АЙБАРЛЫ АЛТЫН ОРДА АТАЖҰРТЫНА ОРАЛДЫ
30.06.2026
25
0

Осы біздің жұртымыз қуана білуді, нағыз бақыттың не екенін, тарих жаңғырығының шаттығын сезіне білудің не екенін ұмытқан ба, әлде дүниедегі түрлі өзгеріс, құбылыстарға селт етпей, еттері өліп кеткен бе деп таңданып қаламыз. Міне, Президентіміз заманында дүниені дүр сілкіндірген, даңқы жер жарып, жарты әлемді уысында ұстаған айбарлы мемлекет Алтын Орданың заңды мұрагері – қазіргі Қазақстан, осы күнгі қазақ жұрты екенін әлемге жария етті.

Дүние дүр сілкінді, әлем елдері бейтарап қарап қалмай, жарыса үн қатып жатыр, әсіресе бауырлас түрік елдері қазақ елінің жүрекжарды қуанышымен бөлісіп, құттықтауда, мұның нағыз әділеттің салтанат құруы екенін айтуда. Ал бір ғажабы, өз ішімізде мұның қуанышы білінбейтін сияқты, Жаратқан ием-ау, бұл дегеніңіз ақ түйенің қарны жарылғандай үлкен қуаныш қой; талай буын, ата-бабаларымыз осы нақты ақиқатты айта алмай, империя бұғауында тұншыққан жоқ па, кешегі білімпаз, өз тарихын қасиет тұтқан Алаш арыстары осы ақиқатты айта алмай, жапа шегіп, жазықсыздан-жазықсыз ел мүддесін жоқтағандары үшін «халық жауы» атанып, құрбан болды. Тіпті өз заманымыздың көзкөрген ұлы тұлғалары Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, С.Зимановтар өздері жақсы біліп тұрған тарих ақиқатын жария ете алмай іштен тынып, болашаққа ғана үміт артумен өмірден өтті. Осыны біліп отырып, неге қуанбасқа?! Күні кеше ғана он бесінші ғасырдағы Қазақ Ордасы тарихын қанағат тұтып келіп едік, одан бұрын ел болмағанымыздай, одан бұрын ата-бабаларымыз бізден бөлек әлемде өмір сүріп, аяқасты пайда болғандай, тіпті қарапайым қисынға арқа сүйеген күнде олай болуы мүмкін бе еді, осыншама ұланғайыр өлкені ұрыссыз-күрессіз біздің жұртымызға көлденең жарылқаушымыз пайда бола кетіп, сыйлай салып па екен?!
Сіз бен біз жақсы білеміз, қазақтың жері осы күнгідегіден әлдеқайда көп болған, біз сол артықшылықтарымыздан Ресей империясына қараған отаршылық дәуірде айрылып қалдық, кешегі Кенесары ханды қапаландырған, Алаш ардақтыларының мұң-шері осы болатын. Міне, ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың Қазақстанды Алтын Орданың заңды мұрагері ретінде жариялауының мәні мен маңызы да осында! Президентіміз қазақ тарихын тағы үш ғасырға ұзартып отыр, ұзартып қана қоймай, жат пиғылдылардың көз құртына айналған кең байтақ қазақ елі – аласапыран замандарда мықтылығын мойындатып, жарты әлемді бағындырған айбынды Алтын Орданың тікелей мұрагері деп жүрек жұтқан батыл байлам жасады, бұл дегеніміз – қазақтың осыншама ұлан-ғайыр жерді иеленуінің кездейсоқ емес екенінің дәлелі. Бұл дегеніміз – ендігі жерде қазақтың елі мен жеріне ешкім көз аларта алмайды деген сөз. Жасыратыны жоқ, империяны билеген Сталин қазақтың өз жерін өзіне көп көріп, қолдан ашаршылық, репрессия жасап қазақ жерін қазақтан тазартуға жанталасты, оның залым жоспарының толық жүзеге асуына сәл-ақ қалды, империяның одан кейінгі билеушілері де қазақ жеріне көз сұғын қадаумен келгені белгілі. Бұл тұрғыда Н.Хрущевті еске алсақ та жеткілікті, ол политбюроның үлкен пленумында Қазақстанның астықты бес облысын Ресей құрамына енгізу туралы шешімін жариялады. Егер Ж.Тәшеновтей жұртының адал қайраткері табанды түрде қарсы шықпағанда, бұл сұм ниеттің кәдеге асып кетуі әбден мүмкін еді. Өйткені бұл Кремльдің әлдеқашан ұйғарып қойған шешімі болатын, енді тек политбюро мүшелерінің мақұлдауы ғана керек-ті. Н.Хрущев ешбір қазақтың бас көтеріп, уәж айта алмайтынына сенімді болды, сұрапыл аштық, қантөгіс қырғын репрессиядан кейінгі жылдарда қазақтың ар-намысы жаншылып, аяқасты болғандай еді, империяның ендігі жерде қазақтың жерін талапайға салып, бөлшектеуі ғана қалған!
Бірақ аталы жұрттың рухы жойылмапты, аса жауапты, елдігіміз құрдымға кеткелі тұрған шақта сол өр намысымыз жарқ етіп, қайта оянды, қасиетті жұрттың рухы көкке шарықтап көтерілді. Ел намысын жыртқан Жұмабек Тәшеновтей перзентіміз жарқ етіп, тарих сахнасына көтерілді, аузынан жалын атқан қаһарлы империяның көмейіне құм құйды. Н.Хрущевтей азулы адуын басшының ауызын аштырмай, В.И.Лениннің жер туралы декретін алға тартып, білімі таяз ұрда-жық дөрекі басшының осал тұсын тап басты. Осылайша Ж.Тәшеновтің ел ертеңін ойлаған батылдығы, білгірлігі мен қисынды уәжінің арқасында дәл керек жерде Алаш рухы қайта оянып, жарқ етті, билеуші империяның өр кеудесін басып, дегенін орындатты. Бұл қазақ деп аталған ұлы жұрттың рухы ешқашан өлмегенінің, нағыз қажет тұста жарқ етіп көрініс беретінінің айқын дәлелі болатын.
Осы орайда бір ғана нәрсені үлкен сеніммен айта алар едік, жалпы қазақ деген адал ниетті, жомарт жүректі, дархан пейілді елді әрқашан періштесі қорғап, сүйеу болып келген секілді, қаншама қантөгіс соғыстар, сұрапыл аштық, елдің бас көтер ерлерін қынадай қырған зұлмат репрессия, осының бәрі қазақты жер бетінен біржола аластауға құрылған сұм жоспар болғанымен, халықтың асыл тұқымы жоғалмапты, азғантай ұрпағы Жаратқан иеміздің желеп-жебеуімен сақталып қалып отырыпты. Ойлап қарасаңыз, ғасырлар бойы небір зұлматты бастан кешкен жұрттың аман қалып, бүгінге жетуі шынында да таңғаларлық.
Міне, дәл осындай күйді Президентіміздің Алтын Орда туралы жарияланымын оқып, басымыздан кешіп отырмыз. Әрине, әркімдердің басында бұл ақиқат неге осы уақытқа дейін айтылмай келді, неге ертерек жарияланбады деген сұрақтар туындауы әбден мүмкін. Біздіңше, көреген басшымыз мұндай батыл қадамға дәл дер кезінде барып отыр, бұл әбден пісіп жетілген, өз уақытын күткен шешім болатын. Алтын Орда мемлекеттігінің абыройын иеленгісі келетін империялар, елдер аз емес екенін естен шығармайық. Қытай мен Ресейдің өзі Алтын Орда шапағатымен шаңырақ тіктегендерін айтумен келді, оның үстіне бүкіл әлем осы уақытқа дейін Алтын Орда билеушілерін де, Ұлы дала империясының негізін қалаған Шыңғыс ханды да моңғол деп танып келді. Бұл төңіректе дау-дамайлар әлі күнге дейін жалғасып келеді. Бүкіл дүниенің назарында тұрғандықтан, Президентіміз жеті рет өлшеп, бір кесіп шешім шығаруына белгілі бір уақыт керек еді, сондықтан мұның бәрі алдын ала ойластырылған, сан толғаудан өтіп, сүзілген, сан алуан сараптамалардан өткен оң шешім болғанына зәредей күмәніміз болмауға тиіс. Ең бастысы, күпті көңілдер орнықты, жүрегімізді кернеген қуаныштың қайыры болсын деп тілейік, Алтын Орда өзінің нағыз мұрагер жұртымен қауышты.
Иә, дүниежүзінің көптеген мемлекеттері өздерінің тарихына Алтын Орданың қатыстылығы туралы даурығысып, ғалымдары құлаш-құлаш еңбектер жазып, дәлелдеуге тырысып жатқанда, біз де Алтын Ордаға қаншалық қатысымыз барын дәлелдеп, тілге тірек етерлік неміз бар екен, осы турасындағы ойларымызды ортаға сала кетейік. Әрине, бұл тақырыпты зерттеп жүрген тарихшыларға таласымыз жоқ, бірақ кез келген азаматтың өз елінің тарихына бейтарап қарай алмасы анық. Әсіресе мәселе болашақ ұрпағымыздың тәрбиесі үшін бұл тақырыптардың маңыздылығына тірелгенде, ешқайсымыздың да жайбарақат қала алмасымыз анық. Осындайда кеңес дәуірінде қазақ тарихының тартқыға түскен көкпардай қақпақылға айналғанын еріксіз еске аласың. «Бұл қазақтың тарихы – қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы» деп Қадыр ақын жырлағандай, кеңестік идеологияның ықпалымен жазылған жұп-жұқа оқулық қазақтың шынайы тарихы еместігі өз алдына, бетімізге шіркеу болған мазақ тарих болатын. Оның ішінде бұрынғы тарих ныспы жоқ, тек Ұлы Отан соғысы батырларының ғана аты аталатын, онда да санаулы ғана, он алтыншы жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің батыры Амангелді Иманов, қазақтың батыр қыздары Әлия мен Мәншүк, жау амбразурасын кеудесімен жапқан Сұлтан Баймағанбетов, өртенген самолетімен жау аэродромын талқандап, жанын қиған Нұркен Әбдіров, тағы сол секілді біраз батырлардың аттары аталған болатын. Жалған тарих дейтініміз, Бауыржан Момышұлы сияқты қас батырдың, Рейхстагқа тұңғыш ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев сияқты қаһарман перзенттеріміздің соғыс тарихындағы орны, батырлық, қаһармандық тұлғалары айқындалмай, бетінен қалқып қана жазылды. Олардың жүрек жұтқан ерліктері тарихтан әділ бағасын ала алмай келді, бір ұрыста ғана көзге түскен жауынгерге беріліп жатқан батырлық атақ олардың соғыстың басынан аяғына дейін танытқан сан мәртебе ұрыс қимылдары, жанқиярлық ерліктері үшін қасақана берілмеді. Сөздің қысқасы, соғыс қазақ жерінде өтпесе де, жанқиярлық ерліктерімен көзге түскен қазақ батырларының жүрек жұтқан ерліктері туралы қасақана төмендетіп жазылды, бұған еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген жылдарда көзіміз жете түсті. Жалғыз екінші дүниежүзілік соғыс туралы ғана емес, жалпы қазақ тарихы кемсітілген қалыпта жарық көрді, хандарымыз бен батырларымыздың тарихи орындары айқындалған жоқ. Ол тарих оқулығында Алтын Орда былай тұрсын, Қазақ Ордасы туралы әділетті сипаттама болған жоқ, Қазақ хандығының негізін қалаған Керей,Жәнібектер, одан кейін елдігімізді нығайтқан ескі жолды Есім хандардың, қасқа жолды Қасым хандардың ел заңын шығарып, мемлекеттің іргесін нығайтқаны, Әз Тәуке ханның әйгілі Жеті Жарғысы туралы мүлде айтылмады. Егер бұлар туралы жазылса, қазақтың елдігі жария болатындай болды. Үш жүздің басын біріктірген әйгілі Абылай хан, жалпы хан-сұлтан атаулы «қанішер», «залым», «елін сорған қаскүнем билеуші», «бұзақы», өз халқына жау тұлғалар тұрғысынан таныстырылды. Біз осындай жарымжан, бишара тарихымызбен өсіп-жетілдік. Жетілдік дейміз-ау, сол тарихымызбен қорлық кешіп, дүниедегі сорлы, өз алдына ел бола алмаған жұрт екенбіз-ау деген түсінік, таным санамызға берік орнықты. Ел билеуші хандарымыз қолынан түк келмеген, қарақан басын күйттеген, өз халқын қырған қорқау, қанішер, залымдар екен, билеріміз шетінен парақор, залым, қу, алаяқтар болыпты-мыс. Осындай тарихыңды оқығаннан кейін оған деген құрмет қала ма? Ондай тарихқа құмартып, қызығып өспек түгілі, салқын көзқарас қалыптасып қалмай ма? Міне, «теңдік», «бостандық», «бірлік», «ынтымақ» деп ұрандатқан кеңестік идеологияның тәрбиелік ұлағатының түрі осы болды. Өз халқынан безіндірген, өз тарихынан түңілдірген, ұлтына қарсы қойған, халқының қадір-қасиетін надандық етіп көрсеткен идеологияның сықпыты осы болды.
Міне, Президентіміздің Алтын Орда туралы жарияланымын осы тұрғыдан бағалай алуымыз керек. Осы тұрғыдан өлшеп, сараптай алсақ, оның қадір-қасиеті еселеп артатынын болжаймыз. Ал Президент жария еткен Алтын Орданың мұрагері – қазақ жұрты екеніне дәлел қане десең, сан алуан тарихи еңбектерді ақтармай-ақ, қазақ даласының кез келген қиырына көз салып, тарихи ескерткіштерін саралап, зерделесең жетіп жатыр, қазақ даласы сонау көне дәуірлерден қалған мұраларға тұнып тұрғанын кез келген қазақ баласы сайрап айтып бере алады. Мысалы, бүгінгі Алтын Орда мәселесі қозғалмай тұрып-ақ, Қазақ Ордасының негізі Жошы ханның тұсында қаланғаны туралы мәселе әредік көтеріліп келді, бұл туралы кезінде Әлкей Марғұлан сияқты тарихты терең білген ғұлама академиктеріміз еңбектерінде айтып, қозғап кеткен болатын. Әттең, Кеңестер Одағының құрамындағы тәуелді жұрт болғандықтан, бұл мағлұматтар ресми түрде бекітіліп, мемлекеттік деңгейде мойындалмады, сол ғұламаларымыздың еңбектерінде шектеулі күйінде қалып қойды. Дегенмен ол заманда мұның өзі аз табыс емес еді, өйткені сол ғалымдарымыздың зерттеулерімен елдігіміздің негізін айқындайтын жарқын ойлар аздап болсын жұртымыздың санасына сәуле түсіре бастағаны анық. Осындай прогресшіл ойлар ақырындап өрістей келіп, міне, мемлекеттік маңызды шешімдерге жол ашты. Президентіміз, әрине, осындай маңызды қадамға бармас бұрын, ғылыми зерттеулерді зерделеп, сараптап, салмақтап шыққаны анық.
Ұлытауда сүйегі жатқан Жошыны жай әшейін еске алып отырған жоқпыз. Бір ғана Жошының есімінің аталуымен талай тарихымызды тас қылып бекітіп қана қоймай, абырой-беделін аспанға шарықтатуға құдіретіміз жетер еді. Жошы хан қазақ ұлысының немесе Қазақ Ордасының негізін салып қана қойған жоқ, ол Алтын Орда мемлекетінің де іргетасын қалады деуімізге толық негіз бар. Жошы ханның мемлекеттік жүйесі Алтын Орданың өрістеуіне себепкер болды, оның төл перзенті, даңқы жер жарған Бату хан Алтын Орданың шаңырағын тіктеп, уығын шаншыды, керегесін кеңейтті. Әрине, нақ Бату ханның кемеңгерлігімен, қаһармандық жорықтарымен Алтын Орданың даңқы көкке көтерілді; асқақ та астамшыл Еуропа жұртшылығы Бату ханның бетқаратпас қуат-күшіне куә болмаса, алдаспан қаһарына ұшырамаса, құр дақпыртқа сенбес еді, даңқы жер жарған қаһарман қолбасшы Сүбедей бахадүрдің басшылығымен жорыққа аттанған Бату қолдарының ат тұяғының дүбірі дүниені теңселтті. 1240 жылдары Русь князьдықтарын жаулап алғаннан кейін, империяның батыс бөлігін құрап, ол қазіргі Ресей, Украина, Молдова, Қазақстан және Кавказ өңірлерін жайлап жатты. Шарықтау дәуірінде Алтын Орда Шығыс Еуропаның Орал тауларынан Днепр өзенінің оң жақ жағалауына дейінгі жерлерді алып, Сібірге терең бойлап еніп жатты. Оңтүстігінде Орданың жері Қара теңізбен, Кавказ тауларымен және Шыңғыс ханның немересі Хулагу қағанатының қол астындағы Персиямен шектесіп жатты. Алтын Орданың астанасы әуелгіде Сарай-Бату, кейінірек Сарай-Берке қаласы болды. Осыдан-ақ Алтын Орданың құлашының қаншалықты кең жайылғанын, қаншалық құдіретті мемлекетке айналғанын шамалай беріңіз. Тіпті Қытайды тізе бүктірсе де, Азияны, Ресейді жаулап алса да, Шыңғыс ханның өзі Еуропа аумағына бойлап еніп, кіре алмаған, дүниежүзінің ешқандай даңқты қолбасшылары мұншалық мол аймақтарды иеленбеген. Міне, осындай даңқты жорықтар туралы шындықты айтып, мойындауға кімдердің дәті бара алсын?!
Ал енді біз неге даңқы дүрілдеген Алтын Орданың мұрагері саналамыз деген сұраққа беретін жауабымыз да дайын. Біріншіден, осы даңқты ұлыс-мемлекеттің негізін қалаған Жошының сүйегі қазақ жерінде жатыр, оның құрған мемлекеті осы күнгі қазақ жерінде гүлденіп, өріс жайған, оны көрсоқыр біреу болмаса, бәрі мойындаған. Екіншіден, Алтын Орданы «моңғол мемлекеті» деп сипаттаушылар империялық елдер, олар қайтсе де түркі жұртына, әсіресе қазақ жұртына мұндай абыройлы тарихты қимады. Үшіншіден, Алтын Орда көптеген тарихи жадынама, ескі еңбектер мен көне оқулықтарда «Қыпшақ мемлекеті» деп аталады, ал «қыпшақ» атауының көбінесе «қазақ» атауына балама мағынада қолданылғаны белгілі. Кейін тарих сарапшылары Алтын Орданың «моңғол мемлекеті» аталатын еш қисыны жоқтығын дәлелдеген. Алтын Орда құрамында моңғол жұртының өкілдері үркердей ғана топ құраған, ал басым көпшілігі кейінгі қазақ жұртының құрамына кірген наймандар мен керейлер, үйсін-дулаттар, қаңлылар мен жалайырлар, меркіттер мен керейттер, арғын рулары, т.б. болған. Міне, Алтын Орданың даңқын көкке өрлетуші жұрттың қаймағы осылар. Кейінірек Алтын Орда Мөңке ханның билігі тұсында өз теңгесін айналымға шығарды. Алтын Орда он төртінші ғасырдың бірінші жартысында, Өзбек хан мен Жәнібек хандар тұсында едәуір көтерілді. Өзбек ханның тұсында 1312 жылы мұсылман діні мемлекеттік дін болып жарияланды, яғни бұл – империялық тарихнама қанша бұрмалайын десе де, мемлекетте моңғол ықпалының жүрмегенінің дәлелі. Алтын Орданың тәуелсіз иеліктерге бөлінген кезі – он төртінші ғасырдың екінші жартысы. 1359–1379 жылдар Алтын Орда тарихында «Ұлы дүрбелең кезеңі» деп аталынды. Кейін Тоқтамыс хан Алтын Ордадағы өз билігін бекіте түспек болып, 1382 жылы Мәскеуді өртеді. Солтүстік пен Батыста Ақсақ Темірдің басқыншылық жоспарларына Алтын Орда мемлекеті кедергі жасады. Әмір Темір мен Тоқтамыс хан арасындағы шешуші шайқас 1395 жылы болды. Бұл туралы қазақтың көне жырауы Сыпыра жырау өз толғауларында сипаттап көрсетеді. Алтын Орданың тарихында Ақсақ Темірмен болған соғыс ауыр тиіп, ақыр аяғы алып мемлекеттің күйреуіне жеткізгені белгілі. Алтын Орданың ыдырауына себепші болған мынадай жағдайлар: этникалық құрамы әртүрлі халықтардың жанжалдасуы, билік үшін талас күшейді, езілген халықтардың наразылығы көбейді.
Әмір Темір әскерінің 1389–1391 және 1395 жылдардағы жорықтарының нәтижесінде Алтын Орда талқандалды. Біздің ойымызша, өзге кездейсоқ империялардың аяқасты күшейіп кетуіне жол ашқан тарихтағы орыны толмас үлкен қателік осы болатын. Аңдасаңыз, бір Көк түріктің ұрпағы бауырлас жұрттар бір-бірінің түбіне жетті; бұдан Ақсақ Темір ұтқан жоқ, оның да империясы көп ұзамай күйреді, өйткені өшпенділік өшпенділікті өрістетеді, жауыздық жауыздыққа жол ашады. Тоқтамыс пен Ақсақ Темір бауырлас жұрттардың өкілдері еді, олар өзара соғысы арқылы жазықсыз елді қанға бөктірді, өзара жауласудың кесірінен бірігіп, ұйысып, бір кездегідей даңқты іргелі мемлекет құрауға мүмкіншілігі мол елдерді бір-біріне айдап салып, мағынасыз соғысқа жол ашты. Тоқтамыс та, Ақсақ Темір де өз дәуірінің ұлы перзенттері болатын, әттең, ортақ мәмілеге келе алмады, олар басқарған бауырлас, туыстас елдер бір-бірін қырған соғысқа жол бергендіктен тарих тегершігі теріс айналып, болашағы бұлдыр тұман астында қалды.
Дүние тарихына үңілсек, бір кездерде көне дәуір тарихшылары Алтын Орданы «Дала Римі» деп атапты. Өзімізше ой түйсек, бұл сөздің де жаны бар. Рим тарихы, әрине, әлем тарихында үнемі алдыңғы орын иеленеді, бәріміз де өркениет бастаушысы, тұңғыштардың тұңғышы, көне мәдениеттің тұнығы деп таныдық, солай оқыдық. Әрине, сол Римнің төрінде біздің Еділ бабамыз (Аттила) қалың әскерімен ат ойнақтатқанын, жаулап алып, салық төлетуге мәжбүр еткенін әңгімелесек, ол басқа тақырып (бірақ Алтын Орда бастамасымен түбі оған да келмей қоймайтын, толық айқындалып, сарапталуға тиіс, кезегін күтер үлкен ауқымды тақырып).
Алтын Орда біздің ата-бабаларымыздың жүрек түбіндегі шемен болып қатқан қайғысы ғана емес, сонымен бірге тарихымыздың асқақтаған өркениет дәуірі болатын. Дүние бір орында тұрмайды, бір кездегі асқақтаған Алтын Орданың құлағаны рас, бірақ ол ұялатын тарих емес. Дүниеде ғасырлар бойы гүлденіп, өркениеті тұрақты түрде дамып тұра берген бірде-бір мемлекеттік құрылым болмаған. Мемлекет дамиды, өркендейді, одан соң өрісі тарылады, құлдырайды, кездейсоқ апат, соғыстар кедергі жасайды. Мұның өзі заңдылық тәрізді. Сондықтан Алтын Орданың құлдырауын да заңдылық деп қабылдауымыз керек. Бірақ ең бастысы, Алтын Орда Ұлы даланы дүр сілкіндірген, сан алуан өркениет көзіне айналған, мәдениеті кең құлаш жайып өркендеген, бұрын-соңды дүниеде кездеспеген ірі мемлекеттік құрылымға айнала алды. Алтын Орда шегінде қаншама қалалар салынды, олар ірі мәдениет ошақтарына, білім мен ғылым орталықтарына айналды. Бұл дегеніміз, кешегі бір күндері «Бұл далада ешқандай өркениет, білім мен ғылым болмаған. Халқы жабайы, қараңғы надан болған. Моншасы, мәдени орындары болмаған» деп айтылып, жазылып келген, тіпті осы күнге дейін ішмерез, қаскүнем ниетті әлдебір озбыр саясаткерсымақтар мен қайраткерсымақтар аузынан шығып жататын осы тұрғыдағы пікірлерге нақты соққы болмас па? Бізге керегі осы.
Иә, Алтын Орда дәуірлеген, асқақтаған, бірақ құдіретінен айрылған, күйреген күні де жеткен. Бірақ ол қорлық тарих емес, тарихи заңдылық. Бір кездері асқақтаған Рим де құлаған. Құлап қана қоймай, әпербақан билеушілерінің қырсық-кесірінен әлемнің мазағына ұшыраған кезі де болған.
Сөзіміз құрғақ болмас үшін, салыстыра өрелеу тұрғысынан мысал келтіре кетейік. Қазақ тарихы аяқасты болған кеңестік дәуірде бұл күні құрдымға кеткен Компартия тарихын сарсыла оқыдық, сонымен бірге дүниежүзілік тарих бойынша осы Рим тарихын қадағалап оқығанымыз есімізде, әрине. Біздің эрамызға дейінгі шамамен алғанда 30–50 жылдарда, Римде Нерон, Калигулалар императорлық құрған. Екеуі де тарихта таңбаланып қалған құдіретті билеушілер болған. Қош делік. Ал олардан қандай ұлағат, өнеге қалған екен, байыптап көрейік. Екеуіне ортақ басты ұқсастық: шексіз билік иелері болған, халқын адам құрлы көрмей, қорлап ұстаудың небір түрлерін ойлап тапқан, адам тағдырын ойыншық, мазақ еткен, сырттан жау іздемей-ақ өзара жауықтырып, бір-біріне айдап салып, өздері қызыққа батып отырған, адам өліміне әкелетін жарыстар, жекпе-жектер, жаппай төбелестер ұйымдастырған, таңнан-таңға ұласатын, адамдарды да, аттарды да зорықтыратын аттылы-арбалы жарыстар ұйымдастырған. Мемлекет істерімен айналысудан гөрі, қазына ақшасын бей-берекет шашып, еріккеннің ермегіне айналдырған.
Дүниежүзілік тарихат-танымда осындай ақылға сыймайтын әумесерліктер, өз елін аздырып-тоздырған әпербақан билеушілер дәріптеліп, әлемдік оқулықтарға енгізіліпті, ал біздің жұртымыздың байырғы тарихы, көне өркениеті аяқасты болыпты немесе «күштінің арты диірмен тартады» дегендейін, біздің өркениетіміз көмескі тартып, тарих аренасынан жылжи бастағанда, орнын басқан жұрттар, сол бар болған, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған дәуірімізді қасақана өшіруге тырысыпты немесе өздеріне еншілеп, иеленіп жүріпті. Алтын Орда өзінің үш ғасырға жуық үстемдік құрған дәуірінде, мейлі, талай алмағайып кезеңдерді басынан кешсін, билік үшін таласы болсын, мұндай мазаққа ұшырамаған, трагедиялы тәлкекке ұрынбаған. Бүгінгі күн тұғырынан үңіліп, зер салсақ та асқақтаған, еңсесі биік Алтын Орданың құдіретіне бас идірер салтанатын көреміз, сүйсінеміз, кеудемізді мақтаныш сезімі кернейді.
Міне, уақыт бәрін өз орынына қоюда. Тарих тақсырдың әлі айтары алда екен. Біз осыған қуанамыз. Түптің түбінде әділет салтанат құратынына ата-бабаларымыз сенген, кешегі Алаштың арыстары сенген, олардың ізін басқан біздің ұрпақ сенген, бүгін сол үмітіміз ақталған күн туып отыр. Тарихтағы әділетсіздіктер, жөнсіздіктер мен жүгенсіздіктер туралы әлі де талай айтылар. Ал егер ақиқат су бетіне қалқып шықса, сол ақиқат, шынайы тарихатта қазақ деген жұрттың абыройы аласармайтынына біздің сеніміміз мол.
Алтын Орданың тарихы туралы, әсіресе оның тікелей Қазақ Ордасымен жалғасатыны туралы жазушыларымыз үнсіз қалған жоқ. Олар әрқашан белсенді әдетінше, тіпті бұл тарапта алдымен тарихымызды жаңғыртуға тиіс болатын тарихшыларымыздың өздерінің алдын орап кетті; алдымен Ілияс Есенберлин Қазақ Ордасы­ның өз алдына шаңырақ көтеруін айғақтайтын «Көшпенділер» («Айқас», «Жанталас», «Қаһар» романдарын құраған) трилогиясынан соң тарихымызды тереңдете түсіп, империяның жүрегін сескендіретін батыл қадамға тәуекел жасап, «Алтын Орда» дилогиясын жазды, ал оның әдебиеттегі ізбасары, шәкірті Мұхтар Мағауин әуелі «Шыңғыс хан және оның заманы» атты төрт томдық дүниесін жазды да, өмірінің ақырғы жылдарында «Алтын Орда» дилогиясын жазып үлгеріп, халқына табыстап кетті. Әрине, бұл ешқандай қайталау емес, өз шығармаларын кеңестік саясаттың үстемдік құрып, дәуірлеп тұрған заманында жазған
І.Есенберлиннің идеология ықпалына түспеуі мүмкін емес еді. Сондықтан егеменді Қазақстан тұсында тәуелсіз төл тарихымыздың жазылуы заңдылықтай көрінген. Міне, осы міндетті сол кездерде шетелде тұрып жатқан М.Мағауин мойнына алып, орындап шыққаны белгілі. Өзінің шынайы тарихын танып-білуге деген ықылас-ниеті шексіз халқымыз бұл тарихшы-жазушылардың шығармаларын жақсы қабылдады. Олардың екеуі де жұртшылық көкейіндегісін тап басып, сенсациялық тарихи еңбектерін дер уақытында жариялады. Бірақ көркем әдебиет, жасыратыны жоқ, мемлекеттік деңгейде, саяси бағытта қолдау таппай қалып жатады, көбінесе, жазушы қиялынан шыққан дүние ретінде қабылданатыны шындық. Дегенмен, екі жазушының шығармалары қоғамдық жетекші ойларға зор ықпал жасағанын айтпасқа болмайды, мәселе бұрынғы қатып қалған қасаң ой-тоңның жібуінде болса керек. Сең орнынан қозғалса, оны ешқандай күш тоқтата алмасы анық. Бұл екі аралықта бірталай тарихшылар Алтын Орда тарихына белсенді қалам тарта бастады, тіпті түркілік ғалымдар, қазақ тарихшылары ғана емес, орыс зерттеушілері, еуропалық ғалымдар да тарихи шындыққа өз үлестерін қоса бастады, олардың кейбіреулері империялық көзқараспен жазса, екіншілері тарихты бұрмалауға жүректері дауаламай, негізінен, ақиқатты айқындап берді. Міне, білімдар Президентіміз осылардың бәрін назарында ұстап келгенін, Алтын Орда мәселесіне жайбарақат қарай алмайтынын, қазақ жұртының басты жан ауыртар мәселесі деп танитынын, әсіресе жас ұрпағымыз үшін мұның маңыздылығын тарих түңлігін серпіп жібергендей жарқ еткізіп, дүниеге жар салып жариялады.
Осылайша, қазақ тарихы өзінің жаңа арнасына түсті, бұрынғы танып келген, мойындалып келген тарихымызға тағы үш ғасыр үстемеленіп қосылды, мемлекеттік деңгейде ресми түрде жарияланды. Ендігі жерде Қазақ мемлекеттілігінің тарихы бұынғыша он бесінші ғасырдан емес, он екінші ғасырдың аяғы мен он үшінші ғасырдың басынан бастау алады деп кеуде керіп тұрып, мақтанышпен айтуға толық қақымыз бар. Әлем дүр сілкінді, бұл, тіпті қазақ елі ішінде ғана емес, дүниежүзілік тарихнамаға өзгеріс әкелетін, әлемдік тарихтану саласының бірталай беттерін тың көзқарас-тұжырымдамаларымен байыта түсетін, жаңаша жазылуға тиіс тарихнамалық тараулар болып қосылатыны сөзсіз. Әрине, мұндай ерен істер ешқашан ескерусіз қалмайды, әзірше әлем жұртшылығы алғашқы әсермен пікір-көзқарастарын білдіріп жатса, енді біздің Президентіміздің бұл сенсациялық жарияланымы талай қаламдарға шабыт сыйлап, талай ғалым, ғұламалардың тың еңбектеріне, зерттеулеріне мұрындық болары сөзсіз. Өйткені бұрынғы, кеңестік жүйе тұсында, тиым салынған жабық тақырып болған күнде де саясаттың күші жетпеген, тұншықтыра алмаған, жаппай қоғамдық қозғалысқа дем бермесе де, ғалымдар мен шығармашылық иелерінің туындылары арқылы арагідік шаң беріп қалып отырған, сергек саналарға ойтүрткі болып, жетекшілік еткен бұл бағытқа енді саясаттың өзі араласып, мемлекеттік деңгейде мәртебе берілді. Бұл ел тарихының кең құлаш сермеуіне берілген зор мүмкіншілік деп ұғамыз. Дүниеде қаншама өз тарихынан айрылып қалған немесе тарихаты билеуші империяға байлаулы һәм тәуелді қаншама жұрттар барын ескерсек, бұл жетістігіміздің салмағы мен бағасының құны арта түсері анық.
Алтын Орда – қазақ мемлекеттігінің бастауы. Президентіміздің Алтын Орда туралы тастай берік уәжге құрылған тұжырымдамасының бағасы сонда, ендігі күнде бізге қарап ешкім де басынып, «Қазақ елінің мемлекеттілігі болмаған, тіпті шекарамен бөлініп, сызылған өз жері де болмаған» деген негізсіз көзқарастарын білдіре алмайды деп сенеміз. Біз ел басшысының негізсіз сөйлемегеніне, өзіне дейінгі бұл тарапта айтылып келген, жазылып жатқан сан алуан зерттеуші, ғұлама ғалымдардың, кемеңгер, көрнекті саясаткер, қоғам қайраткерлерінің, тарихшы-шежірешілердің, сондай-ақ шығармашылық өкілдерінің, әсіресе тарихи тақырыпта толғаған қаламгерлеріміздің туындыларымен жан-жақты түбегейлі танысып, әбден көзін жеткізіп барып, түйген тоқтамы деп білеміз.
Алтын Орда – менің мақтан тұтар төл тарихым. Алтын Орда – менің туған жұртымның, өскелең ұрпағымыздың мәңгілік тұғыры, тірек-таянышы, елдік мақтанышы. Жас ұрпағымыз осы қуатты рухтан күш алып, жігерленіп, болашағына тура қарап, еңсесін тіктеп өсуге тиіс. Президентіміздің Алтын Орда туралы тұжырымдамасын жариялауының да басты мақсаты осы деп ұғамыз.
Қазақтың біртуар ақыны Мағжан Жұмабаев:
Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа,
Түріктен басқа от болып жан туып па?
Көп түрік енші алысып тарасқанда,
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па? –
деп жырлауы бүгінгі Президент айтып отырған Алтын Орда туралы тұжырымдама бағыттарымен орайлас, үндес. Аса білімдар ақын нақ Алтын Орда ыдырағанда, оның қара шаңырағы қазақта қалғанын айқын атап көрсетіп отыр. Мұны бүгінгі Көк түріктің саналы, салауатты ұрпағы мойындайды. Тағы да баса айтамыз, бұл әңгіменің басы ғана, қазақ тарихатын һәм Алтын Орда ақиқатын шынайы өрелеу енді басталды. Ал ақиқатты тарихат жалған деректерге сүйеніп жасалмайды.

Досжан ӘМІР

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір