БАЛА АРМАНЫНА ҚАНАТ БІТІРГЕН КЕЗДЕСУ

Балалық шақ – қиялдың мекені. Әр бала жүрегінде бір арман тербетеді. Бірі ғарышты бағындырғысы келсе, бірі ақын, дәрігер немесе ұстаз болуды қалайды. Сол армандардың қанат жаюына ықпал ететін ең үлкен күштің бірі – кітап.
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай И.А.Крылов атындағы қалалық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында балалар жазушысы Айнұр Мұратовамен «Ертегілер елінің болжамы» атты ерекше форматтағы шығармашылық кездесу өтті.
Іс-шараның мақсаты – балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту, балалар әдебиетін насихаттау, жас оқырмандарды заманауи балалар әдебиетінің өкілдерімен таныстыру және жазушымен жүздестіру болды.
Кездесу Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бастамаларымен үндес өтті. Мемлекет басшысы өз сөздерінде кітап оқудың маңызына ерекше тоқталып, «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу» екенін атап өткен болатын. Осы игі бастаманы қолдау мақсатында ұйымдастырылған шара балалардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.

Кеш қонағы – республикалық «Ақ желкен» балалар мен жасөспірімдер журналының қызметкері, балалар жазушысы, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Айнұр Мұратова болды.
Шараға №140, №202, №41, №104, №58 және №149 жалпы білім беретін мектептердің оқушылары, ұстаздар, ата-аналар және «Дружные ребята» газетінің тілшісі қатысты.
Кештің басты ерекшелігі – оның ерекше форматта ұйымдастырылуында еді. Қонақтар «Ертегілер әлемінің ауа райы болжамы» атты шығармашылық саяхатқа шақырылды. Қиял аймағы, Мейірім аймағы, Білім аймағы, Шығармашылық аймағы және Бақбақ аймағы арқылы балалар ертегілер әлеміне саяхат жасап, кітаптың сиқырлы күшін сезінді.
Кездесу барысында Айнұр Мұратова өзінің шығармашылық жолы туралы әңгімелеп, кітап оқудың маңызы, баланың ой-өрісін дамытудағы әдебиеттің рөлі және әлеуметтік желілер заманында балаларды кітап оқуға баулудың жолдары туралы ой бөлісті. Жас оқырмандар жазушыға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, еркін пікір алмасты.
Кеш барысында жазушының қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген, екі рет басылып шыққан «Шапшаң тасбақа» ертегілер жинағы таныстырылды. Балалар кітап кейіпкерлерімен жақынырақ танысып, шығармалардың тәрбиелік мәні жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар автордың алдағы уақытта жарық көретін «Қыз бен қызыл алма» және «Аспан алақанын аңсаған гүл» кітаптары туралы да айтылды.
Жазушы балаларға арнайы әзірлеген «Каникулда смартфонсыз» авторлық күнделігін және кітаптарын белсенді қатысушыларға сыйға тартты. Бұл сыйлықтар балалардың ерекше қуанышына бөленді.

Кездесу барысында мектеп оқушылары көркемсөз оқып, ән орындады. Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі – Айнұр Мұратова жариялаған «Бақбақтың арманы» шығармашылық бейнебайқауының қорытындысы болды. Бір ай бойы өткен байқауға қатысқан балалар «Шапшаң тасбақа» кітабындағы алғашқы ертегі негізінде бейнероликтер әзірлеп, өздерінің шығармашылық мүмкіндіктерін көрсетті. Байқау қорытындысында үздік жұмыстар анықталып, жеңімпаздар дипломдармен, қаржылай сертификаттармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Мерекелік кешке арнайы қолдау көрсеткен демеушілер де балалар қуанышына ортақтасты. Логопед-дефектолог, «Сөйлеу және мінез-құлықты түзету» орталығының басшысы Айгерім Алтынбайқызы Сәрсенбаева, психология магистрі, қоғам қайраткері, «Шайзада» демалыс үйінің негізін қалаушы Дана Қыздарбекқызы Әшірбекова, қоғам қайраткері Зәмзагүл Ермекқызы Асанова және балалар жазушысы, «Каусар» орталығының жетекшісі Динара Бердімұрат байқау жеңімпаздары мен қатысушыларына сыйлықтар табыс етті.

Демеушілер тек балаларды ғана емес, жас ұрпақтың рухани тәрбиесіне үлес қосып жүрген кітапхана қызметкерлерін де назардан тыс қалдырмай, сый-сияпат жасап, алғыстарын білдірді. Бұл кітап пен оқырман арасындағы алтын көпірге айналған кітапхана еңбегіне көрсетілген құрметтің жарқын көрінісі болды.
Кездесу соңында балалар сүйікті жазушысымен естелік суретке түсіп, кітаптарына қолтаңба алды. Балалардың жүзіндегі қуаныш пен кітапқа деген қызығушылық шараның өз мақсатына жеткенін аңғартты.
Сол күні ертегілер елінде күн ерекше шуақты болды. Қиял аймағында шабыт самалы ессе, Мейірім аймағында жылылық орнады. Ал Бақбақ аймағында балалар арманы көкке самғап, жаңа үміттерге жол ашты. Өйткені әрбір кітап – жаңа әлемге бастар жол, ал әрбір бала арманы – жарқын болашақтың бастауы.

Кездесу барысында таныстырылған «Каникулда смартфонсыз» авторлық күнделік балалардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған. Танымдық тапсырмалар мен қызықты жаттығулардың көмегімен оқушылар ағылшын тілінен 1000-ға жуық сөзді меңгеріп, смартфоннан гөрі кітап пен білімге көбірек көңіл бөлуге дағдыланады.
А.Жолдасқызы,
қаламгер, кітапханашы
ПІКІРЛЕР1