Аязби АҚБЕРГЕНҰЛЫ. САНАҒА СЕРПІН БЕРЕР ЦИФРЛЫҚ ӨЗГЕРІСТЕР
02.06.2026
57
0

(Жалғасы. Басы өткен санда)

Жаңа цифрлық ортада әр адамның ойлау өрісінің өзгергені, сыни көзқарасының қалыптасып, жаңа машықтар мен біліктілікке қол жеткізгені жетекші мәнге ие болуда. Сонымен, ойыңды өзгерту – бүгінгі күннің басымдығы, тренді! «Табысты боламын десең, ойыңды түзе!» бүгінгі мотивация берушілердің басты ұраны осылай болып келеді. Келіспеске болмас, енді осыған әсер ететін факторларды саралап көрейік. Стратегиялық коммуникациялар монолог емес, ол – үздіксіз диалог, мақсатқа жету жолында ақпаратты, сананы және іс-қимылды жүйелі түрде пайдалану процесі. Адам – Қоғам – Мемлекет арасындағы ақпарат­тық қарым-қатынастар алдыңғы қатарға шықты. Сонымен, жай ғана «жаңалық таратып, ақпаратпен бөліспейміз», ілгері жылжуға қатысты мағыналар (Narrative) мен құндылықтарды басқарамыз. «Мен кіммін?», «Біз кімбіз?» және «Қайда бара жатырмыз?» деген сұрақтар әркімді-ақ мазалап, көкірегінде сайрап тұрады және әркім өзінің шама-шарқына қарай жауабын табады. Менің мақсатым – сол саналы ойға тамызық тастап, әркім жауапкершілікпен әрекет ететіндей ортаны және белсенді азаматтық қоғам қалыптастыруға дәнекер болу.
Цифрлық құрылымдар жылдам дамып, түрленіп, жетіліп келеді. Ал оның қозғаушы күші білікті мамандар екені түсінікті. Осы жаңа салаға қажетті мамандар даярлау ісі қолға алынып, 2009 жылы Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті құрылған еді. Еліміздегі осы бағытқа маманданған тұңғыш жоғары оқу орны аз уақытта биік нәтижелерге қол жеткізді, оның түлектері әлемнің алпауыт IT компанияларында қызмет етуде, отандық өндірістің дамуына өз үлестерін қосуда, сөйтіп желілік-техникалық ұлттық элитамызды қалыптастыруға мұрындық болып жүр деп айта аламын. Екі мәрте Германияның ASIIN агенттігінің институционалдық аккредитациясынан жоғары баға алып, ХАТУ дипломы халықаралық деңгейде мойындалады және әлемнің жетекші оқу орындарымен тең жүреді деген ұйғарымына қол жеткізді. Міне, осындай заманауи, өзгерістерге бейім білім мен ғылым ордасында еңбек етіп, өз үлесімді қосып отырғанымды мақтаныш етемін.


Ең күрделі цифрлық өзгерістер бұқаралық ақпарат саласында өрістей түсуде. Коммуникацияның жаңаша сипатын, көпжақты ақпарат алмасудың және ондағы әлеуметтік желі сияқты жаңа факторлардың рөлін ескеріп «Масс-медиа туралы» заңымызды қабылдадық. Ондағы мақсатымыз да – «Адам – Қоғам – Мемлекет» қатынасындағы арасалмақтың тепе-теңдігін табу және әртүрлі мүдделердің бір арнаға тоғысуы мен үйлесіміне қол жеткізу болды деп бағалаймын. Смартфон сияқты мобиль­ді және көптарапты байланыс құралдары ақпараттың жылдамдығын ғана емес, оны өндірушілердің қатарын да көбейтті. Қазір ақпаратты жинап, саралап, өңдеп барып тарататын журналистік редакциялардан гөрі, еркін һәм толассыз медиатасқын жасайтын авторлардың үлесі де, ауқымы да орасан. Азаматтық журналистика өріс алып, жаңа медиаформаттар қолдау табуда, ал блогерлер ресми ақпаратқа балама ұсынатын ахуал қалыптасты. Медианы тұтыну цифрлық платформаларға қарай ойысып, Telegram-каналдар, TikTok және Instagram инфлюенсерлері қоғамдық пікірге әсер етуші күш ретінде мойындалды.
Жасанды интеллектің цифрлық контент жасауға енуі тек жаңа құралдардың пайда болуы ғана емес, сонымен қатар парадигманың түбегейлі өзгеруіне әкелді, біз адамдар жасаған туындыдан адам бақылауындағы алгоритмдер жасаған контентке көшіп жатырмыз. Әсіресе медиа, веб, сурет, бейне, дизайн, жарнама және маркетинг салалары ЖИ-ді қарқынды қолдануда. Ендігі жерде «контент-зауыт» деген ұғым пайда болды, ЖИ сервисінің көмегімен автоматты контент өндіру, тарату кең қанат жаюда. Ақпарат алмасуда тілдік шекара жойылды, кез келген тілден аудармасын өңдеп беретін сервистер қолданысқа енді және күннен күнге аударма сапасы да жақсарып келеді.
Бүгінгі таңда редакцияның жұмысы медиамониторингтен басталатын болды. Ең алдымен, медиаменеджерлер ақпарат кеңістігінде не айтылып, не жазылып жатыр, кешегі резонансты хабарлама қайсы, қай мақала оқылды, оған қандай пікір жазылды, эфирдегі хабардың рейтингі қалай өзгерді деген талдау жұмысымен танысады, соған сәйкес кезекті тапсырмаларын береді. Бұл үрдіс толықтай автоматтандырылған, тіпті ақпараттың реңін жағымды, негатив, бейтарап деп бағалап та беріп жатады. ЖИ көмегімен халықтың көңіл күйін (Sentiment analysis) нақты уақыт режимінде талдау мүмкіндігі туды. Бір ғана өкініштісі, осы талдауды, негізінен, шетелдік сервистер жинақтап береді.
Медианы талдаудағы бір қуанышты жағдайға назар аудармасқа болмайды. Ақпараттық кеңістікте қазақтілді аудиторияның басымдығы айқындала бастады, коммуникацияның негізгі драйвері орыс тілінен қазақ тіліне біржола ауысты. Оны сапалы қазақтілді контентке сұраныс артқандығы дәлелдейді.
Заманауи коммуникация дегенде өз ішімізде шектеліп қалу да дұрыс емес. Қазақстанға туристер тұмса табиғатын көру үшін ғана ағылмауы керек. Қазақтың биік рухына, көшелі мәдениетіне, салт-дәстүріне қызыққаны маңызды, эмоция ғана емес, рухани шабыт алып, қанағаттанып, қанаттанып еліне оралғанын қалаймын. Дамыған елдердің ғалымдары елге келіп сабақ бергенді, ғылымына өз үлесін қосқанды өзіне мәртебе, жетістік санағаны жөн. Адам жаны мен тәнінің тамыршысы Өтейбойдақ ұрпақтары көрсететін дәрігерлік шипа даңқы жер жарып, ем іздегендерді магнитше тартып тұрса, қанеки! Дамыған мемлекет, цифрлық белсенді қоғам, толық адам үштағаны осындай үйлесімнен, микроклиматтан тұруға тиіс. Халықаралық коммуникацияға бейімделген осындай тәжірибені Ұлттық ғылым академиясының мүшесі Кенжехан Матыжанов басқарып отырған Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының көп қырлы қызметінен аңғардым. Соңғы жылдары институт ұжымы қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары Абай Құнанбайұлы, Жамбыл Жабаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Қаныш Сәтбаев, Жүсіпбек Аймауытұлы шығармаларының академиялық толық жинағын әзірлеп, том-том кітап етіп бастырып қана қоймай, онлайн нұсқасын ашық жариялап отыр. Абайтанудың цифр­лық корпусы жинақталды, онда дана Абайдың бай мұрасы толықтай жаңа форматта жарияланды, өлеңдері, қара сөздері мен поэмаларын аудионұсқада тыңдау мүмкіндігі туды, қолжазбалық дерек көздері мен құжаттары зерттеушілер үшін қолжетімді болды, әндері мен күйлері нотасымен және ғылыми түсініктемесімен сайтта ашылып тұр, яғни веб-технологияға негізделген осы құнды ақпарат әлемнің кез келген нүктесінде, зейінді аудитория үшін, зерттеушілер үшін ақысыз, онлайн қолжетімді. Ал қазіргі онлайн сервистер мұндай ақпаратты сол заматта кез келген тілге аударып беруге қау­қарлы екенін ескерсек, біздің Абайымызды жер шарының кез келген көзіқарақты оқырманы жанына серік ете алады.
Әуезов инстутуты ЮНЕСКО сияқты халықаралық ұйыммен де ынтымақтаса отырып, бай рухани құндылықтарымызды ортақ мұра ретінде тану бағытында да жұмыс атқаруда. Түркі халықтарының ортақ фольклорлық мұрасын жинастыруда, қазақтың жауынгерлік рухының ұстыны болып табылатын «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын» жырларын ағылшын тілінде жариялады. «Қырымның қырық батыры» эпопеясы әлемдік поэзияда ең ауқымды жыр-дастан ретінде танылуға лайықты. Қазақ халқының бірнеше ғасырды қамтитын жауынгерлік рухы мен қайсар мінезі, болмыс бітімі мен ой-арманы паш етілетін құнды мұрамыз өз бағасын алуға тиіс. Осы бағытта бірқатар шаралар қолға алынуда. Осындай баға жетпес құнды дүниелер цифрлық мультимодальді форматтарда тарап жатса, аудиомен қатар бейнеобраздар жасалса, бүгінгі және келер ұрпақтың игілігіне жарап, мақтаныш сезімін туғызады емес пе?!
Жаңа құралдар ақпараттық ортаны жақсартумен қатар бірқатар мәселелерді де жалаңаштап берді. Ең бастысы сапалы, тексерілген ақпаратпен қатар бұрмаланған ақпарат, хайп, эмоцияға негізделген жеңіл контент сияқты қауіп-қатерлерді де алға шығарды. Жекелеген ғалымдар пост-шындық (Post-truth) дәуірі фейктер мен манипуляцияның көбеюіне апарады, стратегиялық коммуникацияларды қорғаныс режиміне (Fact-checking) көшуге мәжбүр етеді деген пікір айтуда. Осыдан келіп, сенім дағдарысы пайда болды, ресми дереккөздерге сенімнің төмендігі анонимді Telegram-каналдардың ықпалын арттырып отыр.
«ЖИ қоқыс – Жасанды интеллект қоқысы (AI slop)» деген жаңа термин жиі қолданылатын болып жүр. Ол – жасанды интеллект жүйелерімен жасалған, сапасы өте төмен, мағынасыз және адамдар үшін ешқандай құндылығы жоқ контентті білдіретін заманауи ұғым. Мұндай контент көбінесе интернеттегі қаралым санын жасанды түрде көбейту, іздеу жүйелерінің (SEO) алгоритмдерін алдау немесе жарнамадан оңай табыс табу мақсатында автоматты түрде, өте үлкен көлемде жасалады. Бұған спам-мақалалар, әлеуметтік желілердегі шындыққа жанаспайтын, бірақ мыңдаған лайк жинайтын жасанды суреттер, мағынасыз блог жазбалары және боттар арқылы жазылатын пікірлер жатады.
Ертелі-кеш телефоннан көз алмайтын, чаттың бәріне мәнсіз сәлемін жолдайтын, кейде тіпті қауіпті контентпен ойсыз бөлісетін «белсенділер» қатары да азаймай отыр. Ондайлар өзгенің алтын уақытын ұрлап жатқанын сезінбейді де. Өркениетті елдер цифрлық гигиена деген этикетке көшкенін еске салғым келеді. Әсіресе діни көзқарас, наным-сенім сияқты нәзік мәселелерді басқаға таңып, қысым жасаудың еш реті жоқ.
Келесі бір әлеуметтанушы ғалымдар тобы бүгінгі күннің басты қат дүниесі һәм ресурсы – уақыт деген тұжырым ұсынады. Тұрмыстық пен қоғамдық мүдделер бір-бірінен ажырағысыз. Мысалы, қазақтың кейбір даңғаза тойлары қоғам тарапынан жиі сынға алынып жатады. Осы жердегі аста-төк тағамның емес, уақыттың ысырапшылдығы менің қабырғама батып жүр. Үш жүз, бес жүз адам қонақ ретінде шақырылады, келмей жатса, өкпе артылады. Ал солардың уақыт шығыны, жол шығыны ешкімді толғандырып жатқан жоқ. Отыз күн ойын, қырық күн тойын жасайтын дәуір болған шығар, ал қазіргі кезеңге сол лайық па? Қарым-қатынас жақындығын сезіндіріп, көңіл бөлісетін, қолдайтын мүмкіндіктерді жинақы етуге де болатын шығар.
Міне, осының барлығы жеке тұлғалардың бойында сыни ойлауды, ақпарат­тық сауаттылық пен гигиенаны жетілдірудің маңыздылығына назар аудартады. Масс-медиамен қатар адами құндылықтарды бойға сіңірудегі кітаптың маңызы айрықша. Заманауи жетістіктеріміздің қайнар көзі кітап болғаны айдан анық. Соңғы уақытта елімізде кітап оқуға деген ұмтылыс байқалады, кітап жәрмеңкелері жандануда, оған ықылас танытқандардың қатары көбеюде. Кітапхана ісін жаңаша ұйымдастыру қолға алынды. Дегенмен, шығармашылық өндірісіндегі кітаптың үлесі өте мардымсыз, авторлардың табыстылығы төмен. Ұлттық кино мен музыкада серпін бар, бренд ретінде танылып, шетелдік сахнаны жаулаған танымал тұлғалар мен топтар баршылық. Кітап авторлары мен олардың талантты туындылары осындай өрлеуге қол жеткізетін күн туатынына сенеміз.
Еліміздегі цифрландырудың даму қарқыны жоғары болғанымен, шешілуі тиіс мәселелер де аз емес. Қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықты, жаңа бағыттар бойынша білікті мамандардың тапшылығын жою, ЖИ-ді оқыту үшін сапалы «таза» деректер базасымен толықтыру және ақпарат пен жеке мәліметтерді қорғау міндеттері күн тәртібінде тұр. Заманауи цифрлық құралдарды қолдануда шетелдік бағдарламалар мен қолданбаларға көбірек жүгінеміз. Оларды мүмкіндігінше отандық өнімдермен алмастырсақ, қазақтың өз операциялық жүйесі, өз құжат алмасу желісі мен почтасы, өз әлеуметтік желісі, өз мессенджері қолданысқа енсе, қауіпсіздік пен сенімділік тұрғысынан көп ілгері басқан болар едік. Бірыңғай мойындалған Kaz-LLM кешігуде, шұғыл түрде қазақ тілінің ерекшелігі мен ұлттық болмыс, сұраныстарға тиянақты үн қататын ұлт­тық бірізді ЖИ моделін енгізуіміз және оны танымал сервистермен кіріктіруіміз қажет. Бұл мемлекеттік тілдің цифрлық кеңістіктегі беделін арттырып қана қоймай, шығармашылықтың жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашқан болар еді.
Жасалған зерде сізді жаңадан жаратылу құралы ретінде билеп кетпесін десеңіз, ойлау жүйеңізді өзгертіңіз, сыни ойлауға, саналы шешім қабылдауға әзір болыңыз! Заманауи технологиялар – сізге қызмет етуші, дәнекер құрал ғана. Елге қызмет – ойды түзеуде, саналы іс-әрекетіңде! Бүгінгі сараптаманың түйіні де осы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір