Есенин (Әңгіме)

Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА
– Қыздар, мен Есенинді таптым! Есенинді!
– Кімді?…
– Ойбай-ау, кім болушы еді?! Орыс халқының ұлы ақыны Сергей Есенинді! Басқа Есенин бар ма, еді? – деп Ақтоты өзіне тосырқай қараған құрбыларына өкпелей үн қатты.
– Жоқ кісіні қайдан таптың? Басыңа қиқым кіргеннен саумысың, қит етсе, Сергей, Сергей деп…
– Сендерге не болды, сөзімнен үркіп? «Ақынның өзі өлсе де, аты өлмейді. Ғалымның хаты өлмейді». О, несі? Мен тұрмақ, ақиық ақын Мұқағали да: «Әй, Сергей! Сергей, Сергей! Сергей! Сергей! Түстім-ау, сергелдеңге менде сендей. Аулаққа, тым аулаққа кеттім білем. Жаны ашып, ақыл берген елге сенбей» деген жоқ па? Демек, Мұқағали да Сергейді қатты сыйлаған. Өлеңін де, өзін де жоғары бағалаған. Менде Мұқағали секілді Сергейді жақсы көремін!
– Астафыралла, есің дұрыс па, ауыс па? Әй, бұған біреу Есенинмен дуа салған шығар? – деді қыздар Ақтотыға ілкіде сеніңкіремей.
Бөлменің ішін жаңғырықтай жаңғыртқан Ақтоты кеудесіне басқан портретке қарап: «Қандай әдемі, ә! Жігіттің сұлтаны емес пе? Көздері мөлдіреп тұр ғой, мөлдіреп! Лирикалық өлеңдері қандай ғажап! Өзі неткен ғаламат?» – деп бөлме ішінде көбелектей қалықтай берді.
– Өй, пәле-ай! Бүйтпесең, Ақтоты болармысың? Өткенде облыстық газетке шыққан өлеңіңнен аңғарып ек жүрегіңнің түбінде бір құпия жатқанын! Сонда: «Келбетіңді бір көруге асықпын. Саған мәңгі, саған ғана ғашықпын» деп келетін жыр жолдарын осы Есенинге арнап жаздың ба? – деп сықылықтады бәрі.
– Иә, әрине. Мұндай ақынға ғашық болсам айып па? Қазір портретті анау төрге, кереуетімнің тұсына іліп қоямын. Сосын жан сырымды ақынға ақтарамын…
– Әй, Ақтоты-ай, өзіңмен бірге жүрген қандай қызық? Іш пыспайды, – деді Айсұлу.
– Айтпақшы, комендант қабырғаға шеге қаққызбайды. Біліп қойса, жатақханадан шығарады! – деп алдын ала ескертті Шәмшия.
– Шығармайды! Қазір мұны Наталья Ивановна көрсе, Сергеймен қайта
қауышқандай жылап жібереді. Олар Есениннің рухына табынады! Ақ дидарын сағынады! Өлеңін сүйіп тыңдайды! Сондықтан комендант та, вахтер де рұқсат береді, – деп шорт кесті Ақтоты.
– Өзі кітаптың мұқабасындай шап-шағын, жып-жылтыр екен. Дизайні де күшті! Қайдан таптың? – деп тамсанды Әлфия.
– «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» демекші, көшеде кетіп бара жатып Карев үйінің тұсындағы кітап дүкеніне кіріп едім, «Орыс классиктерінің шығармалары» деп жазылған сөреде бір өзі тұр! Бірден көзіме оттай басылды! Көңілімнен көктем гүлі шашылды! – деді Ақтоты шалт сезіммен.
– Апырмай, ә? Есенин, Есенин деп аузыңнан тастамаушы ең. Ақыры портретін сатып алдым де, – деп таңғалды Әлфия.
– Қараңдаршы, өзі сөмкеме де сыяды. Бірге алып жүруге болады. Тек, орыс факультетінің қыз-жігіттері қызығып, мен жоқта ұрлап кетпесін?! Былтыр Мұқағалидың «Өмір-өзен» деген жыр жинағын бір жылпос оқуға алып, жоғалтып тынды. Фото мен кітап ұрлағанды жынымнан жек көрем! – деп Ақтоты аузын бұртитты.
– Уайымдама. Олар Пушкинді, Лермонтовты, Гогольді, Есенинді, Тургеневті, Маяковскийді күнде оқиды. Тіпті түстеріне кіретін шығар, – деп әзілдеді Айсұлу.
– Осы сен, былтыр облыстық телевидениеге бара жатып, дәл сол тұстағы орыстың зиратын армансыз аралап едің ғой. Сонда бір жігіттің құлпытасын Есенин деп бізбен қызыл кеңірдек болғансың. Есениннің сүйегі Мәскеудің Ваганьков зиратында жатқанын білмейтіндей, – деп Шәмшия кекесін кейіппен мырс етті.
– А, иә, иә. Дұрыс айтасың. Сол күні Ақтотының кесірінен куратордан оңбай ұрыс естідік. Журналистер де бізді көп күтіпті, – деді Айсұлу қымсынып.
– Соны айтам… Жетіп барғанда «Ақыным» – Виталий болып шықты ғой, жарықтық! Марқұмның шашын шекесінен екіге айырғаны, дөңгеленген әдемі көздері, жүзінің жылылығы, бәрі-бәрі Сергей Александровичтің сырт келбетін қаптап қойғандай еді. Сол Виталийдің де өмірі тым қысқа қиылыпты. Неден қайтыс болғанын кім білсін? Жатқан жері жарық болсын, – деп күрсінген Ақтоты ойын әрмен қарай жалғады. – Әлі есімде. Алғаш рет біздің ауылға қаладан Зүмрат деген мұғалім келді. Орыс тілінен сабақ берді. Бір күні Сергей Есениннің өмірімен таныстырды. Жас ақынды Петербург құшақ жайып қарсы алмағанын, оның көрінген бұтаққа сүйеніп тұрып аяқ астынан өлең шығаратын қасиетін, алдына қамшы салдырмайтын талантын, таудай дарын иесін мәскеуліктер саябақта тып-тыныш тыңдайтынын, жиналған жұрттың аузын аштырып частушка айтатынын әңгімелеп берді. Ең алғаш баспадан шыққан «Радуница» деген кітабынан:
«Жапыраққа жаудай тиіп күз лебі,
Жас қайынның әні үзілді, сәні ұшты.
Тырау-тырау тырналардың тізбегі
Алқа түзіп, бетке алысты алысты.
Жыладың не, қуандың не, күлдің не,
Бәрі өткінші!»
Немесе
«Сөкпе мені дәл солай!
Тіліме ылғи бал тұнбас.
Жадау тартып жансарай,
Ауырлады алтын бас», –
деп Зүлмат апай жібектей жұмсақ үнімен Есениннің өлеңдерін оқыған сайын мектептің ауласындағы жасыл бақтар баяу тербелді. Табиғат пен ақынның үндестігін сонда сездім. Сол кезден бастап Есениннің кітаптарын сатып алдым. Орысшаға шорқақтау болсам да лирикалық жырларын сүйіп тыңдадым. Мұң мен құсалыққа толы тағдырына алаңдадым, – деп мұңайған Ақтоты көңіл күйдің әсерімен коменданттан шеге мен балға сұрауға кетті.
– Осының шығармайтыны жоқ! Қылықтары да қызық. Қазақ филологиясында оқып жүріп «Сергейшілін!..» Осы ісі дұрыс па? Әлде, көз бояушылық па? Бізге дәріс оқитын Ира Олеговнаға жағынған түрі ме? – деп Шәмшия тағы да өзіне бәсеке санайтын Ақтотыны сыртынан сыбап салды.
–Қой, оның арам ойы жоқ. Бар болмысы сол. Әу бастан өзі ақынжанды. «Жерден жеті қоян тапқандай» қуанып жүргенде өкпелетіп алмайық, – деп басу айтты Әлфия мен Айсұлу.
***
Сонымен, қабырғаның жоғары тұсына жаңағы портрет күлімдеп тұра қалды. Күндіз терезеден төгілген Күннің нұрымен, кеште төбедегі әйнек шамның сәулесімен ақынның жарқын бейнесі жылтырады. Ал түнде Айдың жарығымен жұлдыздай жымыңдады. Осынау көрініске тамсанған Ақтоты шалқар шабыттың ақбоз атын ерттеп, «Ғашық жүрек. Асық жүрек. Ғашықтық сырын қайдан ұқсын, ғашық болып көрмеген пасық жүрек» деп алғаш рет аудандық газетке шыққан махаббат жайлы өлеңдерін достарына жиі-жиі оқитын болды. Ал институттың №2 жатақханасының 405-бөлмесіне кейде нан, май, шекер сұрап кіріп-шығатын студенттер «Әу, Есенин неғып тұр, мұнда? Қазақтың қаламгері құрып қалды ма?» деп төрдегі қабырғаға тіксіне қарайды. Мұндайда ешкіммен сөз таластырып әуре болмайды Ақтоты. Көзінің бір қиығын портретке салып қойып, қайықпен өзен-көлді кезгендей тұңғиық ой түбіне батады. Жанына жалау еткен ақынға іштей тіл қатады. Осылайша, жүйрік уақыт жылдарды жетектеп, алға жылжи берді. Студенттік өмірдің төртінші көктемі де бүршік жарды. Бір күні күтпеген тұстан: «Қыздар, мен Есениннен аумайтын бір жігітпен таныстым! Қалың шашын қақ айырған, көп-көркем! Көздері мөп-мөлдір! Тура, Сергейді көр де, соны көр! Аты – Ғазиз», – деп Ақтоты сырттан бөлмеге дауыстап кірді.
– Не дейсің? Рас па? Мына Сергейді қайтесің? Мұны қалай қиып кетесің? – деп әзілдеді бәрі.
– Оны тастамаймын! Өзіммен бірге алып кетемін. Тап осындай қиялымдағы жігітті Құдай маған өзі жолықтырды. Біз жақында қосыламыз. «Комсомольский» той жасаймыз, – деді Ақтоты тағы да ентігіп.
Айтқандай-ақ, өзге ошақтың отын жағуға асыққан Ақтотының Күні алдынан, Айы соңынан туды. Сәуірде құда түсіртіп, мамырда ұзатылып тынды. Студенттік жылдар бойы Есенин деп «есін жоғалтқан» Ақтоты енді Ғазизбен қол ұстасып, ақ босаға аттады. Үйілген кітаптарымен қосып, Есениннің портретін бөтен үйге алып барды. Уақыт шіркін, қас пен көздің арасындай емес пе. Қалада қаздай қиқулап қатар жүрген құрбылары да бір-бір дипломды алып, ауылға жол тартты. Кешегі ару Ақтоты енді жас келін атанып, сүйгеніне уілдеген сәби сыйлады. Таң атқанша бесік жырын шырқады. Ақбөкендей жортқан айлар алға қарай зуылдады.
***
Арада қырық жылдай уақыт өтті. Бір күні әсем қала Алматыға жолы түскен Ақтотыны іштей не түлен түрткенін кім білсін, «Есенин» жайлы әңгіменің ұшын шығарып, басынан өткен оқиғаны бүге-шүгесіне дейін досы Әуеске сақ еткізіп айта салды. Мейрамхана ішінде сілтідей тыныштық орнады. Тапсырыспен тамақ әкелген даяшы да екеуінің ойын бұзбады.
«Мейлі сен, мейлі сенбе, I-курсты енді бастай бергенде Ақан ағай өлең оқыту үшін телевидениеге алып барып, кенет, менің көзім ғимараттың дәл тұсында тұрған бейітті байқап қалып, еріксіз араладым. Бір орыс жігіттің мазарын ақын Сергей Есенинмен шатыстырдым. Содан бір күні Есениннің портретін тауып алып, бөлмеме іліп қойдым. Адам баласы неліктен жас кезінде тым қиялшыл болады екен, ә?!» – деп сайрай берді Ақтоты.
– Апырмай, рас айтасың ба? – деп күмілжіген Әуес оның жүзіне ойлана қарады.
– Әрине. Студент шағыма курстастарым куә ғой. Қазір көбісі ауылдан қалаға көшіп келді, – деді ол ойын ірікпей.
– Ех, Ақтоты! Ақтоты! Өзің екен ғой бәрін бүлдірген! Өзің! – деп зекіп сөйледі Әуес ашуға булығып.
– Не? Маған не дейсің? Мен не істеп қойыппын? – деді түкке түсінбеген Ақтоты аң-таң болып.
«Өмірің өз қолыңда» деген Қадыр ағаның өлеңін білесің бе? Сол айтпақшы, сенің тағдырың да өз қолыңда еді ғой. Демек, сен өз жолыңды өзің кестің! Таудай тасыған махаббатыңа, жалындаған жастық шағыңа, отбасылық өміріңе өзің балта шаптың!
– Қалай? Менің не кінәм бар?
– Асықпай, тыңдасаңшы… Сергей Есенин – азаттықты ұнатқан ақын. Мәскеуде жүріп кітаптарын көп зерттедім. Ол да жас кетті! Сенің күйеуің де жас кетті! Демек, қыз күніңнен
Есениннің бойындағы бүкіл энергияны, жамандықты болашақ жұбайыңа жүктеп алыпсың, яғни суреті арқылы Сергейдің өмірін Ғазизге байлап тастапсың!
– Қойшы, қайдағыны айтпай? Ондайда бола ма, не?
– Болғанда қандай?! Тірілер мен өлілердің арасында бізге білінбейтін тылсым күш бар! Сенің бірінші курсқа түсе сала зиратқа баруың, Есенинге табынуың, бәрі-бәрі – алдағы жұмбақ өміріңнің схемасы! «Битва экстрасенсов» бағдарламасын көретін бе едің? Сонда тап осындай шиеленіскен оқиғалар көп айтылады. Бұл – боямасыз шындық! Біз нені көп ойласақ, неге көбірек мән берсек, сол мәселеге келгенде шырмауық шөптей жолымызды шырмай береміз, шырмай береміз… Ақыры миымыз айналып, жолымыз жабылып, тығырыққа тірелеміз. Тіпті айықпас дертке душар боламыз.
– Ол кезде түбі бұлай боларын қайдан білейін. Ғазиз де жігіттің төресі еді. Ол, тіпті Шоқан Уәлихановқа да қатты ұқсайтын, – деді Ақтоты қамығып. Әуестің әр сөзі шындыққа жанасқандай, жан дүниесі астан-кестен күй кешіп, философиялық тұжырымдармен, мысалдармен айтқан кеңесін тыңдаған сайын жүрегі ауырып, денесі тітіркенді…
***
Тікұшақтан түскен бойда бір буда шоқ гүлдерін құшағына қысып, шаһардан алыс жатқан бейітке тура тартты Ақтоты. Аққан жұлдыздай ағып түскен, жарасымды жұп болып, қапияда қиылған Ғазиздің құлпытасын құшақтап, ұзақ егілді. Ақ жаңбырдай төгілді. Найзағайдай жарқ-жұрқ еткен жастық шақтың буымен шалыс басқан қадамына күйінді.
«Жаман жерді баспа», «күлді шашпа», «жаман ойды ойлама», «түнде суды төкпе», «суға барма», «теріс қылық жасама», «табалдырықта тұрма», тағысын-тағы, ырым-тыйымды әжем тектен-текке айтпаса керек-ті. Қап, Құдай-ай! «Біреуге фанат болма», «ешкімге табынба», «әуестенбе», «аса идеал санап дәріптеме» деген заманауи ақыл-кеңес миымнан қалай шығып кеткен?! Шаңырағымның құлап, отағамның ерте қурап, сарғалдақтай солуына тек өзім, өзім кінәлі екенмін ғой. Бәлки, мұның бәрі жазмыш шығар? Жүрегімнің әу бастан Есенинге ауғаны, көңілімнің арбауы, арманымның алдауы маңдайыма жазылған тағдыр шығар? Менің тылсым тағдырым шығар? – деп Ақтоты бас бармағын тістеді. Осы сәтте: «Қой, енді. Жылама. Қашанғы жылайсың? Кімді кінәлайсың? Бізге Есениннің не қатысы бар?! Қане, үйіңе бар!» – дегендей, Ғазиздің жансыз суреті Ақтотыға тесіле қарап тұрды.
«Астарлы ақиқаттай» осы бір оқиғаның шындығына қалай көз жеткізерін білмей аласұрған Ақтоты қалаға қарай үнсіз аяңдады…
ПІКІРЛЕР1