ЖЕРГІЛІКТІ ҰЛТ ПЕН ЖЕТЕКШІ ҰЛТ АРАСЫ
Рамазан САЛЫҚЖАНОВ,
әлеуметтану ғылымының кандидаты,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ әлеуметтану кафедрасының доценті
Қазақ халқы жергілікті ұлттан жетекші ұлтқа көтерілуі үшін оның алғы шарттары жасалуы қажет. Ол үшін қазақ тілінің, салт-дәстүрінің, тарихының дамуын толық қамтамасыз ету керек. Ондай жағдай әзір болмай тұр. Менің ойымша, жетекші ұлт болудың нышаны байқалмайды. Оның амалдары қазақ мәдениетін дамыту, тілін дамыту, салт-дәстүрін дәріптеу. Бүгінгі күнде қазақ жастары қоғамның кез келген саласына етене жарқын араласып, өзін көрсетіп, өз орнын ойып алып сәтті тіршілік жасап жатқан жоқ. Өйткені, қоғамдағы дифференциация аса байлардың және тым кедейлердің пайда болуына әкелді. Бүгінгі қоғам, соның ішінде, қазақ әлеуметтік дифференциацияға ұшырап, басым бөлігі тақыр кедей болмаса да соның ар-жақ бер жағында жүр. Ауылдағы қазақтың малы мен жері жоқ, қаладағының үйі жоқ, демек, ондай отбасында өсіп-жетілген жас ұрпақ өз кезегінде қоғамның кез келген саласынан еншілеп орын ала алады деп ойламаймын. Бұл біздің білім гранттары мен еңбек нарығын бір-біріне сай жүйелемегеніміздің кесірі. Соның салдарынан мыңдаған қазақ жастары босқа сабылып, керексіз дипломға оқып, алғашқы игерген мамандығына сай жұмыс таба алмай, келесі мамандықты игеру жолында оқып жүр. Әрине, жақсы оқыған, ағайын-туыстың қолдауыне ие кәсіпкерліктің немесе ғылымның жолында жүрген жастар бар, бірақ олар тым аз. Бүгінгі күнде экономикаға қажетті мамандардың санын, сапасын бес-он жылда дәл анықтап айтып беретін маман жоқ. Тіпті, қоғамға керек маманның санын анықтайтын әдістеме де жоқ. Мәселен, былтыр құқықтық салаға 20 грант бөлінсе, биыл 20 грант қаржылық мамандыққа бөлінеді және жылдан жылға осы көрсеткіш өзгермей келеді. Не кем емес, не ұлғаймайды. Екіншіден, нарықтық қатынастар әлі де болса басып қалу, дүние жинап алу, шет елдің бір жеріне апарып ақша тығып, мүлік алу сияқты көп замандастардың дүниеқоңыздық пиғылдарды негізінде өрбіп жатыр. «Тырнағы батқан тартып жеп, тісі батқан қарпып жейтін» әдет тоқтап, бұл мемлекет пен ұлттың мүлкі ғой, ертеңгі ұрпақ үшін керек емес пе, деген ұғым қалыптаспай, ештеңе өзгермейді. Бай байлығын асыра береді, кедей кедейлене береді. Бірақ түптің түбінде мұның да бір шегі болады.