Арман ӘЛМЕНБЕТ. Жәнібек пен Шоқан (Әңгіме)

Ауыл мектебінің табалдырығын аттағанда біреуі алтыға әлі толмаған, екіншісі сегізде еді. Кішкентайынан алғыр, бала боп жылауды білмейтін Жәнібекті әке-шешесі ерте берген. Еңбектегеннен-ақ қолды-аяқа тұрмай, сотқар боп өскен Шоқан қатарынан қалып, келесі жылында бақырып жылап, жер тіреп, әкесінің сүйреуімен мектепке әрең кірген. Жәнібек жасы кіші болғанымен сабаққа келгенде бәрінен озды. Шоқан күнде үсті шаң-шаң боп, үлкен балалармен төбелесіп жүреді; іші пысса сыныптастарын шырылдатады; Жәнібекке тимейді, қайта қамқор.
Жәнібек пен Шоқанның арқасында бұлардың сыныбы жыл өткен сайын бедел жинай түсті. Жәнібек білімімен өзгелерден оқ бойы озық тұрды, ауылда кәнсерт болса, күлдіргі көрініс қояды, мектепте үлкен-кіші демей, бәрімен араласып, әзілдесіп, жарқ-жұрқ етіп жүреді. Өзі булығып өсті, тоғызыншы сынапқа дейін саптың соңына таман тұратын, оныншы сыныпқа келгенде серейіп шыға келді. Бірақ талдырмаш, нәзіктеу. Шоқан керісінше сегізінші сыныпқа дейін сорайып тез өсті де, одан кейін жуандап, бұлшық еттері білеуленгені болмаса, бойы ұзарған жоқ. Бұзықтығы ығысып, өнері алға шықты. Ән салып, би билеп, мерекелік кештердің көркін қыздыратын болды. Сабақтан тыс сенбілік, асар, сейіл-серуен секілді шаруаларды ұйымдастыруға келгенде алдына жан салмайды.
Мектеп бітірген соң, Жәнібек Астанаға оқуға түсті. Шоқан екі жылға әскерге кетті.
Бірінші курста Жәнібек сабақты беріліп оқыды, қиналған жоқ. Тек орысша сөйлей алмайтыны кедергі келтіре берді. Қайда барса, орысша сөйлейтіндер. Жасқанып, көп жерге кірмейді. Өзі мектеп кезінен орысша кино көріп, кітап оқыса да, сөйлеуге келгенде тосылып қалады екен.
Кес-кестеп алдынан шыға берген соң, бұдан қаша бермей, жеңу керегін түсініп, Астананың орысшалау мөлтек ауданындағы жастармен танысты. Сабақты ысырып қойып, солармен жүрді: күндіз доп тепті, кешке гитара тартып, ән айтты. Түннің бір уағына дейін қала кезіп, кейде түнгі клубтарға барып, отырыстарына қатысатын болды. Күндердің бір күнінде қазақшасы мен орысшасы теңескенін сезді. Бұл кезде екінші курс та бітуге айналған.
Шоқанның да әскердегі мерзімі тәмамдалып, ауылға оралды. Жәнібек каникулға барғанда бұны әбден сағынған Шоқан ауылда жатып күтуге шыдамай, жүз елу шақырым жердегі қалаға келіп, вокзалдан қарсы алды.
Содан кейінгі екі жыл екеуі үшін де сауық-сайранмен өтті. Жәнібек Астанада жақсы орталарға кірді, университеттің беделді студентіне айналды. Ауылға барса, Шоқан күтіп алады. Ол әскерден кейін жарты жылдай демалып, жалыққан соң мал алып, шаруашылық құрған еді. Екеуі ауылдағы отырыстардың көркі, оны азсынса, қалаға барып, түнгі клуб, кафелерді түк қалдырмай аралайды. Қайда жүрсе де бұлардың биі, бұлардың әні жиналған жұртты тәнті етеді. Қарқ-қарқ, сылқ-сылқ күлкі; қызыға қараған жігіттер, наздана қараған қыздар.
Жәнібек оқуын бітірген жылы екеуі де үйленді. Жаз бойы сыныптастары, туыс-туғандары үй көрсетуге шақырды. Екеуі әйелдерін қолтықтап, күнде қонаққа бара жатады.
Тамыздың соңына қарай Жәнібек Астанаға қайтты. Төртінші курстан бастап тәжірибеден өткен мекемесі жұмысқа алған еді. Барын салып кірісті. Таңертең ерте кетіп, кешке кеш қайтып жүрді. Жасы жиырма бірге келгенде әйелінің аяғы ауыр екенін білді. Қуанды.
Ауылға бір хабарласқанда Шоқанның ажырасып кеткенін естіді. Тағы бірде өзімен сөйлесіп еді, малын сатып, қалаға көшіпті, зауытқа жұмысқа тұрып жатыр екен.
Жәнібектің ел жаққа баруы сиреді. Бір демалысында әйелінің ай-күні жетіп отырды – шыға алмады. Тағы бір демалысы қысқа түсті де, баланы ауыртып алмайық деп бармай қалды. Әке-шешесі өздері кеп-кетіп жүрді.
Жұмысты беріле істегені нәтиже берді. Үш жылдың ішінде орынбасарлыққа дейін көтерілді. Бір ірі компания көбірек айлық ұсынып, шақырып алмаса, одан әрі де өсер еді. Жаңа жұмысы астына көлік, басына баспана берді. Жәнібек бұрынғыдан да қымбат киініп, бұрынғыдан гөрі ықпалдырақ адамдармен ас ішетін болды.
Екінші баласы дүниеге келгенде су жаңа көлікке де қол жеткізді. Жазда он күндік демалысты пайдаланып, ауылға барды. Жолай қаланы басып өткенде Шоқанға соқты. Досы сол қалпы, түк өзгермегендей көрінді. Тек жуасып қапты. Бұрынғыдай арындаған көңіл жоқ. Тағы да үйленгелі жүрмін деді. Қалыңдығыңды шақыр, қайтарда әйелім бар, балаларым бар алтауымыз отырып кешкі ас ішейік деді бұл.
Бірақ ол отырыс сөз күйінде қалды. Қайтарында қоңырау шалып еді, Шоқан телефонын көтермеді.
Жәнібек Астанаға оралған соң қалыпты тіршілігіне қайта сүңгіді. Оқуын толықтырып, магистратура оқыды. Шет елдік университеттен бір жыл оқып, MBA дәрежесін де алды. Өз саласындағы ең айлығы көп қызметтердің бәрінде істеп, ақырында жеке кәсібін ашты. Жазылып жатқан заңдар, бюджеттен бөлінетін ақша, қымбат залда өтетін іс-шаралар – бәрінің басы-қасында жүретін адамдарды Жәнібек танитын деңгейге жетті. Бұрынғы талдырмаш бала зіңгіттей жігітке айналды. Даусы жуандады, баяғыдай елп-елп етпей, аяғын нық басып, баяу қозғалатын болды, көзінің құйрығына күлгенде ғана байқалатын әжімдер орын тепті.
Үлкені он бірінші сыныпқа барған жылы күздің жаймашуақ бір күнінде ең үлкен клиенттерін жинап, гольфтен шағын турнир өткізді. Сәтімен бітіп, неше күннен бергі жүк иығынан түсіп, үйіне қуанып оралса, балалары ұйықтап қапты. Әйелі ғана бұны күтіп отыр екен. Көз жасына ие бола алмай, Шоқанның дүниеден өткенін естіртті. Күні бойы қаншама адам хабарласқанын, телефонға қарауға қолы тимегенін Жәнібек сол кезде ғана түсінді.
Неден қайтқанын, қашан қайтқанын сұрады. Ақылдаса келе, таң атысымен балаларды қайын жұртқа қалдырып, ауылға жол тартатын болды.
Далаға шығып, темекісін тұтатты. Жылайын десе, жылай алмады. Баяғыда досының екінші рет үйленемін дегенін есіне алды. Сол беті отбасы құрмаған еді. Одан кейін бірнеше рет көріпті. Сыныптастардың тойында, өлім-жітімде. Арнайылап кездеспепті. Ашылып, әңгімелеспепті де. Оңашалау шығып, бірге темекі тартып, жағдай сұрасудан аспапты. Арасында мас боп қоңырау шалатын. Жәнібек бірде көтерсе, бірде көтермейтін. Соңғы екі-үш жылда Шоқан оны да қойған екен.
Жерлеп келе жатқанда сыныптастар Шоқанның соңғы жылдары жайында айтты. Өзін-өзі құртты ғой десті. Жәнібекті жиі еске алып жүріпті. «Біз Жәнібек екеуіміз жүрген кезде» деп бастайды екен әңгімесін. Ондайда өзге жігіттерден бәсі жоғарылап сала беретін көрінеді. Өйткені кезінде Жәнібек пен Шоқан сүрген дәуренге басқалары қызыға қараған екен.
Жәнібек қымбат көлігін гаражына кіргізді. Әйелі өзінің шағындау көлігін шығарып, балаларды алып келуге кетті. Күйеуі алыс жолдан шаршап келді ғой деп, қаланың екінші шетіне өзі бара салуды жөн көрген еді.
Жәнібек үйге кіргісі келмеді. Аулада өзінен басқа ешкім болмаса да, үйдің артына барып, бала күнгідей қабырғаға арқасын тіреп отырып солқылдап ұзақ жылады.