ӘЛЕМНІҢ 74 УНИВЕРСИТЕТІНЕН ШАҚЫРТУ АЛҒАН ЖАС ӨРЕН
Шымкент қаласындағы №2 мамандандырылған үш тілде оқытатын мектеп-интернатының 11 сынып оқушысы Дастан Рақыманберді халықаралық білім кеңістігінде зор жетістікке жетіп, әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының назарын аударды. Дарынды түлек бүгінде дүниежүзінің 12 еліндегі 74 беделді университеттен ресми шақырту алған.

Дастан халықаралық емтихандарда жоғары нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, ол SAT емтиханынан 1480 балл жинаса, IELTS халықаралық ағылшын тілі бағдарламасы бойынша 7.0 балл иеленген. Бұл көрсеткіштер оның академиялық дайындығының жоғары деңгейін айқын дәлелдейді.
Жас талапкердің жетістіктері мектеп қабырғасындағы ізденіс жылдарынан бастау алады. Ол бесінші сыныптан бері түрлі ғылыми және зияткерлік байқауларға белсенді қатысып келеді. Дастан республикалық астрофизика олимпиадасында І орынға ие болып, халықаралық «Ғылым әлемін ашамыз» конкурсында ІІІ орынды жеңіп алған. Сондай-ақ, елімізде алғаш рет ұйымдастырылған қаржылық сауаттылық олимпиадасының ІІ орын жүлдегері атанған.
Ақпараттық технологиялар саласында да ерекше көзге түскен оқушы 15-тен астам халықаралық және республикалық хакатонның жеңімпазы әрі жүлдегері. Оның жетістіктерінің қатарында АҚШ-тың NASA агенттігі ұйымдастырған байқау да бар.
Білім мен ғылымдағы табыстарымен қатар, Дастан қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласып келеді. Соңғы жылдары ол 40-тан астам ауқымды волонтерлік іс-шараға қатысып, жастар арасында әлеуметтік жауапкершілік пен азаматтық белсенділіктің үлгісін көрсетті.
Шымкенттік дарынды түлектің бұл жетістігі – өңір үшін ғана емес, бүкіл ел жастары үшін мақтаныш. Оның табандылығы мен білімге деген құштарлығы жас буынға үлгі болары сөзсіз.
Сондай-ақ жуырда Семей қаласында ұлы ақын, ойшыл, хакім Абайдың шығармашылығын насихаттауға арналған дәстүрлі республикалық «Абай оқулары» байқауы өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған дарынды оқушылар білім мен өнер сайысында бақ сынап, Абай мұрасын терең меңгергендерін дәлелдеді.
Аталған байқауда Шымкент қаласының намысын қорғаған бес оқушы жүлделі орындарға ие болып, шаһардың абыройын асқақтатты.
Байқау қорытындысы бойынша «Абайдың асыл мұрасы» номинациясы бойынша І орынға Дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған лицей-интернатының 9 сынып оқушысы Ерасыл Әуелбек лайық деп танылды. ІІ орынды «Абайдың ақын шәкірттері» номинациясы бойынша А.Асқаров атындағы №77 мектеп-лицейдің 10 сынып оқушысы Нұрбол Қантөре, «Абайдың сөз өнеріндегі бейнесі» номинациясы бойнша Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясының 9 сынып оқушысы Әлия Қайыпназар иеленді.
Ал ІІІ орын «Әнді сүйсең, менше сүй» номинациясы бойынша Тәуке хан атындағы №85 орта мектептің 9 сынып оқушысы Бекарыс Рүстемге және «Al-Farabi Bilim» мектебінің 9 сынып оқушысы Тоғжан Рахымға бұйырды.
Ұлы Абайдың тағылымды мұрасын бойына сіңіріп өскен жас дарындардың бұл жетістігі – олардың білімге құштарлығы мен шығармашылық ізденісінің, сондай-ақ ұстаздарының қажырлы еңбегінің нәтижесі.