Сыңар аяқтың соққысы немесе ұлттық ұғымның ұмытылуы хақында
04.08.2026
28
0

Атам қазақтан сөз қалған ба, «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен қой бағып, құйрық жеген озар» деген сөз құлағымызға бала күннен сіңісті болды. Жаулығын құлағының сыртына қыстыра салып, күнге қарсы қолын көлегейлеп отыратын кейуаналардың сол сөзі әбден ығыр етті ме, әлде басқа себебі бар ма, әйтеуір біз басқадан гөрі асыққа үйір едік. Осы ойындарды ойнағанда ешкінің асығындай біздің дене мүшеміз түгел қозғалатын.

Ал ләңгінің орны бөлек қой. Бірақ несін жасырайын, ләңгіге аса құштар бола қойған жоқпын. Себебі ағаларымыз шалбарының қалтасынан тастамайтын теріге қорғасын байлаған бір тұтам жүнді үлкендер, әсіресе мұғалімдер көріп қалып, ит терісін басына қаптағанын талай көргенбіз.
Жуырда интернеттен өзімізге керекті басқа бір ақпаратты іздеп отырып, шардаралық ақын әріптесім Әлібек Шегебайдың «Ләңгі» атты жеті шумақ туындысын оқып, ойға шомдым. Онда автор балалық шағын суреттей келіп, мына жолдарда өзі құралпы буынның алаңсыз бала кезін көз алдына елестетіпті:
…Шығып алып ауылдың шетіне біз,
Ләңгі ойнауға топ бала бекінеміз.
Қой терісін қиып ап, келісті қып,
Қорғасынға құйылған, бекітеміз.

Қатқан ләңгі жасау боп ниетіміз,
Тері көрсек қырғидай тиетінбіз.
Қорғасыны аяққа батпас үшін,
Қонышы бар бәтіңке киетінбіз.

Ескерткенде үй барын, бататын күн,
Ойын қанбай, біртүрлі тартатын мұң.
Құшағына ұйқының талып құлап,
Түсімде де ләңгі ойнап жататынмын…
Шіркін, қандай тәп-тәтті шақтар еді десеңші. Дәл біз өмір сүрген кез ғой. Ләңгі жасау үшін үйдегі терінің бәрін кесіп бүлдіріп, көрші-көлемнің аула-қорасына көзімізді сатып жүретініміз еске түсіп, сол бір балдәурен бақытты шақтарға деген сағыныш кеудеге толды.
Осыдан кейін бүгінде ұлттық ойын саналып жүрген ләңгінің тарихы мен ойын ережесін сұрастыра бастадық. Онда да аты ғана, әйтпесе ләңгінің тарихы тұрмақ ойынның ереже-талабын түсіндіріп беретін адам да аз екен. Соны түсіндік…

* * *
Өтірік-расын кім білсін, әйтеуір әлемді аузына қаратқан ақпарат көздерінде бұл ойынның бұдан екі мың жыл шамасы бұрын Қытайда пайда болғаны айтылыпты. Бірақ олардағы ойын құралының пішіні басқа болған. Ал атауы да, құрылымы мен ойнау стилі де осы ойынға өте ұқсас түрлерін бауырлас өзбек, тәжік, қырғыз, ұйғыр халықтары да ойнаған көрінеді. Олай десек, ләңгі тек қазаққа емес, Еуразия құрлығының көптеген мәдениетіне ортақ көне мұра екен. Қалай десек те, біз көрген соңғы жарты ғасырда ләңгінің қорғасынға ешкі немесе қойдың жүні бекітілген осы түрі өзгерген жоқ.
Біз өскен Қызылқоға ауданы – арғы-бергі тарихтың сөзінде аталып, сонау Асан қайғы, Қазтуған дәуірлерінен бері ұмытылмаған өңір. Қазақы қаймағы бұзылмаған, дейтұрғанмен бір кезде республикадағы ең артта қалған 30 ауданның бірі болғандықтан, жаһанданудың белгілерін елдің соңынан көріп өскеніміз анық. Бірақ асық, ләңгі, ханталапай тәрізді ойындардың түбін түсірген мықтылар біршама бар еді. Сондай мықты ләңгішінің бірі Мұрат Сұлтанов – бүгінде аудан орталығындағы «Бәйтерек» мешітінің имамы. Оның айтуынша, қазақтың көнеден келе жатқан дәстүрлі ұлттық ойындарының бірі саналатын бұл ойын, негізінен, ұл балалар арасында кең таралған. Ептілік пен төзімділікті талап ететін қозғалыс ойынының басты құралы – ләңгіні жасау үшін ешкінің немесе қойдың жүні қырқылмаған терісі керек. Соған дөңгелектеп, бір беті сәл дөңестеу пішінде арнайы құйылған қорғасын сыммен бекітіледі. Өйткені салмақты қорғасын төмен тартып, терідегі ұзын қылшықты жүн оның ауада тік ұшуына қолайлы.
«Ләңгіні тепкенде бүкіл дене мүшең қозғалысқа түседі. Аяқ-қолың өз алдына, буын, омыртқа, жамбас пен тізе қимылдайды. Астарлы мағынасына үңілсек, бұл – ойынның түрі болғанмен, сол арқылы баланы жастайынан ерікті түрде шынықтыру десек те болады. Сосын бір аяқпен тұрып, екінші аяқпен қимыл жасау тепе-теңдікті мінсіз дамытады», – дейді ел ағасы жасындағы Мұрат имам.
Ол айтқан ләңгі ойынының тағы бір ерекшелігі – адамның көз мергендігін қалыптастырып, шапшаңдығын дамытады екен. Себебі ауада жоғары-төмен қалықтаған кіп-кішкентай қорғасын бекітілген терімен бірге көзді де жүгіртіп, дәл уақытында әуеге серпи білу де өнер. Буынды шынықтырып, бұлшықетті қатайта түсетін осы ойын арқылы ата-бабамыз ұлдарын шымырлық пен шыдамдылыққа, ептілік пен еңбекқорлыққа тәрбиелегенін ұғынуға болады.
Ләңгі тепкенде киген киім де қозғалуға ыңғайлы, жеңіл болады. Бірақ аяқта міндетті түрде қонышы бар аяқкиім болғаны жөн. Әйтпесе, тобыққа қауіп, «қате болса быламыққа да тіс сынар» демекші, ойын құралын жерге түсірмеу үшін барын салған ләңгіші қате теуіп майып болуы да ғажап емес.
Осындай дене жаттығуын жасай отырып, ойынның әр ұпайын санап үлгеру ақыл-ойды дамытып, есеп-қисапқа да үйретеді. Өйткені ләңгі тебу бір ұпаймен ғана саналмайды, ұпайды еселеудің бірнеше тәсілі бар. Мысалы, оң аяқты жерге түсірмей тебу «бірлік» деп аталса, аяқтың ұшымен тебу «екілік» ұпай саналады.
«Бұл топтық ойын ғой. Сондықтан ойын басталмас бұрын жеребе ретінде кезек анықталады. Егер кімнің «бірлік» ұпайы көп болса, соның кезегі бірінші келеді. Ал ұпай саны – бір мен жүздің аралығында. «Бірлік» пен «екілікті» бір аяқпен ғана тебеді. Егер секіріп тепкенде сол аяқ көтеріліп, оң аяқпен оны орап барып ләңгіні қайта әуелетіп жіберсе, бірден «бестікке» ие болады. Ал «ондық» ұпай алу үшін керісінше, оң аяқ көтеріліп, сол аяқпен артқы жақтан орап соғады. Егер «бірлік», «екілік» тәсілдерімен ойнап келіп, бірнеше рет «бестік» пен «ондықты» қолданса, ұпай еселеніп кетеді. Бұл – ойынның жеңіл нұсқалары. Біздің бала кезімізде мұндай тәсілдерді кез келген ойын баласы оп-оңай қолданатын», – деп Мұрекең ләңгі ойынын шебер меңгергенін көрсетті.
Өзіне таныс әңгіменің қызығына берілген Мұрат отағасы күрделі тәсілдердің барын да айтты. Мәселен, «ондық» ұпай тәсілін секіріп барып, артынан соқса, «жиырма бестік» тәсілде екі аяқты бірдей көтеріп барып, өзінің алдыңғы жағынан сол жақ тізені бүгіп тұрып тебуі керек. Ал «жүздікті» дәл осы тәсілмен, тек екі аяқтың ортасынан өткізіп барып тебеді екен.
Мұрат отағасының сөзін естіп тұрғандай құптай сөйлеген «ләңгішінің» бірі – Әлмұрат Жұмағалиев. Жасы алпыста болса да, ол бала кезінде жетік меңгерген ойынның техникасын әлі ұмытпапты. Әлгі ұпай сандарын айтқанда екі жанары шырадай жанып, сөзімізді толықтырды.
– «Жиырма бестіктен» кейін «елулікті» ұмытпау керек. Ол ұпайға ие болу үшін ләңгіні көтере теуіп, түсіп келе жатқанда екі аяқтың ортасынан өткізіп, тақымнан төмен түскенде сол аяқпен тебеді. Дәл осы тәсілмен, тек оң аяқпен тебу – «жүздік». Бірақ біздің ойнағанымыз, негізінен, бестік, ондық, жиырма бестік қана. Бірлікпен теуіп келеміз де, әбден денені қыздырып алған соң осы үш ұпаймен екі-үш рет тепкенде ұпай саны да жоғарылайды. Сөйтіп 200-300 ұпай жинау оп-оңай. Бірақ одан әрі қиындай береді, шаршап та қаласың, – деді Әлмұрат ағамыз.
Оң аяқтың ішкі жағы – тобықпен теуіп ойнайтын «бірлікке» қарағанда, аяқтың басымен сыртқа қарай тебетін «екілікті» ойнау күрделілеу екенін тәжірибелі ойыншылардың екеуі де қостады.
Әлмұрат ағамыздан ойын құралының қалай жасалатынын сұрағанбыз, бет-әлпетінен байыптылық сезілді.
– Ата-бабамыз бұл ойынды бекер ойлап таппаса керек. Мысалы, ләңгіге ешкінің қыл терісі немесе күздікке сойылған жылқының терісі үйлесімді болады. Өйткені ләңгі жоғары ұшқанда жазыла ашылып, қорғасын төмен тартқанда жабыла түседі. Міне, осыны ләңгіші бала жақсы байқауы керек. Сосын барлық дене мүшесінің қозғалысқа түсуі, көздің, жамбас пен тізенің, буын мен омыртқаның қимылдауы баланы ширақ қозғалуға қалыптастырады ғой. Ал ләңгіні жасау үлкендердің қадағалауымен баланың өзіне жүктелуі оны қолөнерге баулиды. Осының бәрі ертеден келе жатқан көне ойында ата-бабамыз ойластырған физио­логиялық, философиялық, тәрбиелік, әлеуметтік, керек десеңіз экологиялық сана қалыптастыру әдісі жатқанын түсінген жөн, – деді Әлекең әріден қозғап.

* * *
Ақиқатына келсек, ләңгі – тек балалардың ермегі емес, көшпелі өмір салтына бейімделген өзіндік әлеуметтік және тәрбиелік мәні бар маңызды ойын түрі. Оның халық тұрмысындағы орны бірнеше мәнге ие. Адамды сәби шағынан еңбек пен өнерге баулып, қолда бар дүниесін ысырап қылмай ұқыпты ұстауға, төзімділікке, ат үстінде мығым отырып, икемді болуға дайындайды.
Ұлттық ойынның бұл түрі батыс өлкесінде ғана емес, кең байтақ даланың бар өңірінде таралған. Мұны белгілі қазақ жазушыларының шығармалары айғақтады. Мысалы, «Балалық шаққа саяхатта» (Бердібек Соқпақбаев) ләңгі тебудің нағыз шебері – көрші бала Елемес образы арқылы сол кездегі балалардың ойын процесі, қызығушылығы шебер суреттелген. Ал «Парасат жолы» романында (Жақыпжан Нұрғожаев) көктемде ауыл балалары жиналып, қазық қағу және ләңгі ойындарын қаншалықты қызықты ойнайтыны нақты детальдармен көрсетіледі. Бұдан басқа «Менің атым Қожа» повесі (Бердібек Соқпақбаев), «Жасырынбақ» әңгімесі (Рахымжан Отарбаев) және «Ноян-қоян» өлеңінде (Қадыр Мырза Әлі) асық, ләңгі тебудің ауыл өмірінің бір бөлшегі екені шынайы бейнеленіп, ләңгі ойынының қызықты ережелері де айқын көрініс табады.
Демек қазақ тұрмысында ләңгі – қарапайым материалдар арқылы баланың тәнін де, рухын да шыңдап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан дала педагогикасының бір құралы. Терең философия тұнған әрі ұлттық бояуы қанық бұл тақырып балалық шақтың ұмытылып бара жатқан ойыны арқылы адам өмірінің де өткінші екенін, қоғамның бүгінгі қарбаласы мен пенделік көзқарасты астастыра суреттегендей әсер береді.
Бүгінде артқа шегініс жасай отырып ой құшағына берілсек, адам ғұмыры да ләңгінің қозғалысы тәрізді жоғарылы-төменді динамикадан тұрады екен. Егер ләңгіні қорғасын ұстап тұрмаса, оның мәні де, бағыт-бағдары да болмас еді. Адам өмірі де тап сондай, мойнымыздағы міндет пен тағдыр салмағы бізді тартып тұр. Ал үлпілдеген ешкінің қылы – біздің арман-мақсатымыз, ой-қиялымыз секілді биікке ұмтылған асқақ рухымыз. Біз сол ауырлық пен жеңілдіктің, міндет пен арманның арасында тепе-теңдік іздеп, өмір бойы секіріп келеміз.
Бүгінгі адамзат уақытпен жарысып, құлап қалмаудың қамын жасаған ләңгіші секілді. Бір сәт тоқтасаң, жерге түсесің. Жерге түскен ләңгі – ойынның аяқталғаны. Сондықтан адам шаршаса да, өкпесі өшіп, тынысы тарылса да, соққыны қабылдаудан, алға ұмтылудан танбайды. Ал біз журналист ретінде ақ қағазға қоғамның тынысын, адамдардың тағдырын түсіре отырып, «Ләңгі-ғұмырдың» мәңгілік шежіресін жазамыз.
…Оятқанда қалалық таңғы дүбір,
Ақтарылар ойларым сандығы нұр.
Бесігінде бақыттың тербелетін,
Баста мәңгі тұрмайды ләңгі-ғұмыр!..

Қадамыңды басқанмен санап бекем,
Тіршіліктің қояры талап бөтен.
Телефонға телмірген бүгінгінің
Балаларын біртүрлі аяп кетем
(Ә.Шегебай)

Назарбек ҚОСШИЕВ,
жазушы, публицист,
Атырау қаласы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір