Аязби АҚБЕРГЕНҰЛЫ, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің профессоры. САНАҒА СЕРПІН БЕРЕР ЦИФРЛЫҚ ӨЗГЕРІСТЕР
27.04.2026
41
0

Ақпараттық қоғам үрдісі басты қозғаушы күш ретінде цифрландыруға даңғыл жол ашты. Ол өз кезегінде жасанды интеллект технологияларының жедел дамуымен ұласып, қоғамдық қатынастардың өзгеруіне және ара салмағына шешуші ықпал етуде. Қазіргі уақытта Қазақстан Орталық Азия кеңістігінде цифрландыру бойынша көшбасшы мемлекеттердің бірі ретінде танылып үлгерді. Соңғы жылдары елде тек мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру ғана емес, сонымен қатар Жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын енгізу де қарқынды дамып келеді және осы салада заңды құқықтық нормаларды бірізге келтіріп, рәсімдеген аз ғана мемлекеттердің бірі болып табылады.

2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланғаннан кейін бұл бағыттағы жұмыстар күшейтілетіні және нәтиже беретіндігі еш күман туғызбайды. Осыған орай, жекелеген сұрақтардың туындайтындығы да орынды. Қазақстан цифрлық технология­ның «енгізу» кезеңінен «терең тұтыну» кезеңіне өтті десек, оның басымдықтары қайсы? Мақсатқа жетудегі ақпараттың рөлі қандай, ол дәріптейтін құндылықтар мен мағынаның мәні неде? Осы үрдістегі қоғам мен жеке адамның мақсат-мүдделері қалай тоғысады? Осы сұрақтар төңірегінде сараптама жасау үшін қалыптасқан, ғылыми жүйеленген стратегиялық коммуникациялар тұрғысынан талдау жасаудың реті келіп тұр.
Ақпарат кеңістігінде, яғни коммуникациялық алаңда негізгі үш топтың ықпалы басым екенін жақсы білеміз. Осы басты қозғаушы күштер: мемлекет, яғни саяси құрылымдар; қаржы-экономикалық сектор және қоғамдық күштер, оның басты тұлғасы – жеке адам. Біз акцентті осы үшінші топтың іс-әрекеттері мен мақсат-мүдделеріне түсірсек деп отырмыз. Алдымен, қысқа шолу.
Мемлекеттік деңгей. Қазақстан «шикізат» емес, «цифрлық өнім» экспорттаушы елге айналуды көздеп отыр. 2025 жылы IT-қызметтер экспорты 1 млрд АҚШ долларына жетті, мемлекеттік қызметтердің 54 миллионнан астамы eGov Mobile арқылы көрсетілген. Онлайн қызмет, құжаттар мен анықтамалардың цифрлық көшірмесі заңмен қорғалған. ЖИ тек тренд емес, ел экономикасының тиімділігін арттыратын негізгі құралға айналуда. Alem.ai халықаралық ЖИ орталығы іске қосылып, екі суперкомпьютер кластері (қуаты 3,6 эксафлопс) жұмыс істеп тұр. Мемлекеттік шешімдерді деректерге (Big Data) сүйене отырып қабылдау жүйесі «Smart Data Ukimet» енгізілді, яғни ол арқылы ЖИ мемлекеттік басқаруды жақсартуға, шығындарды оңтайландыру және халықтың мұқтаждығын болжау мүмкіндіктеріне қол жеткізеді. 2024 жылы қабылданған Жасанды интеллектіні дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған стратегиясының басым бағыттары ретінде мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, логистика салалары көрсетіліп, нақты межелері белгіленген. Қазақ тілінің ерекшеліктерін, мәдени және этикалық нормаларын түсінетін ұлттық ЖИ моделі Қазақ тіліндегі үлкен тілдік модель (Kaz-LLM) жасау қолға алынды. Елімізде «Әділетті Қазақстан» идеологемасына негізделген «Еститін мемлекет» тұжырымдамасы пәрменділігін көрсетіп келеді, билік – қоғам – жеке адам арасындағы қарым-қатынастар, соның қатарында ақпаратпен бөлісу жақсара түсуде. Бұл жаңа ақпараттық технологияларды кеңінен қолдануға жол ашатын қадамдардың бір парасы ғана.
Қаржы–экономикалық, инфрақұрылымдық деңгей. Соңғы жылдары елдің инфрақұрылымына жұмсалған қаржы өз тиімділігін көрсетуде, логистикалық хабқа айналдық, байтақ жеріміз тоғыз жолдың маңызды тораптарының бірі ретінде даму динамикасын көрсетуде. «Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар технопаркі еліміздегі инновациялардың орталығына айналды. Қазақстандық финтех өзінің «Super-App» қолданбаларымен жекелеген дамыған елдердің алдына шықты, қаржы саласында үздік үлгіні қалыптастырды. Алматыда жұмыс істеп жатқан «Higgsfield AI» сияқты креативті индустрияға бағытталған инновациялық стартап өмірге келді және ол бейне-генерация саласында әлемдегі алпауыттарға нақты бәсекелес болып, жаңа ортада табысқа жетуге еш кедергі мен шекара жоқ екенін дәлелдеп берді. Инвесторлар назар аударып, қаржы салатын бағыттардың қатарында қазба байлықтар, өндіріспен қатар туризм, банк және IT мен дата-орталықтар аталуда. 5G сияқты байланыс технологиялары басымдыққа ие болып, ақпарат кез-келген нүктеге жедел жететін болды. IT мамандарын даярлайтын оқу орындарының қатары өсті, цифрлық сауаттылықты дамытуға арналған орталықтардың жұмысы жанданды.
Тұрмыстық деңгей (Lifestyle). Цифрландыру әр отбасына, тұрмыс сапасына да шешуші ықпал етуде. Қаржы мен қызмет көрсету саласында QR-код арқылы аударымдар жаппай қолданысқа енді, тұтынушы үшін де, кәсіпкер үшін де қолайлы жағдайларды қалыптастырды. Жүріп тұру, жолға билет алу, затты жеткізу, тағам алғызу сияқты іс-әрекеттердің барлығы қысқа уақытта цифрлық әмиян арқылы жүзеге асатын болды. Тіпті тұтынған электр жарығы, ауыз су мен газ үшін ақы төлеу де цифрға көшкен, қашықтан ақпарат жинайтын ақылды есептегіштер жаппай енгізілуде. Ауылдағы ата-әжесі оқудағы немересімен бейнеқоңырау арқылы күнделікті тілдесететін жағдайға жеттік.
Шығармашылық өндіріс. Аталған деңгейлердің үшеуіне де қатысы бар, дегенмен ел болашағы үшін маңызы зор салалардың бірі креатив болып табылады. Қазақстан экономикасындағы креативті индустрияның үлесі қазір 1%-ды құрайды және бұл сектор 150 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Ресми статистика ең үлкен үлеске ие IT және видеоойындар (38%) деп көрсетеді, ал сәулет, сән және дизайн (24%) екінші орында. Кино, музыка мен контент өндірісі 15 пайыздық үлеске ие. Креативті субъектілер саны 50 мыңнан асады және олардың 70%-ы – жеке кәсіпкерлер.
Цифрлық орта һәм кеңістік осындай сан салалы болғанымен, олардың тоғысатын да жері бір, ол – адам, жеке тұлға. Қоғамтанушылар бүгінгі күннің басты тұлғасы да, байлығы да адам деген тұжырымды ұсынып жүр. Осы орайда «Қазақ қоғамының басты капиталы – адам» деген тұжырымдама төңірегінде жекелеген ой-пікірлерімді ортаға салудың реті келіп тұр.
Таяуда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған жаңа Конституцияның 1-бабында «Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» екені нақты көрсетілсе, 3 бабтың 2 тармағында «Қазақстан Республикасы адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп танитындығы» тұжырымдалған. Жаңа Конституцияның басты философиясы – мемлекеттің функцияларын адам құқықтары мен бостандықтарына қызмет етуге бағыттау. Егер бұрынғы жүйеде мемлекеттік мүдде бірінші орында тұрса, қазіргі бағыт «Адам – Қоғам – Мемлекет» иерархиясына негізделген. Осы биік мұраттарға жетуге жаңа ақпараттық технологияларды кеңінен пайдалану бүгінгі күннің кезек күттірмес міндеттерінің бірі.
Бүгінгі цифрлық құралдар, соның ішінде Жасанды интеллект – тек технология ғана, яғни адамға қызмет етуші аралық дәнекер. Данагөй әлеуметтанушы Маршалл Маклюэн оны өткен ғасырдың 60-жылдары «медиа» деп сипаттап берген еді. «Адам ойлап тапқан, тұрмысына енгізген заттардың бәрі коммуникация һәм медиа, яғни табиғат (жаратылыс) пен адам арасындағы дәнекер, адамның сыртқа кеңеюінің көрінісі», – дейді данышпан ғалым. Жаңа технологиялардың пайда болуымен медиа орта да өзгереді, адамдардың күнделікті іс-әрекеттері, дағдысы мен талғамы да жетіледі, тіпті ойлау жүйесі де жаңа сапаға ие болады. Міне, сол айтқандай, Жасанды интеллект бәрін жаулап алады, адам еңбегін ығыстырады, тіпті шектен тыс қабілетке ие болып, жүгенсіз кету қаупі бар деп байбалам салушылар да аракідік кездесіп қалады.
Жасанды интеллект – технология ғана, ол машиналық оқып-үйренуге негізделген мағлұматтар базасымен байланысты жаңа шешімдерді ұсынатын құрал  деп бағалаймыз. Қазақ тілінде калька аудармасы кең қолданылып жүр. Дегенмен, осы аударма дәл деп айта алмаймын. Технология үлкен мағлұматтар қорынан деректі алып, сіз жүктеген, үйреткен көздерді қайта екшеп, тазартып, түрлендіріп, жаңа нәтиже беретіндігін ескерсек, терминді «құрастырушы зерде» деп қабылдағанда әлдеқайда дәлірек болар еді. Сондықтан да «жасанды интеллект» атауымен қатар синоним ретінде «жасалған зерде» сөзін қатар қолдануды ұсынған болар едім. Тіл мамандары уақыт өте келе біреуін ресми термин ретінде бекітіп берер.
Сәуегей Маршалл Маклюэн технологияның адамдар қолданатын жай ғана өнертабыс емес, ол адамдардың жаңадан жаратылу құралы екеніне баса назар аударады. Жаңа ақпараттық технологиялар есігімізден кіріп, төрімізге озып тұр! Ендеше, оны жатсынбай, өз ырқымызға көндіріп, дұрыс қолданып, табысты іс пен харакетке жаратқанымыз жөн. Жасанды интеллект – технология ғана, қалай қолданасың, нәтиже соған байланысты. Өткір пышақты дұрыс ұстамасаң қолыңды жарақаттап алуың мүмкін! Беймәлім құралдар да сол сияқты, үйрен, зертте, жаңа машықтарды, өз әдіс-тәсіліңді қалыптастыр.
Міне, осы арада шығармашылық өндіріс (creative industry) деген ұғым алдыңғы қатарға шығады. Жер асты байлықтарын қазып алып, тазартып, өңдеп, зат жасау емес, адамның ақыл-ойын, қиялының жүйріктігін, іскерлігін қолданып та жаңа өнім жасауға болатындығын, табысқа жетудің бір жолы екендігін уақыт дәлелдеп беріп келеді. Қазақстан да креативті индустрияның дамуын қолдап, арнайы заң қабылдады, экономикалық алғышарттарын қалыптастырды, жеңілдіктерді қарастырды, басқа да кең мүмкіндіктерге жол ашты. Ендігі жерде оның дамып, жетілуі адамдардың, жеке тұлғалардың қолында. Әлеуметтанушылар цифрлық трансформациялардың басты қозғаушы күші – цифрлық белсенді азаматтық қоғам деп тұжырымдайды.

(Жалғасы келесі санда)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір