ҰСТАЗ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫНЫҢ АЙНАСЫ
24.06.2016
6676
1

_DSC5411Оңтүстіктегі екінші қарашаңырақ, 1937 жылы мұғалімдер институты болып ашылған Шымкент Педагогикалық институты Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен 2011 жылдың 28 маусымында Оңтүстік Қазақстан Мем­лекет­тік Педагогикалық институты (ОҚМПИ) болып қайта дүниеге келді. Материалдық-техникалық базасы жарты ғасыр бойы жаңартылмаған, заманауи құрал-жабдық­тардан жұрдай, жетпіс бес жыл көлемінде жиналған сирек кездесетін кітап қорынан айырылып, ғалымдары тарыдай шашырап жан-жаққа тарап кеткен бұл оқу ордасының келешегі ол кезде бәрімізге бұлыңғыр болып көрінгені рас. Бірақ ұжым мүшелері тез ес жиды, Елбасының сенімі оларға қанат бітірді. Соның нәтижесі болу керек – бүгінде бұл білім ордасы бес жылда елімізде өз орны бар, бәсекелестікке қабілетті, тасы өрге домалаған озат тәжірибесі жинақталған белгілі білім-ғылым ордасына айналды. Қазір Оңтүстікте «Шын мұғалім болғың келсе, ОҚМПИ-ға бар» деген пікір халық арасында жиі айтылады. Осы орайда біз осы институттың ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, ҚР ҰҒА-ның құрметті мүшесі Оңалбай АЯШЕВПЕН сұхбаттасуды жөн көрдік.

 

– Оңалбай аға, әңгімемізді бүгінгі білім беру саласындағы реформалардан бастасақ. Жаңа бастамалардың сәтті  жүзеге асырылуы ОҚМПИ-да білім алып жатқан, мұға­лім ре­тін­де еңбек жолын бастайтын шәкірт­те­ріңіз­дің білім-біліктілігіне тікелей бай­ла­нысты. Осы орайда, білім беру саласына енгізілетін өзгерістерге оқу орындары қанша­лықты дайын? Тіл, пән мамандары жеткілікті ме? Пәндерді ағылшын тілінде оқу балаларға қиындық тудырмай ма, қалай ойлайсыз?

– Білім беру жүйесінде жүргізіліп келе жат­қан реформалар 2000 жылдардан бас­тау алады. Бұл – уақыт талабынан туындаған қажеттілік. Заман сұранысына сай ол реформалар өз жемісін беріп келеді. Халыққа білім беру саласында істеліп жатқанның бәрі сайып келгенде бала үшін емес, мемлекет мүддесі үшін екенін әрбірі­міз ұғынуға тиіспіз. Сіздің «Ағылшын ті­лінде оқу балаларға қиындық тудырмай ма?» деген сұрағыңыз менің есіме қазақ даласын аралап тамсанған поляк ғалымы, этногроф Адольф Янушкевичтің сөзін түсіріп отыр: «…Қазақтың ойлау қабілеті­нің кереметтігіне барған сайын көзім жет­ті. Әр қазақ өз шаруасын жете түсінеді. Тіп­­ті балаларының ақылы ерте толысады». Бұл сонау қазақ қара танымайды деген ХІХ ғасырда айтылған пікір. Түйенің қомында, малдың соңында жүріп-ақ жұртты таңқал­дыр­ған қазақ баласы жаһандану заманында өзінің ерек ой-өрісімен әлемді мойындатып жүрген бүгінгі күнде ағылшын ті­лін­­де оқып білім алу қиынға соқпай­ты­нына сенімдімін.

Жаһандану қанат жайған бүгінгі таңда көптілділік және көптілді білім беру, со­ның нәтижесінде көптілді тұлға қалыптас-тыру – әлем елдерінде жүргізіліп отырған мемлекеттік саясаттың, соның ішінде тіл саясаты мен білім беру үдерісінің маңызды тармағы. Институтта үш тілде оқытуды жетілдіруде қомақты іс-шаралар жоспарланып, жүзеге асуда. Жалпы, үш тілді ер­кін меңгерген студенттер саны күндізгі бөлім студенттерінің 50 пайызын құрайды. Бұл, әрине, үлкен жетістік емес, алайда жоғары оқу орындарында ағылшын тілінде оқыту­ға кезең-кезеңмен көшудің алғашқы бас­тамалары. Студенттердің тілдік білімдерін жетілдіру мақсатында ағылшын жә­не орыс, қазақ тілдерінен жыл бойы тегін курстар жүргізіледі. Осы курстарға сабақ берген оқытушылардың пікірлеріне сүйенсек, институт студенттерінің тіл білу­ге деген ынтасы артқан. Бүгінгі уақыт талабы бойынша қазіргі әрбір студент қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде еркін сөйлеп, ойлай алатын, өзін-өзі әлеуметтік және кәсіби билеуге, өздігінен дамуға, өздігінен жетілуге, ізденуге қабілетті тұлға болуы тиіс. Студенттер шетелге, оның ішін­де Германия, Латвия, Болгария мем­ле­кеттеріне барып, бір семестр оқып, білім­дерін жетілдіріп келді. Биылғы жылы «Химия», «Информатика» мамандықтары­ның көптілді тобының студенттері диплом жұмыстарын ағылшын тілінде жазып, қорғады. Ағылшын тілін еркін бі­ле­тін мамандықтың пән оқытушылары жеткілікті деп айта алмаймын. Бірақ бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Информатика, химия, биология, физика мамандықтарына сабақ беретін оқытушы-профессорлар құрамына ағылшын тілін білу міндеттеліп отыр.

Пәндерді ағылшын тілінде оқытуға көшу – осыдан 15 жыл бұрын Елбасы тапсырмасына сәйкес жүргізіліп келе жатқан реформаның қорытындылар тұсы. Және ағылшын тілінде оқыту дәл қазірден бас­тап енгізілейін деп жатқан жоқ. 2019 жыл­дан бастап физика, химия, биология, информатика пәндері ғана жоғары сынып­тарда ағылшын тілінде өтпек. Енді есеп­теңіз, қазір 2 курста білім алып жат­қан студент 2019-2020 оқу жылында мектепке жас маман болып қабылданбақ екен. Ал екі жылда ағылшын тілін меңгеру бүгінгі жастарға қиынға соқпасы анық. Біздің жастарымыз өте қабілетті, жаңа заманға икем­ді. Сіз бен бізден әлдеқайда ақыл­ды­рақ. Оған өзім күн сайын көз жеткізіп жүр­мін. Олардың тіл үйренуге деген құш­тар­лықтары мен қабілеттері кейде мені таң қалдырады. Өскелең ұрпақтың есте сақтау қабілетін жетілдіре отырып еркін сөйлеуге, өз ойын айту дәрежесіне жеткізе алатындай қалыптасуы үшін үш тілде, яғни ағыл­шын, орыс, қазақ тілінде оқытуда жаңа технологиялар қолға алынды. Үш тілде білім беретін мектептер саны да артып келеді. Оған сала министрлігінің арнайы қаржы бөліп, биылғы оқу жылынан бастап аталған 4 мамандық студенттерін жаппай тегін ағылшын тілі курстарында оқытаты­нын қосыңыз. Сондай-ақ, 2019 жылға дейін жылда қазіргі мектеп мұғалімдерінің кем дегенде, үштен бір бөлігі ағылшын ті­лін үйренуге деген ұмтылыстары ақталып жатса, демек 3 жылдан соң физика, химия, биология, информатика пәндерін ағыл­шын тілінде жүргізуде мәселе туындамасы анық. Бұл туралы сала министрі де айтты. Сосын бұл тек ағылшын тіліне ғана қатысты дүние емес, орыс тілінде білім алатын мектеп оқушыларына мемлекеттік тілді меңгертуді де қарастыратын болған­дықтан реформадан қорқудың қажеті жоқ. Бүгінгі басты міндет – бәсекеге қабілетті маман тәрбиелеу. Бұрынғыдай адамның қаншалықты білімділігі ғана емес, сол алған білімін өмірде толық қолдана алуы маңызды болып отыр. Яғни функцио-­налдық сауаттылыққа негізделген білім ғана пайдалы.

2016-2017 оқу жылынан еліміздегі бар­лық мектептердің 1 сыныптарына PISA деп аталатын жаңартылған мазмұнды өл­шеу­дің бірыңғай стандартын енгізгелі отыр. PISA – (Programme for International Student Assessment) оқушылардың білімі мен біліктілігін бағалаудың халықаралық бағдарламасы. Мұны енгізуге толық 4 жыл бар.

Еліміздің бас ұстазы Ерлан Сағадиев­тің сөзімен айтар болсақ, білімнің қайнар көзінің 95 пайызы ағылшын тілінде. Жыл сайын әлемде жарық көретін кітаптардың жарты миллионнан астамы ағылшын тілін­де жарық көрсе, қазақ тілінде бар бол­ғаны 1000-нан аса кітап шығады екен. Бұл дегеніміз, ағылшын тілін білген бала білім мен ғылымның қос қанатын қатар ала жүріп, бәсекелестік алаңында еркін­дік­ке ие болады. Тілді үйренуден қорқақ-тап, қашқақтаудың жөн-жосығы жоқ. Қажет болса, егде жастағы кісілердің де үй­ренгені абзал. Себебі, қазіргі кездегі ғы­лы­ми атағы бар оқытушылардың орта жа­сы шамамен 55 жасты құрайтынын ес­кер­сек, аталған бағыттар бойынша білім бе­ретін академиктер мен профессорлар жұ­­мыссыз қалмайды. Олардың білім қоры мен тәжірибесін толығымен пайдалану игі іс.

– Білім және ғылым министрі ағылшын тілін төрт жыл үйренген баланың сайрап шығатыны мен жиырма жыл бойы қазақша сөйлете алмай отырғанымызды тілге тиек етіп, қазақ тілін үйретудің әдіс­те­месін сынға алды. Сіздің ойыңызша мәселе неде? Әдістемеде ме, жоқ тілді үйренуге деген құлықтың жоқтығынан ба?

– Тілді үйренудің негізі мектептен бас­талады. Мектеп – ұлттың тұтастығын сақ­таудың негізгі ошағы. Тілді үйренуге қаржы да, түрлі әдістемелік нұсқаулар мен кітаптар да көмектесе алмауы мүмкін, егер де үйренушіде ең бастысы талпыныс болмаса! Осы ұмтылыстың жоғы біздің көркем өрнекті ана тілімізді үйренушілердің «ба­ғын байлап жүр». Тілді меңгертумен қатар оны қолдануды отбасы тәрбиесінен бас­тап, балабақша, мектеп қабырға­сын­дағы ұстаздар тәлімі үйретеді. Әрбір бала өз ана тілін бесіктен, балабақшадан мең­гер­гені дұрыс. Бұл талқылауға жатпайды. Бауыржан Момышұлының «ана тілінде ертегі айта алмайтын әжелерден, бесік жырын білмейтін келіндерден қорқамын» деуі тегін емес. Мемлекеттік тілдің дамуы үшін жасалып жатқан арнайы Заң да, түрлі бағдарламалар да жеткілікті. Қазақ тілін үйретуге бағытталған түрлі әдістемелер де баршылық. Бірақ солардың сапасын сараптамадан өткізу, заманауи талаптарға сәйкестендіру, озық әдістемені тарату жағы кемшін. ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев «Мәңгілік Ел болуды мұ­рат еткен біз өз тілімізді қалай сақтай аламыз, оның жолдары қандай, басқа мемлекеттерде осы тұрғыда озық үлгі бар ма? Осының бәрін сарапқа салу керек», − дей отырып, қазақ тілін жедел меңгертудің әдістемесін жасауға тапсырма берді. Әрине, тіл үйрену, үйренбеу мәселесі бір сөз­бен, бір әрекетпен шешілетін проблема емес. Оған кешенді түрде қарап, мемлекет тарапынан оңтайлы шешу тетіктері қарастырылғаны жөн.

Санасында сәулесі, бойында намысы бар кез келген адам тілді саяси саудаға салуға қарсы тұруы шарт. Ауыз әдебиетінен бастау алатын ана тіліміздің жауһар қасие­тін табиғи қалпына түсіру, халық сұраны­сына сай дамыту ақылмен жүзеге асатынын түсінетін кез жетті. Тіл үйренуде даң­ғаза-дақпырт пен ұраншылдық, жал­пақшешейлік көмектеспейді. Отарлаушы империялардың барлығы да «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын қарудың ең қуаттысы – тіл» екенін біледі. «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады, өз ұлтына басқа жұртты қоса­мын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аз­дыруға тырысады», – деген Ахмет Байтұр­сыновтың көрегендігін ешкім жоққа шығара алмайды.

Елбасымыз Н.Назарбаев: «Біз үштіл­ділік­ті дамыту қарқынын үдетіп отырмыз. Бұл ойдан шығарған дүние емес, қа­жет­тілік… үш тілді меңгеру – жаһандық әлем­ге жолдама. Бұл – адамның өмірдегі табыстылық, жетістік принципі».

– Ұзақ жылдар бойы білім саласында еңбек етіп келесіз. Яғни бұл салаға қатысты пікірлермен де жақсы таныссыз. Мысалы, «Бұрынғы кездегі білім мен ғылымның сапасы да, деңгейі де жақсы еді. Көзқарас та ерекше, талап та та күшті болды. Бүгінгідей пікір қайшылықтарын тудыратын реформасы да жоқ еді. Қазіргі білім мен ғылым беті­мен кетті» деген пікірлер де бар немесе «Қа­зір­гі реформалар жақсы жолға бастап жатыр, бұрын тым жалпылама еді», – дейтіндер де аз емес. Осы салада тәжірибесі мол ұстаз, басшы ретінде жоғарыдағы пікірлерге қатысты не айтар едіңіз?

– Бұрынғы білім мен ғылым жүйесіне, ондағы реформаларға топырақ шаша алмаймын. Өзіміз кеңестік жүйе бойынша білім алып, ғылыммен айналыстық. Сөз жоқ, барлық ғылым атаулының берік іргетасы, әдіснамалық негізі кеңес заманында жүйелі, жоспарлы түрде жасалды. Алайда, заман алға жылжыған сайын ғы­лым мен білімге деген талап та күшейді, бәсекелестік артты. Сол себепті де, нарық заманындағы бәсекеге қабілетті болу үшін бұрынғыны көксеп, ауызды құр шөппен сүртіп қарап отыруға болмайды, жаңа халықаралық стандарттарға негізделген білім жүйесін жаңаша құру, соған сәйкес өзгерістерге бейімделу керек. Қазіргі реформаларға оң көзбен қараймын, бірақ әлі де болса жүзеге асыру тетіктерін, мерзі­мін егжей-тегжейлі ойластырған жөн деп есептеймін.

– Қазақ мектептерінде білім сапасы төмен деген сөздің айтылып жүргеніне қаншама жыл болды. Осы пікірмен келісесіз бе? Білім сапасы мұғалімдерге де тікелей байланысты екені мәлім. Кезінде ұстаз атау­лыны көрсе бас киімін алып сәлемдесетін, ойын баласы ретінде көрінбеуге тырысатын, мұғалімін құрметтеп үлгі тұтатындардың бірі болдық. Қазір олай дей алмаймыз. Ұлы Абай «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват», – дейді. Мұғалім мәртебесінің тө­мендеуіне кімді кінәлаймыз және осы олқылықты түзеу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– Бәріміз де мектептен білім игеріп, үлкен өмірге жолдама алдық. Мұғалімнің ал­дын көрдік. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы». Ол біздің өмірге деген көзқара­сымызды қалыптастырды, білімге деген құштарлығымызды арттырды. Еге­менді ел болу теңдесі жоқ қиын іс екеніне куә болдық. Осы қиын жолда біз мұғалім абыройын өз дәрежесінде сақтап қалдық. Бұл – үлкен іс. Неге десеңіз, мектептің иманы, құдіреті мұғалім. Қазақтың озық ойлы зиялысы  Жүсіпбек Аймауытов  астары терең «Ел ісін түзеуді білім беру ісін түзеу­ден бастау керек» дегенді болашақты болжағаннан айтса керек. Соңғы жылдары өріс алып отырған жаһандық эконо­ми­калық дағдарыс жоғарыдағы дәйек сөздің әлі де маңыз­дылығын нақтылай түсті. Ел дамуының басты белгілері ғылым мен техниканың, экономиканың жетістіктері болса, оның бастауы – білімде, ал білім беру негізі – мектепке, мұғалімнің білік­тілі­гі мен біліміне, тәжірибесіне келіп тіреледі.

Шет мемлекеттерде ең беделді маман­дық­­тардың қатарында саналатын ұстаздық біздің елімізде әлі де болса әділ бағалан­байтын кәсіп болып табылады. Бұған түрлі себептер бар. Еңбекақының аздығы, жұмысқа орналасу барысындағы түрлі кедергілер, осы саладағы парақорлық, ата-ана мен бала, ұстаз арасындағы байланыс­тың әлеуметтік статусқа тікелей бағыныш­тылығы, қоғамдағы мұғалім беделінің төмен болуы. М.Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» деген қанатты сөзін «Ел боламын десең, мектебіңді түзе» деп айту орынды. Мектептің халі түзелмей – қоғамның жағдайы жақсара қояды деу қисынсыз. Мектеп пен мұғалімге жасалған жағдайды ұлттың болашағына деген қамқорлық  деп ұққан жөн. Тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыз сақталған тұрақты мемлекет болудың алғышарты тәрбиеде дейтін болсақ, сол тәрбие ошағы – мектеп. Ұлт болып сақталу үшін мектептің, ұстаз­дың қоғамдағы мәртебесін көтеріп, оларды ұлықтауымыз шарт. Мектеп мұ­ғалімін біз біріншіден осы мамандықты таңдап алғаны үшін құрметтеуіміз керек. Ұстаздық мамандықты таңдаған шәкіртке жасалған қамқорлық болашақ мұғалімге көрсетілер құрметтің басы деп есептеймін.

Елбасы «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасында «Шындықты мойындайық: болашақта ХХІ ғасырда тек еңбек қана барлық қазақ­с­тандықтардың әл-ауқатқа және жаңа өмір сапасына қол жеткізуін қамтамасыз ете алады» деген болатын. Яғни нарық заманында еңбек сәнді болмай өмір мәнді болмайтынын ұғынатын кез әлдеқашан жеткен жоқ па?! Ұстаз – ұлт болашағының айнасы. Өткенге көз жіберіп қарайтын болсақ, елдің ертеңін тәрбиелеген ұлы тұлғалар кешегі қоғамның ең зиялысы еді. Бүгінде мектепке, ұстазға қатысты сын айтуда бұқаралық ақпарат құралдары еркінсіп кеткен.

«Қазақ мектептерінде білім сапасы төмен» деген пікірмен келіспеймін. Қазақ мектептерінде-ақ білім алып, әлемге танылып жатқан азаматтар жеткілікті. Мәселе мектепте емес, білім беруші ұстаз бен білім алушы шәкірттің талабы мен талантында. Бүгінде қазақ мектептерінде білім алып жатқан оқушылардың, әсіресе физика-математика, жаратылыстану бағытындағы  халықаралық  олимпиа­да­лар­дың жеңімпазы болып жатқанынан өзіңіз де хабардарсыз.

Мына бір жаңалыққа құлақ түріңізші, «Бразилияның Новогамбург қаласында өткен жалпы білім беретін пәндерден «Mos­tratec» халықаралық ғылыми жобалар жәрмеңкесіне Қазақстан бойынша  Астана, Ақтөбе, Шымкент, Қостанай, Алматы, Семей және Қарағанды қалаларынан жалпы саны 58 оқушы қатысқан. Оқушылар олимпиадаға математика, биология, физика, химия, астрономия, экология, энергетика, ақпараттық технологиялар секциялары бойынша қатысып, жұмыстарын ағылшын тілінде қорғады. 28 елден 450 жоба қатысқан халықаралық ғылыми жо­ба­лар конкурсында 4 оқушы алтын медаль ие­герлері атанды. Биология секциясы бойынша – Ақшолақов Темірлан, математика секциясынан – Әбілғазы Айқын, Жәнібек Ерасыл, Нұрмағамбетов Әділ­жан.

Шымкенттегі химия-биология бағы­тын­дағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 8 сынып оқушысы Алина Ахметтің «Смарт-үй» деп аталатын ғылыми жобасы «Шапағат-2016» республикалық конкурсы­ның, сонымен бірге, халықаралық зият­кер­лік меншік ұйымының да Бас жүлдесін иеленген. Жоғары сыйлықтың иегері – қазақ мектебінің оқушысы. Ғаламторды ашсаңыз, бұндай жаңалықтың бір-екеуін емес, жүздегенін көресіз.

Біздің оқу орнымызда музыка маман­дығында оқып жүрген Сәбит Еркебұлан қобыз тарту өнерімен Франция, Ұлы­британия елдерінде өткен халықара­лық байқау қазыларын тәнті етіп, жүлделі орындарды иемденіп жүр.

Алысқа бармайық, күні кеше өткен ҰБТ кезінде Оңтүстік Қазақстан облысын­дағы шалғай жатқан Мақтаарал ауданының Б.Момышұлы атындағы мектебінің «Алтын белгіге» үміткер 57 баланың 40-ы өз білімдерін дәлелдеп шыққан. Қалғанда­рына бар болғаны 1-2 балл жетпей қалған. Сөйтіп, бұл мектептегі  бітіруші түлектердің ҰБТ-дағы орташа балы 114-ке жетіпті. Не­гізі, осы орта мектептің түлектері жыл сайын осындай жоғары нәтижеге қол жет­кізіп жүр. Бұл мектептің озық тәжірибесін республикаға таратқан жөн  деп ойлаймын. Республика бойынша ҰБТ нәтиже­сінде ең жоғары 125 балл алған оқу­шылар­дың басым бөлігі – қазақ мектеп­терінің түлектері. Осыдан кейін қазақ мектебін бітірген баланың білімі төмен деп қалай айтуға болады?

Әйтсе де, Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық  және даму ұйымы ұжы­мы­­ның зерттеулеріне қарағанда, Қазақ­станда қазақ мектебінде оқыған жастардың сауаттылық  деңгейі орыс мектебін бітірген құрдастарынан төменірек көрінеді. Бұған әсер етуші бір себеп ретінде монотілділікті көрсетеді. Осыған байланысты ҚР Білім және ғылым министрлігі қазақ мектепте­рін­дегі оқу сапасы мен ондағы мемлекеттік тілдегі оқулықтар сапасын Жапониядағы оқулықтар деңгейіне жеткізу мақсатын қойып отыр.

Қазақта бұрындары балаларға берілер батаның үлкені «айналайын, мұғалім бол!» болатын. Себебі, ауылда болсын, қалада болсын, мұғалім зиялы адам деп есептеле­тін. Мұғалімді ұстаз санап, әркім сыйлайтын, құрмет тұтатын. Қазіргі тұлғалардың қайсысын алсаңыз да, білім берген мұғалі­мі­не еліктеді, үлгі алды. Тіпті, мұғалім болу­­ды армандады. Қазіргі мұғалім сол мәр­­тебесіне, атақ-абыройына оралуы керек.

– Жаңа оқу жылында институтта қан­дай жаңашылдықтар енгізілмек? Елбасының жоғарыда өзіңіз айтып өткен «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарла­масында «қазақстандық  білім беру жүйе­сінде оқу үдерісінің практикалық жағына жеткі­лікті көңіл бөлінбейтіні, оқушылардың жеке ерекшеліктері нашар ескерілетіні» айтылған еді. Осы орайда, түлектеріңіздің жұмыспен қамтылу деңгейі қандай, олар өз мамандық­тары бойынша еңбек ете ме?

– Иә, Елбасы жүктеген нақты тапсырмалар шеңберінде жүзеге асырылған нәти­желі жұмыстар жетерлік. Қазір жоғары оқу орындарының алдындағы басты міндет­тердің бірі – бітіруші түлектерін жұмысқа орналастыру. Бітірушілерді жұмысқа орналастыру бойынша институтта кәсіби бағдар және бітірушілерді жұмыспен қамту бөлімі ашылған. Иә, біздің бітіруші түлек­теріміздің жұмысқа орналасуы жыл сайын 100 %-ды құрап отыр. Түлектерді жұмыспен қамту бойынша ОҚО жұмыспен қамту басқармасы, облыстық және қалалық бі­лім басқармалары жұмыс берушілермен бірлесе отырып презентация, кездесу, дөңгелек үс­тел және аймақтық семинарларды жыл сайын дәстүрлі түрде ұйым­дастырып, өткізіп отырамыз. Сонымен қа­тар, облыстық білім басқар­масының басшысына, облы­сымыздың 14 аудандық білім бөлімі мен Шымкент қалалық білім бөлімінің басшыларына бітіретін  түлек­тердің  маман­дықтары мен  санын  жолда­дық. Нәтижесінде біздің түлектерге сұра­ныс­тар өте көп түсті. Сол сұраныстар бойынша биылғы 2015-2016 оқу жылында да бітіретін түлектеріміздің бәрі жұмыспен қамтылып отыр.

Қазақстан Республикасы Үкіметі жас­тар мәселесіне арнап «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» атты арнайы мемлекет­тік ­бағдарлама бойынша «Серпін-2050» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқан­дығы барлығыңызға мәлім. Осы мақсатта институт түлектерін жұмысқа орналастыруды қарқынды түрде жүргізу үшін Сол­түс­тік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Шы­ғыс Қазақстан облыстарымен тығыз байла­ныстамыз. Біздің институтымызға түскен әрбір студент үлкен өмір жолына сенімді қадам жасағанына күмән келтір­мейді. Институт білімді жастарға өмірдің кез келген саласынан өздерін табуға мүм­кіндік береді. ОҚМПИ-да жоғары білім алу – бұл лайықты білім алып, жас азамат­тың барлық әлеуетін іске асыру кепілі.

– Бүгінгі қоғамда парақорлық, сыбайлас жемқорлық туралы жиі айтылады. Өкінішке қарай, жоғары оқу орындарында да пара­қор­лық бар екені жасырын емес. Оған көбіне ұстаздарды кінәлап жатамыз. Ал бірақ параны ұсынатын, беретін студенттер ғой? Олар­дың кінәсін түсіндіріп, намыс, ұятын кім оятады? Студент білімі төмен болған­дық­тан бере ме, әлде ұстаз пара алуға мұқ­таж ба? Жалпы, парақорлықты болдырмау­дың қандай жолы бар?

– Сыбайлас жемқорлықпен күрестің басты бағыты, тиімді жолы – оның алдын алу. Сессия барысын қадағалау, келең­сіз­дік­терді болдырмау мақсатында институтымызда қысқы, көктемгі емтихан тапсыру кезінде «Таза сессия» штабы құрылып, белсенді түрде жұмыс жасайды. Сенім жәшігі, сенім телефоны орнатылған. Тәр­тіп бұзушылықтың алдын алу мақсатында студенттермен жиі кездесемін. Осы тақы­рыпқа қатысты өткізілетін іс-шараларға облыстық құқық қорғау органдарының қыз­мет­керлерін жиі қатыстырамыз. Пара­қор­лыққа күрес бағыты бойынша студенттерден әр семестр сайын анонимді түрде сауалнама алынып отырады. Оның жыл сайынғы нәтижесіне сүйеніп, киелі қара шаңырақтың оқытушы-профессорлар құрамы ардың ісін бәрінен жоғары қоятын, кәсіби біліктілігі жоғары, ұстаз деген қасиетті атаққа лайықты тұлғалар деп айтуға болады.

– Оқу орнының бүгінгі ахуалы мен ер­тең­гі жоспар-жобаларына қысқаша тоқ­талып өтсеңіз.

– Институт институционалдық және мамандандырылған аккредиттеуден өтті. Ғылыми дәрежесі мен атағы бойынша оқытушылар үлесі 57,2 пайызды құрайды. Профессор-оқытушылар құрамының орта жасы – 51 жас. Профессор-оқыту­шы­лар Алматы, Астана қалаларында ғана емес, Испания, Жапония, Португалия, Германия, Ұлыбритания сынды шет мемлекет­тердің жоғары оқу орындарында білік­ті­ліктерін арттыруда.

Институт қызметінің негізгі мақсаты – білікті, білімді, заман талабына сай мамандар даярлау болғандықтан, мамандарды дайындаудың ішкі мазмұнына, сапасына ерекше талап қойылады. Осыған байланысты білім беру бағдарламалары жұмыс берушілер ұсынған заманауи талаптарға сай, студенттердің ертеңгі күні жоғары кәсіби маман болуына бағытталған пәндермен толықтырылған. Оқу ордасында еңбек нарығының заманауи талаптарына сай білім беру бағдарламаларындағы таңдау пәндерінің мазмұнына ерекше мән беріледі.

Кафедралар студенттердің педагогика­лық іс-тәжірибеден өткен базалық мек­теп­терімен бірлесе отырып оқыту әдістеме-сінің тиімділігін, кәсіби деңгейін және ке­­лесі оқу жылына арналған таңдау пәнде­рін талқылайды. Мектептерден, жұмыс берушілерден келіп түскен ұсыныстардың негізінде таңдау пәндерінің тізімі әзірле­ніп, білім беру бағдарламаларын толық­тырады.

Институт студенттері оқу үдерісіндегі іс-тәжірибенің барлық түрлерін, яғни оқу-таныстыру, оқу, тілдік, педагогикалық, өн­ді­рістік және диплом алды іс-тәжіри­бе­ле­ріне қоса үздіксіз іс-тәжірибеден өтуде. Студенттер түске дейін институтта сабақ оқыса, күннің екінші жартысында қалада­ғы жетекші орта мектептерде кәсіби ше­берлігін жетілдіруге мүмкіндік алады, бұл институт студенттерінің өздерін жас маман ретінде көрсетіп, келешекте жұмысқа орналасуына ықпал жасайды.

Институттың  даму стратегиясына сәй­кес интеграция формаларын әлемдік білім беру кеңістігінде дамыта отырып, көптеген шетелдік жоғары оқу орындарымен белсенді ынтымақтастық байланыс орнату жұмыстары жүргізіліп келеді. Институт­тың халықаралық ынты­мақ­тас­тық аумағы кеңеюде. Институттың барлық оқу ғима­рат­тары мен студенттер үйінде Wi-Fi орнатылған, студенттерге тегін ға­лам­тор қолжетімді. Оқу ғимараттарында арнайы демалыс бұрыштары бар. Барлық оқу корпустары мен студенттер үйінде элек­тронды оқу залы жеткілікті деңгейде электронды оқулықпен қамтамасыз етілген.

Кәсіптік білім мамандығын өндіріс жағдайымен пара-пар ету және дуальды білім беруде тәжірибе жинақтау мақсатын­да тігін, ағаш, темір, дәнекерлеу шеберханалары  ашылып, олар толық жабдықталды. «Сәндік» және «Өнер» орталықтарында студенттер сабақтан тыс уақытта қолөнер бұйымдарын – гобелен, кілем, алаша то­қу­ды, сурет салып, ұлт аспаптарын жасауды үйренуде. «Эстрада», «Айтыс», «Би», «Ком­пьютерлік оқыту», тағы басқа үйір­мелер жастардың бір ғана маман иесі болып қой­май, қос өнерді қоса меңгеруіне ықпал етеді. 30 дан аса зертхана мен шеберхана студенттердің терең білім алып, ғы­лыммен айналысуына мүмкіндік береді.

Ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындау мақсатында ғылыми-зерттеу ұйым­да­ры­мен, жоғары және орта білім беру меке­мелерімен институт бойынша барлығы 27 келісім-шарттар жасалған, оның ішінде 7-уі Халықаралық ынтымақтастық байланыс аясында жүзеге асады. Институтымызда «ОҚМПИ Хабаршысы – Вестник ЮКГПИ» тоқсан сайын шығады. Журнал мақалалары үш тілде – қазақ, орыс, ағыл­шын тілдерінде жарияланып келеді. Бүгінгі күні мамандық даярлаушы кафед­ралардың оқытушы-профессор құрамынан ағылшын тілін үйрену және еркін меңгеру, сер­тификаттар мен IELTS емтиханын тап­сыру мүмкіндіктері қамтамасыз етілді.

Дүниедегі текетіреске қарамастан елі­мізде бейбітшілік. Күнделікті қалыптасқан іс-тіршілік жүріп жатыр. Елбасы бізге үлкен үміт артып, міндет қойып отыр. Ел болашағы жастарға сенеді. Мұндай өмір бұрын-соңды қазақта болған емес. Осыны әр қазақстандық жете түсініп, үлкен талпыныспен Отанға адал қызмет етуге ұмты­лыс­ты күшейту керек. Бұл – өзімізге деген адалдық. Бұл – Елбасына деген адалдық. Мемлекет басшысының қасына шоғыр­лану, бір адамдай Көшбасшының айтқан ойларын басшылыққа алу барлық Қа­зақстан халқына ортақ міндет, мақсат. Осы үлкен парызды орындауда бәрімізге Жаратқан ием күш-қуат бергей. Элиталар жинағы, ұлылар шаңырағы «Қазақ әде­биеті» газетінің ұжымына тарихта қалатын жігерлі де ұтымды, шынайы шығармалар тілеймін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 19.04.2024 | 19:18

Truly, such a practical internet site. Visit too my own site.

https://www.apnarproduct.com/tag/%D0%B4%D0%B5%D1%80%D0%BC%D0%B0%D1%82%D0%BE%D0%BB%D0%BE%D0%B3-%D1%81%D0%BE%D1%84%D0%B8%D1%8F-%D1%86%D0%B5%D0%BD%D1%82%D1%8A%D1%80/ най добри дерматолози в софия

dd=+

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір