Алматыда «Абай ұлттық мектебі» жаңа кампусы таныстырылды
03.06.2026
65
0

Салтанатты рәсімге Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, oқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов, педагогика ардагерлері, қаламгерлер, белгілі ғалымдар, мұғалімдер мен оқушылар қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі білім сапасын арттыруға айрықша көңіл бөліп келеді. Соңғы жылдары осы бағытта жүйелі өзгерістер жүзеге асырылуда. Президент тапсырмасымен салынған «Абай ұлттық мектебі» жаңа кампусының таныстырылуы — сол кешенді жұмыстың нәтижесі.
– Бүгін біз осы игі бастаманың жүзеге асқанына куә болып отырмыз. Өйткені мектеп жай ғана ғимарат емес. Ол — ұлт болашағын қалыптастыратын орта. Қазіргі заманда басты капитал — білім, ғылым және интеллект. Ал «Абай ұлттық мектебі» секілді жобалар — еліміздің интеллектуалдық болашағына салынған инвестиция, — деді Сенат Төрағасы мектеп ұстаздары мен оқушылармен кездесу барысында.
Жаңа кампустың ашылуында сөз сөйлеген Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов мектептің тарихы мен Қазақстанның білім беру саласындағы орнына тоқталып, мектептің білім беру жүйесін «Абай аманатын орындаудың жалғасы» деп атады.
– Бүгін – алматылықтар үшін ғана емес, барша қазақ рухания­ты үшін ерекше қуанышты әрі тарихи күн. Ұлт болашағын тәрбиелейтін, білім мен тәрбиенің алтын ордасына айналған Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернатының жаңа ғимаратының ашылу салтанатына куә болып отырмыз. Ең алдымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасының маңыздылығына ерекше тоқталғым келеді. Бұл жай ғана мектеп салу емес, бұл – ұлттың ертеңіне, қазақ елінің интеллектуалдық қуатына салынған инвестиция. Абай мектебі – қазақ руханиятының қара шаңырағы. Бұл білім ордасы талай дарынды шәкірт тәрбиелеп, елге белгілі қаламгерлерді, ғалымдарды, мемлекет және қоғам қайраткерлерін шығарды. Бұл мектептен түлеп ұшқан азаматтар қазақ сөз өнерінің, ұлттық мәдениет пен ғылымның дамуына зор үлес қосты. Ұлы Абай «Ғылым таппай мақтанба» деп өскелең ұрпақты білімге, ізгілікке үндеді. Бүгінгі жаңа мектеп – сол Абай аманатының жалғасы. Заманауи технологиямен жабдықталған бұл білім ордасы жас ұрпақтың сапалы білім алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өсуіне мол мүмкіндік береді, – деді Мереке Әбдешұлы.
Қазақстан Жазушылар одағы Басқар­ма­сы­ның Төрағасы өз сөзінде Одақ ғимара­тында жөндеу жұмыстары жүзеге асып жатқанын, жуырда Жазушылар одағы ғимаратында «Абайтану» орталығы» ашыла­ты­нын атап өтті.
Айта кетейік, жаңа кампусы көпшілікке таныстырылған мектептің инфрақұрылымы келесідей заманауи нысандармен жабдықталған: кең оқу кабинеттері мен пәндік зертха­налар; спорт және акт залдары; зама­науи спорт алаңдары; бассейн; үлкен кітапхана; жайлы асхана; Абай мұражайы; шығармашылық шеберханалар; STEM-орталық; мұғалімдер үйі мен жатақхана; алма бағы бар.
Қазіргі таңда білім ордасында 351 оқушы білім алып жатыр. Олардың сапалы тәрбие мен білім алуын педагогикалық шеберлігі жоғары ұжым қамтамасыз етеді. Білім беру процесіне жетекшілік ететін 72 педагогтың қатарында педагог-шеберлер, зерттеушілер, сарапшылар мен модераторлар бар.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір