ЭКОНОМИКАНЫ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ АРҚЫЛЫ КӨТЕРУГЕ БОЛАДЫ
Әйгерім ЖАҚЫПБЕК,
әлеуметтанушы
Қоғамның әр саласында жастар едәуір белсенділік танытып жүр, алайда кейінгі он жыл ішінде олардың мамандық таңдаудағы көзқарастары көп өзгере қойған жоқ. Көптеген мемлекетте де, оның ішінде Қазақстанда жастар санатына 18-29 жас аралығындағы азаматтарды қосады. 18 жаста бала мектепті бітіріп, мамандығын таңдайды. Қазіргі түлектер тест тапсырғанда таңдаған бесінші пәніне сәйкес о баста таңдаған оқуына түсе алмаса, балы жеткен келесі оқуға құжат тапсыра алады. Мәселен, география пәнін таңдағандар экономика, қаржы, бух-учет мамандығына тапсырса, дүниежүзі тарихы пәнін таңдағандар құқық немесе кеден ісіне, саясаттану, әлеуметтану мамандықтарына тапсырады.
Қазақстанда юрист пен экономист болуға деген құлшыныс әлі де сақталып қалған. Қоғамдағы осы екі мамандыққа деген сұраныс азайса да, бұлар «сәннен» қалмай тұр. Бұл мамандықты игергендер оқу орнын аяқтаған соң кәсіп табылмағандықтан өзге саладан жұмыс іздейді. Мәселе осы екі мамандыққа ғана қатысты емес, түлектердің көпшілігі оқу бітірген соң осы мәселемен бетпе-бет келеді. Бұл – еліміздің еңбек нарығындағы сұранысқа сай маман даярланбайтынын аңғартады. Зауыт-фабрикалар мен кәсіпорындар жоқтың қасы болған соң өндіріс саласы бойынша білім алған қыз-жігіттер де өзге жұмыс көзінен нан тауып жүр. Машина жасау мамандарын дайындайтын оқу орнын аяқтағандардың 20-30 пайызы ғана өз мамандығы бойынша жұмыс істеп жүр. Ал қалған 70 пайызы басқа салаға кетеді. Медицина саласында жалпы тәжірибелік дәрігер (ВОП) мамандыған игергендер жұмысқа жылдам орналасса, терапевт түлектерге жұмыс табу қиынға соғады. Қазіргі жастар арасында шағын кәсіппен айналысуға талпыныс басым. Мұндай жақсы тенденцияға мемлекеттің орта және шағын бизнесті дамыту бағдарламасы әсер еткен болар.
Медициналық колледж студенттері жауап берген анкетаға қарасақ, олардың көбі мемлекеттік емдеу мекемелерінде емес, жеке салада жұмыс істеуді жоспарлайды. Көбі косметология мен массаж жасау кәсібіне барғанды жөн көреді. Фармацефтика факультетін бітіргендердің 50 пайызы дәріхана мен дәрі шығаратын зауытта жұмыс істеуді ойласа, елу пайызы фармацевтикалық компанияларда жұмыс істегенді қалайды. Өйткені, ол жердегі айлық еңбекақы аптекадағы фармацевтің айлық ақысынан екі-үш есе көп. Яғни нарықтық экономика кезеңінің сипатына сәйкес барлық адам еңбек-ақысы жоғары жұмыс табуды көздейді. Диплом – жоғары білімі бар деген әлеуметтік статустың көрсеткіші секілді. Адамның бір мамандықты игеріп, өзге жұмыс орнында қызмет етуі, ең алдымен, кәсібилікті төмендетеді. Әр адам өзі меңгерген ісін жан-тәнімен атқарса, кәсібиліктің шыңдалатыны белгілі. Дамыған мемлекеттердің барлығы дерлік білім саласына аса мән береді. Өйткені, білім – барлық саланың фундаменті. Мысалы, Оңтүстік Корея технологиясын да, киносын да, медицинасын да жақсы дамытуда. Оған негіз болған әр сала маманының кәсібилікке жеткені. Ал әр саланың жетістігі мемлекет дамуының кепілі. Адамдардың мамандық таңдауда қателесуіне не себеп? Өйткені, олар қоғамға қай мамандықтың қажет екенін анық білмейді. Мамандықтар туралы ақпарат жеткіліксіз. Әрбір жоғары оқу орындары өздері жайлы үгіт-насихат жүргізгені жөн, әлеуметтік жарнамалар керек. Ондай өзгерістер болуы үшін мемлекет тарапынан бағдарлама жасалуы керек. Бізде «Дипломмен ауылға», «Жол картасы» секілді сапалы бағдарламалар бар. Бірақ олар өте баяу жүріп жатыр. Халықтың бағдарламаға деген сенімі аз, оны жүзеге асыратын тиісті орындар халыққа толық ақпарат бере алмайды немесе жемқорлық кедергі болады.
Жетекші, интеллектуалды ұлт болуы үшін, ең алдымен, белгілі бір саланы дамыту керек. Ол өзіміздің қолымызда тұрған ауылшаруашылық саласы. Біз ауылшаруашылығын дамыту арқылы экономиканы түзетеміз, ал экономикасы түзелген мемлекетте басқа салалар өздігінен дамиды. Ауылшаруашылығы мамандарын дайындауды жетілдіріп, сол кәсіпке аса мән берілуі тиіс. Ал қазір ауылшаруашылық мамандарын дайындайтын оқу орнына бесінші пәннің сәйкес келуіне байланысты көбіне бастапқы таңдаған мамандығына балы жетпей қалған түлектер құжат тапсырады. Оның көбі қыз балалар. Қыз балалардың көпшілігі тұрмыс құрады, үй шаруасымен айналысып кетеді немесе теорияға бет бұрады, енді бірі басқа салаға ауысып кетеді. Ауылшаруашылық саласын дамыту үшін осы сала мамандарының статусын көтеру қажет. Қазіргі таңда Қазақстан экономикасын ауылшаруашылық саласы арқылы ғана көтеруге болатынын көпшілік жақсы біледі. Осы саланы бүге-шігесіне дейін зерттейтін орталықтар құрып, жаңа сапалы өнім шығара алатын зертханалар ашып, зертханада тәжірибеден өткен өнімді өндіріске енгізіп, тұтынушыларды барынша қамтып отырсақ, экономика дамиды. Бұл, әрине, білімнің негізінде жүзеге асады. Білім алу, алған білім негізінде жер игеру, игерілген жер негізінде өнім өндіру, алған өнімді сату арқылы экономиканы жетілдіру ісі жүйелі қолға алынуы тиіс. Жерді игеру үшін мотивация керек, ал мотивация өндірілетін өнімнің технологиясын жетілдіруден басталады.