«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» АЯСЫНДА

«Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Астана қалалық прокуратурасы мен елорда әкімдігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Астанадағы Mega Silk Way сауда және ойын-сауық орталығында азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін «Құқықтық дәріхана» іс-шарасын өткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл өткен құқық қорғау органдарының кеңейтілген отырысында: «Заң – қысым көрсетуге немесе қудалауға арналған құрал емес. Заң – әр адамның құқығы мен бостандығының қорғаны. Біз осы ақиқатты терең түсінетін азаматтық және мәдени орта қалыптастыруымыз қажет. Тәртіп жалпыға ортақ құндылыққа, ал заңға бағыну әркімнің өмір салтына айналуға тиіс. Мемлекеттік аппарат пен бүкіл қоғам жұмылып жұмыс істесе, еліміз көздеген мақсатына жетеді. Озық ойлы ұлт болу үшін әдептілік, өзара құрмет, ұстамдылық, сыпайылық сияқты қасиеттерді барынша дәріптеген жөн. Азаматтарымыз әдеп пен заңды мәжбүрлікпен емес, саналы түрде сақтауы керек», – деп айтқаны елдік қағидаттың темірқазығы іспетті.
Акция барысында Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен азаматтарды қабылдап, жеке сұрақтары бойынша көкейлерінде жүрген жайттарға құлақ асты. Мемлекеттік органдардың өкілдері де азаматтарға тұрғын үй, медицина, білім беру, кәсіпкерлік және басқа да бағыттар бойынша жол сілтеп, сұрақтарына жауап беріп, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, оларға мемлекеттік қолдау шаралары мен құқықтарын қорғау тетіктерін түсіндірді.
Осы кездесуде зейнеткер Шара Мұхамедшакирова: «Мен қала әкімінің орынбасары Есет Берікұлына дәріханадағы дәрі-дәрмектің бағасына қатысты мәселе бойынша жүгіндім. Дәріханалардағы баға айырмашылығы сезіледі. Бұл сұрақтарға қала басшысының орынбасары сала мамандары егжей-тегжейлі жауап беретінін айтты. Жалпы, мұндай іс-шара маған ұнады. Осындай көпшілік жүретін орындарда тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарды басшылардың қабылдауына баруды күтіп жүрместен, жергілікті билік өкілдеріне тікелей қоя алады», – деп ризалығын білдірсе, Астана қалалық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Мирас Абдрахман: «Президенттің бастамасымен іске асырылып жатқан «Заң және тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылып отырған бүгінгі іс-шарада қалалық прокуратура мен департаменттердің, Елорда әкімдігінің басқармалары мен құрылымдық бөлімдерінің басшылары, жауапты мамандар тұрғындарға заңдар мен құқықтық нормаларды түсіндіріп, кеңес беріп жатыр. Сауда және ойын-сауық орталығындағы кез келген азаматқа мемлекеттік органдардың құзыретіне қатысты сауалдарын қоюға мүмкіндік бар», – деп акцияның маңыздылығын екшеп берді. Білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаев та шараның жай-жапсары, халықтың ойындағы мәселелер бойынша қорытынды сөзін жеткізіп, бүгінде Елордадағы үш ауысымды мектептердің мәселесі реттелгенін, қазіргі таңда тұрғындардың көпшілігі балабақша мәселесі бойынша жүгініп жүргенін алға тартты.

«Заң мен тәртіп» шеңберіндегі акциялар алдағы уақытта да жалғасын тауып, халық пен заң орындары арасына кедергісіз көпір орната бермек.
Аталған қағидатты іске асыру аясында сондай-ақ елордадағы Жүсіпбек Аймауытов атындағы №24 орта мектепте «Халық заңгері» акциясы ұйымдастырылды. Іс-шара барысында қала тұрғындары заңгерлерден, адвокаттардан және мемлекеттік органдар өкілдерінен тегін кеңес алды.
Белгілі заңгерлер, адвокаттар, прокурорлар, нотариустар және мемлекеттік орган мамандары келушілерді түрлі құқықтық мәселелер бойынша қабылдап, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, азаматтарға тегін құқықтық қолдау көрсету негізінде жұмыстар істеді.
«31 қазанда акция республикалық деңгейде өтті, ал бүгін біз азаматтарды аудандық деңгейде қабылдап отырмыз. Барлық мемлекеттік органның өкілдері осында жиналды. Мақсатымыз – адамдарға нақты уақыт режимінде көмектесу. Тұрғындарға қолайлылық үшін барлық қызмет түрі бір жерде ұсынылады: қалаған маманға қазір-ақ жүгіне алады. Олар әртүрлі сұрақтармен келеді, жасы мен санаты да әртүрлі. Мысалы, жақында бір азамат келді. Ол құрылыс компаниясының қызметіне ақы төлегенін, бірақ фискалдық чек алмағанын айтты. Енді құжаттардың заңдылығына күмәнданып, болашақта мүлікті рәсімдеу кезінде даулар туындауы мүмкін деп алаңдап отыр. Бұл – түсінікті уайым, сондықтан ол нақты мәлімет іздеп жүр», – дейді заңгер Даулет Өмірзақов.
«Халық заңгері» форматы қала тұрғындары үшін өте қолайлы, бір жерде бірнеше маманға бірден жүгініп, түрлі сұрақтарына жауап алуға болады. Кезек күту, артық құжат тасу мәселесі туындамайтыны көпшілікті қуантты.
М.РАЙЫМБЕКОВА