РАТУША ТӨБЕСІНДЕ АСҚАҚТАҒАН ҚАЗАҚЫ МӘРТЕБЕ
30.06.2026
43
0

Биыл 7 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Отан соғысының ардагері Кенжебай Мәденовке «Халық Қаһарманы» мәртебелі атағын беру туралы Жарлыққа қол қойды. Жалпы, мемлекет басшысының мұндай аса жоғары да мәртебелі атақ беруі күнде қайталанатын оқиға емес еді.

 

Жасыратыны жоқ, Қазақстанның кейбір аймағына Кенжебай Мәденов есімі онша таныс емес. Сондықтан қазақ қоғамында «мұндай жоғары мәртебелі атаққа ие болған батыр азамат кім екен?» деген сауал туғаны тағы рас.
Оны мен Алматыдағы, Астанадағы жазушы әріптестеріммен әңгіме кезінде байқадым. Ал осы батыр азамат туған өлкенің бір перзенті есебінде маған бұл есім жақсы таныс. Оның үстіне, оқырман қауым жақсы біледі, мен көтеріп жүрген тақырып, мәселелерім де осы ұлт тарихына, жауынгерлік рухқа қатысты ғой.
Сондықтан бұл есімді мен жақсы білемін. Ол туралы мәліметтерім де жеткілікті. Қайсыбір жазушы әріптестерімнің қалауымен осы бір батыр ағамыз туралы оқырман қауымға мәлімет беріп, таныстыра кетуді жөн санаған жағдайымыз бар.
Лейтенант Кенжебай Мәденовтің Берлин шабуылы кезінде ратушаға ту тіккені оның Ұлы Отан соғысының тарихындағы қайталанбас ерлігі саналады. Тіпті соған байланысты оның Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғаны туралы да деректер бар.
Осы жерде тағы да «орыс емес» халықтардың көбіне ортақ бір мұң алдымыздан шығады. Ақиқатында, Кеңес Одағының Батыры атағы туды қадаған лейтенант Кенжебай Мәденовке емес, оның қасында болып жараланған екінші бір лейтенант Громовқа берілді.
Әлбетте, мұндай әлідетсіздікке толы теріс қылық қазақ халқының әскери тарихына таңсық емес. Бір ғана лейтенант Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігін мысалға келтірсек, жетіп-ақ жатыр. Ол жолы да Кеңес Одағының Батыры атағы қазақ лейтенантқа емес, орыс Егоров пен грузин Кантарияға берілді.
Міне, сол бір шовинистік пиғыл біз жазып отырған лейтенант Мәденовке байланысты да алдымыздан шығады.
Бұл жерде тағы да бір сауалдың туындауы заңды. Кейбіреулердің Қошқарбаев туды фашистік биліктің орталығы Рейхстагқа тікті, ал Кенжебай Мәденовтің ту тіккен жері бар болғаны ратуша ғана деуі әбден мүмкін. Оның шет жағын естіп те қалдық.
Танымдық сана бұл жерде тағы да бір жайтты алға тартады. «Ратуша» ұғымы бір жағынан алып қарағанда, діни мағынаға ие болғанымен, іс жүзінде ол қалалық басқарудың тарихи ғимараты. Демек, фашистік астанадағы Рейхстагтан кейінгі екінші саяси аппараттың мекені, яғни фашистік мемлекеттің астанасы болған Берлин қаласының басқару органы осы жерде болды деген сөз.
Демек, сол кездегі әскери, саяси басшылықтың лейтенант Мәденов пен лейтенант Громовтың ерлігіне ерекше мән беруінің сыры да осында. Әйтпесе лейтенант Громовқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілмес те еді.
Енді кейіпкеріміздің жасаған ерлігінің нақты оқиғаларына талдау жасап көрелік. 1945 жылдың 29 сәуірінде Берлин қаласының орталығында қиянкескі ұрыс жүріп жатты. Айтары жоқ, Берлин гарнизонының бұл орайда жанкештілікпен шайқасқаны да тарихи ақиқат. Берлин қаласындағы Рейхстагтан кейінгі екінші мәртебелі басқару орны ратушаны алу міндеті полковник В.Н.Борисовтың және полковник М.Ф.Загородскийдің 1008 және 1010-полктарына жүктеледі. Бұл полктар атақты Берлин операциясы кезінде көзге түскен 266-атқыштар дивизиясының қосындары болатын.
Батальон командирі капитан Н.В.Бобылевке майор Алексеевтің ба­тальонымен бірлесіп ратушаны алу міндеті жүктеледі. Алайда гитлерлік билік өз астанасын қорғап қалуға мұқият дайындалған ғой. Бұл батальондар бірден снаряд пен оқтың астында қалады.
Тура шабуылдау мүмкін болмағандықтан командирлер ратушаға қабырғаны жарып енуді жоспарлайды. Одан кейінгі болған қолма-қол шайқас өте қырғын болған. Шайқасқа танктер мен ауыр зеңбіректер қосылған. Осындай күшпен ратушаның қабырғасы тесіліп, қақпасы ашылады. Ғимаратты түгел түтін басады.
Бұдан кейінгі оқиғаны құрметті оқырман қауым нақты дерекпен Ұлы Отан соғысының Батыры, даңқты қолбасшы Георгий Жуковтың жазба естелігімен келтіруді жөн санап отырмыз. Маршал Жуков өз естелігінде былай деп жазады:
«…Первым сюда ворвался взвод лейтенанта К.Маденова. Вместе с отважным лейтенантом смело действовали бойцы Н.П.Кондрашев, К.Е.Крютченко, И.Ф.Кашпуровский и другие. Они закидали вестибюль и коридоры ручными гранатами. Каждую комнату приходилось брать с бою.
Комсорг 1-го батальона 1008-го стрелкового полка младший лейтенант К.Г.Громов пролез на крышу ратуши. Сбросив на мостовую фашистский флаг, Константин Громов водрузил над ратушей наше Красное знамя. За героизм и мужество, проявленные в этих боях, Константину Григорьевичу Громову было присвоено звание Героя Советского Союза…»
Георгий Константинович Жуков.
«Воспоминания и размышления»
Москва, Изд. АПН, 1986, Т.З, стр.248».
Бұл – қазақ батыры лейтенант Кенжебай Мәденовтің ерлігіне жоғары дәрежелі қолбасшының атынан берілген өте маңызды баға және құжат.
***
Қазақ халқының жауынгерлік мәртебесі тартысқа түскен, таласқа түскен осындай тарихи кезеңдерде біздің қолымызда нақты айғақ, деректердің болуы керек. Осы ниетпен біз де біраз ізденіп көрдік.
Мәскеудің «Воениздат» баспасынан жарық көрген белгілі зерттеуші Ф.Е.Боковтың «Весна победы» деген Берлин операциясының жан-жақты талдауын жасаған атақты кітабы бар. Сол кітапта да взвод командирі, аға лейтенант К.Мәденовтің есімі бірнеше рет аталады.
Боковтың жазуынша, ратушаға жасалған шабуылда аға лейтенант К.Мәденовтің взводының ратушаға бірінші болып енгені айқын жазылған. Оның жазуынша, К.Е.Крютченко, Н.П.Кондрашев, И.Кашпуровский деген Мәденовтың взводының қызыләскерлері қырықтан астам гитлершінің көзін жойған. Ал аға лейтенант Мәденовтің өзі дәу немісті қанжарымен жайратқан.
Бұл – біздің кейіпкеріміздің қайталанбас ерлігінің нақты бір тарихи дерегі.
Оқырман байқап отырған болар, негізгі әскери топты Кенжебай Мәденов басқарғанымен, Кеңес Одағының Батыры атағы одан қызметі бір саты төмен кіші лейтенант Громовқа беріледі. Ал бұл мәселеде сол Громовтың өзі не айтар екен?
1948 жылы Мәскеудің «Воениздат» баспасынан жарық көрген «Штурм Берлина» деген естеліктер жинағында кіші лейтенант Громов былай жазады:
«Бобылев пен Алексеевтің батальондарына ратушаны алу бұйырылды. Бірақ ол қиынға соқты. Гитлершілер жан аямай қарсыласты. Бір қадам аттауымыздың өзі мұң болды. Бірақ ратушаға алдымен лейтенант Мәденовтің взводының енгенін айта кетуіміз керек. Ержүрек лейтенант басқарған Кондрашев, Крютченко, Кашпуровский деген жауынгерлер ерекше ерлік көрсетті.
Бір дәлізден екіншісіне өту мұң болатын. Қарсы алдымыздан ұдайы автомат, пулемет, зеңбірек оқ жаудырып тұрды. Әсіресе екінші қабаттағы шайқас ауыр болған.
Ақиқатын айта кету керек, осы екінші қабаттағы жекпе-жек ұрысты лейтенант Мәденовтің өзі басқарды. Бір көзім шалып қалғаны лейтенант Мәденовке дәу неміс тарпа бас салған. Бірақ қайсар қазақ одан қаймықпады. Жауын қанжармен жайратып тастады.
Екі сағатқа созылған қолма-қол шайқаста біз ратушаны алып, төбесінде қызыл жалау желбіреттік».
***
Мені қатты бір таңдандырған жағдайға тоқтала кетейін. Кенжебай Мәденовтің ерлігі туралы тарихи естеліктер өте мол болып шықты. Кеңестік әскери қайраткерлер мен зерттеушілерді айтпағанда, лейтенант Мәденовтің ерлігі туралы неміс журналистері де жазыпты.
Неміс журналистері Клаус Похе мен Ганс Олива «Соғыс аяқталған түн» атты кітабында лейтенант К.Мәденовтің взводының Берлиндегі ратушаға шабуылындағы ерекше ерлігі жөнінде жазылған.
Неміс журналистерінің бұл жолғы біз көтеріп отырған мәселеге байланысты жазылған кітабының аты «Соғыс аяқталған түн» екен. Берлиндегі неміс әскери баспасынан 1962 жылы жарық көріпті. Демек, лейтенант Мәденовтің ерлігін еуропалықтардың өздері де мойындап отыр деген сөз.
Соған қарамастан, кеңестік шовинистік билік қазақтың батыр ұланының мәртебесін көтеруге немқұрайлы қарағанын аңғарамыз. Оның мысалдары да жеткілікті. Қазақ халқы ғана емес, бүкіл Орта Азия халықтарының арасынан шыққан жалғыз ғана Кеңес Одағының екі дүркін батыры бар. Ол – Талғат Бигелдинов.
Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1 миллион 200 мың адам қатысқан. Оның 400 мыңнан астамы қазақ. Ал Кеңес Одағының Батыры атағын алған 505 қазақстандықтың 102-сі қазақ. Кеңес Одағының Батыры атағын екі мәрте алғандар – Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский және тағы да ұлты орыс екі ұшқыш. Архив деректеріне сай, Ұлы Отан соғысының батыры атағына екі мәрте ұсынылған жерлестеріміздің саны 27 адам.
Сондай-ақ бұрынғы деректерде Ұлы Отан соғысында 15 қазақтың батальон командирі болғаны айтылады. Ал ақиқатында,
батальон басқарған қазақтардың саны 182 адам. Бұған дейінгі ресми дереккөздеріне қазақтан шыққан офицерлер саны 500 адам делінетін.
Осының өзі-ақ көп нәрседен дерек бергендей.
Оқырман байқап отырған шығар, осы бір-екі абзацтық деректерді мен бұрын да өзімнің «Қазақ офицерлері» деген кітабымда жазғанмын. Бірақ қазақы мәртебеге байланысты әңгіме қозғалған жерде мәселенің ыңғайына қарай тағы да айта кетуді жөн көрдім.
Бір сөзбен айтқанда, ресейлік идеологияның қазақы мәртебеге қатысты жасап отырған қысастығы аз емес. Лейтенант Кенжебай Мәденовке байланысты да соны айтуға болады. Мені қаламгер есебінде ұлтымыздың ар-ұятына балта шапқандай болып отырған бұл мәселе талайдан бері толғандырып жүр.
Ресейде «365» деп аталатын әскери тарихқа қатысты телеарна бар. Онда да Кенжебай Мәденовтің ерлігі туралы бір ауыз сөз жоқ. Оның Рейхстаг туралы хабарларында лейтенант Қошқарбаевтың аты өте сирек айтылады. Негізгі ерлікті оның қарамағындағы солдаты Григорий Булатовқа телиді. Бұған байланысты біздің тараптан сан мәрте қарсылық білдірілді.
Ақыры 2007 жылдың 7 мамырында Ресейдің әскери тарих институты 150-атқыштар дивизиясының лейтенанты, қазақ Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тіккенін амалсыз мойындауға мәжбүр болды. Ал 1999 жылдың 7 мамырында Қазақстан Президентінің Жарлығымен Рақымжан Қошқарбаевқа «Халық Қаһарманы» атағы берілді.
Қазақ халқы ел басшылығының бұл ісін тарихқа жасалған құрмет, ұлттық мәртебені асқақтату деп өте жоғары бағалады. Біздің түсінікте соңғы кезеңнің тұтастай қазақ халқын разы еткен осы орайдағы бір оқиғасы Кенжебай Мәденовке «Халық Қаһарманы» атағының берілгені болды.
Іс жүзінде Кенжбай Мәденов атақ-даңққа, мәртебеге кенде кісі емес. Ол Ұлы Отан соғысын екі Қызыл Жұлдыз орденімен және Ұлы Отан соғысы орденімен, бірнеше медальдармен аяқтады.
Одан кейін Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Батыс Қазақстан облыстық басқармасында басшылық қызмет істеп жүргенде де алған атақ-даңқы бір басына жетіп артылады.
Қалай десек те, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Кенжебай Мәденовке мемлекетіміздің ең жоғары мәртебелі атағын беруі халық көңілінен шыққан оқиға болғанын тағы да бір мәрте баса айта кетуіміз керек.
***
Біздің кейіпкеріміздің ерекше ерлігіне қатысты бірнеше тарихи деректер қолға түсті. Соның біреуі белгілі зерттеуші П.С.Беланның «Қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысының қорытынды сәтіндегі ерліктері» деген кітабында жан-жақты айтылады. Онда да біз лейтенант Кенжебай Мәденовтің есімін жиі кездестіреміз.
Қазақ баспасөзі де қазақтың қайсар ұлының осы бір қайталанбас ерлігі туралы бірнеше еңбектер жариялады. Соның бірі – алпысыншы жылдары «Жұлдыз» журналына жарияланған Ғабдол Слановтың «Ратушаға ту тіккен қазақ батыры» деген очеркі.
Онда Ғабдол Сланов қазақ қоғамы үшін аса маңызды тақырып болып есептелетін батырдың тегіне байланысты әңгіме қозғайды. Ғабдол Сланов Кенжебай Мәденовпен тікелей сөйлескен адам ғой. Ол әңгімеден мынандай үзінді жариялай кетуді жөн көріп отырмыз. Бұл орайда Ғабдол Слановтың нақты баяны мынадай:
«…Кенжекеңнің әңгімесінен: ата-дәстүрді, ру-жікті жақсы білетінін, туған топырағын, ата-қонысын ұмытпағанын, туған-туысқандарымен жақсы байланыста екенін байқадық. Туған жері – Тайсойған, Сұлтан уәйіс, Бекмағамбет маңы. Руы Беріш, оның Құлмәлісі. Құлмәліден – Өтеміс пен Шыбынтай. Өтемістен – атақты Махамбет бабамыз тараса, Шыбынтайдан мына Рысқұл екеуміздің ата-бабамыз тарайды деп әзілдеп қойды. Бұрын ағайындар жігі айырылмай бірге болса, қазір әр жерде бытырап жүрміз. Тайпақта Ерғалиев Құлбай деген ағамыз бар, ол кісі үлкейді, өткенде халін біліп келдім. Мұқырда Ерғалиев Базарбай, Миялы маңында Лұқпанов Мырзаш деген ағаларым тұрады. Әңгіменің бағыты осы бағытта өрбіді».
Демек, қазақ мәртебесіне мәртебе қосқан даңқты батыр Кенжебай Мәденовтің өзі де тегін әулеттің баласы емес екен. Ұлы Махамбет жазған «Өтемістен туған он едік…» дегендегі батыр әулеттің бір перзенті екен біздің кейіпкеріміз.
Осының өзі-ақ батырлық рухтың тегін жерден, тегін топырақтан жаратылмайтынын көрсетеді!

Жалғасқали ДҮТМАҒАНБЕТОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір