Жүлдегер (Әңгіме)
14.09.2023
1982
1

«Кемел қаламгер» байқауында «Бұрылысқа жарты қадам қалғанда» романы үшін бас бәйгені иеленген жас жазушы Абай Аймағамбет­ті жеңісімен құт­тықтай отырып, оқырман қауымға оның «Жүлдегер» ат­ты әңгімесін ұсынғанды жөн көрдік.
Редакция

 

Жүргізушінің хабарлауын естіген кез­де Шәріптің бір уақ басы айналып, есеңгіреп қалды. Бағанадан бері айтылған жүлделі орындардың бірде-бірі бұйырмаған соң ендігі бас жүлдеден үміт­тенудің өзі күлкілі деп, алаңсыз отырған. Амал қанша, орнынан көтеріліп, марапат­ты алуға мәжбүр болды.
Шығармашылығына сырт­тай сүйсініп, өзі әулие тұтып жүретін сүйікті ақын ағасы Ақтұмар Тайырбек те мұны тыпырши тосып тұр екен. Өтірік күліп, өтірік майысып тұрған, қазір осы кеш аяқтала сала үстіндегі ою-өрнегі мол ұлт­тық киімді шкафқа атып ұрып, жатақханасына құстай ұшатын қыз ұсынған ағаш жақтаулы грамотаны, сосын қобыраған гүлді, соңынан барып сыртына «1 миллион теңге» деп жазылған конверт­ті ұстатып, риза кейіппен қос қолдап тұрып қысты.
Грамота мен гүлге селт етпеген көңілі, алақанына конверт келіп қонған бет­те өрекпіп, жеңімпаз болғанын жүйке-жүйесімен шындап ұғынғандай болды. Жүзі қызарып-бозарып, басын шыбындай изеп, рақмет деп қайталай берді. Сахнаның анау бір тұсында одақтың төрағасы Аймырза Әбікен шапалақ соғып емес, алақандарын әшейін ғана бір-біріне еппен жабыстырып, қайта алып, сызданып тұр екен. Езуінде шығар-шықпасын білмей тұрған болмашы жымиыс табы бар. Лупадай болған әйдік әшкидің ар жағындағы көзқарасты аңдау да қиын. Алпамсадай денесін әзер икемге келтіріп, ауыр аяқтарын әрең қозғай берген кез­де бұл өзі лып етіп барып қолына жабысты. Ол да құт­тықтау мезіретін жасап, салпылдаған алақанын тастай салды.
Әрі қарай концерт болып, ән айтылды, би биленді, әйтеуір мына құрымағыр кеш сағызша созылды. Шәкең гүл мен грамотаға бас ауыртатын адам емес, конверт­ті дар еткізіп ашқанша тағаты таусылып бітіп барады. Бас айналдырған кеш те тәмам болды-ау бір кез­де. Отырғандар мұны алқалап, өзі құралпы дос жігіт­тер кафе жаққа сүйреп, әлдебіреулер суретке түсіп, фотограф ары тұр да бері тұр деп есін шығарды. Әуреленіп жүріп мұндай күйбелеңнен де құтылды-ау. Құтыла салысымен әйеліне қоңыраулат­ты.
– Әй, қатын, – деді әлөөу деген қарлығыңқы дауысты ести сала, – бүгін билет ал да, тез жет Алматыға!
– Немене Алматыға көшкелі жатырмыз ба? – дейді Жұмагүл сылқылдап.
– Қайдағы көшкен… жет деген соң жет!
Адамдардан аулақтадым ба дегендей ту сыртында дөңгеленген топқа ұрлана бір қарап алды да, алақанымен аузын бүркеп, сыбырлап сөйлеп кет­ті:
– Армансыз аралайық Алматыны, жет деген соң жет те!
Сөз соңына қарай денесін тіктеп, дауысын қайта өктемдет­ті.
– Ойбай, директор жібере ме, анау екі баланың күні не болады?..
– Өлмейді, барған соң директордың аузын өзім жабамын!
– Жақсы, мен әуелі директордан сұранайын, сосын сабақтарымды Сәлимәшқа тапсырайын, ол байғұс жыл басында сағатым аз боп қалды деп сорасын ағызып еді ғой, енді менің сабақтарымды беріп біраз жырғап қалсын. Сосын, Никон мен Қайрошқа бір аптаға жетерлік тамақ дайындайын, құрсын. Көршіге телміріп жүре ме. Көршінің түрі анау ғой, өздерін жарылқай алмай отырған…
– Әй, қойшы! – деді Шәріп әйелінің зымырандай зулаған сөздеріне әрең тосқауыл қойып, – Ондайларыңды маған айтып, миымды ашытпа. Өзің шеш! Давай!
– Давай онда!
Телефонын ышқырдағы футлярына салып, магнитін тыңқ еткізіп жапты да, зулағаннан зулап отырып мәдениет үйінің дәретханасынан бір-ақ шықты. Қайта оны да қазір екінші қабат­тың бір түкпіріне салып, жарылқап қойыпты. Әйтпесе, осыдан екі жыл бұрын дәретханаға бару үшін мәдениет сарайының артқы жағындағы бау-бақшаның қақ ортасымен үстіңді шөпке сыдыртып, шеңгелге жырғызып отырып, әрең аяқ ілгізетінсің. М және Ж деген жазуларды бат­титып жазған, құлауға шақ қалған, сылағы түсіп, әбден жалаңаштанған бірдеңе еді. Ж жағында әйелдердің шүңкіл-күңкілі, қиқыл-шиқылы түгел естіліп тұратын. Шәріп соның бәрін көрді ғой. Мұнда келіп тұрғаны бір бұл емес. Бұған дейін де талай келген. «Жазған құлда шаршау жоқ» деп, осы жолы тағы да бес бет әңгімесін жазып, бағын сынаған. Ендігісін көрмейсің бе, бас жүлденің бұйырып тұрғанын.
Осының бәрін ой елегінен тез-тез өткізіп, «1 миллион теңге» деп жазылған конвертке ұзақ қарады. «Шіркін-ай», деді, «Аспанда жарты ай бар» деген әңгімесін аяқтаған сәтін манаурай еске алып. Осындай да осындай байқау болғалы жатыр екен, мен жазуға кірісем, мазаңды алмаңдар деп екі баласын тағы да шырқыратып бөлмеден қуып шығып, шытырман оқиғалы әңгімесін А4 қағазға бір апта дегенде жазып бітіріп еді.
– Тағы да бейшара боп қайтып келерсің, сосын мен жүрем ақталып, – деген Жұмагүл күңк етіп. Ондайға ұнжырғасы түсетін Шәкең бе:
– Қатын, Шәріп әлі-ақ жарқырайды, – деп еді қалам-қағазын сайлап жатып. Сөйтіп, бір апта қағаздан бас көтермей, айбақ-сайбақ етіп жазған әңгімесін қайта оқып шықпақшы болғанда өз жазуына өзі түсінбей қалып, бүкіл отбасымен ежіктеп тағы бір апта отырған.
– Өзің түсінбеген жазуды өзгелер мүлде түсінбес, – деп әйелі қобыраған қағазды папкаға пәт­телеп жинап, мектепке алып кетіп, компьютерге бастырып әкелген.
Кісідегінің кілті аспанда, информатикадан сабақ беретін Гүлғайша үй жақта стройка боп жатыр, сондағыларға тамақ істеуім керек деп сылтауды үйіп-төгіп жүріп, компьютер сыныбын екі-үш күн дегенде әрең ашты. Онда да директор келсе жанымды шығарады деп тықақтап, желкесінен келіп дігерлеп, апыл-ғұпыл бастырт­ты. Сөйтіп, жанын жеп жазып, азаптанып бастырған әңгімені абажадай конвертке екі бүктеп тығып, хат­тың аузын оңнан солға, солдан оңға қарай екі рет жалап, аузын жауып, Алматыға ат­тандырып жіберді. Міне, сөйткен еңбегі ақталып, көптен күткен жүлдеге де қолы жетіп тұр.
Баяғы оңбай алданғаны есінен әлі күнге кетпейді… Әлгінде бас жүлде деп аты-жөні хабарланғанда аяғын тартып, біраз отырғаны бір жағынан тағы сондай уақиға боп жүрмесін деп, сақтанғаны еді. Өзінен басқа ешкім шықпасына көзі жеткен соң барып, теңселе басып, галстугын мың қайтара түзеп, әлдебіреу мұны көкірегінен итеріп келе жатқандай толқынысын әрең ауыздықтап, сахнаға көтерілген.
1 миллион алғанымды естісе ауылдағылардың іші күйетін болды-ау деп рахат­танып бір ойлап қойды. Әсіресе бейшара Жұмагүлді әбден шаршатқан Гүлғайша қайтер екен. Жылмаңдап құт­тықтап бірінші сол келіп жүрмесін. Бәрінен бұрын көңілін қуанышқа кенеп тұрғаны – құдай қосқан көршілері, өздері таз кепеш сауатсыз, сонымен қоса мұның жазушылығына күмәнмен қарайтын Таңқау мен Дәріпке армансыз жуып беретін болды. Бейшаралар соңғы кез­де ақшалары таусылып, қарызға кіріп, арақты қасықтап ішіп кетіп еді. Көрсетейін мен оларға деді езуіне келіп иірілген күлкісін жинай алмай.
Мына миллион қалай жұмсаса да жетпей ме, тәйірі. Қатыны үстіндегі ескі жадағайын киіп-шешкен сайын ерінбей, сол киімінің тарихын түгел айтып, сыңсып отырушы еді. Мә, ақша саған! Таста анау тозған жадағайды! Жазушының әйелі міне, былай киінеді. Билет ал да Алматыға тарт дейін оған! Ә, деп те қойған екем-ау. Мен қаламгер болған соң ғой анда-мында шапқылап, ел мен жер көріп жүрмін, ал ол ауылдағы жаман там мен мектеп арасын жол қылғаннан басқа не көрді? Менің шығармашылық туралы ой-толғауым мен директордың ізге түсіп, қыңқылдауынан басқа не естіді? Бір уақ Жұмагүлге жаны ашып, бой-бойынан тер ағып, көңілі майдай еріп сала берді.
Қиялға армансыз шомып кеткен-ақ екен. Жұқа ағаш есік сірә, екінші рет қағылғанда барып есін жиды. Кіргелі екі аяғынан тік тұрғаннан ба, тізесі сырқырап, белі қақиып қалыпты. Қолындағы конвертін унитазға түсіріп ала жаздады.
– Ау, Шәке, сізді таппай қалдық қой, бас жүлдені ала сала ауылына тартып кет­ті ме деп алаңдап жатырмыз ғой мында…
Шәріп әлгінде ғана жүлде тапсырған Ақтұмардың дауысын айнытпай таныды. Е-е-е, дәретханаға келгеніме де біраз уақыт болып кетіпті ғой, масқара деп ұялды енді.
– Қазір шығамын, Әбеке, қазір… – деп сасқалақтай тіл қат­ты. Е-хе-хе деп күліп еді, онысы одан әрі жасанды шығып, сенің күлкің емеспін дегендей жүдә ыңғайсыз күйге түсіріп тастады.
– Тездетіңіз енді, басшылар сізді күтіп отыр ғой, – деп Ақтұмар дауысына ыза мен күлкі араластыра сөйледі.
Шәріп конверт­ті ашар-ашпасын білмей абдырап тұрып қалды. Ашар болса қағаздың жыртылған дауысы естіледі. Ашпайын десе ішіндегі ақшаны көргенше дегбірі қалмай барады. Ақтұмар әлі де кетпей ысқыра әндетіп, сарылдатып су ағызып тұр. Тәуекел деп белдігін ағытып, сосын қайта ілдірген боп, шыға келді. Ақтұмар кірпияз қалпында, толқынды қара шашын салалап қайырып, айнаға сығырая тесіліп қарап тұр екен.
– Еңбегіңіз ақталды, Шәке, – деді мұны қолтықтап алып. Сыртқа шығып, арнайы көлікке отырып, одақтағы кабинетіне жеткенше аузы жабылмады. Мұның шалғайда жатқан талант екенін, ал былай Алматыда да жазғыштардың толып жатқанын, солардың кез келгеніне бере салса да боларын, бірақ біраз жылдан бері қолынан қаламын тастамай, әдеби ортадан алыс жатса да мойымай, сағы сынбай, ақ қағазға адалдық танытып жүрген Шәріптің еңбегін ескергенін айтып, ұзақ термелет­ті.
– Бұл өзі «Жақұт қалам» деген бәйге – ең мәртебелі бәйге, – деп біраз үзіліс жасап отырып алды.
Сахнада елпілдеп тұрғанға елгезек жігіт пе деп еді, өзі әр сөзін санап айтып, аузын есептеп ашатын, тым сырбаз адам екен деп те аңдап үлгерді Шәріп.
«Жақұт қаламның» аса мәртебелі бәйге екенін Шәріп түсініп болды ау дегендей, Ақтұмар біраз үзілістен соң сөзін қайта жалғады.
– Шыны керек, сіз қатысқанда қуандық, – деді сөзбен жағаластырып, алдындағы қағазды рет­теп, қаламды түзулеп, компьютердің шаңын сүртіп отырып. Кейбір жағдаят­тар болады – қаламгердің атын жарыс шығармайды, жарыстың атын қаламгер шығарады. Міне, сіз осының былай да былай соңғысына жатасыз. Осыдан соң «Жақұт қаламға» қатысқысы келетін жас талант­тар саны еселеп артады, бәйгенің мәртебесі бұрынғыдан да өседі, жоғары жақ та дұрыстап көңіл аударады деп сеніп отырмыз. Айтпақшы, жоғары жақ демекші, сіз алды дегенді естіген кез­де олар да «әділдік салтанат құрыпты, бас жүлдені анау-мынау емес, жөні түзу жазушы алғаны дұрыс болған екен» деп ризашылық таныт­ты, – деп Ақтұмар әңгімесінің келесі кезеңіне көшкенін байқатып, бір қозғалақтап, тамағын кенеп қойды.
Есінеудің адамнан адамға байқатпай-ақ жұғатыны сияқты, Ақтұмарға қосыла Шәріп те тамағын кенеп, ескіре бастаған портфелін сол қапталынан оң қапталына ауыстырып, бір қозғалақтап алды. Әңгіме басталғалы тек көздері ғана ашып-жұмылып, өзге дене мүшесі еш қозғалыссыз қалып еді, бір қозғалып қойғаны дұрыс та болған сияқты.
«Жөн ғой, жөн» деген үш ауыз сөз болды жоғары жақты естіген кез­де аузына түскені. Жоғары жақ деп отырғаны кімдер екен деп ойлады енді. Бағана біреу кранмен әкеліп көтеріп қойғандай болып тұрған одақтың бастығы ма, әлде жұрт айта беретін министрлер ме, бірақ әдеби бәйгеде министрдің не шатағы бар… мұндайды жазушылар одағы өздері-ақ өткізіп, шешіп, рет­теп отыра бермеуші ме еді. Президент?… Қой… мұндай бәйгенің ісіне араласып неғылсын… Жоғары жақтың кім екенін сұрасам ба, жоқ па деп өз ойымен әуре бола бастаған еді, Ақтұмар бипаздап сөйлеп отырып-ақ мұның әрі қарай ауыз ашуына мүмкіндік бере қоймады.
– Өзіңіз де білесіз ғой, қазір әділдік деген жоғалып бара жатыр, – деп енді бұған көпшік қоя сөйледі. Құдды бір мұның мойнына аса маңызды мәселенің жауапкершілігін артып қойғандай «өзіңіз де білесіз» дегені Шәріпке тым-тым қат­ты ұнады.
– Басқасын былай қойып, әділетсіздік деген теріс құбылыс әдеби өлкеге келіп ат шалдырған кез­де сорақылықтан аяқ алып жүре алмай қалады екенсің. Осыған дейін көрдік, шет-жағасын өзіңіз де білесіз, талай кем талант топ жарып, талай мықты тасада қалды емес пе?! Енді соны сіз боп, біз боп түзейтін уақыт келді, Шәке!
Шәріптің енді зәредей күмәні қалмады. Сөз жоқ, жазушылар одағы мұның еңбегін бағалап қызметке шақырғалы отыр. Өзінің де арманы осы емес пе. Хас талант жерде қалмайды деген осы екен-ау деді. Жұмагүлге келе бер деп айт­қаным жөн болыпты деген ой да санасын аралап кет­ті. «Осы жақтан біржола пәтер тауып, бір-екі айын төлеп, ауылға көңілді демдеп қайтатын болдық».
– Міне, өзіңіз «Жақұт қаламды» алдыңыз, енді келесі қаламдарды өзіңіз үлестірсеңіз дейміз. Яғни осы байқаудың әділқазылар алқасына шақырғалы отырмыз, – деді Ақтұмар көзі күлімдеп қарап. Шәріп қуанып-ақ кет­ті. Бірақ қазы болсаң әрі кетсе Алматыға жылына бір келерсің, ал жаңағы қызмет ше? Бары осы ма? Жас болса да талайды көрген Ақтұмар да пәле екен, мұның көңіл ауанын бір аңғарып алды да, қайта сөйлей жөнелді.
– Сосын сізге жоғары жақтың өзі мейірім танытып отыр, Шәке! Тәуір бір қызмет берсек пе дейді.
«Е-е, міне», деп санасы қайта серпіліп сала берді. Тауды шыңынан ұстап тұрып шыр айналдырып жібергендей күш-қуат бойына бітіп, көңілі ойнақ сала жөнелді.
– Одақ төрағасы осы жағын қарастырып жатыр, – деп орнынан тұрып келіп, мұның қолын қысты.
Бағанадан бері креслоға жабысып отырған Ақтұмар лып етіп жамбасын көтере қояды деп ойламаған Шәріп қапелімде абдырап, ыржалаңдап, қызарақтап қалды. Сонда да қайткенмен білдей бір байқаудың әділқазысы, әдеби ортадағы тәп-тәуір қызмет­тің иесі емес пе, еңсесін тіктеп, уысынан сырғи берген Ақтұмардың қолын жібермей, бір-екі мәрте сілкіп-сілкіп жіберді. Әйтеуір, қызмет­тегі адамдар осылай қысып, осылай сілкілейтін шығар деп ойлап тұрды. Дәл мынадай құрмет көрсетіп тұрған адамға миллион теңгенің 50 мыңын беріп кетейін деген ой келді енді санасына. Сол оймен конвертіне қол жүгірте берген. Ақтұмар қоя беріңіз дегендей мұның қолын кері итеріп, конверт­ті қайта қалтаға салғызып қойды. Сөйт­ті де өзі барып тартпасын ашып, күйбеңдеп кет­ті.
– Шәке-ау, – деді әлден уақыт­та дауысы үстел астынан құмығып шығып, – сіз-дің жүлдеңіз мын-да, қәз..ір…
Құдды қолына шүберек ұстап еден жуып жатқан адамдай екі бөксесі кезек бұлтыңдайды. Ыңқылдап-сыңқылдап жүріп, бір кез­де барып шықты-ау үстел астынан. Сөйт­ті де, кілең шытырлаған он мың теңгелікті мұның қолына ұстат­ты.
– Әкеліңіз, – деп сол алақанында тұрған конверт­ті жұлып алып, жұмарлап қысты да, ал енді мергендігімді көрші дегендей есік аузында тұрған қоқыс шелегіне лақтырып, дәл түсірді. Шәріп конвертпен бірге ұшып кете жаздап, ізінен екі-үш қадамды қалай ат­тағанын білмей қаңғалақтап кетіп еді, – Қайтесіз оны, – деді Ақтұмар ащы жымиысқа салып, – Қағаз толтырылған бос конверт қой ол, бұрын-соңды әдеби байқауда жүлде алып көрмегеніңізді осылай байқатасыз ғой енді, аха-ха-ха. Ақтұмар мұны құшағына басып, рахат­тана күлді. Күлгенде де дауыс мүмкіндігін көрсеткісі келген адамша ұзағынан сілтеп, күлкісінің шумағын аяқтап, одан әрі қайырмасына өтіп, тұрып алды.
– Ел-жұртқа көз қыламыз дағы.
Шәріп аң-таң боп, бозарып тұрып қалды.
– Міне, ақшаңыз. Көп ақшаны тағы да тыққыштады. Бағанадан көк қағазбен шаруасы болмай тұр екен, алақанына ақша тигенін енді сезді. Өте көп сома екені көрініп тұр, бірақ миллион емес. Жүрегі дір ете түсті. Көңілі әлденеден секем алғандай. Ақтұмар да мұның көңіл күйін сезсе керек. Бипаздап тағы сөйлеп кет­ті.
– Шәке, әлгінде жоғарыны… – сұқ саусағымен төбені көрсет­ті, Шәріптің де көзі саусақ нұсқаған жаққа қарап, қайта төменге түсті.
– Жоғарыны бекер айт­қан жоқпын. Олар өзі әдебиетке, руханиятқа үлкен қолдау көрсетіп отыр. Олар қолдамаса, сіздің де жазғаныңыз елге жетпейді, бұлай алшаң басып Алматыға келмейсіз ғой. Жүлдеңіздің аз бөлігі сол кісілерге жасаған тарту-таралғыңыз болсын. Олар сізге ат мінгізген екен, сіз де қарап қалмаңыз енді.
Ақтұмар осы сөзім жөн емес пе дегендей, ұзын бойын еңкейтіп, мұның жүзіне бір қарап алып, құшақтаған қалпы оң иығынан қысып-қысып қойды.
– Оның үстіне, одақ төрағасы сізді келесі байқауларға қазы етейік, қызмет берейік деп отыр, ол кісіге де бір алғысыңызды білдірмесек болмас. Біздікі сол қайтсе талант тасада қалмайды, ауыл көлемінен шығып, республикаға танылады деген амал, Шәке! Әйтпесе, ақша мен атақ бір күндік қой, бір күндік қызыққа таласып неміз бар. Әңгіменің арғы-бергісін өзіңіз айт­қызбай-ақ ұғынсаңыз болды. Бүгін сіз оларға ризашылық айтасыз, ертеңгі сый-құрмет көру кезегі тағы да қайта айналып сізге келеді.
«Ә, мынаусы енді дұрыс екен» деді Шәріп алаңдаған көңілін басып. Жоғары жақ мына біздей пақырды елеп-ескеріп отырса, анау-мынау емес бас жүлденің өзін берсе, байқауға әділқазы етсе, білдей қызмет сыйласа, ендеше, үнсіз қалу нағыз надан, көрсоқырдың ісі болмай ма. Қыл аяғы қағазымызды бастырғаны үшін Жұмагүл ауылдағы жалғыз дүкенші Тамарадан бір келі пешене, бір келі кәмпит алып жаман Гүлғайшаның өзіне жалпылдап рақметін айт­қан жоқ па. Сыйға-сый, сыраға-бал деген – осы. Оның қасында бұлар әйдік кісілер емес пе?!
Бұдан соң Ақтұмар іссапармен астанаға ұшып бара жатқанын, мұның әзірге ауылына барып бір тыныстап келуін, бірақ ұзақ айналмай, айналасы бірер айда Алматыға қайта оралуын мұқият­тап тапсырып, қайта-қайта құшақтап, қимай қоштасты.
Бәрінің ойдағыдай болғанына қуанса да, Ақтұмардың бұған небәрі 150 мың теңге ұстатқанын ойлап, көңілі қоңылтақси берді. Бір миллионнан – 150 мың. Әй, бұл да аз ақша емес. Бірақ көп те ақша емес. Миллионның қасында қайда кішкентай ғой деп көңілі алай-дүлей болады. Бірақ ертең қызмет берсе, ақшаның орны толар деп уайымын қуып шыққысы келеді.
Одақтың ауыр тартқан ағаш есігін ашқалы тұрып қолын қайтадан тартып алды. Қой, не болса да нақты қай қызмет­ті беретінін сұрап кетейін. Аз да болса дайындықпен келейік те деп ойлады. Сол оймен кері бұрылып, екінші қабатқа көтеріліп, әлгінде шығып кеткен есігін тоқылдат­ты. Ешкім аша қоймады. Төртінші-бесінші қағыстан соң барып жадырай күлген Ақтұмардың жүзі көрінді.
– Ау Шәке, не жүріс? – деді құдды бір мұны пәленбай күннен кейін көріп тұрған адамдай. Шәріп қалай айтсам екен дегендей, аз қипақтап, көзі тайғанақтап қалды да, кәстүмін өтірік түзеп, портфелін салмақтап-салмақтап қойды.
– Әлгі, Әбеке, сұрайын дегенім…
– Ие, ие сұраңыз, тек жылдамырақ болса, Шәке…
– Қызмет деп қалдыңыз ғой, оған бек риза болып тұрмын, әрине, дегенмен…
– Ешқандай қиқаң-сиқаң болмасын, Шәке, – деді Ақтұмар орағыта сөйлеп, – Келістік, бәрі де біт­ті емес пе?!
– Бітуін біт­ті ғой, сонда да сұрайын дегенім – нақты қандай қызмет? Соны білейін деп…
– Е, Құдай-ай, – деп Ақтұмар арқыраған күлкісін тағы да қайталады. Бірақ бұл жолы дауыс диапазонын көрсетіп жатпай, қайырмасына жеткізбей қысқа қайырды.
– «Алаш әдебиеті» ғой, Шәке-ау, «Алаш әдебиеті», кәдімгі газет ше? Бас редакторлық. Риза шығарсыз енді, Шәке?
Осы сәт Шәріп енді таңырқау мен риза болудың мүлде басқа деңгейіне көтеріліп сала берді. «Жақұт қаламның» бәйгесінде алқалап алға шыққанда да мұндай күй кешпеген болар. Мынау бір тәт­ті сезім сыйлап қоя беретін ғажайып сөз екен. Бас редакторлық! Біт­ті емес пе, біт­ті деген осы емес пе! Ақтұмардың «келістік, біт­ті емес пе?!» деп сенімді сөйлейтіндейі бар екен-ау! Ойпыр-ай!
Желдіртіп жаздым дегеннің өзінде кемі екі-үш минутыңды жеп қоятын мына сөздер, мына сезімдер тізбегі Шәріптің миын астан-кестең етіп, небәрі бірер секундта-ақ жүріп өткен болар.
– Ау, сіз немене, разы емессіз бе? Әлде одақтың төрағасы етпеді деп ренжіп тұрсыз ба? – деп, Ақтұмар саңқ етіп, мұны бұлт­тардың арасынан жерге әрең түсіріп алды.
– Ойбай, құрсын, Ақтұмар айналайын! Ренжуші ме едім? Риза болып тұрғаным ғой… Ризамын!
Желкеден құйылған тер жонын бойлап ағып бара жатқанын өзі де аңғарған жоқ. Еріксіз елпіл қаға берді. Көктен тілегенді жерден берді дегенді осындайда айтар болар. Енді алаңсыз кете берсе де болады.
Осы екпінмен келіп, ағаш есікті ашып кеп жіберген мезет­те одақ ғимараты есіксіз қала жаздады. Сағатына қарап қойды. Бұл уақыт­та Жұмагүл пойызға мінуге әзірленіп те жатқан болар. Келсін, келсін! Келгенде қайтер екен? Басқа-басқа емес, «Алаш әдебиетінің» бас редакторы шығып күтіп алғанда не істер екен? Осы қызды-қыздымен одақ ішінде орналасқан газет редакциясына кіріп барып, өзінің болашақ қызмет орнымен таныспақшы болып, тұтқаны ұстай беріп, райынан тез қайт­ты. «Қой, әзірге сабыр етейін» деді өз-өзін зорға тежеп. Әлі-ақ оның да уақыты келер.
Жазу-сызуға кіріскелі ептеп араласа бастаған, өңшең отыздың мол ішіне әбден еніп алған жігіт­тер болушы еді. Солар анау бір аулақта топтасып тұр екен, көре салысымен бұған қарай аяңдады.
– Ау, жумаймысың, Шәке? – деді ішіндегі пысықтауы Құралбек сөзге кірісіп. Біз де жөн-жобаны білеміз дегендей, мұны дұрыстап құшақтап, қолын тағы қысып, жаңалап құт­тықтап қоюды да ұмытқан жоқ. Басқалары да осы мезірет­ті айнытпай жасады. Тың бір әңгіме басталады ғой, не асығыс бар деген адамша, ғұмыры таусылған темекілерін қоқысқа шиіріп, жаңасын тұтата бастады.
– Шәкеңнің еңсесі көтеріңкі – миллионның буы оңай ма енді? – дейді Сәбит деген жігіт. Өзі ақын еді, соңғы уақыт­та проза жаза бастаған.
– Шәке, бүгін сіздің құзырыңдамыз, – деді Айнабек басын төмен иіп, – Қанша бокал іш десеңіз де дайынбыз, қарсы шықпаймыз, орындай береміз. Бұл әзілге Шәріп те, басқалары да рахат­тана күліп алысты.
Алматыда ат­тап бассаң кафеден көп нәрсе жоқ-ау деген, жан-жағына қарап келе жатып. Ескі Passat-ты аңыратып айдап келе жатқан Айнабек соның біріне де тоқтамай, тар қуыстағы әлдебір құжыраға тірелді.
Ал кеп іш. Жуыс деген осындай-ақ болар деп Шәріп те барын салып жатыр. Бәрі мұны бір-бірден мақтап, тост көтерісті. Өзі де тілек айт­ты. Одан әдеби ахуалды сөз етісті. Әңгіме таусылар емес. Іштеріне ел қонып, буын-буындары балқи бастаған сәт­те, сөз кезегі одақ жақты маңайлауға көшкен.
– А-а-а-а-ллллл, – деді Құралбек бұған миығынан күліп қарап, жағын таянған қалпы, – Әдебиет жоқтаушысы Ақтұмар саған қандай қызмет берді?
Ал айта ғой, айт енді дегендей үшеуі де көздерінде әлдебір сыр ойнап, бұдан жауап күте үздіге қарап қалыпты. Ойпыр-ай, деп селк етіп, әлгіден бері ішкен сырасы жайына қап, есін жиып алды. Мыналар қашан естіп үлгерген? Одақ туралы емін-еркін сөз етулері әсте тегін емес, Ақтұмар сүйінші сұрап үлгерген де.
– Енді еңбегімді елеп, қызмет ұсынғаны рас қой, – деп күмілжи беріп еді, – Жоқ, қызмет ұсынғанын біліп отырмыз, нақты не қызмет екенін айт, – деп шулап қоя берді. Енді айтпасқа амал қайсы. Түбі бәрі білетін шындық…
– Бір ай шамасында бұйыртса Алматыға қайта ораламын, жігіт­тер, – деді бұл енді салқынқанды қалыпқа көшіп, – Әбекең…
– Әбекең деп сипалап отырғаның Ақтұмар ғой? – деді Сәбит сөзін бөліп.
– Иә, Әбекең… Ақтұмар…
– І-і-і, айта бер
– «Алаш Әдебиетінің» басшылығын рет­тейміз дегендей қылып отыр ғой…
Үшеуі жатып кеп күлсін. Өзі аядай тар кафені бастарына көтеріп күлсін. Өзге ішкіштердің бәрін осы жаққа қарай үдере қаратып, есік-терезені теңселтіп тұрып күлсін. Құдайым-ау, қарқылдай ма, кеңкілдей ме, арасында қиқ-­қиқ, шиқ-шиқ ете ме, бір уақыт­та ауыздарына сақ-сақ еткен күлкі келіп қонақтай ма, әйтеуір күлкінің қанша түрі болса, соның бәрі бір-бірден келіп, кетіп жатқандай. Шәріп таң. Бұл қуанғанның белгісі емес. Қуанғаны болса күлкі тез тыйылар еді, мынау жүдә ұзаққа созылып тұрып алды ғой. Бір шикіліктің болғанын, өзінің оңбай отқа түскенін Шәріп енді сезінді. Енді аңғарды. Ендігі әңгіменің де нендей бағыт аларын іштей сезіп, жан дүниесі лезде әлем-жәлем болып кет­ті.
Құралбектің күлкісі қотыр жолда шоқырақтап барып тоқтаған жаман көліктей әрең-әрең тежелді де, күлкі иесі:
– Шүкір, бәріміз де бір-бір қызмет­тің пұшпағын ұстаған жандармыз, – деген сөзді әрең айтып, арқыраған күлкісі қайта күш алып сала берді.
– Өз басым «Алаш әдебиетін» екі рет басқарғам, – деді Сәбит шынымен басқарған адамша сөйлеп, – Құралбек брат тіпті жоғарылап, одақ басшылығына дейін барды.
Айнабек те қызмет­тен кенде қалмаған адам ау, аузы біресе оң езуіне, біресе сол езуіне қисайып, сұқ саусағымен күлкіден пайда болған көз жасын сүрткілеп отыр.
– Айтшы, Құдай біледі ары кетсе 200 мың теңге берді ме, – деді Айнабек күліп отырып сөйлеп.
– Жүз елу берді, жігіт­тер…
Көңілі құлазып кеткен Шәріп шынын айт­ты.
– Қалғанын тарту-таралғы, жоғары жаққа сый-құрметіміз деп бөскен шығар. Бағана саған ескертейік деп едік, жүлдеңді ала сала ұшты-күйлі жоғалдың ғой. Содан не болса да «бір креслоға отырып» шығар, күтейік деп жүрдік. Әй, бірақ бәріміз де жартысын беріп, жартысын алып жүріп жатқан жандармыз. Алайда саған тіпті обал етіп жіберіпті енді, – деп Құралбек тағы күлсін.
Ендігі ішістің де, жуыстың да берекесі қалған жоқ.
Қалтамдағы жүз елу шот­ты жабуға жетсе жақсы, ертең Жұмагүл келе жатыр алып-ұшып, оған не бетімді көрсетемін. Бейшара, Жұмагүл-ай, тағы да ақталатын болды-ау деп күйінді. Жазған шығармасын шынымен жақсы деп ойлайтын Шәріп «бәрін қойшы, бас жүлдегер деген атағым бар ғой» деп өзін жұбатқысы келіп еді, көңілі құрғыр оған да алдана қоймады.
Ақ деген сөзден, адалдықтан садаға кеткір Ақтұмар деп ойлады ащы сыраны сіміріп салып отырып, «бәрі де біт­ті емес пе» дегеніңде мән бар екен ғой. Бәрі де біткен екен ғой шынымен!
Қасында сүмірейіп жатқан грамота мен гүлге қарады. 1 миллион теңге деген жазу грамотаның бетіне бат­тиып тұрып жазылыпты.

 

Абай Аймағамбет

ПІКІРЛЕР1
Аноним 17.09.2023 | 21:37

Шынымен осындай оқиғалар болған болар, иә? Жазушы бекер жазбайды ғой!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір