Ауылды гүлдендіруге бағытталған өркенді өзгерістер
02.04.2026
38
0

 

Мемлекет басшысы жыл са­йын Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында ел дамуының басым бағыттарын айқындап, қоғам назарын маңызды салаларға аударып келеді.

Сол бағыттардың ішінде ауыл шаруа­шылығын жаңа деңгейге көтеру мәселе­сі ерекше мәнге ие. Өйткені ауыл шаруа­шылы­ғы – тек экономиканың үлкен бір саласы ғана емес, елдің азық-түлік қауіпсіз­дігін қамтамасыз етудің басты кепілі.
Жердің берекесі мен еңбек өнімділігін арттыру – тұрақты экономикалық дамудың маңызды көрсеткіші. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның мүмкіндігі зор. Ұлан-ғайыр жеріміз, табиғи байлығымыз, ауыл еңбегіне бейім халқымыз ауыл шаруашылығының өркенді дамуына үлкен мүмкіндік береді.
Қазір ауыл шаруашылығы бұрынғыдай тек қарапайым еңбекке ғана сүйеніп дамымайды. Ғылым мен технологияның жетістіктерін пайдалану, жаңа агротехникаларды енгізу, су үнемдеу әдістерін қолдану, заманауи техникалармен жұмыс істеу – уақыт талабы. Президент көтерген бастамалардың басты мақсаты да – ауыл шаруашылығын осындай жаңа деңгейге шығару.
Ауылдың дамуы – тек өнім өндіру ғана емес. Бұл – ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсарту, жастардың ауылда қалуына жағдай жасау, еңбек өнімділігін арттыру мақсатында жаңа мүмкіндіктерге жол ашу. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан фермерлерге қолдау көрсету, субсидиялар бөлу, ауыл кәсіпкерлерін дамыту бағытында түрлі бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Бұл – ауыл еңбеккерлеріне көрсетілген үлкен сенім. Ал сол сенімді ақтау жердің қадірін білетін еңбек адамдарының қолында.
Қазақ «Жер – ырыстың кіндігі» деп бекер айтпаған. Кең байтақ жазиралы даламыз – халқымызға берілген баға жетпес байлық. Сол байлықтың игілігін дұрыс пайдалану ел тұрмысының берекесін арттырары анық. Ауылдың тынысы кеңейсе, елдің де еңсесі биіктейді. Ауыл шаруашылығының өркендеуі экономиканың өзге салаларына серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттырары анық.

Алина АЛМАҒАНБЕТОВА,
Тұран университетінің 4-курс студенті

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір