Мырзан КЕНЖЕБАЙ. «ОТАН СОҒЫСЫ» ҚАЙ СОҒЫС?
Абзалы қазақты ұйқыдан оянғысы келмейтін самарқау, ынжық, жалқау деп күстәналау бекер. Сенбесеңіз, жай қитабан қазаққа да, ұлттық мәселе қазақ мәселесі дегеннен анадайдан аулақ жүретін, ішкен-жегеніне мәз атқамінер қазаққа да пәленінші жылы, пәлен деген жерде, пәленшекеңнің пәленжылдық мерейтойы, пәленбай деген рудың өмірі атын адам естімеген пәленбай деген батырының бетон атқа мініп, бетон найза, бетон қылыш ұстаған ескерткішінің ашылу салтанаты болады екен деп түн ортасында шақырсаңыз, ұйқылы көзін сипалап таң алакеуімнен жетіп келмесе, маған келіңіз.

Немесе тағы да бір онжылдық, жиырмажылдықтың стратегиялық жоспарын жасадық, соны орындауға жұмыла кірісейік деп ұран тастаңызшы. Нағыз ұлы дүбір, ду-думаннан, жұмыс орындарында қызу талқыланған митингілерден көз аша алмай қаласыз. Ал шындығында, сол қазақ өзінің тек ұлттық мәселесін, мысалы, «мемлекеттік тілді өзінің шырқау биігіне көтере алмай, Қазақстандағы бүкіл телеарна күндіз-түні орысша сайрап тұрғанын, соттардағы, бүкіл құқық қорғау органдарындағы іс-қағаздары түп-түгел әлі күнге орысша екеніне не дерсіз… Соны қолға алатын уақыт жетті ғой.
Ау, біздің ешбір елге, ешкімге «тәуелсіз ел деген атымыз бар ғой» десеңіз ғана «асықпау керек», «асықпаған арбамен коян алады» деп баяғы ұйқылы-ояу мәңгірген қалпына түседі де кетеді. Тіпті сен орысты қорлап тұрсың деп өзіңе тап беруі де мүмкін. Сол қазекем, той-томалақ, мерейтойлық ұранқайлығын біршама жыл бұрын «1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына даярлықпен» тағы бір көрсетті.
Біз бұл жерде бұл іс-шараларды өткізбеу керек деп отырған жоқпыз. Өйткені бақилық болған аруақты сыйламаған адам тірі жұртын да сыйламайды. Бірақ әр нәрсенің шет-шегі, мөлшері болатыны сияқты той-думанның да, мейрам-мерекенің де өзіне лайықты өлшемі болуы керек. Әйтпесе, қаншама жылдан бері үзбей тойланып келе жатқан осы мерекеге бұрынғы обком секретарлары, райком секретарлары мен облыс, аудан өнімі болып зейнетке шыққандарды бас қылып, ел ішіндегі ақсақал-қарасақалды жинап, бір жыл бұрын ебіл-себіл болып, оған соншама қыруар қаржы бөлудің қажеті бар ма? Бұл – бірінші ойланатын мәселе.
Екіншіден, 1941 – 1945 жылдардағы соғысты «Отан соғысы» деп атауға қатысты пікірдің екіге айрылғанына да талай жыл болды. Оны бүгінгі ұрпақтан жасырам деу және сол айтылып келе жатқан өтірік-шыны аралас күйінде тарихта қалдырам деу де құр әурешілік. Оны Отан соғысы деп атауға қарсылар ол кезде бүкіл 15 республика бір ғана Ресейдің, яғни Мәскеу Кремлінің колониясы болғанын, оның құрамындағы қазақ, өзбек, әзербайжан, түркімен, тәжік, татар, башқұрт және басқалары әскерге зорлықпен, күштеп алынғанын көлденең тартады. Олардың сөзінің жаны жоқ дей алмайсыз. Сол қырғын соғыс басталардан 4-5 жыл бұрын ғана кеңес халқы небір қуғын-сүргінді бастан өткеріп, зәрезап болып қалған еді. Сонау 1925 жылғы тәркілеу кезеңінен бастап, біресе халық жауы, біресе бай-құлақ, біресе Американың, не Жапонның тыңшысы деген сұмдық «тазалаудан» өтіп, әбден үргедек боп қалған халық арасынан бұл соғыста «Отан үшін», «Сталин үшін», «Москва үшін» деп шыққандар әрине, аз болған жоқ. «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген орашолақтау мәтел де – сол кездің «туындысы». Соның алдында ғана ұлт тағдырының оңы мен солын, пайдасы мен залалын елеп-екшеп, ұлтқа дұрыс жол сілтей алатын көзі ашық, ойы ордалы, «қазағым» десең, кеудесінде атқақтап соғып тұрған жұдырықтай жұмыр етті жұлып беруге даяр және сонысы үшін Мәскеу таңдап жүріп қынадай қырған, қырмағаны түрмеге тығылған бүкіл ұлтшыл азаматынан айрылған қазақ ұлты бұл кезде әрі саяси сауаты өте төмен, оң-солын, дұрыс-бұрыс жолын таңдап ала алмайтын, әрі әр нәрседен шошынып қалған жас бала сияқты еді. Оның үстіне, Кеңес Үкіметінің елді бай мен жарлы, ескішіл мен жаңашыл, діндар соқыр мен көзі ашық азамат деп қызды анаға, ұлды атаға қарсы қойған сайқали саясаты да қара халықты әбден есеңгіретіп тастаған-ды. Бұл кезеңде большевиктік-коммунистік идеологияның жүргізген жұмысы өте жойқын болды. Соның бәрі тоғыса келгенде, адамдардың, әсіресе қазақ ұлтының санасына жер бетіндегі жұмаққа жетелейтін «жалғыз жарық жұлдыз – Мәскеу» деген соқыр сезімді мықтап орнатты. Ұрыс даласында неше алуан газеттерге өтірік ерлікке, жалған мағлұматтарға толы мақалалар жарияланып жатты. Кеудесін оққа тосушылар, амбразураның аузын төсімен жауып, артындағыларға «Сталин үшін», «Москва үшін жанпида» деп айқайлайтындар туралы лепірме материалдар көптеп басылды. Әр республикадан сол Мәскеуді, Сталинді, Ленинградты, Кремльді, орыс халқын мақтап жырлайтын қарт ақындар қолдан жасалды. Кім қалай десе де біз әлі күнге шейін санамыздағы сол кезеңнің соқыр сенімінен арыла қойған жоқпыз.
Әрине, бәріміздің де әкелеріміз бен аталарымыз сол қан соқтаға, дәлірек айтсақ, орыс мемлекеті мен неміс мемлекетінің арасындағы қанды қырғынға қатысқаны рас. Бірақ сол марқұмдардың арасында сол кезде өздерінің кім үшін, не үшін ажалға қарама-қарсы барғанын ақыл-ой таразысына салуға сана-сезімі жетпегендері де, өкіметтің зорлықпен қойша жинап апарып соғысқа салғандары да, соғыстан қашқандары да (дезертирлер), ұзақ жылға сотталып немесе атуға бұйырылып түрмеден әкелінгендер де мыңдап, жүз мыңдап саналатын еді. Бүгін ғана емес, осыдан 20 шакты жыл бұрын-ақ сол соғыста көрсетілген талай «ерліктің» өтірігі шығып, баспасөз бетінде ара-тұра болса да жарияланып тұрды. Әрине, өткенді қазбалай беруді ешкім жөн демейді. Әңгіме біздің аға ұрпақтың, ата ұрпақтың сол заманда душар болған алданушылығын, қиындығының бүгінгі азат еліміздің жас ұрпағының санасына әлі де сіңіріліп келе жатканында болып отыр.
Орайы келгенде айта кетейік, біз бұл соғыс туралы екі жақты пікірді сонау Кеңес заманында «Ұлы Отан соғысы» деп аспандатып, атойлап жүрген шақта да талай естігенбіз. Ал бүгін ше? Бүгінде осы соғыста жеңіп шықтық деп мақтанатын орыс пен қазақтан басқалар бар ма, жоқ па білмейміз. Бір білетініміз, біздің қазекең ата-дәстүрін, тілін, ділін, басқа да бүкіл тірлігін түзетіп алып, енді сол ғана қалғандай-ақ, сонау жылдары «генерал Сабыр Рахимов қазақ екен, өзбектер өзбек қып алды, оны қайтарып алуымыз керек» деп әлдеқашан марқұм болған адамның аруағын қайта-қайта тебіренте берді. Сол соғыс кезінде де, одан кейін де «Русия билән Германның ұрышы бізгә немага керек?!» дейтін өзбек ағайындар КСРО құласымен сендерге керегі осы ма дегендей Ташкент метросындағы бір бекеттен де, тағы бір ауданнан да С.Рахимовтың есімін алды да тастады. Украина мен балтық елдері оларға қарсы ерлік шайқастары туралы ештеңе айтпайды. Ал Кеңестік Ресей кезіндегі қуғын-сүргін, қайта-қайта әдейі жасалған ашаршылық, қазақты қырып-жоюдың өзге де шаралары туралы не айтылмайды, не атүсті қысқаша ғана тоқтап өтіледі.
Тағы бір мәселе, «Жеңіс» тойына байланысты. Бұл соғыста екі жақтың әрбірінен ондаған миллион бейкүнә пенде опат болды. Бейкүнә дейтін себебіміз, ішінара болмаса, олардың көпшілігі өз өкіметінің алдап-арбап не зорлықпен айдап салуымен соғысушылар-тұғын. Олардың ешқайсысы ана құрсағынан қанқұмар, қанішер болып туган жоқ. Олар адам өлігін, адам қанын соғысқа келіп көрді. Олар егер карсы жақтың адамын әуелі өлтірмесе, ол өзін өлтіретінін үйренді. Сол артықтау болса да мысал келтіре кетейік. Менің әкем сол соғыстан аман оралғандардың (жараланып) бірі. Кенже бала болғандықтан атадан үйренген әдетіммен «Ата, неше неміс өлтірдің?» деп сұраған сайын: «Қой, о-о! Неғылам жазықсыз адамның қанын төгіп?! Олар да – адам баласы. Олар да біз секілді бастықтарының айдауымен жүргендер ғой. «Эген!», «Істірләйте!» деген сәтте басымды төмен иіп, көзімді жұмып атып-атып жіберетінмін», – дейтін марқұм. Ал екінші бір шалдарға ондай сұрақ қойсаң, қоқиланып пәлен неміс өлтірдім деп өтірік-шыны аралас сөзді төгіп-төгіп тастайтын еді. Мұны айтып отырған себебім, қазіргі ұрпақтың да сол соғысқа көзқарасы осы екі шалдың пікіріндей десек те болатын шығар.
Иә, 9 мамыр күнгі «Жеңіс» тойынан Украина мен Грузия әлдеқашан бас тартты. Өзгелер дәп біздің қазекемшілеп бір жыл бұрын қауырт іске кірісіп жатқан жоқ. Бұл мереке Германияда қаралы күн ретінде атап өтіледі. Сонда бір жұрттың қаралы күнін, екінші жұрт ұлы мейрам деп қыруар қаржы жұмсап, ұлан-асыр той тойлауы дұрыс дей ала мыз ба? Ау, әшейінде қайғы да, қуаныш та бүкіл адамзатқа ортақ дейтініміз қайда? Әлемнің небір ойшылдары жалпы «Жеңіс тойын тойлау» дегенді үлкен қателік деп білген. Неге десеңіз, сол Жеңіс жолында жоғарыда айтқанымыздай миллиондаған бейкүнә пенде апат болды. Бұл солардың өліміне, төгілген қанға қуанып, шаттанумен бірдей дейді сол ойшылдар. Ал ислам дінінде қаншама мейрам, мереке болғанымен «Жеңіс тойы» деген той жоқ. Қысқасы, өткен ғасырдың 1941 – 1945 жылдар аралығында болған соғысты қазақтар да «Ұлы Отан соғысы» деуі керек пе, жоқ па, «Жеңіс тойын» соншама дүбірлетіп тойлау дұрыс па?» деген пікірлер қазір екіге жарылып тұрғанын ешкімнен де жасыра алмайсыз. Оның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін алдияр-тарих өзі әлі-ақ айтады.