Отбасылық құндылық
04.08.2026
7
0

Биылғы жылдың алғашқы үш айында елімізде 21,6 мың неке тіркелсе, 11,2 мың отбасы ажырасқан. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елде 115,9 мың неке қиылып, 45 мыңнан астам ажырасу тіркелген. Сарапшылардың айтуынша, бүгінде Қазақстандағы әрбір екінші неке ажырасумен аяқталып жатыр. Еліміздің түрлі аймақтарына жалпылама шолу жасай отырып, Қостанай өңірінде шаңырақ көтерушілер мен ажырасу мәселесі қандай деңгейде екенін саралап көрдік.


Қостанай өңірі еліміз бойынша ажырасу санатында көш басында емес. Дейтұрғанмен статистикалық мәліметтердің көрсеткіші бойынша, алдыңғы қатарға таяу екенін көрсетеді, яғни шаңырақ көтерушілер мен ажырасушылардың теңдік үлесі соңғы үш жылда 50%-дан асқан. Сөзіміз нақтырақ болу үшін статистикаға зер салғанымыз абзал. 2023 жылы 4856 неке тіркеліп, 2780 неке бұзылған (57,2%), 2024 жылы 4974 неке тіркеліп, 2806 неке бұзылған (56,4%), ал 2025 жылы 4856 неке тіркеліп, 3096 неке бұзылған (63,8%). Иә, бұл көрсеткіш ажырасу деңгейінің жыл сайын артып келе жатқанын аңғартады.
«Қостанай облысында осы жылдың 5 айында 1373 неке тіркелген. 423 неке бұзылды. Бұл, көрсеткіш бойынша, 30 пайызды құрады. Жыл сайын жаңа отбасылар құрылып, шаңырақ құрса да кейбір жұбайлар уақыт өте келе ажырасу туралы шешімге келеді. Ажырасудың негізгі себептерін айта кететін болсақ, тұрмыстық проблемалар, қаржылық қиындықтар, тұрмыстық зорлық-зомбылық. Осы басты себептер отбасы шаңырағын ортасына түсіреді. Осы ретте «отбасы институтының беріктігін қалай сақтау керек?» деген сұрақ туындары анық. Бұл ретте де мемлекет тарапынан бірқатар кешенді шаралар қолға алынған. Атап айтқанда, отбасылық құндылықтарды насихаттау, ерлі-зайып­тылар арасындағы өзара түсіністік пен жауапкершілікті арттыру деген сынды жұмыстар жолға қойылған», — дейді Қостанай облысы әділет департаментінің бас маманы Шолпан Ғалеева.
Мамандардың айтуынша, ажырасуға көбіне ерлі-зайыптылар арасындағы түсініспеушілік пен өмірге деген көзқарастардың сәйкес келмеуі себеп болады.
«Қазіргі қоғам даулы мәселелерге ашық бола бастады. Көптеген отбасылар бір кездері қиындықтарға қарамастан некелерін сақтап қалуға тырысса, бүгінде ерлі-зайыптылардың бірқатары ажырасуды мәселенің шешімі деп түсінеді. Жалпыға бірдей құрмет, жұбайлар арасындағы ашық диалог, тіпті отбасын құруға саналы көзқарас ажырасу деңгейін төмендетуде маңызды рөл атқарады» — дейді Қостанай облысы әділет департаментінің бас маманы Сәуле Әбдіхалықова.
Осы ретте психолог мамандар, ажырасу кезінде ерлі-зайыптылар жиі жіберетін қателік деп кінәліні анықтау және себепті өзінен емес, екінші тараптан іздеуді айтады. Салдарынан кейде тіпті балалар да ата-анасының жанжалына араласып, олардың арасындағы тартыстың бір бөлігіне айналып жатады. Тағы бір жиі кездесетін қателік – отбасылық мәселені көпшілік талқысына салу көрінеді.
«Кейбір жұбайлар өздерінің жағдайын достарымен, әріптестерімен және таныстарымен кеңінен талқылап, өз жағына қолдау іздеуге тырысады. Алайда мұндай әрекеттер көбіне мәселені ушықтырып, эмоционалдық күйзелісті күшейтеді әрі жағдайды сабырмен, сындарлы түрде шешуге кедергі келтіреді. Кей жағдайда ата-аналар баладан: «Кімді көбірек жақсы көресің?», «Кіммен қалғың келеді?» деген сияқты таңдау жасауды талап етеді. Мұның салдарынан бала психологиялық тұрғыда күйзеліске түсуі, тіпті денсаулығына да кері әсер етуі ықтимал», — дейді психолог Олеся Ельчищева.
Сондықтан кез келген келіспеушілікті ашық диалог пен өзара түсіністік арқылы шешуге ұмтылу маңызды. Ал ажырасудың салдары тек ерлі-зайыптыларға ғана емес, балалардың психологиялық жағдайына да әсер етеді. Сол себепті отбасылық құндылықтарды нығайту мен жауапкершілікті арттыру – бүгінгі қоғам алдындағы өзекті міндеттердің бірі.

Бейбіт НҰРМҰХАНОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір