен сапада дамуына белсене қатысты. М.Әуезов мақтаған Көшенмен жыр сайысынан кейін 1944 жылы 17 тамызда белгілі ақын Болман Қожабаевпен айтысқа түсіп, халықты жанқиярлық еңбекке ұйымдастыру, майданға қажетті қару-жарақ, азық-түлік, киім-кешек даярлау ісін жақсарту мәселелерін жырға қосты, осылайша, жеңіс күнін жақындатудағы айтыс құдіретін айқын байқатты. Балқашта иін тірескен халық жиналған осы айтысты орыс ақыны Николай Титов бірден орысшаға аударып, жұртшылыққа оқып берген екен. Айтыстың көпшілікке әсер еткені соншалық, оның толық мәтіні сол жылы тамызда Қарағанды облыстық «Советтік Қарағанды» және Балқаш аудандық «Балқаш жұмысшысы» газеттерінде жарияланыпты. Осындай өрісті өнегесімен айтыстың майталман жүйрігі Шашубай байырғы айтыс дәстүрін кеңестік заман ыңғайына қарай бейімдей біліп, осы ақындық игі дәстүрді өзінен кейін шаршы топта сынға түсіп, үздік шыққан Көшен сияқты өрен жүйріктерге дарытты.
Үлкен ақын, осылайша, қашанда үлкен ұстаз болып қала береді. Осы ретте Шашубай феноменінің үлкен бір қыры – оның ақындық және әншілік мектебі, шығармашылық талантты жастарды тәрбиелеуі. Шашубай заманында бүгінгідей жеке ғимараты бар шығармашылық мектептер болған жоқ. Шын мәнінде, Шашубай сияқты ерекше дарын иесіне еліктеп, жолын қуу, содан үйреніп, талантын ұштау, ақындық, әншілік дәстүрін жалғастыру – нағыз тәлімгерлік мектеп, міне, осы. Шашубай талантты жастардың аяқ алысын үнемі қадағалап отырған, қарапайым халық арасынан шыққан жас дарындардың әдебиетте, өнерде өз жолын табуына көмектесіп, ақыл-кеңесін берген. Ол өз шәкірттерін ешқашан уақытша мақтау сөздермен қошаметтеп, дабыра қылмаған. Оған үйренуге, батасын алуға келген тәлімгер өз бойындағы талантын шын пейілмен танытып, ақиқатты соңына дейін білуге дайын болуы тиіс. Шашубай сабағы, Шашубай тағылымы жеңіл соқпаған.
Шашубайдың ақындық мектебінің белді бір өкілі – атақты халық ақыны, әнші, композитор Кенішбай Жұбандықұлы. Шашубайдың қарындасынан туған жиені, тікелей тәрбиесін көріп, ақындық, әншілік талантынан тәлім алған белгілі суырып салма айтыс ақыны. Бақтыбай, Тазабек сияқты ақындармен, Мақпал, Ажар, Нақбала, Ғайша сияқты ақын қыздармен айтысқан. Шашубай нағашысы сияқты уытты ащы тілімен өмірдің келеңсіздіктерін аяусыз сынаған. Шашубайдың ақындық, әншілік, сатиралық дәстүрлерін жалғастырушы ретінде Арқадағы өзіндік шығармашылық мектептің негізін салған сан қырлы өнер иесі. Ел ішіндегі түрлі той-жиында нағашылы-жиенді екі ақынды әдейі айтыстырмақшы болып еліктіргендерге Шашубай: «Ол жиен ғой. Оның бер жағында екпіні қатты қара дауыл сияқты, ұшырып әкетер. Онан да сырнайымды тартып, таяғымды ойнатып жай жүргенім жөн шығар», – деп сылтауратады екен. Бұл бір жағынан, шәкіртінің талантын бағалап, екінші жағынан, туыстықты жоғары қоюынан болса керек. Бұл да ақынның білгендігі, үлкен парасаттылығы деп ұққан жөн.
Шашубайдың әншілік мектебі де өз алдына жеке бір әңгіме. Сол Ақтоғай өңірінде өмірге келген атақты әншілер Манарбек Ержанов та, қазақ әнін бүкіл әлемге танытқан Кеңес Одағының халық артисі Күләш Байсейітова да – Шашубайдан тәлім-тәрбие алған өнер майталмандары. Тіпті осы қасиетті өлкенің тумасы, атақты биші Шара Жиенқұлова да Шашубай атасының бишілік талантынан тағылым алып, өзіне ұстаз тұтқан.
Қазақстанның халық артисі Манарбек Ержанов әншілігімен ғана емес, өзі ұстаз тұтып, талантына бас иген Шашубай сияқты күйші, композитор әрі актер ретінде белгілі болған. Жас әншіні алғаш өнерге баулыған ұстазы, жергілікті әнші, күйші Күсенбай екен. Ал әншілік шеберлігін ұштауда Шашубай көп еңбек сіңіріпті. Манарбек те Біржан сал, Ақан сері, Естай әндерімен қатар ұстазы Шашубай шығармаларын жиын-тойларда айтып, талантымен ерте танылады. Кейін Қазақ филармониясында жек дауыстағы әнші болып еңбек еткен кезінде ел ішіне кең тараған әндермен қатар Шашубайдың атақты кең тынысты «Ақ қайың» әнін де нақышына келтіре орындап, халық ризашылығына бөленген. Шашубайдың әншілік мектебінен түлеп ұшқан өнер тарланы Арқа әні дәстүріндегі өз мектебін қалыптастырып кетті.
Шығыс бұлбұлы атанған әнші Күләш Байсейітова да Шашубайдың әншілік мектебінің жалғасы іспетті. Күләш та Шашубай атасының құтмекені – Ақтоғай ауданының Нарманбет ауылында туған екен. Ал Манарбек екеуі жақын туыстар. Қазақ тарихында өзіндік орны бар Абайдың талантты ақын шәкірті Нарманбет те, Шашубай да, белгілі әнші Мағауия Хамзин де, атақты математик-ғалым, академик Орынбай Жәутіков те осы Ақтоғай өңірінде өмірге келген аталас туыстар. Мұның өзі ерекше бір құбылыс десек, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың және оның жақын серіктері, ұлтымыздың біртуар перзенттері Жақып Ақбаев пен Әлімхан Ермековтің кіндік қаны тамған да осы қасиетті топырақ екенін айтсақ, тіпті таңғалармыз.
Шашубай ақын Күләшті туған қызындай жақсы көріп, әр қадамына, әр жетістігіне қуанып отырған. Соғыс кезінде ұйымдастырылған ақындар айтысында Шашекеңнің сөз сайысын тыңдап мәз болып отырған Күләш әншінің фотосуреті талай жинақтарда жарияланған болатын. Өз кезегінде ұлы әнші де өзі бала кезінен әндеріне елтіп өскен, өзі де әндерін беріле орындаған Шашекең өмірден өткенде отбасы мен туыстарына көңіл айтып, жеделхат жолдаған екен. Ол хат мәтіні сол тұста жергілікті газет бетінде жарияланыпты.
Ал би падишасы атанған Шара Жиенқұлованың Шашекең өміріне қатыстылығына тоқталсақ, бұл мүлдем бөлек әңгіме. Атақты биші Алматыда дүниеге келгенімен, өзінің арғы шыққан түбі Ақтоғай өңірі екенін аталас туысы Шашубай білдіріп кетсе керек. Бір жылы Шашубай ағайындарына өкпелеп, Жетісуға келеді де, Алатау өңірінде өнерін көрсетеді. Бауырмал Шашубай Алматыда тұрған ағайыны, сол кездегі белгілі бай саудагер Байбұланды іздеп табады. Өнерге жақын Байбұлан халық арасынан шыққан талантты әншілер мен ақындарды әркез қолдап, демеушілік көрсеткен екен. Міне, сол мәдениет жанашыры Байбұлан бай 1904 жылы қыста желтоқсан айында Алматыдағы сән-салтанатты үйінде жыр алыбы Жамбыл мен Шашубай ақынның айтысын ұйымдастырған. Сол айтыста Шашубай:
Баласы Қошқарбайдың мен Шашубай,
Пендесiн артықты-кем қылған Құдай.
Саңлағын Алматының жиып алып,
Сыйлады қонақ қылып Байбұлан бай, –
деп қазақ зиялысының ерен қасиетін жырға қосқан. Енді бір сәтте:
Қайырлы Байбұландай байың қайда?
Бұлардың нұры шалқыр туған айдай, –
деп мадақтаған. Осылайша, Алматының бетке ұстар ұлтжанды зиялы азаматы, атақты бай, қазақтан шыққан бірінші гильдия дәрежесіндегі тұңғыш көпес Байбұлан төл өнерге жанашырлық танытып, Шашубай сияқты жыр дарабозына шарапаты тиген. Ал Байбұланның туған інісі Баймолданың қызы Шара осы жылдары өмірге келсе керек. Міне, сол Шара да кішкентайынан өнерге бейім болып, жұртшылық алдында бишілік талантымен көзге түседі. Мың бұралған атақты биші дарынының бір ұшқыны өнерпаз туысы Шашубайдың түрлі аң, құс кейпін көрсетіп, көрерменді таңғалдырып шебер орындаған бишілік талантынан шығуы әбден мүмкін. Ұлттық сахна өнерінде жарқырап көрінген қос жұлдыз: бірі – ән өнерінде Күләш, бірі – би өнерінде Шара болып, туған халқын бүкіл әлемге паш етті. Бұл қайталанбас құбылыс та Шашубайдың үлгі-өнегесі, келісті өрнегі, Шашубай шарапаты деп білу керек.
Ақын, әнші әрі композитор ретінде танылған Сыр сүлейі Нартай да, жыр алыбы Жамбылдың талантты шәкірттерінің бірі, атақты әнші, ақын Кенен Әзірбаев та Шашубай талантына сүйсініп, өзінің ұстазы санаған. Ақындық жолда Жамбылдан ғана үлгі алып қоймай, Шашубаймен талай бірге жүріп, ән мен жырдың дүкенін қыздырған, ақындығы мен әншілігін үйреніп, өнер биігіне шыққан. «Қырғыздың үлкен бір асында бала кезімде атқа шаптым. Сонда көргем Шашекеңді, сонда ауырғам Шашубай боламын деп», – деген екен Кенен ақын Әбділда Тәжібаевпен кездескен бір сәтінде.
Шашубайдың Манарбектен басталып, Күләштармен жалғасқан әншілік мектебінің бүгінгі үзілмес желілері Арқаның әншілік дәстүрімен тығыз сабақтасып жатыр. Соның жарқын бір белгісі Шашубайдың әншілік өнерін белсенді түрде насихаттап келе жатқан талантты әнші, Ж. Елебеков атындағы республикалық халық әндері байқауының бас жүлдегері, басқа көптеген ән байқауларының жеңімпазы Жақсыкелді Майасаров екенін үлкен мақтаныш сезіммен айтуға болады. Осылайша, Шашубайдың ақындығы да, әншілігі де жас буын өкілдерінің шығармашылығында әдемі жалғасып, атақты композитор, ақынның сезім сергітетін әсерлі әндері мен қайталанбас талант қырлары мейлінше жарқырап көрінуде.
Шашубай феноменінің үлкен бір қыры – оның сал-серілік өнерді қатар алып жүруі. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы ерекше өнерпаздық саласы – сал-серілік талантымен де аты шыққан Шашубай қазіргі цирк өнерінің нышандары бар жонглерлік, сиқыршылық қасиеттерді Кемпірбай мен Балуан Шолақтан үйренген екен. Сері ретінде лирикалық әндер, мадақ өлеңдер шығарып, айтыстарға түссе, сал ретінде сайқымазақ, қу-әзілкештер секілді елді күлдіріп, думандатып жүрген, тақиясын шапшаң қимылмен маңдайына секіртіп не болмаса желкесіне әкеліп ойнатады екен, келесі бір сәтте төбесімен жерде жүргенде аяқтының өзі әрең ілеседі екен. Аттың үстінде төбесімен шаншылып тұрып шапқанда, тамашалаған жұрт демдерін ішіне тартқан. Ал кәдімгі құрықты бес саусағына кезек қондырып, қарынына дейін жеткізгенде алдындағы ыдыс-аяқ, тағамдардың ешқайсысына қол-аяғын тигізбей, дастарқан бетінде қоянша жорғалағанын көріп, жұртшылық қайран қалса, келесі кезекте ұшып бара жатқан аттың үстінде түрегеп тұрып сырнаймен ән шырқағанын көргенде: «Мынау өзі адам ба, жын ба?» деп қызыға қарайды екен. Атақты композитор, өнертанушы-ғалым, академик Ахмет Жұбановтың, Әбділда Тәжібаевтың естеліктерінде ол туралы «ат үстінде тұрып сырнаймен ән салғанда бет-аузын адам танымастай өзгертіп, бас терісін жүгіртіп ойнатқанда қалпағы төбесінде мөңкитін, таяғын сиқыршыдай ойнататын» деп ерекше қабілетін атап өтуі сөзімізді бекіте түседі.
Осы айтқанымыздың өзі Шашубайдың ақын, композитор, әнші болуымен қатар нағыз артистік, актерлік, әншілік, акробаттық, сиқыршылық және тағы басқа цирк өнерпаздарының қасиеттерін бір бойына жинаған асқан әмбебап, синкреттік өнер түрлерін қатар алып жүрген ерекше дарын иесі болғанын айқын дәлелдейді. Сондықтан оны қазақтың төл топырағында қалыптасқан цирк секілді таңғажайып өнер саласының, акробатика, гимнастика сияқты спорт түрлерінің бастауында тұрған өнер саңлақтарының бірі ретінде қарағанымыз орынды деп ойлаймыз. Бұл өнер, спорт салаларын зерттеуші мамандардың жіті назарында болуы тиіс.
Осындай сегіз қырлы, бір сырлы өнер майталманы театры жоқ көшпелі халықтың рухани сұранысын өтеп, дала тұрғындарын жан рақаты мен ләззатына бөлеген. Сол себепті де жұртшылықтың әмбебап өнерпазға «Жүйрік Шашубай», «Жорға Шашубай», «Алмас тілді Шашубай», «Жыр-думанның дию-перісі» деп әр қырынан атауы, халқының оған көрсеткен ерекше ілтипаты мен құрметі болар. Шынайы талантқа берілген бұдан асқан жоғары баға да, атақ та жоқ шығар. Бұл Шашубай өнеріне деген халық қошаметі деп білу керек. Аңызға бергісіз мағыналы да жарқын шығармашылық өмір сүрген сөз өнерінің, ән өнерінің өрен жүйрігі ұлт мәдениетінде өшпес із қалдырды. Ақын және адам деген екі ұлы ұғым оның бүкіл болмысына тұтас бірікті де, өле-өлгенше адамгершілік асыл қасиетінен айныған жоқ.
Алмас тілді ақынның туындылары халық есінде жоғары парасаттың, жоғары адамгершілік ойлар мен сезімдердің, дүниеге деген ашық, жарқын көзқарастың шұғыласы болып қалды. Шашубай шығармашылығы 1960 жылдары жарық көрген үштомдық «Қазақ әдебиеті тарихына» да, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін дайындалып жарыққа шыққан онтомдық «Қазақ әдебиеті тарихына» да жеке портреттік тарау болып енген жоқ. Тіпті көптомдық «Қазақ музыкасы антологиясының» ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы кәсіби халық композиторларының шығармалары енген 4-томында (2006 жыл) осыған дейін «Ақ қайың», «Сырлы қайың», «Бес балқан» әндері халық арасында кеңінен орындалып жүрген Шашубайдың композиторлық еңбегі ескерусіз қалды. Өкінбеске шара жоқ.
Сонау ежелгі заманда отты сақтаушы деген ұғым болған. Қарт абыз күндіз де, түнде де, қақаған қыстағы сақылдаған сары аяз бен жаздың аптап ыстығында да адамдарды суық пен ыстықтан қорғап, тамақ дайындау тәсілі болған, сайып келгенде бүкіл тіршілік атаулының қайнар көзі болған отты үнемі сақтай білген. Соған сай халық та өзінің басты құндылықтарының, соның ішінде көркем сөз бен өнер алауын, ғасырлар тереңінен бүгінге дейін жеткен өшпес дәстүрлер алауын сақтаушы тұлғаға әркез құрмет көрсетеді. Осындай ұлттық құндылықтар мен игіліктер алауын берік сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізушілер қатарында өнердің өрен жүйрігі Шашубай да болды. Қазір ақын атында туған жерінде үлкен кент те, орта мектеп те, көшелер де бар. Оның жарқын тұлғасы қазақ халық поэзиясының абыройы, даңқы және мақтанышы деп айтуға толық хақымыз бар.
Ғасырға жуық ғұмыр кешкен Шашубай өмірінің соңына дейін ақындық бойын кернеп, туған халқымен бірге оның қайғысын да, қуанышын да бөлісті, шабыт шалқарына шығарған кең жазира даласының түкпір-түкпірін аралап, елді ән мен жырға бөледі, сан қырлы өнерімен разы қылды. Кез келген адамға өз дәуірінің нышаны болып, халқының құрметіне бөлену бақыты бұйыра бермеген. Шашубай өзінің қайталанбас, жарқын да мәнді өмірінің жанды бейнесі болды және ұрпақ есінде осылай сақталады. Оның бүкіл шығармашылығының елдік мәні оны халық ақыны, халық өнерпазы етті, қазақ халық поэзиясының классигі дәрежесіне көтерді. Шашубай феноменінің құдіреті де оның осы халықтық негізінде жатса керек.
Серікқазы ҚОРАБАЙ