Буындар арасындағы басты құндылық
10.09.2026
88
0

Қыркүйектің екінші жексенбісі аталып өтілетін Отбасы күніне орай №20 кітапханада  тағылымды кездесу өтті. Іс-шараға «Бабалар аманаты» ҚБ төрайымы Кәмила Сапархайыр, бірлестік мүшелері, білім саласында жемісті еңбек еткен  ардагер ұстаздар Халипа Маханова, Раушан Қожақанова мен қыздар ҚызҰПУ колледжінің І курс студенттері қатысты. Кездесудің өтуіне ұйытқы болған  «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы филиалы.

Іс-шараны ашқан кітапхана меңгерушісі Лаура Мәулітшәріпқызы алдымен отбасы күні шаңырақтың қадірін ұғындырып, ұрпақтар сабақтастығын нығайтатын, отбасы құндылықтарына қайта үңілуге мүмкіндік беретін маңызы зор мереке екендігін атап өтті. Кездесу модераторы әрі спикері болған филиал басшысы Меруерт Мәулетқызы студенттік өмірді жаңа бастап жатқан бойжеткендерге Бірлестік жайлы ақпарат беріп өтті. 

– Бес жылдан астам уақыт бойы азаматтық сана, адамдық болмыс пен жауапкершілік жайында тыңғылықты да тынымсыз еңбек етіп келе жатқан ұйымның әрбір сөзі мен бастамасының өзегі – жастар. Себебі бүгінгі жастың санасына сіңген бір ой, жүрегіне ұялаған бір құндылық — ертеңгі қоғамның болмысын қалыптастырады. Сондықтан жастармен жүргізілген әрбір кездесу — жай ғана жүздесу емес, болашаққа бағытталған үлкен жауапкершілік, — дей келе филиал бастап жатқан «Үні_SEN»  кешенді қыздар жобасы жайлы қысқаша тоқталып өтті.

Кезекпен сөз алған апалар сонау бабалардан келе жатқан қыз тәрбиесі, мәдениеті  мен бүгінгі қоғамдағы әдебі туралы ой бөлісті. Тағылым мен өнегеге тұнып тұрған дәстүріміз «қыз баланы шектейтін ереже» емес,  керісінше өзінің кім екенін түсінуге мүмкіндік беретін мәдени тамыр екендігін атап өтті.  Қыздың қадірін, қасиетін айқындайтын ізет, инабат, сөзге тоқтау, үлкенді сыйлау секілді асыл қасиеттердің мәнін өздерінің өмір тәжірибесі мен еңбек жолынан мысал келтіре отырып аша түсті. Ең маңызды түйіні озығы да тозығы да бар дәстүрдің бәрін бұлжытпай қабылдау емес, оның өмірге жарамдысын саналы түрде жалғастыру екендігін айқын жеткізді.

– Қазіргі қыздардың әлемі де, әдебі де өзгерген. Олар білімді, кәсіпкер, саяхатшы, полиглот,  әлеуметтік желіде өзін көрсете білетін блогер,  өз пікірін ашық айтатын еркін.  Бірақ заман өзгергенімен, адамның қадірін анықтайтын негізгі өлшемдер өзгермеуі керек.  Қыздың болмысы – бір күнде қалыптасатын образ емес, күн сайынғы таңдауларынан құралатын тұлғалық әлем. Сол арқылы жауапкершіліктері артады, мінез мәдениеті арқылы адами құндылықтары қалыптасады дер едім.  Сондықтан бүгінгі бойжеткен ұлттық құндылық деген ұғымды «таптаурын» деп қарамай, одан жерімей,  сол құндылықтардың мәнін қазіргі өмірде сақтай білуді үйренсе ұтары көп, — деді  «Бабалар аманаты» ҚБ төрайымы Кәмила Сапархайыр.

 Тәрбие —  жаттап алған ереже емес, адамның күнделікті мінезіне айналған мәдениет екенін айшықты жеткізе білген басқосуда студент қыздар да ойларын ортаға салды. Кездесудің өзегінде бір ғана ой тұрды: қыздың киімі, ортасы, талғамы өзгеруі мүмкін, бірақ оның адамдық болмысы мен тәрбиесі өзгермеуі керек. Өйткені әдеп  уақытқа бағынбайтын құндылық, ал көргенді қыз — отбасының ғана емес, тұтас қоғамның көркі. Сондықтан бүгінгі бойжеткен  үшін еркіндік — дәстүрден қашу емес, өз тамырыңды танып, өз жолыңды саналы түрде таңдау.

Кездесу соңында кітапхана меңгерушісі Лаура Мәулітшәріпқызы қонақтарға алғысын білдіріп, ОКЖ басшылығы атынан «Алғыс хатпен» марапаттап, сый-сыяпат көрсетті.

 М.Маулина,
журналист

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір