Тарихтан – болашаққа: Saraishyq Upgrade Атыраудың жаңа буынын неге үйретті?
24.09.2026
106
0

Бір кездері Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі нүктелердің бірі, бұл күнде жағасын Жайық шайған Сарайшыққа жаһанның сан тарабынан саудагерлер, саяхатшылар мен елшілер келетін. Қаланың көшелері алуан тілде сөйлеп, алыс елдердің тауары сатылып, Шығыс пен Батыстың мәдениеті тоғысатын. Сарайшықтың құндылығы оның тек хан ордасы болғанында емес еді. Ол өз дәуіріндегі идеялар мен адамдар тоғысқан кеңістік болатын.

Ғасырлар өтті. Ескі қаланың орнында археологиялық қабаттар қалды. Керуен жолдарын автомобиль мен әуе жолдары алмастырды. Ақпарат енді айшылық алыс жолды айналмай, секунд ішінде жетеді. Бірақ кез келген қаланың өміршеңдігін анықтайтын бір заңдылық өзгерген жоқ: қалаға жаңа идеялар келіп, сол идеяларды жүзеге асыратын адамдар болғанда ғана ол дамиды. Осы тұрғыдан қарағанда, Атырауда биыл алтыншы мәрте ұйымдастырылған «Saraishyq Upgrade 2026» халықаралық жастар форумының атауында да белгілі бір символика бар. Saraishyq – тарих. Upgrade – жаңару. Екеуінің ортасында – бүгінгі жас ұрпақ.
9–10 қыркүйекте Атырауда өткен форумға қатысуға 1000-нан астам жас өтінім берген. Іріктеуден кейін 300-ге жуық қатысушы форум жұмысына қосылды. Олардың арасында Қазақ­станның әр өңірінен келген жастармен бірге Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан және Грузия өкілдері болды. Форум 14 пен 35 жас аралығындағы жастарды қамтыды. Бір қарағанда, бұл – кезекті жастар форумы. Ал сәл тереңірек қарасақ, мәселе екі күндік шарадан әлдеқайда ауқымды. Өйткені бүгін аймақтардың бәсекесі тек өндіріс көлемімен немесе инвестиция мөлшерімен өлшенбейді. Қалалар енді адам үшін, идея үшін, талант үшін де бәсекелеседі. Атырау осы бәсекенің қай тұсында тұр?

                                                                                                                                          Мұнайлы өлкенің жаңа капиталы
Атырау дегенде Қазақстанның басқа өңіріндегі адамның ойына алдымен не келеді? Мұнай. Бұл түсінікті. Өңірдің соңғы жүз жылдан астам тарихы мұнай өндірісімен тығыз байланысты. Доссор мен Мақаттан басталған өндірістік тарих кейін тұтас аймақтың экономикалық келбетін өзгертті. Бірақ XXI ғасырдағы өңір өзінің келешегін тек жер астындағы байлықпен байланыстыра ала ма? Әлемдік экономикада соңғы онжылдықтарда «креативті индустрия» деген ұғымның салмағы артып келеді. Оның шикізаты – мұнай да, газ да, металл да емес. Оның басты капиталы – адамның идеясы. Кино, музыка, дизайн, жарнама, архитектура, медиа, сән, анимация, ойын индустриясы, цифрлық өнімдер, контент өндірісі – адамның интеллектуалдық және шығармашылық қабілетін экономикалық құндылыққа айналдыратын үлкен экожүйенің бөліктері.
«Saraishyq Upgrade 2026» бағдарламасының алты бағытқа құрылуы да назар аударарлық. Биыл жастар кинематография, маркетинг, музыка, event-индустрия, хореография және жасанды интеллект бағыттарында жұмыс істеді. Бағдарламада пленарлық пікірталастар, практикалық сабақтар, шеберлік сағаттары мен жобаларды қорғау қарастырылды. Бұлардың арасында бір қарағанда байланыс жоқ сияқты. Биші мен программистің қандай ортақтығы бар? Музыкант пен маркетологты не байланыстырады? Режиссер мен жасанды интеллект маманы бір кеңістікте не істейді?
Шын мәнінде, бүгінгі креативті экономика дәл осы салалардың түйіс­кен жерінен пайда болып отыр. Музыкантқа маркетинг қажет. Киноға технология керек. Биге визуалдық контент қажет. Жарнамаға режиссура мен музыка керек. Ал жасанды интеллект осы салалардың бәрінің жұмыс тәсілін өзгерте бастады. Сондықтан мұндай форумның ең үлкен мүмкіндігі – жастарға белгілі бір мамандықты үйрету ғана емес, бір-бірін табуға жағдай жасау.

                                                                                                                                             Форумнан кейін не қалады?
Кез келген үлкен іс- шараға қатысты ең маңызды сұрақ осы болса керек. Сахна жиналады. Баннер алынады. Қонақтар үйлеріне қайтады. Әлеуметтік желідегі суреттер бірнеше күннен кейін ақпарат тасқынының арасында жоғалады. Сонда не қалды?
«Saraishyq Upgrade 2026»-ның ерекшелігінің бірі – ұйымдастырушылар форумды тек дәріс тыңдаумен шектемей, идеяны нақты жобаға айналдыруға талпынған. «Үздік жоба үшін Grant» байқауы бойынша алты бағыттың әрқайсысында бір жеңімпаз анықталып, 500 мың теңгеден қаржылай қолдау көрсетілді. Жалпы грант қоры 3 миллион теңгені құрады. Маркетинг бағыты бойынша астаналық Ерасыл Казкен, жасанды интеллект және IT саласында Ақтөбе облысынан Жоламан Әбутәліп, музыкада Батыс Қазақстан облысынан Айша Қапанова жеңімпаз атанды. Event-индустриясында Атырау облысының өкілі Ерасыл Мағзом үздік шықса, кинематография бойынша Бекзат Түлепов, хореография бойынша Абылай

                                                                                                                                           Құсайн грант иеленді.
Әрине, 500 мың теңге үлкен шығармашылық жобаны толық жүзеге асыруға жеткіліксіз болуы мүмкін. Бірақ мұнда ақшаның көлемінен гөрі басқа нәрсе маңызды. Жас креа­тордың «менің идеям біреуге керек екен» деген сенімі. Кейде шығармашылық жолдың басталуына миллиондаған инвестициядан бұрын осындай алғашқы мүмкіндік қажет. Оның үстіне форумдағы қолдау тек ақшамен өлшенген жоқ.
Музыка бағытында әнші Дастан Оразбеков қатысушы Нұршат Құсановаға музыкалық клип түсіруді ұсынса, продюсер әрі аранжировщик Ренат Әубәкіров оның шығармасына кәсіби аранжировка жасауға ниет білдірген. Кино және продакшн бағыты бойын­ша Берекет Тыныштықов, Бекзат Түлепов және Нұрболат Ғұбайдуллаев PIE Production командасымен бірге жұмыс істеуге шақырылған. Мұндай ұсыныстар кейде гранттан да маңызды. Өйткені шығармашылық индустрияда ақша ғана емес, орта, байланыс, тәжірибе және мүмкіндік капитал саналады.

                                                                                                                                           Туған жерді сүю деген не?
Аталмыш форумның тағы бір қызықты қыры бар. Оның атауы – Сарайшық. Шетелден және еліміздің басқа өңірлерінен келген жастар үшін тарихи-мәдени «Хан ордалы Сарайшық» музей-қорығына арнайы экскурсия ұйымдастырылды. Бұл детальды форум бағдарламасындағы кезекті экс­курсия деп қабылдауға болады. Бірақ оның астарында әлдеқайда маңызды мәселе жатыр. Біз патриотизм туралы көп айтамыз. Көбіне оны тарихпен байланыстырамыз. Батырларымызды білу, тарихи тұлғаларымызды құрметтеу, туған өлкенің өткенін мақтан ету – әрине, патриоттық сананың маңызды бөлігі. Бірақ жергілікті патриотизм өткенді мақтан етумен ғана шектелсе, ол бірте-бірте музейлік сезімге айналып кетуі әбден мүмкін ғой.
Туған жерді сүю – оның өткенін білу ғана емес, оның болашағына қатысу. Атырауды жақсы көру – Сарайшықтың тарихын білу ғана емес, Атырауда жақсы кино түсіру. Осы жерде музыка жазу. Жаңа дизайн жасау. Қала мәселелеріне технологиялық шешім ұсыну. Өз кәсібіңді ашу. Жергілікті тарихты әлемге түсінікті заманауи тілмен жеткізу. Атырауда туған таланттың міндетті түрде Алматыға немесе Астанаға кетпей-ақ, туған қаласында идея жүзеге асыруына мүмкіндік жасау. Міне, жергілікті патриотизмнің заманауи сипаты осыдан басталады. Өйткені қала ғимараттардан ғана тұрмайды. Қаланы адамдар жасайды. Ал адамдардың туған жерге байланысын тек естелік емес, мүмкіндік те қалыптастырады.

                                                                                                                     Неге таланттар туған өңірден кетеді?
Бұл мәселенің екінші жағы да бар. Өңірде шығармашылықпен айналысатын жастардың алдында белгілі бір кезеңде таңдау пайда болады: осында қалу немесе үлкен қалаға кету. Себебі талантқа тек талант болу жеткіліксіз. Оған орта керек. Кино түсіргісі келетін жасқа режиссерлер мен операторлар қажет. Музыкантқа студия, продюсер, сахна керек. Дизайнерге тапсырыс беруші қажет. IT маманына команда мен инвестиция керек. Осындай адамдар бір-бірін тапқанда ғана креативті экожүйе пайда болады. Сондықтан Saraishyq Upgrade тәрізді форум­дардың ұзақмерзімді құндылығын қатысушылар санымен ғана өлшеу жеткіліксіз.
300 адам келді ме, 500 адам келді ме – бұл статистика. Негізгі көрсеткіш басқаша болуы керек: Олардың қаншасы бір жылдан кейін бірлескен жоба жасап жүр? Қанша жаңа компания немесе шығармашылық команда құрылды? Қанша фильм түсірілді? Қанша ән жарық көрді? Қанша цифрлық өнім жасалды? Қанша жоба табыс әкеле бастады? Қанша жас туған өңірінде қалып, кәсіби жолын жалғастырды? Міне, форумның шынайы нәтижесін осындай сұрақтар көрсетеді.
Бір форум экожүйе жасай ала ма? Әрине, жоқ. Екі күн ішінде креативті индустрия құру мүмкін емес. Бірақ екі күн ішінде бір-бірін ешқашан кездестірмеуі мүмкін адамдарды кез­дестіруге болады. Бір жас режиссер болашақ операторын табуы мүмкін. Музыкант болашақ продюсерімен танысуы мүмкін. Маркетолог жергілікті кәсіпкердің идеясын брендке айналдыруы мүмкін. Бағдарламашы шығармашылық жобаның техникалық шешімін ойлап табуы мүмкін. Осындай кішкентай байланыстардың қайсысы бес жылдан кейін үлкен жобаға айналатынын бүгін ешкім білмейді.
Сондықтан форумның басты капиталы сахнада емес, адамдар арасындағы байланыста болуы ықтимал. Биыл форумға қызығушылықтың өзі де назар аудартады: 1000-нан астам өтінімнің арасынан 300-ге жуық қатысушы іріктелген. Бұл жастардың осындай ортаға қажеттілігі бар екенін көрсетеді. Ендігі міндет – сол қажеттілікті жылына екі күн ғана емес, жыл бойы қамтамасыз ету.

                                                                                                                       Алты жылда қалыптасқан алаң
«Saraishyq Upgrade» биыл пайда болған жоба емес. Форумның алтыншы рет ұйымдастырылуы оның бір реттік жастарға арналған іс-шарадан гөрі тұрақты алаңға айналып келе жатқанын аңғартады. Биыл оның географиясы да кеңейді: Қазақстанның өңірлерінен бөлек Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан және Грузиядан жастар келді. Мыңнан астам өтінімнің түсуі де жобаға деген қызығушылықтың ауқымын көрсетеді. Осындай форумның сырт көзге көрінетін бөлігі – сахна, спикерлер, шеберлік сабақтары мен марапаттау рәсімі. Ал оның ар жағында ұйымдастыру жұмысының үлкен тізбегі тұрады: жүздеген өтінімді қабылдау мен іріктеу, түрлі елдер мен өңірлерден келетін қатысушыларды үйлестіру, салалық сарапшыларды шақыру, алты бағыттың бағдарламасын әзірлеу, жобаларды қорғау мен гранттық байқауды өткізу.
Форум Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен өтті. Оның ашылуында облыс әкімі Болат Ақшолақов креативті индустрияны дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналғанын атап өтіп, өңірлердегі таланттарды анықтап, олардың жобаларына қолдау көрсетуде мұндай алаңдардың маңызына тоқталды. Бұл жерде ұйымдастырушылық жұмыстың мәні екі күндік шараны өткізумен ғана өлшенбейді. «Үздік жоба үшін Grant» байқауының енгізілуі – соның бір көрінісі. Алты бағыттағы үздік бастамаға 500 мың теңгеден, жалпы 3 миллион теңге бөлінді. Байқаудың ресми мақсаты да жастардың тың идеяларын қолдау, жобалық ойлауын дамыту және перспективалы бастамалардың жүзеге асуына мүмкіндік жасау деп белгіленген. Бұдан маңыздысы – ұйымдастырушылар форумда ұсынылып, қорғалған жобаларға шара аяқталғаннан кейін де қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
Осы тұста «Saraishyq Upgrade»-тің келесі кезеңі басталады деуге болады. Өйткені жақсы форумды өткізу қиын. Ал форумнан туған идеяның тағдырын қадағалау – одан да қиын. Бір жылдан кейін биылғы алты грант иегері қайда болады? Олардың қаншасының жобасы жүзеге асады? Форумда танысқан жастардың арасынан жаңа шығармашылық командалар құрыла ма? Атыраудан жаңа фильм, музыкалық жоба, технологиялық өнім немесе креативті бизнес шыға ма? Егер ұйымдастырушылар алдағы жылдары осы нәтижелерді де жинақтап, жұртшылыққа көрсетіп отырса, «Saraishyq Upgrade» жай форумнан Атыраудың креативті жастарын өсіретін тұрақты институтқа айнала алады.
Бұл – жергілікті патриотизмнің де практикалық үлгісі. Туған жерді жақсы көру туралы айту оңай. Ал сол жердегі талантты байқап, оған сахна беру, білім алуына жағдай жасау, идеясын қаржыландыру және кәсіби ортамен байланыстыру – патриотизмнің нақты іске айналған түрі. Атырау ұзақ жылдар бойы елге мұнайымен танылды. Ендігі жерде өңір өзінің адам капиталына да инвестиция сала бастаса, бұл қаланың келесі кезеңдегі дамуына басқа мазмұн береді. Өйткені таланттың туған жері болуы мүмкін. Бірақ таланттың сол туған жерде қалуы үшін орта мен мүмкіндік қажет. «Saraishyq Upgrade» ұйымдастырушыларының алдында тұрған үлкен міндет те осы: форумды жыл сайын өткізуден гөрі, оның айналасында жыл бойы өмір сүретін креативті орта қалыптастыру.

                                                                                                                      Сарайшықты брендке айналдыру
«Saraishyq Upgrade» атауындағы тағы бір үлкен мүмкіндік – Сарайшықтың өзін жаңаша таныту. Сарайшықты біз көбіне өткен шақта айтамыз. Ұлы хандар. Керуендер. Алтын Орда. Археология. Қазылып жатқан қалашық. Бұлардың бәрі қажет. Бірақ әлемдегі көптеген қалалар тарихи мұраны тек сақтап қоймайды, оны қазіргі мәдениетпен қайта сөйлетеді. Тарих киноға айналады. Аңыз анимацияға айналады. Археологиялық мұра дизайнға айналады. Ұлттық музыка электронды музыкамен үндеседі. Музей цифрлық технологияны пайдаланады. Тарихи кейіпкер компьютерлік ойынның қаһарманына айналуы мүмкін. Ал көне қаланың визуалдық элементтері заманауи брендтің негізіне айналады.
Сарайшықтың да осындай әлеуеті бар. Егер Saraishyq Upgrade алдағы жылдары тек атауды иеленіп қоймай, форум қатысушыларына Сарайшықтың тарихынан жаңа креативті өнім жасау міндетін ұсынса ше? Бір команда қысқаметражды фильм түсірсін. Екіншісі анимация жасасын. Үшіншісі туристік қосымша әзірлесін. Музыканттар Сарайшық тақырыбында заманауи композиция жазсын. Дизайнерлер қаланың визуалдық кодын жасасын. Маркетологтар оны халық­аралық аудиторияға танытудың стратегиясын ұсынсын. AI мамандары көне Сарайшықты виртуалды кеңістікте қайта қалпына келтіруге әрекет етсін. Сонда «Saraishyq» пен «Upgrade» бір атауда ғана емес, идеяда да қосылар еді.
                                                                                                                       

                                                                                                                        Өткенді мақтан тұту аздық етеді
Біздің өңірдің мақтан тұтатын тарихы жеткілікті. Хан ордалы Сарайшық бар. Исатай мен Махамбет бар. Құрманғазы мен Дина бар. Қазақ мұнайының алғашқы тарихы бар. Каспий бар. Жайық бар. Бірақ тарихтың үлкен болуы болашақтың автоматты түрде үлкен болатынын білдірмейді. Әр буын өз дәуірінің Атырауын өзі жасайды. Бір буын мұнай өндірісін бастады. Бір буын қаланы салды. Бір буын білім мен мәдениет институттарын қалыптастырды.
Ал бүгінгі буынның алдында басқа міндет тұр. Ол – идея өндіретін өңір қалыптастыру. Saraishyq Upgrade тәрізді жобалардың мәні де осында болуы мүмкін. Егер форумнан кейін алты грант иегерінің жобасы жүзеге асса, бұл – нәтиже. Егер осында танысқан жастар ертең ортақ фильм түсірсе – нәтиже. Егер бір музыкант үлкен сахнаға шықса – нәтиже. Егер бір IT-жоба Атыраудан басталып, халықаралық нарыққа жетсе – нәтиже. Егер басқа өңірден келген жас бірнеше жылдан кейін «алғашқы үлкен мүмкіндігімді Атырауда алдым» десе, бұл да – нәтиже. Ал егер осы форумнан кейін атыраулық жас туған қаласында қалып-ақ үлкен дүние жасауға болатынына сенсе, бәлкім, ең маңызды нәтиже сол болар. Өйткені жергілікті патриотизм туған жер туралы әдемі сөз айтудан басталғанымен, туған жер үшін бір нәрсе жасағанда ғана нақты күшке айналады.
Сарайшық кезінде Еуразияның үлкен жолдарының бірінде тұрды. Бұл қалаға алыс елдерден адамдар келді, идеялар келді, мәдениеттер кездесті. Бүгін алты қырдан асқанша шұбалып жататын керуен жоқ. Бірақ идеялардың қозғалысы тоқтаған емес. Атырауға тағы да Қазақстанның әр өңірінен, бірнеше мемлекеттен жастар келді. Бірі музыкамен, бірі киномен, бірі технологиямен, бірі бимен айналысады. Оларды бұл жолы сауда жолы емес, жаңа мүмкіндік тоғыстырды. Мүмкін, көне Сарайшық пен бүгінгі Атырауды жалғап тұрған ең маңызды сабақ та осы шығар: қаланың болашағы оның жерінің астында не жатқанына ғана емес, сол жерде өмір сүретін адамдардың ойында не барына да байланысты. Ал ендігі маңызды мәселе – сол идеяларға мүмкіндік беру.
                                                                                                                                                                                                                                                                                                            Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір