Нұрәділ НҰРТІЛЕУҰЛЫ. СОЛ… СОЛ ҚЫЗ! (Әңгіме)
02.06.2026
37
0

Күні кеше ғана Сәуірдің 17-сіне қараған таңда жазушы, қоғам қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі, үлкен жүректі азамат Нұрәділ Нұртілеуұлы Бегімбет 66 жасқа қараған шағында фәниден бақилыққа аттанып, бүкіл Жаркент халқы аза тұтты. Сонау мектеп қабырғасында жүргенде-ақ аудандық, республикалық басылымдарда көркем әңгімелері жарық көріп, жылдар бойы таланты шыңдалған Нұрәділ бүгінде кемеліне келіп қалыптасқан ойы заңғар, қаламы жүйрік жазушыға айналып еді. Амал не жарық жалғанды тастап кете барды. Оның төменде жарияланып отырған әңгімесі көз жұмарынан аз ғана күн бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясына келіп түскен еді. Оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

– Қалай, біздің ауыл ұнады ма?
Жиюлы жастықтардың бірін маған әперіп, екіншісін шынтағына басып жата кеткен Барат сұраулы жүзбен сол көзін сәл сығырайта қарады.
– «Көктоғай» десе, көктоғай екен, – дедім мен, – әсіресе ана жотадан түсіп келе жатып қарағандағы көрінісі қандай тамаша!
– Оһо! Сен нағыз тамаша жерді әлі аралап көрмедің ғой. Мына есіктің алдындағы көше жоғары бойлап жүре берсе жасыл желекті тоғайға барып ұласады. Міне, нағыз көркем жер, табиғаттың өзі жасаған парк. Әсіресе тоғайды қақ жарып сылдырай ағып жататын Өсек өзенінің жағасы қандай әсем. Шіркін-а-ай, айлы түнде ақ нұрға малынған ақ қайыңдар арасында сүйіктіңмен сырлас-е-еп жүрсең …
Әртісше әдейі әсірелей сөйлеген аңқылдақ жолдасым кенет әңгімесін аяқтамастан атып тұрды. Одыраңдай оқыс қимылдап, бұрышта тұрған көк этажерканың сөресін ақтара бастады. Оның әнтек әрекетіне елең етіп, енді ауыз ашқанымша болған жоқ, біз отырған бөлме есігі ақырын ғана ашылды. Ар жағынан қап-қара шашын иығына төгілдіре кескен, орта бойлы аққұба қыз көрінді. Мана Барат «Қарындасым, аты – Керім» деп сырттай таныстыра салған. Алғашында табалдырықтан аттай бере біртүрлі ыңғайсызданғандай сәл кідіріп қалған ол қарақат көздерін төңкере төр жаққа бір қарады да, тез бұрылып серванттың қақпағын аша бастады. Әлдене ойлап үлгерместен, Бараттың «Әділ» деген дауысынан селк ете түстім.
– Айтпақшы, сен әлгі аялдамадан кез­дестірдім деген қыздың суретін көрсең таныр ма едің? Мә, қарап көрші…
Алдыма қалың фотоальбомды тастай берді. Маңдайымнан суық тер бұрқ етті. «Мынаның даңғырлауын-ай, ә! Тым болмаса Керім шығып кеткен соң айтса болмай ма?» Мен қысылады деп ойлаған ол жоқ, тіпті қарындасына да көңіл аудармастан қалжыңдай бастады.
– Қара, жақсылап қара! – дейді бөлмені басына көтере сөйлеп, – Дәм тартып, мүмкін біздің Көктоғайға «күйеубала» болып қалар ма екенсің?! Әй, осалсың-ау, сондай қолайлы сәтте есімін сұрап та ала алмапсың.
«Саңғыр!» Кенет, Барат сөзін аяқтап үлгерместен, мен шып-шып шыққан маңдай терімді сүрте беріп … дауыс шыққан жаққа жалт қарадық.
– Ой, кешірерсіздер! Мен байқамай …
Аққұба өңі алаулай қызарған Керім тарелка сынықтарын асығыс жинастыра бастады. Қандай күш әсер еткенін өзім де білмеймін, ұшып тұрып сынықтарды оның қолына ұсына берген едім. «Өзім-ақ жинайтын едім ғой. Рақмет, рақмет!..» дей берген оның қарақаттай қос жанарымен көзім еріксіз түйісе кетті.
Кенет, бір алапат сезім жүрегімді жиілете соқтырып, басыма шапшыды. Қуан­ғандықтан ба, тіпті дауыстап жіберуге шақ қалдым. «Сол, сол қыз ғой!» Қолдарым дірілдеп, жаңа ғана жерден көтерген тарелка сынықтары қайтадан, қалай төмен түсіп кеткенін сезбей де қалыппын…
Осыдан бір-екі апта бұрын болған оқиға қаз-қалпында ойыма орала кетті.

* * *
Бағана ғана көкті түгел құрсаған қорғасын бұлт не жауарын, не жаумасын білмей түнеріп тұрған секілді еді. Үйден ұзап кетуімді күтіп тұрғандай-ақ, құйып кеп бергені. Әп-сәтте сандаған тамшы сатырлата ұрғылап, асфальт жолдың езуі көпіршіп кетті. Жандармен жақын маңда орналасқан автобус аялдамасындағы баспанаға жеттім. Балағыма жұққан балшықты қағып болып, ентігімді басып тұрғанмын. Кенет «Ой-ой…» деген дауысқа жалт қарасам, қалың жаңбыр арасында қараңдай көрініп біреу осылай қарай беттеп келеді. Ілгері басқан аяғы кейін кетіп, тайғанақтап тәлтірек қағады.
– Тағы, тағы бір ұмтылыңыз!
– Кәнеки, қолыңды …
Асыққандағы әдеттімен «сіз» бен «сенді» араластыра сөйлеп жартылай жаңбыр астына шығып кетіппін. Бейтаныс жанның жеңіне қолым тиісімен-ақ баспана астына жұлқи тартқам. Тек аяғымның тайғанап кеткенін ғана сезіп қалдым. Басым әлденеге қатты соғылды. Көз алдымда бүкіл дүние шыр көбелек айналып бара жатты. Бірақ есімді тез жидым. Суық тамшы мойныма тамып кетіп, денем дір ете қалған сәтте санама жаңа ғана құлағаным сап ете түсті. Тұруға ұмтыла бердім. Біреу қолтығымнан ұстап демегендей болды. Бойымды тіктеп, өзіме-өзім келісіммен жанымдағы жанға байыптай қарадым. Өз көзіме өзім сенбей уқалап жіберіп, қайта көз салдым. Алдымда қара көздері мөлдірей қарап бір бойжеткен тұр. Бейне көктен бір періште түсе қалғандай!
– Басыңыз ауырып қалды ма? Маған көмектесем деп үстіңізді былғадыңыз-ау.
Бар денем бусанып сала берді.
– Жо-жоқ! Ештеңе етпес.
Еңкейіп балағыма жұққан балшықты тазарта бастадым. Бұтымдағым соңғы модадағы ши барқыт шалбар болатын. Бүгін ғана киіп шыққам. Мұнтаздай боп жүруді ұнататын басым мұндайда шақ-шәлекейім шығушы еді. Бұл жолы киімімнің бүлінгеніне неғып онша ренжи қоймағаныма өзім де таңмын. Төмен қарап тұрып, өзімнің тіземе емес, бейтаныс бойжеткеннің балтырына қадала көз тастағанымды кеш байқап қалдым. «Паһ, әлгі Гена гитараға қосып айтатын әндегі оқтаудай ақ балтыр осындай-ақ болар».
– Тү-у, кенеттен төгіп жіберді-ау.
Қалтырай шыққан қыз даусы оның да ыңғайсызданып тұрғанын анық байқатты. Менің де жетісіп отырғаным шамалы.
– Иә, иә, тіпті ойламаған жерден, – деп қостай тіл қаттым.
Су-су болған курткасын қағып, қайта киген қыз діңгекке сүйене, бір қырындай тұрды.
Аядай аялдама баспанасының ішінде екеуміз ғана. Сыртта бірде сатырлата жиілей жауған, бірде толастағандай сыңай байқатқан ақ жауын. Үш жағынан жақсы қоршалған бетон қабырға тәп-тәуір қорғаныш болып тұр. Үн-түнсіз тұрмыз. Дегенмен, менің көңілімнің «климаты» құбыла бастады. Сәл-пәл самал соққандай еді. Бірте-бірте күшейіп, сырттағы ауа-райы сипатымен астаса бастады. Сезімнің жауыны селдеткендей… Миымда да мың сан найзағай жарқылы…
– Қарындас, – дедім, кенет батылданып.
Мәссаған! Айтуын айтсам да өз даусымды әуелі өзім естімей қалдым. «Жоқ, мұндай қолайлы кезді құр жіберуге болмайды» деймін іштей жігерленіп.
– Сіз қолтығымнан демемегенде мына балшықта біраз аунап жатар ем-ау…
Бұл – бойжеткенмен тілдесу үшін манадан бері ойлап тапқан сылтауым. Алғаш аңтарыла қараған ол күле жауап қатты:
– Ол не дегеніңіз! Қайта сіз маған көмектестіңіз ғой.
Бұған бөгеле қоймадым. Басты
шаруа­ма көштім.
– «Құтқарушым» деп еске ала жүрейін. Айып етпесеңіз, атыңызды…
Сыңғырлай күлген қыз сөзімді бөліп жіберді:
– Кешірерсіз ағасы, атымыз ауылда қалып еді.
Күтпеген жауаптан тосылып қалсам да, беріле қоймадым.
– Қап-ай, ә! Онда қайсы ауылда қалғанын айтпас па екенсіз.
Көзіне құлаған екі-үш тал шашын кейін қарай қайыра беріп, қыз қияқтай қара қастарын кере жылы жымиды. Осы сәт «гүр» еткен дауыстан екеуміз де селк ете түстік. Маңдайша әйнегіне «Көктоғай» деген жазуы бар қатырма қағаз жапсырған автобус қарсы алдымызға кеп тоқтай қалды. Жалт қараған қыз ойнақы үнмен:
– Атым мына автобус баратын ауылда, – деді де, алға ұмтылды. Ұмсына беріп, іркіліп қалдым. Автобус есігіне аяқ іліктірген ол сол қолының сүйріктей аппақ саусақтарын құс қанатындай дірілдете қоштасу белгісін білдірді. Сонан соң лып етіп ішке еніп кетті. Ақырындап келіп аялдаған автобус сол замат алға қарай арындай қозғалды да, бейтаныс аруды алысқа ала қашты. Ал мен аузына енді ғана апара берген мәмпәсиін әлдекім жұлып әкеткен байғұс баладай аңырып қала бердім. Тосыннан тап болған сәтті мезет – көрген түсімдей, тәтті сезім – таңдайымда қалған балдың жұғынындай. Тамсанып қоямын. Әйтсе де, ішім әлем-жәлем. Жалғыз ғана ілік: «Көктоғай, Көктоғай» деп қоямын күбірлеп. Тура Тәңіріне табынған тәуіп тәрізді…

* * *
– Өй, не көрінді сендерге? Кезек-кезек сындырып жалғыз тарелканы. Кәнеки, орнына желімдеңдер.
Жорта даусын қатайтып Барат қасымызға келгенде тарелка сынықтарын қиюластыра қойған едік. Мен де қалжыңдай сөйледім.
– Міне, тақсыр, бәрі өз орнында.
– Қазір осы тарелкамен тамақ ішем. Екеуің осылай ұстап тұрасыңдар.
Қабағын түкситкен күйі ол орындыққа шіреніп отыра берді де, ақырын езу тартты.
Керім екеуміз де күліп жібердік. Үніміз де жарасым тауып, жарыса шықты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір