«ЖАНКҮЙЕР» АҚЫН
немесе «тұңғыш Пеле»…
Күн сенбі. Қарағанды стадионында «Шахтер» мен «Қайраттың» ойнайтынын естіп, Серік Ақсұңқарұлына телефон шалдым.
– Мен жанкүйер емеспін ғой… – деді ол.
– Бір рет көрсеңіз, ертеңінде ұйқыдан «жанкүйер» боп оянасыз? – дедім қызықтырмақ мақсатпен.
– Барсам, барайыншы, қағаздан өзім де қажып отыр едім… – деді ағам, келісе кетіп.
Келдік. Билет алып жатырмын.
– Қанша екен? – деді Секең.
– 200 теңгеден.
– Мен 2 мың теңге екен десем, арзан екен ғой?
– Стадионға қымбат екен деп келмей жүргенсіз ғой тәрізі?! Бірінші рет келіп тұрсыз ба?
– Алматыда Тұмағаңа (Тұманбай Молдағалиев. – Е. Ә.) еріп Дәуітәлі Стамбеков екеуміз бір барғанбыз…
– Содан бері келіп тұрғаныңыз осы ма?!
– Жападан жалғыз қалай келем?!
– Ақындардың арасында олардан басқа жанкүйер жоқ па?!
– Неге «жоқ?!» – деді ол намыстанып кетіп, – көп қой… Мәселен…Әбділда Тәжібаев! Керемет болельщик болған!
– Ал сіз бүгін кімге жанкүйер боласыз?
– «Қайратқа»! – дейді Секең, бүгін тап бір сол үшін келгендей! Менің шақырып әкелгенімді «ұмытып» кетті…
– Өзің ше? – дейді маған.
– Мен «Шахтерге»?
– Онда нең бар?! Саған «Қайрат» жақын ғой?! «Шахтер» маған жақын?!
– Мен баяғыдан «Шахтерге» жанкүйермін!
– Ә… солай ма…
…Ойын басталып кетті. Не істер екен деп Секеңе ұрланып қарап қоям, стадионға күнде келіп жүргендей… түк сұрамайды…
– Ешкім темекі тартпайды екен мұнда?! – деді бір кезде жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап.
– Бұл жерде өңкей спортшылар, спорт жанкүйерлері, – дедім мен – Ұят емес пе?! Полиция көрсе, ұстап, жауып тастайды!
…Содан ләм демей, шыдап отырды!
– Сіз кімге «болейт» етіп отырсыз? – дедім, тағы да әдейі, сыр тартып.
– «Қайратқа»!
– Неге?
– Тұмағам марқұм ылғи «Қайратқа» жанкүйер болушы еді…
Бір кезде «Шахтер» ойыншылары «Қайраттың» қақпасының алдында қарбалас жасап, жан күйерлер ду етіп, басыла қалды. Сол кезде қаннен-қаперсіз отырған Секең:
– Ойбай! «Шахтер» соғып жіберді ме?! – деді зәресі зәр түбіне кетіп!
– Жоқ, жөндеп қарамайсыз ба? Қалай соғады?! Қақпа – бір жақта, доп айдалаға кетті ғой.
– Ә… Бізді Тұмағаның аруағы жебеді! Алға, «Қайрат», алға! – деді ақын ұшып түрегеліп, айғай салып, – Тұмағам!..
Қалың жанкүйер ала көзімен ақынға жақтырмай қарады!
– Үлкен адамсыз! Шошаңдап, қайта-қайта ұшып тұрып, неге айқайлай бересіз?! Біз отырмыз ғой, міне, үндемей?! – деді еңгезердей бір жігіт. Қайдан келген адамсыз өзі?!
– Алматыдан! – деді Ақсұңқарұлы бет-аузы шылп етпей!
Бірінші тайым аяқталып, үзіліске шыққанда біраз жігіттер біз жаққа жақтырмай қарап, топтаса бастады… Мен жанкүйерлердің психологиясын жақсы білем, Секеңді алып кету керек! Секеңнің ойында түк жоқ:
– «Шахтер» ойнай алмайды ғой, – деп қоймайды қайта-қайта!
Үзілісте Қарағандының құрметті азаматы Шәймерден Оразалинов футболдан мектеп оқушылары арасындағы жарыс жеңімпаздарын марапаттап жатты. «Азамат қой бұл кісі!» деп, Секең тамсанып тұр, езуінде темекі…
–Секе, қайтайық? –дедім.
– Ойын енді қызып келеді ғой? – деп, қимай тұр!
…Алдап-сулап алып кеттім…
– Сыра ішесіз бе бір жерден?
– Таздан – тарақ, менен – сыра қалғалы қашан?!
– Шай ішейік онда?
…Шай сіміріп отырмыз. Ақын Ғалым Жайлыбайға: «Қайрат»«Шахтерге» гол соқты», – деп, телефонмен сүйінші сұрап тастады!
–Секе, сүйіншілеуге әлі ерте ғой, футболда бір минут бәрін шешеді! Әлі екінші тайым бар ғой?
Секең көңілсіз!
– Не болған сізге? – деймін.
– Қап! Бекер кетіп қалдық… Мені қойшы, мен кеткеннен кейін «Қайраттың» жағдайы не болар екен? – деп, өкінеді.
– «Шахтер» бір-екі гол салып қойған шығар ендігі…
– Қап! Мен барда Тұмағамның аруағы жебеп-ақ тұр еді… – дейді күрсініп…
…Сөйтіп, «жанкүйер» ақыннан әзер құтылдым.
Ертеңіне таңғы сағат 7-де шыр-шыр еткен телефон дауысы оятып жіберді. Секең екен!
– Не болды таң атпай?!
– Сүйінші! – дейді!
– Неменеге?
– «Қайрат» «Шахтерді» 5: 0-ғып жеңді! Тұмағамның аруағы жебеді бізді! Футболист болуым керек еді!..
– Ақындығыңыз тақияңызға тар болып тұр ма?! – дедім ыза болып!
– Ақындықтан қажыдым… Бәрі «өлең» жазады… Сырты – «өлең»…ішінде түк жоқ, былшылбай! Әттең!..
Қызыларайда тудым… Стадион болмады ғой бізде?!. Футболист болғанда… – деп, ойланып біраз тұрды…
– Футболист болғанда… не болушы еді?!
– Футболист болғанда… мен… қазақтан шыққан Пеле болушы едім!
Бұл кісімен енді стадионға бармаспын!..
Есжан ӘМІРОВ.
КӨПЕН, ҚАЙДАСЫҢ?
– Көпен, қайдасың?
– Мен бір жиналыстамын.
Мәселеміз шешілмей, қиналыстамын.
Содан үйден алыстамын.
– Көпен, қайдасың?
– Ұшақтамын.
Мамықтай бір құшақтамын.
Жүрек тулап, дем ысып,
Амалым жоқ, тұзақталдым.
Өтетін бір жиналыстан
Қайтем енді, ұзап қалдым.
– Көпен, қайдасың?
– Вокзалдамын.
Жиналыс өткізетін
Үлкен бір көк залдамын.
Түнге қарай бітірем деп,
Мен өзімше болжалдадым.
– М… м… м… жәрәйды,
Жиналыстарың қашан тарайды?
– Келтіреміз бір орайды.
Қазір арыз деген қарша борайды.
Соның бәрін тексереміз,
Сөйтіп, жалақор-парақорларды еңсереміз.
Ертесіне тағы шалдым қоңырауды
Мұны, тіпті, көңіліне ауыр алды.
– Көпен, қайдасың?
– Кемедемін.
Жанымды осы қинайсыз неге менің?
Айттым сізге: «Барамын жиналысқа,
Жердің түбі ту… сонау тым алысқа».
– Көпен, қайдасың?
– Көктемін.
Іздеп жүрмін ай тасын.
– Әй, сен де жоқты айтасың…
Не қыласың ай тасын?
– Пергілеймін бұл жақтан
Жемқорлардың төбесін.
Ине шаншып сөгемін,
Тырнағының көбесін.
– Айдан қашан келесің?
– Не боп қалды?
Менде бар ма ед,
Аласы мен бересің?
– Бір мәселе бар ед тә…
Ақылдасар өзіңмен.
– Шығарасыз неге мені төзімнен?!
Аңғаруың керек еді
Ықылассыз сөзімнен.
Түсінбесең айтайын:
(Меселімнен қайтайын)
Жиналысты азайтуға ден қойып,
(Біразына құлып салып, ен қойып,
Сауықтырар ем қойып,
Таңды көзбен атырдым).
Жиналысты тағы бір
Ашайын деп жатырмын.
***
Мұндай мықты ақынмен
Сөйлес қылған мына мен…
Неткен қайсар батырмын!..
Тұрсынбек ЕШЕНҚҰЛОВ.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.