АҚҚУЛАРЫМ, НЕГЕ КЕЛМЕЙ КЕТТІҢДЕР…
24.06.2016
1961
0

410433_1145113164_Graphic1Айтуар ӨТЕГЕНОВ

 

* * *

Соғыстан кейін…

Жеңістен кейін туғандар,

Бір сыр айтам, мойын бұра тыңдаңдар.

Шат өмірге күліп келген думандар,

Қайғы бұлтын қаралы елден қуғандар.

Қасіретті жуғандар,                 

Бір сыр айтам тыңдаңдар.

Соғыс бітті…

Солдат елге оралды,

Оралды да жас құрғатты жанарды.

Әке менен Ананы табыстырды сағыныш,

Сағыныштан құмар қалай қанар-ды.

Біздер солай,

Күрсіну, аңсаудан тек жаралдық,

Ел қорғаған ерлердің төлеуі боп оралдық.

Үзілмеген үміттің сәулесінен нәр алдық.

Батырлардың рухы болу керек біздерде,

Олар үшін бақыт құс қону керек біздерге.

Теңіздердей бұрқанып толу керек біздерге,

Сан асқарлар, сан шыңдар көну керек біздерге.

Арыстанша алысып тап солардың өзіндей,

Қажет кезде әдемі өлу керек біздерге.

Құрдастарым,

Бір мезгілде туғандар,

Шат өмірге күліп келген думандар,

Қайғы бұлтын қаралы елден қуғандар,

Қасіретті жуғандар,

Бұл сырымды сәл ойлана тыңдаңдар!

 

* * *

Уа, Каспий,

Тәрiздiсiң сен қиял,

Қиял сырды –

Жайық құяр,

Едiл құяр,

Жем құяр.

Ағызумен аңыз жырдың асылын,

Сосын саған Мен құям.

Сеземiн ғой,

Сеземiн ғой,

Сеземiн,

Өттi бастан небiр дәурен кезеңi.

Мен құйып ем асып-тастың арнаңнан,

Өлең-жырдың өзенiн.

Ұмыт қалған қан жүредi тамырдан,

Толқын шайып жуылады қабырғам.

Тiрiледi

Музейлерде экспонат боп тұрған,

Жезтырнақтар,

Таутайлақтар,

Динозаврлар…

Әлгiлердi аулайтұғын Есек мерген шығады,

Заманалар қайталанар, әйнек бiр күн сынады.

Не айтып кеттiм, кешiр, досым,

Бәрi әзiл ғой, бәрi әзiл,

Бұл әзiлдi ерiктерi кiмдер қалай ұғады…

 

* * *

Аққуларым,

Неге келмей кеттiңдер,

Күтуменен өтiп жатыр көп күндер.

Жағалауды лай басып кеттi ме,

Әлде, әлде мұнай басып кеттi ме?!

Арман қуып бір қиялға берілсек,

Саған ынтық сезімді ала келуші ек.

Қолымыздан және де жем берушi ек.

Аққу болып ұшты дейтін кезінде,

Бекет Атам көзіндей бір көруші ек.

Жағалауға соғып және самал жел,

Толқындардан тоқпақ бұрым өрілсе.

Маңғаз еңдер, кербез еңдер өте тым,

Шағалалар жемiңдi жеп кететiн.

 Қанаттардың сусылы да әдемi,

Тамшылардың тырсылы да әдемi.

Әдемi едi сендер жүзiп жүрген жер,

(Сыңар iздеп сыңсуың да әдемi).

Мұз жаратын тұмсығындай кеменің,

Зырқыраған ұшындай боп жебенің.

Аңсап әркез көк айдынды келетін,

Аспандағы тізбектерің әдемі.

Маң даланы тербеп бара жатады,

Ал әуенің, әуенің.

Ей, қымбаттым,

Ей, сымбаттым,

Әдемім…

Көк аспанда ап-пақ қанат тiзiлген,

Көк теңiзде ап-пақ маржан сүзiлген.

Жанарлардың шарасына сыймайтын,

Пәк нұр дерсiң Күн көзiнен үзiлген.

Ақтауымда көп қуаныш, көп думан,

Табиғаттан жарасымды таптым мән.

Сендер жүрген жерде дәйiм бiрлiк бар,

Күтудемiз,

Тез келiңдер, аққулар!

 

* * *

Өлеңнің түп тамыры – Құран болар,

Намыстың түп тамыры – ұран болар.

Жылқының түп тамыры – құлан болар,

Өсектің түп тамыры – жылан болар.

Топырақ түп тамыры – құнар болар,

Жемістің түп тамыры – шынар болар.

Махаббат түп тамыры – құмар болар,

Қуанса, күйінсе де адам деген,

Егіліп ағыл-тегіл жылар болар.

Тағдыр солай адамды сынар болар.

 

* * *

Егіз ұғым:

Айуандық пен адамдық,

Жақсылық пен жамандық

Жатады әсте тең шығып,

Жетістік пен кемшілік.

Адалдық пен арамдық,

Әділдік пен қараулық.

Өксік пенен жұбаныш,

Қайғы менен қуаныш.

Ғашық болу, кектену,

Жақсы көру, жек көру.

Ұсақтық пен ірінің…

Бірі болмай бірінің,

Қадірі жоқ білсеңіз.

Еркіңізде күлсеңіз,

Кездеседі бәрі де,

Ұзақ өмір сүрсеңіз.    

 

* * *

Қиялыммен бағзы барып қайтам кеп,

Адамзатты шығыпты Алла қайта емдеп:

«Тұрмысыңның шырқын бұзды, бүлдірді,

Болсын енді жер бетінде шайтан жоқ, –

Депті Алла мейірі түсіп Адамға, –

Азғандарың қиын соқты маған да.

Ең ақылды иелері тірліктің,

Қадам басың мағыналы қоғамға».

Бітті іс.

Өтті көктем, өтті жаз да, өтті қыс,

Малғұн жоқ,

Ібіліс жоқ,

Шайтан жоқ,

Жердің беті бола қалды тып-тыныш.

Балағат жоқ, жағаларды жыртыс жоқ,

Бұрынғыдай жаугершілік, қырқыс жоқ.

Қызғаныш жоқ,

Алдау-арбау,

Өсек жоқ,

Әр ошақта жанды ылғи бір түсті от.

Кеуде шіркін ізгілікке тақ толды,

Бір сөзбенен басқа келіп бақ қонды.

Қайғы жоқ қой,

Ол болмаса жылау жоқ,

Жыламасаң қуаныш та жоқ болды.

Сұрамайды ешкім келіп жан сауға,

Ал өйткені алысатын жоқ жау да.

Ең жаманы жүректегі жоғалды,

Сағыныш та,

Құмарлық та,

Аңсау да.

Бұрын күйі, әсем әуез әні бар,

Бақталастық салтанаты, сәні бар.

Алла бірде келсе асыл Адамзат,

Болып алған қарыны тоқ жануар.

Өз түйсігім айт деген соң айта алам,

Бұны айтпай қалай, сірә жай табам.

«Өзің күрес зұлымдықпен» – деп Алла,

Адамзаттың ортасына шайтанды,

Жіберіпті қайтадан.

Жақсылықты күндеу неткен жаман зат,

Улы оқ боп дәл жүрекке қадалмақ.

Азғырумен, аздырумен сол шайтан,

Бір-бірімен қырқысуда адамзат.

Рахатизм кештірем, – деп демалмай,

Данышпандар кеудеге от – нұр жаға алмай.

Жасар ма екен Ақырзаман қолымен,

Бұл Адамзат өзін-өзі жеңе алмай.

Оған, оған жеткізбеші кең Алла-ай!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір