ТОБЫҚ (Әңгіме)
07.10.2023
2143
2

Таң атпай оқыған мына шынайы, әсерлі, шағын «Тобық» деген әңгіме мені қат­ты толқыт­ты. Нем бар еді оқып, а?..
Авторы Елеусіз Мұрат екеуміз осы күндері бір аурухананың бір бөлімінде, көрші палатада емделіп жатырмыз. Ол маған алдыңғы күні шағын кітабын сыйлады. Басқа, көп әңгімелерін уатцап нөміріме жіберді. Оқып көруімді өтінді. Сонымен, қол қалт еткенде кезекпен оқып жатырмын. Осы Елеусіз Мұрат­ты мен танығалы кемі 40 жылға жуық өтіпті. Қашанда сырт көзге жараған ат­тай, бойында артық еті жоқ, сыптығыр қара, өте сергек, жылдам, әрі тез қимылдайтын адам. Мен оны тек ұшқыр ойлы, қаламы жүйрік журналист деп қана ойлайтынмын. Кез­десіп қалсақ, амандасып қана өте шығатын­быз. Кеше палатамның алдында тұр едім, әдет­тегісіндей жылдам басып, жаныма келіп, қауқылдаса амандасты.
Түбі Созақ жақтың, даланың қазағы. Ол менің төрт күннен бері осы палатада жатқанымды естігенде, таңғалды. «Мен мына бөлмедемін» деп, көрші есікті көрсет­ті. Елеусіздің «Тобық» деген мына әңгімесі менің көзімнің жасын бұрқ еткізді. Иә, жылат­ты. Жауа алмай, айналып жүрген бұлт­тай жабырау көңілдің күйі көзімнен жас болып үзіліп түсті.
Кеше кешке қарай менің палатамда шәй ішіп отырып, екеу­міз ұзақ сырласқанбыз. Біраз ұзадық… Күнгей, теріскей, Созақ, Тәкен, Асқар Сүлейменов, Сатыбалды Нарымбетовке дейін, одан созақтық күйшілер мектебіне ойыстық. Сүгір, Төлеген Момбеков, Файзулла Үрмізов, Генерал Асқаров… одан кейін аздап «Созақ» көтерілісіне соқпай өте алмадық. Бұдан ары Созақ көтерілісі жайлы жас кез­де жазған дастанымнан үзінді оқып барып, әрең саябырсығандай болдық. Одан соңғы әңгіме қайырылмай кеткен жылдардың бодауында кеткен, жастық шақтағы мұңлы махаббат тақырыбына қарай ойысты.
Өмірде, әсіресе жастық шақта қат­ты қателесуге болмайды. Бір қателессең, өмір бойы жабырқап, құлазып, сіркең су көтермей өтесің. Әрине, оны ешкімге сездіре қоймайсың. Өзіңмен-өзің, оңаша қалғанда ғана торығасың. Жабырқайсың. «Елеусіз» жүрген Елеусіз Мұрат­тай дарынды жазушыны осылай кез­дейсоқ оқығанда осындай бір күйді бастан кешесің.

Қасымхан БЕГМАНОВ,
ақын

Іші қыз-қыз қайнаған моншаның демалыс бөлмесінде осы әлгінде ғана ыстық будан бусанып шығып, қызарған жалаңаш тәндерін бір-бір ақжаймамен орай жауып отырғандар алдарындағы стакандарға мөлтілдетіліп құйылған араққа бірден қол созбай, төрдегі шүңірек көзді, қыр мұрынды, қоп-қою қара мұрты бар сымбат­ты жігіт ағасына қараған. Ол «алыңдар», не «алып қояйық» деп ишара білдірместен, мөлт-мөлт етіп шайқатылған арақты бейнебір шөлден қаталап келген адамдай, өңешіне қотара салған. Басшының төңірегіндегілерге берген әмірі осы болса керек, жағалай отырғандар жапатармағай ыдыстарына қол созысқан. Дастархан басында тарелкалар мен шанышқылар сылдырлап, қозғалыс байқалған. Тек бастық ғана алдындағы аста-төк астан дәм татпады, есесіне, ыдысына шүпілдетіліп құйыл­ған арақты тағы да шалқалай тартып, жұмылған жұдырығын тіске басар ретінде танауына тақап, мүлгіп біраз отырды. Батыстағы ірі мұнай компанияларының бірінің басшысы, сырт көзге сыпайы көрінетін Қайыр Смағұловты бұл өңірдің адамдары көбінесе іскер басшы ретінде таниды. Жетім-жесір десе, жүрегі сыздап тұрады. Қайбір жылы күйеуі қайтыс болып, шиет­тей бала-шағасымен баспанасыз қалып кеткен келіншекке өз қаражатына үш бөлмелі пәтер сатып алып берген. Рас па, әлде өтірік пе, білетіндер компания басшысы да туабіт­ті балалар үйінде тәрбиеленген тұлдыр жетім деп айтады. Бойын­дағы жалғыз міні – ішімдікке жақындығы ғана. Өзі дүрдей компания­ның бастығы бола тұра жалғыз бөлмелі пәтерде тұрады. Толқындары күркіреп жағаға ұрған теңіз жағасынан аспанмен таласқан зәулім сарай салып алса да, «әй, мынауың қалай» деп ешкім сөге қоймас еді ғой. Әйтеуір былайғы жұрт үшін өткен өмірі жұмбақ адам. Сол себептен де болар, қабілет-қарымының арқасында үлкен компанияны басқарып отырған Қайырдың жалғызбастылығы төңірегінде өрбіп жүретін қилы-қилы әңгімелер көп. Біреулер сүйіп қосылған адамы Қайырдың байлығы мен мансабына қарамастан, есігінің алдында жүретін аула сыпырушысымен көңіл қосып кетіп қалыпты деседі. Ал енді біреулер ертегіге бергісіз бұл әңгімені жоққа шығарып, «жоқ, Қайыр студент кезінде медицина институтында оқитын бір сұлу бойжеткенге өлердей ғашық болған көрінеді, ал ол үйленер кез­де әлгі қыз «сен менің теңім емессің» деп тастап кеткен көрінеді дейді. Қайырдың бойдақтығына қатысты әңгімелер мен алуан түрлі жорамалдар осылай жалғаса береді. Тек жұрт аузындағы сан құбылып айтылатын хикая­лардың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін басшының өзінен сұрауға ешкімнің батылы жетпейді. Әрбірден соң өзге біреудің ішкі өмірінде жұрт­тың қандай шаруасы бар десейші. Жігіт­тер жағы тағы да екі-жүз грамнан тастап алып, ыстық буға кіруге жинала берген кез­де басшының орынбасары Омардың:
– Жігіт­тер, Қайрекеңе қараңдар! – деген жан дауысы шыққан.
Жүгіріп келгендер басшыларының өңі жуған шүберектей бозарып, сол жағын ұстап, жұмсақ креслоға бір жамбастап құлай бергенін ғана көріп қалды. «Жедел жәрдем» шақыртылып, көңілді топ табан астынан әбігерге түсті. Келген дәрігер әрі бері тексеріп:
– Жағдайы қиын, инфаркт, – деді. – Шұғыл ота жасамаса болмайды.
Ауруханаға жеткізілген Қайырдың жүрек кінәраты тексерілді. Қырсыққанда облыстық ауруханада жүректің дәл осындай сырқатына ота жасайтын маман жоқ болып шықты.
– Бітелген тамыр жүректің дәл астында екен, Астанадан маман шақыртпасаңдар, менің шамам жетпейді, – деді облыстағы менмін деп жүрген кардиолог маманның өзі шарасыздықтан алақанын жайып. – Менің бір білетінім, елімізде мұндай отаны жасауға машықтанған бір ғана дәрігер бар, ол Астанада тұрады, медицина ғылымдарының докторы, жүректің дәл осындай ауыр кінәратын сол кісі ғана емдей алады. Не істеу керек?
– Ау, ендеше, не тұрыс, қаражат жағынан қам жемеңіз, – деді бастықтың орынбасары Омар.
– Түсінесіз бе, – деді кардиолог маман күмілжіп. – Мәселе қаржыда емес, Жазира Еркінбекқызы мұндай ит арқасы қияңдағы жерге келе қояр ма екен, қол бос болса, қанеки, ол кісіге сұраныс көп…
Тершіген мұрнының ұшына сырғып түсе берген көзілдірігін қайта-қайта түзеген дәрігердің астаналық маманмен батыл сөйлесуге жасқанғаны байқалып тұр. Бірақ басқа жол жоқ еді, бәрібір телефон шалды.
– Әлләу, – деді асып-сасып. – ­Жазира Еркінбекқызы, облыстық аурухананың кардиологы Өскенбаевпын. Сіздің көмегіңізге зәру болып отырғанымыз. Қолым бос емес дейсіз бе, әт­теген-ай енді қайт­тік, – деп қалбалақтады. Жағдайдың басқа бағытқа кетіп бара жатқанын аңдаған Омар кардиологтың қолындағы телефонға жармасып, жалма-жан өзі сөйлесті.
– Жазира Еркінбекқызы көмек көрсетпесеңіз, қазақтың маңдайына біткен бір азаматынан айырылып қалайын деп отырмыз, қол ұшыңызды беріңіз. Иә, ірі мұнай компаниясының басшысы Қайыр Смағұлов деген жігіт. Табан астынан осындай жағдай болып қалды…
О, тоба ар жақтағы дәрігердің Қайыр­дың атын естігенде шошынған даусы естіліп қалды.
– Кім дейсіз, Қайыр ма? Қайталап айтыңызшы, Қайыр Смағұлов па? Әуежайдан күтіп алыңыз, – деді.
– «Апырай, біздің Қайрекеңді Астанадағы дәрігерлерге дейін біледі екен ғой», – деді Омар таңданып.
Астанадан ұшқан ұшақ облыс орталығына қонған кез­де үстінде көгілдір көйлегі бар жасы қырықтың үстіндегі сүйкімді келіншек жанына екі көмекшісін ертіп, сатымен түсе берген. Сүйкімді дәрігердің жүзінде әлдеқандай абыржушылық бар еді. Дабылын ойнатқан жедел жәрдем жол бастап, астаналық дәрігерді ауруханаға жеткізген. Мұндағы жұрт түгел дүрлігіп кет­ті.
Ота бес сағатқа созылған. Әлден соң доктор операциядан шыққан. Маңдайы­ның терін сүртіп, еркін тыныстады.
– Жазира Еркінбекқызы, шағын дастархан жасатып қойып едім, мүмкіндігіңіз болса, шәй ішіп қайтайық, – деді Омар.
Дәрігер жоқ деп айтпады. Езу тартып, жымиғанда бетіне ойнап шыға келетін оймақтай шұңқыры сүйкімділігіне одан сайын сұқтандыра түсетін келіншектің әлдебір нәрсені айта алмай, қобалжып отырғаны жүзінен аңғарылып тұрды. Әңгімені неден бастарын білмей Омар да қиналды. Десе де сабырды тәуекелге жеңдірді.
– Қайыр Смағұлұлын бұрыннан танитын сияқтысыз ғой, – деді сыр тартып.
 Дәрігер бірден лақ етіп ақтарыла салмады.
– Жәй… студент­тік жылдары қатар оқып едік. Тәңірім-ау, одан бері қанша жыл өтіп кет­ті. Ол кез­де жас едік. Енді мынау… елуге бет­теп барамыз…
Дәрігер мұңайған.
– Олай демеңіз, көңілі жас адамдар қартаймайды, – деді Омар жұбатқан болып.
– Көңіліңізге рахмет! Жарық дүниедегінің бәрі өзгереді, бәрі тозады, – деді келіншек Омардың пікірімен келісе қоймай. – Қайыр маған бұдан отыз жыл бұрынғыдай елестейтін. Мен онымен курстас қызымның туған күнінде таныстым. Ол кез­де қазіргідей кафе, мейрамхана қайда, Алматыдағы Тастақтың төменгі жағындағы жұпыны пәтерде бас қостық. Политехтан бір топ жігіт келді. Жанымдағы қыздардың барлығы сол жігіт­тердің ішінен сұңғақ бойлы, шашы бұйра Қайырға өлердей ғашық болды. Оның гитарамен ән айт­қанын естіген қыздардың алды мүлде құлап қалды. Сөйтіп, аспандағы жұлдызға айналған Қайырға жаратқанның өзі мені ойда жоқта жақындат­тырды. Қазір есімде жоқ, тамақтан соң бір жігіт:
– Қызық болсын, мединститут­тың қыздарымен тобық ойнайық, – деді жұп-жұмыр сүйекті алақанында қақпақыл ойнатып отырып. Жеребе тасталды, тағдырдың таңдауына қарасаңызшы, орамалдың арасынан Қайыр екеуміздің аты-жөніміз шықты. Ойынның шарты бойынша Қайыр үш рет менен тобық сұрауы тиіс, егер мен тауып берсем, ұтылғаны. Ұтылған адам аптаның кез келген күні таңертең мені ертіп алып, қаланың дүкендерін аралатып, қалаған нәрсемді сатып алып беруі тиіс. Сонымен ойын басталып кет­ті. Қысқы сессияның әлегімен тобықты ұмытып та кеткенмін ғой, бір күні жатақхананың фойесінде жайбарақат тұрсам, ойда жоқ жерден Қайырдың кіріп келіп, тобығын сұрамасы бар ма. Тауып бере алмадым, ұтылдым. Бірақ менің әлі де екі кезегім бар еді, ұтылғанымды мойын­дамадым, есесіне сақ жүрдім. Арадан біраз уақыт өткеннен кейін автобуста жатақханаға қайтып келе жатқанмын. Қасымда малдәрігерлік институтының қыр соңымнан қалмай жүрген Сабыр деген жігіті екеуміз мәз-мейрам болып келе жатқанбыз. Сабыр мені құшақтап алған. Қырсық шалғанда мен оның құшағына көміліп, ал ол болса, менің шашымнан иіскеп тұрған сәт­те Қайыр кіріп келіп, тобығын сұрады. Сабыр:
– Мынауың кім, – деді жақтырмай. Қайырдың қызғанғаны болар, бұрыла бере:
– Ұтылдың, – деді. Мен де қайта қоймай:
– Тағы бір мүмкіндігім бар, – дедім. Қайыр қайы­рылмады. Сол жолы ойыннан ғана емес, тағдырдың маған ұсынған сыйынан құралақан қалып, ұтылғанымды білдім. Қайыр қайтып оралмады. Соңғы жүздесуден соң оның ішімдікке үйір бола бастағанын естідім. Барып, мән-жайды түсіндіргім келгенімен, намысым жібермеді. «Әрі беріден соң, ол маған кім, екі-үш рет киноға барғанымыз болмаса, тіпті жігітім де емес ғой» деп, өз-өзімді жұбат­тым. Бірақ Қайырды есімнен шығара алмадым, оны шын сүйетінімді кеш түсіндім. Жынды адам сияқты политехтің жатақханасының сыртында тұрып-тұрып қайтатынмын. Алты жылдан соң институт­ты бітіріп, Сабырға тұрмысқа шықтым. Алайда ол мен ойлағандай адам болмады. Ерлі-зайыптылық өміріміз бар болғаны үш жылға зорға жет­ті, екеуміздің жолымыз екіге айырылды. Бір баламен мен қалдым. Тек есімнен Қайыр шықпайтын, кей кез­дері жолымның сәтсіз аяқталғанына өзімді кінәлап, жігіт­тің наласына қалғандықтан, осындай күйге ұшырадым-ау деп те торығатынмын. Жылдар жылжыды, қызмет баспалдақтары бәрін де ұмыт­тырды. Бірақ сенесіз бе, ескі дерт сияқты Қайыр ойыма оқта-текте оралғанда шырт ұйқымнан шошып оянатынмын. Оның үстіне, арадан қаншама жылдар сырғып өтіп кет­ті. Қайыр үйлі-баранды болса, отбасының шырқын бұзып қайтемін деп те ойлап, іркілдім. Ақыры Қайырмен мынандай жағдайда қайта ұшырастым.
Омар әңгіме арасында Қайырдың мединститут­тың қызына ғашық болғанын естігенін, тек ауқат­ты отбасынан шыққан бойжеткеннің менсінбей тастап кеткенін айт­қанда Жазира езу тартып, жымиған.
– Әлдебіреулердің әңгімеге қосқан әрі болса керек. Қалай дегенде де Қайырдың алдында өзімді біртүрлі кінәлі сезінемін. Өзім ауыртқан жүректі бүгін өзім емдедім емес пе, – деді.
Облыстық аурухананың бас дәрігері алыстан келген атағы дардай қонақ келіншектің қолын қайта-қайта қысты.
– Апыр-ай, сіз болмағанда не істер едік, пациентіңіз сізді көрсем деп жатыр, – деді. Келіншектің бетінің ұшының алаулап, қызарып қоя бергенін Омардан басқа ешкім де байқаған жоқ. Жазира қобалжыңқырап, палатаның табалдырығынан ат­таған.
Самай шашы бурыл тарта бастаған жігіт ағасы орнынан тұруға ұмтыла беріп еді, дәрігер «қозғалмаңыз, жата беріңіз» дегендей ишара жасады. Өмірі жанары мұңданып тұратын басшыларының көздерінде бұрын-соңды байқалмаған ерекше бір қуаныштың бар екендігін Омар алғаш рет көрді.
Жазира Қайырдың жанына отырып, тамырын ұстаған болып, алақанын сипады. Науқас бірдеңе деп айтуға оқталып еді, дәрігер «үндеме» дегендей аузын басты. Соның өзінде Қайыр:
– Жазира…, – деп қалды.
– Сен тобықтан ұтылғаныңды білесің бе, – деді Жазира. – Үшінші кезегімнің бар екендігін ұмытпаған шығарсың.
Қайыр басын шайқады.
– Ал сен ұтылдың…
Жылы жымиған дәрігер келіншек жұмулы жұдырығын жазғанда оның әппақ алақанында ақжемденіп кеткен тобық жатыр еді…

Елеусіз МҰРАТ

ПІКІРЛЕР2
Аноним 07.11.2023 | 20:54

Рахмет, жазарыңыз мол болсын.

Аноним 07.12.2023 | 02:26

Мықты әңгіме.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір