Рухани құндылықтар – тұлға болып қалыптасудың негізі
03.08.2026
31
0

Қоғамдағы рухани құндылықтардың әлсіреуі, жастар тәрбиесі, ұлттық болмысты сақтау мәселесі бүгінде көпшілікті толғандырады. Осы тақырып төңірегінде саналы ғұмырын құқық қорғау саласына арнаған, ҚР ІІМ Құрметті ардагері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Дүйсенбек Ғайсинмен сұхбаттасқан едік. Ұзақ жыл заң мен тәртіп саласында қызмет атқарған ардагердің пайымынша, қоғамдағы көптеген келеңсіздіктің түп-төркіні – тәрбие мәселесі.

– Дүйсенбек Сейітқалиұлы, ұзақ жыл құқық қорғау саласында еңбек еттіңіз. Бүгінде рухани құндылықтар мен тәрбие туралы жиі айтып жүрсіз. Неліктен дәл осы тақырыпты көтеруді жөн көрдіңіз?
– Менің өмірлік тәжірибем көрсеткендей, заң мен тәртіптің сақталуы ең алдымен адамның тәрбиесіне байланысты. Сондықтан бүгінгі қоғамда рухани құндылықтар туралы айту – уақыт талабы. Әр ұлттың рухани құндылықтарының мәні де, мағынасы да, қажеттілігі де ерекше. Қазақ халқы үшін оның орны тіпті бөлек. Тарихтағы қазақ тұлғаларын бүгінгідей арнайы ешкім оқытқан жоқ. Соған қарамастан ата-бабаларымыз ұлттық рухани құндылықтарды берік ұстап, кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырды.
Әр халықтың өзіндік менталитеті болады. Ол – дүниетанымы, мінез-құлқы, рухани құндылықтары, өмір сүру салты. Қазақ халқының менталитетін өзге елдермен салыстыруға болмайды. Өйткені ол ғасырлар бойы тәрбие, табиғат, дәстүр, әдет-ғұрып, адамгершілік қағидалары арқылы қалыптасты. Қазақ ұлтының рухани құндылықтарына ұлттық болмыс, адамгершілік, татулық, бір-бірін құрметтеу, үлкенді сыйлау сияқты асыл қасиеттер жатады. Осындай құндылықтар жастардың тұлға болып қалыптасуының негізі. Сондықтан ұлттық құндылықтар, ең алдымен, жастардың санасында берік орнығуы керек.
– Кейбіреулер «заман басқа, бұрынғы құндылықтар ескірді» деген пікір айтады. Сіз бұған қалай қарайсыз?
– Рас, заман өзгерді. Бірақ адам өзгерген жоқ. Меніңше, өзгергені – тәрбие. Бүгінде «ескіні аңсама, заман басқа, адам басқа» деген түсінік қалыптасып барады. Әрине, заман басқа. Бірақ адам басқа емес. Адамның бойындағы адалдық, ар-ождан, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық сияқты қасиеттер ешқашан ескірмеуі керек.
Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда қатыгездіктің, өзімшілдіктің, рухани жұтаңдықтың белең алуына тұрмыстағы қиындықтар, тәрбиедегі кемшіліктер, шетелдік өмір салтына еліктеу, интернеттегі кері ақпараттардың көбеюі сияқты көптеген факторлар әсер етіп отыр. Бұл интернетті пайдаланбау керек деген сөз емес. Керісінше, жастарды білімге, ізденіске, ғылымға жетелейтін ақпараттарды көбейтіп, теріс ықпал ететін дүниелердің әсерін азайту қажет. Әйтпесе сапалы ұрпақ тәрбиелеу қиынға соғады.
– Сіздіңше, қазақ қоғамының рухани тірегі неде?
– Оның негізінде ата-баба дәстүрі, қонақжайлылық, қайырымдылық, отбасы құндылықтары және ұлттық өнер жатыр. Қазақтың салт-дәстүрі – ғасырлар бойы жинақталған өмір мектебі. Әдет-ғұрыптардың әрқайсысының астарында терең тәрбие жатыр. Олар жас ұрпақты үлкенге құрмет, кішіге қамқор болуға тәрбиелейді. Мәселен, халқымыздағы «жеті атаға дейін қыз алыспау» дәстүрі ұрпақ саулығына деген жауапкершілікті білдірсе, шілдехана, тұсаукесер, беташар сияқты салттар отбасының бірлігін нығайтып, ұлттық тәрбиені ұрпақтан ұрпаққа жалғап келеді.
Қазақтың қонақжайлығы мен қайырымдылығы да – халқымыздың асыл қасиеттерінің бірі. Қуғын-сүргін, ашаршылық сияқты қиын кезеңдердің өзінде қазақ қолындағысын бөлісіп, өзге ұлт өкілдеріне пана болған. Бұл – халқымыздың кеңдігі мен адамгершілігінің айқын көрінісі.
– Отбасының тәрбиедегі орны туралы не айтар едіңіз?
– «Отан – отбасынан басталады» деген сөздің мәні терең. Отбасы – қасиетті ұя. Баланың адам болып қалыптасуы ең алдымен осы шаңырақтан басталады. Ата-ананы құрметтеу, бауырмалдық, сыйластық, қамқорлық сияқты қасиеттер де отбасында қалыптасады. Адамға деген құрметтен Отанға деген сүйіспеншілік туады.
Ыбырай Алтынсариннің «Адамгершілікке тәрбиелеу құралы – еңбек пен ата-ана үлгісі» деген сөзі бүгін де өз мәнін жоғалтқан жоқ. Баланың бойына ізгілік, мейірімділік, еңбекқорлық қасиеттерін сіңіруде отбасы мен ұстаздардың орны ерекше. Бала – жас көшет секілді. Көшетті дер кезінде күтіп-баптамасаң, кейін оны түзету қиын. Сол сияқты бала тәрбиесі де жастайынан басталуы керек.
– Сіз ұлттық өнерді де рухани тәрбиенің маңызды бөлігі ретінде атап айтасыз. Оның бүгінгі қоғамдағы орны қандай?
– Ұлттық құндылықтардың бірегейі – өнер мен әдебиет. Әр қазақтың қара шаңырағында бір домбыра болса, несі айып? Ата-бабамыз сол домбырамен ән айтып, күй тартып, жан дүниесін байытқан. Домбыраның сүйемелімен елдің тарихын, қуанышы мен мұңын, арман-тілегін жеткізген. Жыраулар поэзиясы мен айтыс өнері ұрпақты әділдікке, батылдыққа, елжандылыққа тәрбиеледі. Сондықтан ұлттық өнерді дамыту – мәдениетті дамыту ғана емес, ұлттың рухани тәрбиесін нығайту деп білемін.
– Бүгінгі жастардың тәрбиесінде білім мен ғылымның орны қандай болуы керек деп ойлайсыз?
– Қазіргі заман білімді, сауатты ұрпақты талап етеді. Әдепті, мәдениетті қоғам құру үшін адамға білім, ғылым, инновация ауадай қажет. Терең ойласақ, білімсіз қоғам жаңа технологияны қалай жасайды? Инновацияны, цифрландыруды кім дамытады? Жасанды интеллектіні кім жетілдіреді? Қашанғы дамыған мемлекеттерге алақан жая береміз? Біздің елде осының бәрін жүзеге асыруға мүмкіндік жеткілікті. Тек ынта, жігер, қайрат керек. Сондықтан жастардың ең басты мақсаты – білім алып, ғылымды игеру, заман талабына сай маман болу деп есептеймін.
– Қазіргі жастар тәрбиесіне қатысты сізді қандай мәселелер көбірек алаңдатады?
– Қоғам өзгерген сайын тәрбие де заман талабына бейімделуі керек. Бірақ оның тұлға болып қалыптасуының негізі. Сондықтан. Бүгінде жастардың бір бөлігінде өзімшілдік, қатыгездік, мәдениеттен алшақтау, ұлттық салт-дәстүрге жат әрекеттерге әуестік, білімге құмарлықтың төмендеуі, ата-ананы, үлкенді сыйламау сияқты жағымсыз құбылыстар байқалады. Мұндай жағдайлардың себептері де аз емес. Кейбір отбасыларда тәрбиенің әлсіреуі, ата-аналардың бала тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөлмеуі, жүрген ортаның ықпалы, ақпарат құралдарының тәрбиелік мүмкіндіктерінің жеткіліксіздігі, қазақ тіліндегі сапалы мультфильмдер мен балалар әдебиетінің аздығы, жастардың кітап, газет-журнал оқымауы – мұның бәрі ойландыратын мәселелер. Сондықтан қоғам болып тәрбиенің қадірін қайта көтеруіміз керек.
– Жастардың әскери борышын өтеуі, осы ретте әскери қызметтің тәрбиелік маңызы туралы не айтар едіңіз?
– Ер бала әкенің тәрбиесін, жауапкершілігін, тәртіпті көріп өсуі керек. Әскерге баруды абырой, азаматтық міндет деп санаған жөн.
Әскер – тек әскери дайындық емес. Ол жастарды физикалық және психологиялық тұрғыдан шыңдайды. Тәртіпке, жауапкершілікке, төзімділікке, уақытты бағалауға үйретеді. Қиындықты жеңуге, ер мінезді болуға тәрбиелейді. Сонымен бірге әскери борышын өтеген жастар мемлекеттік қызметке орналасуда, жоғары оқу орындарына түсуде белгілі бір мүмкіндіктерге ие болады. Әскерде жүріп түрлі мамандықтарды меңгеруге де жағдай жасалған.
Ең бастысы – әскери қызмет Отанға деген сүйіспеншілікті, патриоттық сезімді қалыптастырады. Сондықтан әрбір жас азамат пен оның ата-анасы мұны дұрыс түсінуі қажет.
– Сіздіңше, қоғамда рухани құндылықтарды нығайту үшін қандай жұмыстар атқарылуы керек?
– Рухани құндылық пен адамгершілік – егіз ұғым. Адамгершілік негізі қалыптаспаған адамнан рухани байлық күту қиын. Қоғам өзгерген сайын азаматтың рухани дүниесін дамытуға бағытталған жұмыстар да жаңаруы тиіс. Жалпы білім беру жүйесінде рухани-адамгершілік тәрбиесіне ерекше көңіл бөлініп, ғылыми зерттеулер жүргізіліп, нақты бағдарламалар жасалуы қажет. Әрине, бұл бағытта жұмыстар атқарылып жатыр. Қазақ ғұламаларының, ағартушы-педагогтарының еңбектері насихатталуда. Дегенмен, оның нақты нәтижесін халық толық сезініп отыр деп айта алмаймын. Сондықтан мемлекеттік бағдарламалармен қатар, ұлттық құндылықтарды жаңғыртатын қоғамдық бастамаларға да көбірек қолдау қажет.
– Әңгімеміздің соңында жастарға айтар тілегіңіз қандай?
– Менің айтпағым біреу ғана. Рухани тәрбие – адамның өзіндік санасын қалыптастыратын, адамгершілік қасиеттерін дамытатын ең басты күш. Елімізді технологиясы дамыған, мәдениеті жоғары, тәрбиелі мемлекеттердің қатарына қосу үшін ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртып, жастарға арналған тәрбиелік бағдарламаларды жетілдіру қажет.
Бұл – өткенді аңсау емес. Бұл – бүгінгі жастардың келешегі үшін білімді, ғылымды, инновацияны таңдайтын сара жолды көрсету.
Ұлттық рухы мықты, тәрбиелі, білімді ұрпақ қана елдің ертеңін жарқын етеді.

Сұхбаттасқан
Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір