Президент бастамасына жаңа серпін: жазушы мен оқырманды жақындастыратын маңызды келісім
04.08.2026
16
0

Қазақстан Жазушылар одағы ғимаратында «Қазақстан Жазушылар одағы» РҚБ мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Келісім Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту, зерделі ұлт қалыптастыру және шығармашыл, бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу жөніндегі бастамаларын іске асыруға жаңа серпін беріп, жазушы мен оқырман арасындағы байланысты нығайтуды көздейді.

Меморандумға Қазақстан Жазу­шылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Әбдешұлы Құлкенов пен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Жұмағалиұлы Тұрлыбеков қол қойды.
Құжат аясында тараптар ұлттық әдебиетті кеңінен насихаттау, кітап оқу мәдениетін дамыту, жазушылар мен оқырмандар арасындағы байланысты нығайту, әдеби-ағартушылық іс-шара­ларды бірлесіп ұйымдастыру және жас­тар­дың кітапқа қызығушылығын арт­тыру бағытында ұзақ мерзімді ын­ты­мақтастық орнатуға келісті.
Алдағы уақытта республика көле­мінде жазушылармен кездесулер, шығармашылық кештер, шеберлік сағаттары, кітапханалардағы тағылым­ды жүздесулер, мектептер мен жоғары оқу орындарындағы әдеби кездесулер, сондай-ақ ұлттық әдебиетті дәріптеуге бағытталған бірлескен жобалар жүзеге асырылады. Бұл жұмыстарға Қазақстан Жазушылар одағының өңірлік филиалдары мен әдеби қауымдастық өкілдері де белсенді қатысатын болады.
– «Ұлттың рухани деңгейі ең алдымен оның кітапқа деген көзқарасымен өлшенеді. Кітап оқитын қоғам – ойлана алатын қоғам. Сондықтан «Кітап оқитын ұлт» бастамасы жай ғана жобадан гөрі елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталған ма­ңыз­ды қоғамдық қозғалыс болып отыр. Қазақстан Жазушылар одағы осы игі іске өз қаламгерлерінің шығар­машылығы мен тәжірибесін жұ­мыл­дырып, жазушы мен оқырман арасындағы алтын көпірді одан әрі нығайтуға үлес қосады», – деді Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов.
«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының Төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков: «Басты мақсатымыз – кітап оқуды күнделікті өмірдің ажырамас мәдениетіне айналдыру. Бұл меморандум – соның нақты көрінісі. Қазақстан Жазушылар одағының жобаға қосылуы арқылы біз әдебиеттің қоғамдағы рөлін күшейтіп, қаламгерлер мен оқырмандардың еркін сұхбат алаңын кеңейтеміз. Әр өңірде ұйымдастырылатын кездесулер мен бірлескен бастамалар жастардың кітапқа қызығушылығын арттырып, ұлттық құндылықтарды насихаттауға тың мүмкіндік береді», – деп өзара келісімнің маңыздылығын жеткізді.
Меморандумға сәйкес Қазақстан Жазушылар одағы республикалық жобаның серіктестерінің бірі ретінде өңірлік филиалдарын, қаламгерлерді, әдебиеттанушыларды және мәдениет қайраткерлерін жоба жұмысына тартуға қолдау көрсетеді.
Тараптар сондай-ақ республиканың барлық өңірінде кітап оқу мәдениетін дамытуға, қазақ әдебиетін кеңінен насихаттауға, жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруға және қоғамда білім мен руханият құндылықтарын нығайтуға бағытталған жаңа бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асыратын болады.
Бұл меморандум кітапты қоғамның басты құндылықтарының біріне айналдыруға бағытталған ұзақ мерзімді серіктестіктің бастауы болмақ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір