Болбыр (әңгіме)
13.07.2023
1725
0

Қаратау етегіндегі Қанай ауылында бұдан біраз жыл бұрын жиырма шақты үй болатын. Бастауыш мектебі де бар еді «Көкбұлақ» ұжымшарының бір бөлімшесі-тін. Кейін бала саны аз деп, мектеп жабылып қалды. Балалар оқу жасына келген тұрғындар бірте-бірте үлкен мектебі бар ауылдарға көшіп, жұртта Шақабай мен Болбырдың отбасы ғана қалды. Бұлардың балалары әлі мектеп жасына келе қойған жоқ. Әке-шешелерімен мал соңында жүріп, мал қайырысып, қозы-лақ бағып, соларды қызық көріп, олармен жарыса ойнап, сүзісіп күш сынасып, әйтеуір, өз қызықтары өздерімен болып жүре берді.
Бір күні осыдан бір жыл бұрын қалаға көшіп кеткен Тоқабайдан хат келді. Ол былай депті: «Әй, Шақабай, мал-мал деп жүріп айдалада өлігің қалмасын десең, мал-жаныңды сат та, қалаға кел! Ана Болбырға да айт! Балаларының шкөлге баратын уақыты да болып қалды. Ол да ертерек қамдансын. Біз сендерге лайықты үйлерді қарастырып қоярмыз. Тас үй ме, жер үй ме…хабарын айтсаңдар болды. Ана антұрған Көсебай мен Бөсебай да осында. Біздің жанымыздан үй сатып алды. Ауылдағыдай жиі араласып тұрамыз. Бірі көсе сөйлеп, бірі бөсе сөйлегендердің аузына аңқайып қарап, түгіне түсінбей, келіп қатындарынан сұраушы еді, енді мұнда келіп, қоныштарына бір-екі газетті қыстырып ап, ауыздыға сөз бермейді. Беттеріне теке сақал жапсырып ап, мешітке де барғыш. Достарының бәрі-сақалдылар. Кетік тістерін беторамалмен жауып алып, таяқтарын тықылдатып, шойнаңдай басып, көше аралаумен болады. «Сұлулардың бәрі қалада екен ғой» – деп, жырқ-жырқ күледі. Қалған қызықтарын өздерің келген соң көресіңдер. Тез хабар күтем».
Шақабай мал қоралап болған соң әйелі Қырмызыны ертіп, Болбырдың үйіне келді. Ол әдеттегідей бір баласын желкесіне мінгізіп, қалған екеуін кенгурудың баласындай тонының ішіне тығып алып, үшеуінің «мылжынына» қарқ-қарқ күліп, шайын сораптап отыр. «Балаларымды осылай отырғызбасам шай батпайды» – дейді ыржалақтап. Ол Шақабай әңгімесін үнсіз тыңдап: «Сен не айтасын?» – дегендей әйелі Биқапқа қарады. Адуынды әйел Болбырға қарата айтылған сөзге алдымен жауап беретін әдетімен: «Қайнаға дұрыс айтады. Қураған далада қашанға дейін отыра береміз. Балаларымыз да қала көріп, қала шкөлінде оқып, жетілсін. Білімді азамат болсын! Қашанға дейін Болбырдың желкесіне мініп, ат қып мініп ойнамақ…»
– Қой …и…..и…..и……и! – Болбыр әдет­тегісінше ыржиып күліп отыр.
– Неге қояды екенмін! Көшеміз қалаға. Айттым-бітті, кестім-үзілді.
«Аузынан сөзі түскен, қойнынан бөзі түскен», ыржалақтаудан басқаны білмейтін сен сияқты еркектерді көрсем-көзім шықсын! Сөзге Қырмызы араласты:
– Олай деме, Биқап! «Алтын бас­ты әйелден бақа басты еркек ар­тық» деген бұрыңғылар. Шалқақтап отыр­ғанымыз осылардың арқасы. Ер­терек­­те бір бай, адуынды қайратты әйел­дің күйеуі, ержетіп қалған бала-шағасының бәрі соғысқа кетіпті де, үйде жалғыз қалыпты. Қыста есігінің алдын күреп, қар тазалап жатады екен. Көшедегі өткен-кеткендер: «Халыңыз қалай?» – десе, ол: «Халім жақсы, бәрі жеткілікті, бір-ақ нәрсе жетіспейді. Жаман шәпкесін мыжырайта киіп ап, ештеңе істемей, есіктің алдында жарбайып отыратын бір жаман еркек қана жетпей тұр, әдіреқалғыр!» – деп, қарды күрекпен боратады екен. Құдай тілегін беріп, күйеуі, бала-шағасы соғыстан аман келіп, жақсы өмір сүріпті. «Жақсы сөз жарым ырыс» деген, жақсы сөз айтып үйрен. Биқап бәсеңсіп қалды: «Болбыр да келісетін шығар…»
– Сөздеріңнің жаны бар, – деді Болбыр әлдең соң, – сіз сыртта көп жүресіз ғой, қора-қопсымды, мал-мүлкімді сатып алатын кәсіпкер іздестіріңіз…. көшуге сіз де бел буыпсыз. Бірге қарастырайық.
Кәсіпкерлер де табыла кетті. Екеуі­нің мал-мүлкін, қора-қопсысын түгел алмақ болып, қаржысына да келісіп кетті. Алдында Тоқабайға: «Үй қарастыра бер!» – деп, хабар жіберген. Ол үйлердің дайын екенін қуана-қуана хабарлаған.
Бүгін Шақабай ерте тұрып, Болбырдың хәлін білейін деп, үйіне келсе, ол жоқ. Қайда кеткенін Биқап та білмейді. Малдар әлі қорада. Жайылымға шықпаған. Ақтөс пен Ақтабан да жоқ.
Болбыр бүгін елең-алаңнан тұрып, өзі мал жаятын Қаратау беткейлерін түгел аралап, қоштасып қайтуға бел буған. Әдетте артынан қалмайтын қос иті бірге шықты. Бозшағылдың бозаң жусанына аунап біраз жатты. Көзінен аққан жасын жас жусанның жапырақтарымен сүртті. Қайыңдыға келіп, ақ белдік таққан діндерін құшақтап, ұзақ солықтады. Өзі малдарын суғаратын Қарбастаудың мөлдіріне ұзақ қарап, көз жасының тырс-тырс тамғанын да байқамай, мөлдір суына бас қойып, ұзақ сімірді. Шөлі басылып, бұлақ жанындағы көгалға аунап, қоғаша бітік өскен жуаларын бырт-бырт үзіп, аузына салып, ұзақ шайнады. Ақтөс пен Ақтабан да бұлақ былғанбасын дегендей, мөлдір суын жалап ішіп, Болбыр жанына келіп, бірі басын шапанының етегіне тығып, бірі тізесін басына қойып, біраз мызғып алды. Бұлардың да іші бірдеңені сезетін секілді. Бұрын: «Бар! Үйге қайтыңдар!» –десе, бұған жалтақ-жалтақ қарап қойып, малдарының көлеңкесіне барып, өз орындарына жата кететін. Бұл жолы өйтпеді. Қанша қуаласа да айналып келіп, мұның аяғына оратылып, қолын жалап, бетіне адамша қимастықпен қарап, көздерінен жас мөлтілдеп ағып жатты… Сосын өзінің де көзінен жас парлап ағып, бастарынан сипаған. Иесінің бұлардың жүрісін хош көргенін сезіп, артынан алаңсыз ерген. Қыста бірге тоңып, ыстықта бірге күйіп, ит-құстармен де бірге айқасқан достары емес пе еді… Енді бүгін даладағы сағыныштарын бірге басып, туған жер топырағын бірге иіскеп, тап-таза ауасын бірге жұтып, көздерінің жасын бірге бұлап отырғаны. Болбырдың ендігі беталысы – Ақтасты жайлауы. Міне, оған да жетті. Адам бойындай сорайған тасты біреу әдейі жонып әкеп орнатқандай. Әппақ болып, алыстан көзге бірден шалынады. Тас арасындағы жылтырап сәуле шашқан әлдебір көз тастар әр түске малынып, көздің жауын алады. Күндіз күн сәулесімен, түнде ай сәулесімен шағылысып жарқ-жұрқ етеді. Қойларын өргізіп қойып, осы тастың үстіне шығып алып, алысқа дүрбі салып отыратын кездері елестеді көз алдына. Ақтас мұның даладағы тағы іспетті. Аяғын салбыратып отырып ап, кеткен малдарына Ақтөсі мен Ақтабанын жұмсап қойып, өзі малды бері қайтарғанын қызықтайтын кезді де есіне алды. Ақтасын құшақтап тәу етіп, бетін сипады. Қимай-қимай қоштасты.
Үйге келгенінде түс әлеті болып қалған еді. Шақабай мен әйелі Биқап алдынан шықты.
– Қайда жоғалып кеттің? Көлік машиналары келгелі қашан…. Аман-сау­ сың ба, әйтеуір.
Әйелінің өзіне таңдана қарағанына бұл да қитығып:
– Даламмен, тау-тасыммен, өзен-бұлағыммен қоштасып келдім. Мені өлді деп пе едің!
Биқап күйеуінің білеудей болып ісіп кеткен қас-қабағына, көзіне тікелей қарай алмай, өзі де теріс айналып, жаулығымен көзін сүртіп, машинаға салатын буыншақ-түйіншіктерін жинастыра бастады. Шақабай да төмен қарап мұңайып, үйіне қарай аяңдай берді. Болбыр қора-жайына ие болған кәсіпкерге:
– Ана иттер аш қалмасын! – деп соңғы тілегін айтты.
– Екеуіне тамақ беріп, арқанмен байлап қойдым. Ертең шынжырлап байлармын. Сені жоқтатқызбаймын – деді ол күліп.
Жүк көлігі Қанай ауылынан Алматы қайдасың деп, қара жолға түсті. Алда Шақабай көлігі, артында Болбыр. Болбыр машина терезесін ашып, соңғы рет жұртын қимай көз салып еді, арқандарын сүйретіп, жолдың шаңын аспанға көтеріп, екі иті шапқылап келеді.
– Әй, шопыр бала, тоқта! – деді Болбыр. Түгіне түсінбеген жүргізуші тоқтай қалды. Иттері де жетіп кеп, ай-шайға қарамай, машина қорабына қарғып-қарғып мініп алды. Арқанды тістерімен қидалап қырқыпты.
– Кеттік бала! – деді Болбыр. Иттер жүктердің үстімен тырмыса-тырмыса еңбектеп, тура Болбыр отырған машиненің артқы терезесінің алдына келіп, иесіне қарсы отырып алды. Ит иесі де риза қалыппен, бастарынан сипаған қалып танытып, ауаны көсеп-көсеп қойды. Бұлар түсіндік дегендей, тістерін ақситып, құйрықтарын бұлғады.
Түнімен жүріп, екі жүк көлігі Тоқабайдың есігінің алдына келіп тоқтады. Осы жақтан көшіп барған жұрт мәре-сәре болып, құтты болсын айтысып, бұлардың келгеніне қуанысып жатты. Ата-жұртқа арналып Құран оқылып, шай ішіліп болған соң, көш иелерін дайындап қойған мекенжайларына апарып қоныстандырды. Бұл мекен – Алматының іргесіндегі Қырғауылды ауылы еді. Алып қойған үйлері екеуіне де ұнады. Аралары жақын екен. Болбырға тау етегіндегі жазықтыққа салынған жеке-дара тұрған үй бұйырды. Сол күні-ақ саудаласып келіскен теңгесін үй иелеріне беріп, қайыр-қош айтысты. Ақтөс пен Ақтабан «Енді бұл жерден өлсек те кетпейміз» дегендей босағада қозғалмай жатып алды. Кірген-шыққан кезінде Болбырдан көз алмайды.
Әбден жайғасып алған соң Биқап:
– Малсыз отыру қиын екен. Үйренген кәсібіміз ғой, қалған ақшаға екі сиыр сатып алайық. Кеше телебізірден Елбасымыз да солай деді. Бірінің сүті бала-шағаға, екіншісінің сүтін сатып, жол-пұлға жаратамыз. Бұған не дейсің?
– Мен де саған соны айтқалы жүр едім. Келесі аптада Шақабайды ертіп ап, мына жердегі Ұзынағаш базарына барып қайтармыз….
Бір аптадан соң екі алабас сиыр Болбырдың есігінің алдында байланып тұрды. Мамыр айы. Тау етегі көкмайса. Рахат! Кешке дейін жайылып, тыңқиып тойып келеді. Көмекшілері баяғы Ақтөс пен Ақтабан. Бұлар да далада асыр сап ойнап, бір жетісіп қалды. Жақын жерге жаңадан шкөл де салынып жатыр екен. Балалары да қуанып жүр.
Кең ғимараттың бір ұнамаған жері – дәретхананың үй ішінде орналасуы. Бала-шағасы болмаса, өзі әлі отырып көрген жоқ. Тау етегіндегі құрайлы жазыққа кетеді.
Болбырдың есіне мына бір жай түсті. Елде жүргенде, баяғы сәбет одағы кезінде, аудпарткомның екінші секретарымын деп, бір орыс келді. Әдеті – шопырсыз жүреді екен. Шала-пұла қазақшасы да бар. Тамақ желі­ніп, шай ішіліп болған соң, сыртқа шы­ғып дәретхананың қайда екенін сұрамай ма.
– Где туалет?
Бұл даланы нұсқап:
–Вон там…где много курай….Видишь?
– Да, Да! Вижу……
– Где курай, там туалет…
Секретарь курай арасына сүңгіп кетіп, ышқырын ұстап қайта шығып:
– Там нет туалета, – дейді.
– Тәбәріш секретарь, у нас под каждым кураям туалет-дейді Болбыр ыржиып. Секретардың қауашағына сонда ғана бірдеңе кіріп, қалың қурай арасына кіріп кеткен.
Далаға дәретке шыққанда осы жай есіне түсіп күліп, өзі де қурай іздеп кете­тін болды.
Шілде түссе шөптер сарғайып, тау­дың да сиқы кетеді екен. Алысқа жая­йын десе, төңіректің бәрі қоршалған. Тау ішіне кірейін десе, қолдарына мылтық ұстаған біреулер жолатпайды. «Онда бір мықтының шаруа қожалығы бар. Шыбын жорғалатпайды. Кірген малды атып тастайды» – дейді жергілікті жұрт.
Бір күні сиырларының екеуі де жын қаққандай құйрықтарын шошайтып алып, тауға қарай шапқылап, қалың қорысқа кірді де кетті. Оқалақ айы-тын. Бұл не істерін білмей тұрып қалды. Әлден соң тау ішінен гүрс-гүрс еткен дыбыс естілді де, әлден соң мылтық асынған, үстінде алабажақ әскери киімдері бар екі атты шыға келді.
– Ау, жігіттер, сиырларым мына қо­рыс­қа кіріп кетіп, шығара алмай отырмын. Көмектесіңдерші! – деді. Бірі қазақ, бірі кавказ елінің жігіттеріне келіңкірейді, қоңқақ тұмсықты.
– Ә, ана ала сиырлар ма? – деді қазағы.
– Иә…Иә…дәл өзі…
– Они уже капут! – деді қоңқақ мұрындысы.
– Қалай капут? – деді бұл таңданып.
– Солай, аға, капут. Олар құтырған мал ғой. Қайтарайық десек, арқаларын жарға да сүйкеп, талға да сүйкеп, құйрықтарын шошайтып ап, бой бермеді. Сосын аттық. Капут болды. Қазір ветеренарный службаның адамдары келіп, скотомогильникке алып кетеді.
– Әй, қарағым, бала-шағамызды сол екі сиырдың сүтімен асырап, жан бағып отырмыз. Енді аштан өлеміз ғой… Қазір оқалақ айы. Сиыр малының сондайы бар. Олар құтырған жоқ. Оқалақ келді. Біраз күннен соң басылады…
– Это не наше дело! – деді тұмсықтысы.
– Қызық екенсіңдер өздерің! Жоғарғы жақ «сиыр ұста, мал бақ. Сатып байыңдар!» – дейді. Ал сендер капут қыласыңдар. Сонда біз, қарапайым халық қалай күн көреміз?!. – деп, көз жасын бұлап, жаман ши қалпағын жерге атып ұрып, аяқ-таяғын лақтырып жіберді де, еңіреп қоя берді. «Енді үйге не деп барам…»
Аттылар мұның көз жасына қарамай, өз жөндеріне кетті. Болбырдың жанында көздері жәутеңдеп, не болғанын түсіне алмай Ақтөс пен Ақтабан ғана қалды.

Тұрсынбек
Ешенқұлов

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір