Жаңабек ШАҒАТАЙ. ЕСТЕН КЕТПЕС МАМЫР АЙЫ

Екінші курстың қысқы сессиясы аяқталған соң, бәріміз ауылымызға оралдық. Өз басым шын қуаныштымын, сессияны жақсы тапсырып, стипендия алатыныма көңілім шалқып жүр.
Ал жишемнің қуанышында шек жоқ: төрт ай бойы ауылға келмеген Алматыдағы ұлын айналып-толғанып, соғымбасы кезі ғой, жиі-жиі ет асады: екі-үш күркетауықты семірткен екен, келген бетте оларды сойып, жүндерін жұлып, отқа күйдіріп, абы-күбі шыға семіз жылқының етімен араластыра жақсылап қайнатады. Жылқының семіз еті мен күркетауықтың кіршіксіз аппақ етін жеген де арманда, жемеген де арманда.
Келген күннің ертесіне інілерім Болат пен үйдің кенже ұлы Сәкен екеуі құпиялап шақырып алып:
– Сен үшін құрт алып қойғанбыз. Анда… Өзің жеп алшы,– деп қаршынның арасынан екі-үш құрт алып шықты да, екі жақтап мойнымнан тас қылып құшақтады. Көзім өз-өзінен бұлдырап кеткені, кішкентай інілерім мені қатты сағынғанын, өзім де інілерімді сағынғанымды сонда сезіндім.
Апыр-ай, сағыныш деген қандай қиын?! Әсіресе бала сағынышын айтсайшы….
Анам маған біраз ақыл айтып, қоштасқаннан кейін Алматыға қайттым. Туған үйді қимаймын, бірақ қайтпасқа амал жоқ.
Көп ұзамай ҚазМУ-де үрейлі қауесет шыға бастады: академиялық демалыс алғандарды әскерге шақырады екен-мыс, тіптен бұдан былай студенттерді де жаппай әскерге алатын көрінеді. Оп-по, менің сорыма қарай, енді еріксіз әскерге баратын болдым!
Бар пәле 1979 жылы совет әскерлері Ауғанстанға басып кіріп, тәуелсіз елдің президентін өлтіргенінен басталған жоқ па?! Сол үшін АҚШ пен Еуропаның демократияшыл елдері Мәскеу олимпиадасына бойкот жариялап, олимпиадаға келмейтінін, спортшыларды жібермейтінін жариялаған жоқ па?
Мейлі, солай бола қойсын, бірақ студенттерді неменеге әскергe алады: Совет Одағында оқуға түсе алмаған жастар жоқ па?
Ұзамай оның жауабы табыла кеткен. Сөйтсе, 1941–1945 жылдары туған балалар тым аз, олардан туған балалар енді кәмелет жасына келіп, армияға алынуға жарап тұр екен. Газет-журналдар, радио мен теледидар жақ жаппай осыны насихаттап жүр. Бірақ армия деген ешқандай қайырымы жоқ, елге тек қана салмақ салудан басқа пайдасы жоқ екенін біліп қалған болатынбыз. Жас журналист ретінде де, өзіміз де аңдап қалған кезіміз. Қай елдің армиясы зор болса, сол елдің шығыны орасан үлкен және бейбіт заманның өзінде де армиясында өлім-жітім көп болды.
Жаңа жылдан кейін-ақ өзім сияқтыларды әскери коммиссариатқа жиілеп шақыра бастады. Бармаймын деп айта алмайсың, өйткені әскери коммисариаттан деканға ресми қатынас келген және хатшы келіншек: «Сендер таңертең военкаматқа барасыңдар» деп, арнайы айтып кетеді. Мойның салбырап, ҚазМУ-ге жақын Калинин (қазіргі Бостандық) аудандық әскери коммисариатына ілбіп жетесің.
Шарасыз, өмірден күдер үзген адамдардың тобыры айналасына көз салмай, бастарын салбырата бір-бірінің артынан ілбіп жүре беретінін көп жылдан кейін оқыдым. Мысалы, әскері жеңіліп, тұтқынға түскендер сондай күйде болады екен. Аз ғана әскер жандарына ілесіп және бастаса, мыңдаған тұтқындар мүлде қарсылық білдірмей, жердің шетіне дейін ілбіп жүре беретін көрінеді. Тіпті бұл жағдайдың ғылыми атауы да бар-сынды.
Екі-үш рет келдім әскери коммиссариатқа: салмағыңды, бойыңды өлшеп, беліңнің, иығыңның көлемін сантиметрлеп өлшейді екен. Курста бірге оқитын, әскери парызын біраз жыл бұрын өтеген Кенже Жұмағұлов пен Дихан Әбдиев (марқұм) қалжыңдай мазақтап, түрлі анекдоттарды жаудырады.
Олар айтады:
«Бір күні әскерге бармаған жас жігітті военкоматқа шақырыпты. Ақ халат киген дәрігер жас жігіттің күшін, аяқ киімінің размерін жете сұрастырып:
– Еңкей, сен арақ ішесің бе? – депті.
– Немене, артымнан стакан көріне ме? – деген екен жас жігіт.
– Сен онша арақ ішкен жоқсың ғой, көрінбейтін шығар,– деп қарқылдайды олар».
Иә, бұларға күлкі керек. Онсыз да түн ортасына дейін күлкі кернеп жатады емес пе жатақхананы, енді мен сияқтылардың армияға аттануы кімге түрпі болар дейсің?!
«Сендер барып келген армияға мен де қиналмай барамын» деп тістенемін іштей. Әттең, екі жылым құр босқа өтіп кететіні жаман. Әттең, жазушы боламын деген арманым екі жылға кері кеткені сұмдық жағдай.
Коммисариатқа барып-келіп жүргенде сәуір айының тәмамдалатын кезеңі де келіп жетсін. Біздердің әскерге аттанатын уақытымыз дәлме-дәл анықталды: 5 мамыр, 1982 жыл!
Көп ұзамай журналистика факультетінің деканы Темірбек Қожекеев шақыртып алып:
«Әскерге баратыныңды естідік. Отанның алдында әскери парызыңды өтеу – абыройлы іс, – деп құрмет білдірді. –Туған ауылыңа баратын боларсың? Жалғыз бармай, факультеттен бір досың қоса барсын. Әскерде жақсы қызмет ет!»
31 сәуірдің қараңғы түнінде «Сайран» автобекетінен Ермұрат Бапиев екеуміз ауылға автобуспен аттандық. Ол кезде автобустар Қырғызстанның астанасы Фрунзе қаласын аралап, сосын Қарабалта қалашығын басып өтіп, Жамбылға тұмсық тірейтін. 10-11 сағат жүретін. Таңертең Жамбылдан біздің ауылға автобус жүрмейді, тек кешқұрым, онда да жолаушылар көптеп жиналса ғана жүруі мүмкін.
Бүгін 1 мамыр, мейрам күні, ауылға баратындар бола ма, болмай ма, оны ешкім білмейді. Ермұрат екеуміз ақылдасып, Жамбылда бір күнімізді өткізгенше, сапарымызды жалғастыра берейік деп шештік.
Онда не тұрыс бар, аттандық жолға! Ойға алғанды оңай шештік. Сарысу ауданының орталығы Байқадам ауылына баратын жап-жаңа үлкен «Икарус» енді ғана жолға шығуға дайындалып тұр екен. Байқадамға баратын көліктер Талас ауданының орталығы Ақкөлдің үстін басып өтіп, Үшаралға апаратын жолдың бұрылысына тастап кетеді. Ал бұл тұстан Үшаралға дейін 60 шақырым, бірақ біздің үй жақын жерде, Ақсай жазығында, бәлкім, 25-30 шақырым болар.
Байқадамға бет алған жайлы автобустан тек екеуміз ғана түсіп қалып, жан-жағымызға бажайлап қараймыз. Өйтетініміз, бұл жерде бір тал немесе жайылған дарақ жоқ. Бұл өз басым талай өткен жол, ал алыс Алтайда, Зайсан көлінде сайран салған Ермұрат тал түсте шаңы бұрқырап, құйыны үйіріліп, тұзды шаңды аспанға шашқан, күні өте ыстық біздің жер туралы не айтады?! Шақырымдарды көрсететін «1» деген сан және орысша «Учарал» деген жазу көзге ұрып тұр. Ары өткен, бері өткен көліктер көрінбейді,
Тал түс жақындап, көлеңкелеріміз аяғымызға тығылды, ауада үп еткен желемік сезілмей, күн жарықтық жоғары өрлегенде аяусыз қапырық деміңді алдырмай, аузыңды қинала бір ашасың, бір жабасың. Бір сәтте шөлдеп, мұздай суды аңсап кеттік.
Айдала қиянда талтүсте ешбір құс ұшпайтын секілді, бәлкім, Ащыкөл тұзды көлдің жағасында жайшылықта жиі ұшатын қара қарға да ыстықтан миы айналып, дәрменсіз күйде құлап түсетін шығар… Бір қызығы, әдетте аспанға ілініп қап, үздіксіз сайрайтын бозторғайдың да дауысы естілмейді.
Әне, жақындау тұста тұзды көлдің бетін ақ сарғыш кристалдар тұтаса жауып, орта тұсы ғана күннің сәулесімен әрең білініп, жылтырап жатыр. Қосқызылдың биік кемерінен мойнаққа дейін ертеректе асфальт төселген еді, енді оның беті де жырым-жырым болып, жарылып кеткен. Оңбай тозғаны анық білініп қалды, бұл жер – Ақкөл совхозының жері. Кемерден асқанда Ақкөлдің екі-үш отар қойы үстіртті жайлайды, одан әрірек Талас совхозының жайлауы.
Бір таңдандыратыны, бұл маңайдағы биіктердің бәрі қызғылттанып көрінеді. Тұзды көлдің ауасын жұтқанша, ақырындап жүре берсек… жолай бір машина кездессе… сонда біздің үйге ызғытып жетер едік.
Ең абзалы осы болар еді. Бәрінен бұрын жолға су алмағанымызды айтсайшы… Қаталап тұрып:
– Ереке, құр шөлдеп тұрғанша, жүре бермейміз бе, – дедім қинала сөйлеп. – Жүре берсек, жап-жақын жер. Онда отар-отар қой жайлап отыр, сонда жетсек су да ішеміз, айран да ішеміз…
Көп ойланбай жаяу жүріп кеттік. Үнемі автобуспен немесе жеңіл көлікпен жүргеннен кейін бе, қатты қателескеніме көп ұзамай көзім жетті. Біріншіден, кемерге қарай жол ылғи биікке өрлейді екен, жайшылықта тақтайдай болып көрінетін жолдың бұрылысы мен кедір-бұдыры көп көрінеді. Екіншіден, қатты шөлдеген жанның жүрісі өнбей қояды екен.
Тал түс, аңқамыз кеуіп келеді. Түкіргің келгенмен тамағыңнан түкірік шықпайды. Көп ұзамай Ермұрат қатты шаршағанын білдіріп қойды: Алматыдан алып келе жатқан, сары майдай сақтап жүрген сыйлық салынған дипломатын қолыма ұстатып, туфлиі мен шұлығын шешіп алып, қызған асфальттің үстінде жаяу жүре бастасын. Мұның қандай сыйлық екенін білмеймін, Алматыдан шығарда «ауылыңа барғанда білетін боласың» деп, күлген. Енді қарашы, шаршап-шалдығып қалыпты: «Қарадан тер шыққанша, сарыдан жан шығады» деген осы шығар деймін іштей.
Бір-екі қадам кейін қалып, оған ілесіп келе жатырмын. Жолдан шығып кете алмайсың, аулақта күннен қап-қара боп күйіп кеткен жыңғылдар мен басы жерге тиердей иілген шеңгелдер бой көрсеткенімен, жолдың жиегі қарауытып көрінетін топырақ пен қалың шаң. Шаң әбден басқан, ешқандай мал жемейтін арам шөптер.
Жайшылықта алыс тауға қарай маңып жылжитын бұлттар да тым-тырыс, қимылдамайды. Тү-у биікте жұқа шағи орамалдай селдіреп көрінеді.
Күн ыстықтан асфальттің бетінде бу сияқты дым көтеріліп, ақырын-ақырын сағымға айнала бастасын. Жұқа сол сағымды баяу кешіп келе жатырмыз.
Ермұраттың екі табаны жалпайып, көп ұзамай күлдірей бастады да, табаны тиген жердің асфальті жапырылып, көп уақыт өткенше қалпына келе алмайды.
Бұлай жүре берсе, көп ұзамай аяқтан қалатынын білдім де:
– Ереке, – дедім оны тоқтатып, – шұлығыңды кимесең өзің біл, ал туфлиіңді киіп алшы.
Ермұрат көп ойланбай туфлиін жылдам киіп алды: сірә, жаяу жүріп, екі аяқтан қалғанша, жаңа туфли құрбан болсын деп ойлаған шығар. Қосқызылдың мойнағынан асқанымызда кемердің біршама алыстау тұсын бір қойшының үйі жайлап отыр екен. Сірә, Ақкөл совхозының қойшысы болар.
Біз жолға тал түсте шыққан едік, енді сағат тілі төртке жақындап қалыпты. Киіз үйге жақындағанда бір кәрі ит қылқына үрді де, сілесі қатқандай қараша үйдің іргесіне, көлеңке бетке жатып алды. Сол сәтте үйден егделеу әйел шығып, жер ошақтың жанына самаурынды төңкеріп, содан соң киіз үйдің айналасындағы көр-жерді жинастыра бастады. Сірә, үрейленіп тұр.
Біздер жартылай жалаңаш едік: әу баста-ақ көйлегімізді шешіп алып, белімізге байлап, шалбарымыздың балағын түріп алғанбыз. Шаштары жалбыраған, үш-төрт сағаттың ішінде күнге аямай күйіп кеткен, жартылай жалаңаш бізді көргендер де қатты шошынар еді.
Киіз үйге тым таяп келдік те, қосарласа қырылдаған, әжептарқы дауыспен су сұрадық. Егде әйел киіз үйден жиырма-отыз метрдей аулақтағы беті жабылған екі бөшкені көрсетіп:
– Су бөшкенің ішінде. Шашып-төкпей пайдаланыңдар,– деді көзінің астымен, жақтырмай қарап. – Сосын бөшкені жауып кетіңдер, – деп жылдам киіз үйге кіріп, есігін жауып алды.
– Рақмет, апай, – деп қатарласа алғыс айтқан біздің даусымызды құлағы естімейтін кәрі ит қана естіген шығар, болмаса ол да естімеген шығар. Бөшкелердің жанында бір жағы жырым-жырым, майысқан қалайы кружка сексеуілдің қиық-қисық бұтағына ілініп тұр. Соны қолымызға кезек-кезек алып, ішіп жатырмыз, жұтып жатырмыз. Ішкен суымыз енді қайнайтындай жып-жылы, қаңсыған бөшкеден көгере бастаған шылау мен қақтың, қышқылтым тұздың иісі келеді, ал біз су ішуді қояр емеспіз. Қаңсыған бөшкеге бет-аузымызды, шашымызды сұғып, жақсылап жуынып алар едік, бірақ бізді жақтырмай қарсы алған әйелдің «суды үнемдеңдер» дегені тоқтау салып тұр. Оның да айтқанының жаны бар. Талас ауданында ең қат нәрсе таза су.
Суды қойшыларға үш-төрт күнде арнайы машинамен, көбіне ескірген «Газ-51» водовозымен алып келіп, таратып береді. Қолдарындағы қой мен ешкіні сол сумен суарады, сол сумен шай қояды, көйлек-көншектерін жуады, сол сумен құдайы қонақтарын күтеді.
Біз үшін суық су мен тәтті айран арман болып қала берді. Біраз уақыт ентігімізді алған соң, киіз үйдің есігіне қаратып:
– Рақмет, апай! – деп, алғыс жаудырдық, бірақ жабық есіктен жауап келмеді. Сонда да жып-жылы суды қайтадан қанбай сіміріп, күре жолға қарай жылжыдық. Тас жол таусылып, енді ұсақ тас тасталған жол жалғасып жатыр. Аяғымыздың ауырғаны енді ғана білінді, ары қарай жаяу жүре алмайтынымызды анық аңғардық.
Қосқызылдың биігі жалпайып, терістіктегі жоталарға ұласып, жалғасып жатыр. Ғасырлар бойы күн қақтаған жоталар үнсіз бұйығады, сыр шашпайды. Жергілікті тұрғындар осы жоталардан ара-тұра жоса алады. Қызғылтым жоталардан алынған жоса киіз үйдің сүйектерін – керегесі мен шаңырағын, уықтарын бояуға пайдаланылады. Негізі, мұның бәрін бекер айтып отырмын, бізге жоса не керек? Бізге ауылға баратын көлік керек.
Екеуміз қашықтықты көрсететін бағанға арқамызды тіреп, үндемей отырмыз. Бағанның көлеңкесі мардымсыз, кішкентай көлеңкеге басымызды қисайтып, күнге жақтырмай қараймыз. Ешқандай бұлт жоқ, тіптен бүгіннен бастап бұлт біздің жаққа келмейтін сияқты.
Ішімнен мырс етіп күліп:
– Бұл күнді бұлт аңсаған екеу деп атау керек, – дедім.– Жайшылықта, осы күндері «Құралайдың салқыны» өтіп, жаңбыр жауып, күн бұзылатын, суық болатын еді, енді қарасайшы….
– Несіне ашуланасың?– деді Ермұрат мені тыныштандырғысы келгендей бір тасты аулаққа лақтырып жіберіп. – Білесің бе, менің дипломатымда не барын?
– Білмеймін. Құлпын кілтпен жауып, көрсетпей қойдың ғой…
– Бұл – арақ!
– Арақ?! Мұны не істейсің?
– Не істейін, ағаларыңа апарып берейік. Бүгін 1 мамыр, мереке күні емес пе? Тойласын…
Екеуміз де үндемей қалдық. Күн қайтса да, бағанадан бері шөлдеп отырмыз. Екеуміздің де ерніміз кезеріп, жылы суды көп ішкендіктен бетіміз көнектей болып ісіп кеткен. Жолға жеткенде лоқсып-лоқсып құса жаздаған едік, бірақ тұзды су қайтадан шөлдетіп барады.
Шыдай алмадым шөлге.
– Бір мәнісі болар, Ереке, арағыңды ішіп алайық. Кеш болып келе жатыр, бір машина да келіп қалар. Жамбылдан автобус та шығатын уақыт болды,– дедім көзімді қойшының үйіне қадап отырып.
– Болмайды, – деп күлімсіреді Ермұрат басын шайқап.– Болмайды, күн аптап болып тұрғанда арақ ішіп, өртеніп кетеміз…
Көп ұзамай үсті ашық «Газ-53» машинасы кемерден қинала асып, жақындап келе жатты. Екеуміз де көйлектерімізді киіп, балақтарымызды түсіріп, дайындала бастадық.
Шофер тежегішін басып, екеуімізге таңғала қарап:
– Өй, сендер айдалада не ғып жүрсіңдер? Бүгін мейрам емес пе, ешкім қыдырмайды ғой,– деді басын шайқап. – Бағана естігенмін, қаладан автобус та шықпайды екен… Қайда барасыңдар?
Кабинада бір жастау келіншек, бір кейуана отыр екен. Екеуі сыбырласып, әлденелерді айтып үлгерді.
«Әслаудың отарына барамыз, – дедім шоферға көзімді қадап, – жақсы таныс болса, үйге дейін апарып тастай ма деген үмітім бар».
– Кузовка отырыңдар!– деді шофер бұйрықты райда. – Жолай тастап кетемін. Біз Үшаралға асығыс бара жатырмыз. Жассыңдар ғой, Әслаудың үйіне жаяу бара аласыңдар…
Дала жолының ерекше қасиеті бар: көзің қайта-қайта жасаурап, қайталап бір сүрткенде діттеген жерге келіп қаласың. Біздің үйдің отары Ақсай мен Аса жайлауының дәл ортасында екен.
Көп ұзамай көліктен түсіп, үйге қарай беттедік. Шамасы, үйге дейін бір жарым-екі шақырым жер. Асылбек ағам (Әслау) мен Шәризат жеңгем табан асты келетінімді білмейді, бірақ сонда да Ермұратты жақсылап қарсы алатындарына иманым кәміл. Анам да әуелі жылап алар, сосын батасын берер.
Кеш енді ғана үйіріліп, батыс жақта күн ұясына енуге дайындалғандай ақырындап сырғиды. Төрт-бес саяқ құнандар науадан су ішіп, енді шығысқа қарай желе-жортып барады. Суды қанып ішкен бір отар қой күн батардағы әдетімен ажырық пен көбені, май жусанды, құдықтың маңайындағы жабайы жоңышқаны ашқарақтана жеп, жүре басып жыйылады. Әуітке жақындаған сайын су тартқыш «Зид» моторының дауысы зорайып, үнімізді естіртпей қойды. Жалпақ березенттен жасалған су тартқыш тоқтағанша екі-үш рет қарбыта су ішіп үлгердім де, моторды өшіріп тастадым. Өйткені әуітке су толып, ернеуінен асып-тасып жатыр екен.
Мен «Зидті» өшіргенше Ермұрат көйлек-шалбарын шешіп алып, әуіттің ішіне асығыс түсіп, рахаттана шомыла бастады. Мен де қалмаймын деп шештім. О-о, рахат!
Тереңнен шыққан мұздай су дәру екен ғой, бірден сергіп сала бердім. Бір-бірімізге су шаштық, жас баладай сайран салдық. Моторды қайта қосып, мөлдір суды қайта-қайта қанбай іштік.
Әуітке қарай бір аттылы ұл мен есекке мінген кішкентай бала беттеп келеді. Олар жеткенше әңгіме болсын деп:
– Ереке, сендер жақта су ырғын ғой, жылап ағатын көз бен бұлақ кез келген жерден табылатын шығар. Менің айтайын дегенім, әуіт дейтін осы нәрсе. Тіптен біздің ауданда «Қызыл әуіт» дейтін ауыл бар.
Ол ұзақ ойланып, тістері ақсиып күлді де:
– «Қызыл әуіт», «Қоңыр әуіт», басқа әуіттер де жасасын!– деп бетіме су шашты.
– Ең бастысы, жас әуіттер құрғамасын. Әуіттер жоқ болса, бұл жақта өмір болмайды екен.
Жақындап келген балалардың үлкенірегі біздің үйдің кенже ұлы Сәкен болып шықты, ол 13-14 жаста, ал көршінің титтей баласы 3-4 жаста көрінеді. Бізді көрген Сәкен жирен құнанынан секіріп түсіп:
– Ассалаумағалейкум, машинадан түскендеріңізді көріп тұрдық, – деді есек мінген кішкентай бала жанына жақындағанын көз алмай бақылап тұрып. – Апам мен Шәризат жеңгем қаладан асығыс келген біреулер шығар деп жорамал жасап тұр.
– Үйдегі ересектер қайда?
– Бағана олардың бәрі көкпарға кеткен, бүгін мейрам емес пе? Ауылдағы еркеккіндік мына екеуміз ғана…
Жартылай жалаңаш тұрған Ермұрат Сәкенге таңғала қарап тұрып:
–Еркеккіндік екеуміз дейсің бе? – деп ыржиып, сосын күле бастасын. Басын шайқап-шайқап: – Еркеккіндік екеуің бе?– деп қарқылдайды.
Өзіне таңғала қарап қалған Сәкенді құшағына алып, күлкісін әрең тыйған Ермұрат жылдамдатып киіне бастады. Содан соң:
– Міне, сенің үйіңе де келіп жеттік, – деді құлағына тұрып қалған су тамшыларын түсіргісі келіп, басын қисайта құлағын екі-үш рет ақырындап ұрып тұрып. – Жолымыз ауыр болса да, ақыры жеттік.
– Атқа мінесің бе? – деп сұрадым жирен құнанды меңзеп. – Үйге жеткенше оңай болады.
– Жоға-а, інішегің мінсін! Екеуміз жаяу жүрейік, үйреніп алдық қой, – деді енді ғана айналаға тебіреніп қарап. Мамырда дала көкпеңбек болып жайқалып, әр-әр жерден бақбақ гүлі сап-сары болып көрінеді. Ол айналаға сүйсініп қарап тұрғанда, Сәкен құнанның тартпасын қатайтып тартып, құнанға ырғып мінді де, атына қамшы басты.
– Өй, үйге қарай шаппа, – деп үлгергенімше:
– Апамнан сүйінші аламын! – деп, құйғыта жөнелді.
Есекке мінген үш-төрт жастағы баланы қасымызға алып, үйге қарай аяңдадық. Ара-тұра кішкентай бала «ыһ» деп, есегінің иығынан шұқып қояды, бірақ есегі де онсыз да жорғалай басып келе жатыр. Сірә, күні бойы арқасынан түспейтін баладан мезі болған, не болмаса, тайқары қорада қалған.
Ақырындап ымырт жабылып, сам жамырады. Даланы жапқап, тұтасқан қойлар ауылдың іргесінде жайылып жатыр: қотанға иіруге әл-әзір ерте.
Жишем Ермұрат екеумізді де айналып-толғанып, алдымызға қойдың тәтті айранын қойған еді, енді шай дайындап, әбі-тәбі шығып жүр. Шәризат жеңгем үш-төрт жас қозыны әуелі ыстық суға аздап қайнатып, содан соң майға қуырып әуре. Ағаларым бүгін мейрам деп, үш-төрт жас қозыны сойып, дайындап кеткен көрінеді. Біз сияқты ашқұрсақ студенттерге бұйыратын болды. Бұл сөздерді алтын жеңгем қолы босағанда бізге жылдамдатып айтып үлгерді. Менің әскерге баратынымды, 5-мамырда аттанатынымды қайдан білсін?!
Біздің ауылдағылар «тушка» деп атайтын жас қозыны майға қуырған соң, содан артық тамақ жоқ. Тіптен ашқарақ жандар екі-үш қозыны бірден жеп алуы мүмкін. Пиязды көбірек салып, кәртошкені аздап салсаң жетіп жатыр.
Қазандық жақта көлбеңдеп жүрген Шәризат жеңгемнің қарауытқан сұлбасына ұйқысырап қарап отырып, қылжиып қалыппын.
Шәризат жеңгем жас қозыны қуырып үлгеріп, қазанға ет салып қойыпты. Көп ұзамай Асылбек (Әслау), Таласбек ағам, Болатбек інім бар, көкпаршылар үйге жетті. Бәріміз құшақтасып, амандасып жатырмыз. Ешқандай жерде қысылмайтын Ермұрат көп ұзамай тізгінді өз қолына алды: халықаралық саясатты, Ауғанстандағы соғыс жайын, барлық жағдайды айтып жатыр.

Анам аузын ашып, ернін сылп еткізіп тыңдап отыр, ал Шәризат жеңгем мырс-мырс етіп жылап, көзінен жас тамшылары еріксіз сырғып барады.
Көптен бері үнсіз отырған Таласбек ағам:
– Ермұрат, анығын айтшы, сонда Жаңабек армияға шақыртылды ма? – деді қабағын түйіп. – Қашан жүреді екен?
Біздің үйде әл-әзір әскерге барған Таласбек ағатайым ғана. «Екі-үш жыл бұрын біздер танкист болғанбыз, Белоруссияның Витебеск қаласының маңайында қызмет атқарып, талай ерлік істегенбіз», – деп мақтанатын еді, кейінгі уақытта мақтануды азайтыпты. Сірә, ерліктерін өзі де ұмыта бастаған шығар.
– Мамырдың бесі күні, – деді Ермұрат Алматыдан алып келген арақты ағаларыма теңдей құйып беріп. – Таңертең Алматыға қайтуымызға тура келеді. Өйтпесек, үлгермейміз.
Ермұраттың айтқандарын мұқият тыңдап отырған анам қайратына мініп:
– Үкімет айтса, қайда қашады? Әскеріне барады ғой, – деді шешімді үнмен. – Оқуын қайтып келгенде жалғастырар. Ермұрат қарағым, қарап тұрсам, сен де көп балалы үйден шыққан бала сияқтысың. Ақыл тоқтатқан, ересек боп көрінесің. Менің берер батам, бір-біріңе әманда қолдау көрсетіп жүріңдер.
– Иә, біз де көп балалы үйден шықтық – деп, күлімсіреді жолдасым. – Менің де дәл сіздей анам бар. Ол кісі қолына қалың кітап алса, көп ұзамай ұйықтап қалады. Менің тағдырым дәл Жаңабектің тағдырындай. Бірақ мен Зайсанда, ал бұл Таласта дүниеге келген.
– Несі бар, өзің айтып отырған алыс Зайсан да, біздің Талас та – қазақтың жері, – деді Әслау агам ойлы кейіпте. – Екеулеріңнің айтқандарыңа қарасам, жаяу көп жүріпсіңдер. Аптап күнде жиырма шақырымнан астам жүрген сияқтысыңдар. Енді жақсылап тынығыңдар. Азанда автобусқа үлгеру үшін ертерек тұруымыз керек. Түн ортасынан ауып барады, сендер ұйықтай беріңдер, ал біз оны-мұныны дайындайық…
Таңертең ұйқым қанып, қунақ күйде ояндым. Көңілім көтеріңкі. Күн енді ғана көтеріліп, айналаға жарығын аямай шашыпты. Қотандағы қойлардың базбірі тынымсыз күйіс қайырып, ара-тұра қозыларын іздегендей әлсіз маңырап қояды. Жүрегім аласұрып кетті: айналаға көз салып, туған үйді, Үшаралды шын қимайтынымды енді ғана сезіндім.
Әслау ағам семіз ісек пен төрт-бес қозыны сойып, дайындап қойған екен. Таласбек ағам мен Шәризат жеңгем бізбен бірге Алматыға барып, мені әскерге аттандыратын болды.
Анам құшағына алып тұрып:
– Қайда жүрсең де аман бол! Әу бастан жатбауырсың ғой, бірақ хат-хабарыңды білдіріп тұр. Әй, Ермұрат қарағым, сен де менің бір балам болдың, сен де хат-хабарыңды үзбей жазғын, – деді бетімнен қайта-қайта сүйіп. Ал мен ыңғайсызданып тұрмын: кішкентай кезімді білмеймін, ал анашым соқталдай баласын бүгін ғана, әскерге баратын болғандықтан ғана сүйіп тұр ғой!
Бір күннен кейін курстың жігіттері мен қыздары бізді жақсылап қарсы алып, Республика сарайының жанындағы Абай ескерткішінің қасында, «Қазақстан» қонақ үйінің, ол ол ма, Медеу шатқалындағы мұз айдынында жаппай суретке түсіп алғанбыз. Курстың студенттері «Горный гигантта» бір еңселі үйді жалға алып қойыпты, бір топ қыздармен бірге Шәризат жеңгем ертерек сонда барып, ауылдан алып келген қозыларды майға қуырып, қой етін қазанға салып қойған.
Сол кешіміз таңға дейін жалғасты: асаба – Ермұрат, Қайрат Әлімбеков, Есжан Айнабеков, Бауыржан Жақып өз өлеңдерін оқып, Базарбек Түкібаев сатиралық сықақтарын төпеледі, Жүніс Омаров Сергей Есенниннің сөзіне жазылған әндерін шырқап, ешқандай өнері жоқ Ғалым Қасабаев қыздармен әзілдесіп отыр. Аязби Бейсенқұлов кішкентай фотоаппаратымен бәрімізді суретке түсіріп әуре, ұмытпасам, қолында «Фэд» деген фотоаппарат.
Ал бұрынырақ әскерге барып келген Кенже мен Диқан екеуі екі жақтан:
– Әй, Жаңабек, екі жыл аз уақыт емес, біздің ақылымызды алсаң, армияға мас болмай бару жөнсіздік, – деп мені қайрап отыр. Бірінші күннен масайып келмеген солдатты офицерлер де жек көреді, өйткені олардың өздері де араққа жақын. Бүгін жақсылап ішіп ал, өйтпесең, кейін өкінесің…
Таңертең әскери коммиссариатқа барғанымда басым сынып тұрды. Келгендердің бәрінің де қабақтары қатулы, жүздері әлемтапырық. Сірә, олардың арасында да Кенже мен Диқан секілділер бар болған сияқты.
Арада көп ұзамай бізді автобусқа тиеп, қаладан жырақтау әскери коммиссариатқа апарды да, қатарластыра тізіп, аты-жөнімізді анықтап алған соң, «Тараңдар» деген бұйрық берілді. Тарағанда қайда барасың, жан-жағың қалың қоршау. Көп ұзамай қайтадан тізіп қойып, қайтадан санап шықсын. Бәріміздің қимылымыз сылбыр, қабағымыз қатулы. Офицерлер осыған ашулары келе ме, әйтеуір сапқа тізіп қойып, сосын таратып жіберуді, ара-арасында «Тревога!» деп қышқыруды ғана білетін сияқты. Кешке қарай ғана 150-160 жас жігіттерді «Ил-76 М» ұшағына тоғытып, ұшақ моторын ұзақ қыздырып, Алматы аэропортынан ұшып шықтық-ау.
Кеш қарайып бара жатыр, Алатаудың шатқалдарын қараңғылық жауып, алыстағы ормандар қап-қара болып елестейді. Қаланың жарықтары өлмеусіреп, тіптен қара ұйық болып көрінеді. Менің көзіме солай елестей ме, әлде 80-жылдары қала бүгінгі қала емес, жарығы жоқ болды ма, қарауытқан үңгір секілді еді.
Ал мен ботадай көзі мөлдіреген сол қызды ойлап келемін. Тіптен сағынып та үлгердім.