«КҮЙМЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР»
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдени қайраткері, дәулескер күйші, фольклортанушы, аяулы ұстаз, шертпе күй шебері «Мағауия Хамзин мен Уәли Бекенов – шертпе күйдің қос ішегі тәрізді», – деп композитор Еркеғали Рахмадиев баға берген Уәли Бекеновтің бұл дүниеден өткеніне 12 жылдың жүзі болыпты.
Өзі кеткенімен оның соңында күйге байланысты жазылған зерттеу кітаптары, күйлері, әндері, өлеңдері мен әңгімелері – құнды мұра болып қалады. Еңбек ардагері, Баспа және полиграфия ісінің қайраткері, Уәкеңнің асыл жары Үмітжан Уақасова 2014 жылы күйшінің шығармаларын жинақтап, бір ізге түсіріп, фотосуреттермен толықтырып, «Күймен өрілген өмір» атты кітап шығарып еді. Қазір Үмітжан Жүнісқызының қолында Уәли Бекенов тұтынған заттар көздің қарашығындай сақтаулы. Соның бірегейі Уәкең талай жерде күй тартып, талай күйлерді радио-теледидарда әуелеткен, шәкірттеріне күй үйреткен қасиетті қара домбырасы болатын. Бір отбасының, бір әулеттің ғана емес, өнер сүйер бүкіл халықтың игілігіне жарасын деп, күйшінің асыл жары осы домбыраны Ықылас атындағы Республикалық саз аспаптары мұражайына тапсырды. Осыған байланысты мұражай басшысы Ұлжан Байбосынова бастаған ұжым мүшелері «Күй дарабозы – Уәли Бекеновтің домбырасы музей сахнасында» атты шығармашылық кеш ұйымдастырды. Кешті жүргізген Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының ұстазы, күйші Мұрат Әбуғазы Уәли Қалиакбарұлының өмірі, шығармашылығы туралы тілге тиек ете келіп, Абай күйлерін тұңғыш нотаға түсіргені туралы айтып өтті. Одан кейін белгілі қобызшы, профессор, Уәкеңнін шәкірті Базарқан Қосбармақов ұстазының өнегелі істері жайлы сөз қозғады. Уәлидің шәкірттерінің бірі, аталмыш мұражайдың алғашқы директоры болған, белгілі күйші Жарқын Шәкәрім: «Қытай қазақтарының күйлерін Қазақстанға алғаш алып келіп, Ахмет Жұбановқа таныстырып, батасын алған – Уәли еді»,– дейді тебіреніп. Күләш Байсейітова атындағы Республикалық колледждің ұстазы Қайырбек Әділов өз сөзінде осы ұжымда бірге істеген уақыттарын сағынышпен еске алды. Белгілі журналист, Уәкеңнің бала кезден досы Ғалым Тыныбаев досының 6 жасынан бастап, Шыңжаң қазақтарының белгілі күйшісі – Раздықтан күй үйреніп, оны бізге жеткізгендігі туралы айтты. Кеште Бәйжігіттің «Кербала» күйінен бастап Уәкеңнің өзінің бірнеше күйлері орындалды.
Кеш соңында өнер иесінің шәкірті әрі жиені Серік Қыдырбекұлы мұражайға тапсырылғалы отырған Уәли Бекеновтің қара домбырасымен күйшінің «Күй аңсаған» және Раздықтың «Аңшының зары» атты күйлерін орындады. Жәнібек Кәрменов, Дәнеш Рақышев, т.б. белгілі қазақ әнші-күйшілерінің домбырасының қасына Уәли Бекеновтің қара домбырасы да қойылды.