ӘБЕҢНІҢ ЕУРОПАҒА САПАРЫ
29.10.2024
82
0

2018 жылы күз айында Әбдіжәміл Нұрпейісов ағаның үйінде кез­десіп, өмір өткелдерінен өткен әңгімесін тыңдап отырып, жуырда Мәскеу қаласы арқылы Лондонда магистратурада оқып жатқан немерем Алтынай Мұхитқызы Бекетке баратынымды айт­тым. Сол кез­де ол: «Мені де ертіп ала кетші, өмірімнің жарқын кезеңдерінде жүріп өткен жерлерімді тағы бір көрсем деймін», – деді. Асыл ағаның арманын орындайын деп, келісім бердім. Содан не керек екеуміз ұшақпен Мәскеуге жетіп, «Националь» қонақүйіне тоқтап, таңғы асты Кремль көрініп тұратын мейрамханада отырып тамақтандық. Басынан өткен қызықты шақтарын айтып отырды, содан соң өзіне етене таныс Мәскеу тұрғыны болып кеткен мемлекет және қоғам қайраткері Тайыр Мансұровқа қоңырау шалып, хабарласуды өтінді, ол қонақүйге келіп, Әбеңнің бөлмесінде әңгімелесіп, суретке түстік, сол күні Әбеңнің өтінішімен Қазақ­станның елшілік үйінің маңындағы Абайға қойылған ескерткішке барып суретке түстік. Елшілік үйінің ішкі құрылысымен танысып, елші Иманғали Тасмағамбетов жасаған өзгерістерге риза болып, онда да суретке түстік. Сол күні түс мезгілінде КСРО Жазушылар одағының үйіне барып, жазушылар мейрамханасында отырып түскі асты іштік, Әбең сол жерде де жазушылар жиындарында болған уақиғаларды айтып ұзақ отырды. Көңіл көтерейік деп, «қызыл шараптан» тартып отырды, мейрамханадан шығып одақтың ауласына орналасқан Лев Толстойдың ескерткішінің алдына келіп, тағы да суретке түстік. Сол сапарда бұрынғы бір кезеңде Мәскеуде өткізген жолдастарымен болған қызықты шақтарды әңгімелеумен болды. Ертеңіне Мәскеу-Лондон рейсімен ұшып Лондонға жет­тік, аэропорт­та елшіліктің қызметкерлері күтіп алып, қонақүйге орналастырды. Түс мезгілі жақындағанда Лондондағы Қазақ­стан елшісі Ерлан Ыдырысов қонақүйге келіп, Әбеңе сәлем беріп, Лордтар түстенетін мейрамханаға алып келіп түскі ас берді. Сол жерге бізді іздеп келген немерем Алтынайды Әбең атасымен таныстырдым. Әбең елші Ерланға «Соңғы парыз» кітабын ағылшын тіліне аударту үшін, аудармашы тауып беруді өтінді. Ол аудармашыны тауып бізбен кез­десу ұйымдастырды.
Ертеңіне менің Лондонда тұратын жолдасым Медғат Құлжанов бізді түскі асқа мейрамханаға шақырды, ол өзімен бірге жұбайы Айгүлді және қызын ала келіп кемеңгер жазушы ағасымен таныстырды, бізбен бірге менің немерем магистрант Алтынай да болды. Сол бір көңілді кез­десу мен отырыста Әбең енді Парижге барғысы келетінін айт­ты. Мен ол кісіге барсақ барайық деп келісіп, кешке жүретін пойызға отырып Парижге жет­тік. Парижде алдын ала хабарлап қою­ыма байланысты елшілік қызметкерлері қарсы алды. Қаланың орталық көшесіне орналасқан 5 жұлдызды қонақүйге орналастық. Ертеңіне ертеректе болған жерлерін көруге аралауға шықтық, сол күні кешке Франциядағы елші келіп, Әбеңе сәлем берді. Әбең сөз арасында Францияның ұлы президенті Шарль де Голльдың басына барып зиярат жасап, мұражай үйін көргісі келетінін айт­ты, ертесіне елші жіберген аудармашымен автомашинасына отырып, Парижден 250 шақырым жердегі Шарль де Голльдың зиратына барып суретке түсті, одан соң мұражай үйіне барып, сондағы естелік кітабына қолтаңба қалдырып, мұражайды аралап көрді. Сол күні кешке сондаға «Мотель» қонақүйіне қонып, ертеңіне Парижге оралдық, сол кез­де менің өтінішімді жерге қалдырмай Еуропаға сапар шегуіне қиналмай жасаған әрекетіме ризалық білдіріп, Париж-Мәскеу-Алматы рейсімен Алматыға оралып, үйіне жеткізіп, немерелеріне табыстадым. Бір апталық саяхат сапарда болғанда, мен ол кісінің мінез-құлқын, ішім-жемін, көңіл күйін, ішетін дәрі-дәрмегіне де­йін танып білдім. Ол сол сапарда қонақүйде жеке жатпай мені жанына алып жататын, түн ауғанша басынан өткен қызықты, қиындықты көрген балалық шағынан бастап, аталық-абыздық жасқа жеткенге ше­йінгі өмірінен әңгіме айтып, реніші мен қуанышын айтып, құлағыма құя беретін. Сол сапарында өмірінде мерейтой өткізбегенін айтып қалды және ондайды ұнатпайтынын да жеткізді. Мен дегенмен «Алдағы 95 жылдық» жасыңызды Үкімет тарапынан атап өтуге, мерейтойыңызды өткізейік деп ұсыныс жасайтынымды айт­тым, ол бұл ұсынысты бірден қажеті жоқ дегендей болды, артынан келісім бергендей ыңғай таныт­ты. Содан ке­йін мен мәдениет министрі Ақтоты Ра­йымқұловаға хат жазып, Қазақ­станның Халық жазушысы, КСРО Мемлекет­тік сыйлығының лауреаты, аңызға айналған классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейіс­овтың 95 жылдық туған күніне арналған мерейтойын өткізіп, көптомдық шығармаларын шығаруға ұсыныс бердім. Президент іс басқармасының ауруханасында ем алып жатқан Әбеңнің көңілін сұрап келген мәдениет министрімен кез­десіп, мерейтойды бірлесіп өткізуге келістік, көптомдық еңбектерін мемлекет қаражатымен шығартуға министр ханым уәде берді. Осыдан соң қаламгерді Алматының жоғары оқу орындарының шақыруымен бірге жүріп, кез­десулер өткіздік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа кез­десуде болғанда, көптомдықты шығаруға нұсқау бергеніне ризалық білдіріп, хат жазып, 7 томдық жинақ кітабын сый ретінде ұсынуға ықпал етіп, хат жазуына көмектестім. Мәдениет министрлігімен сол кез­дегі Мемлекет­тік хатшы Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен Абай атындағы Опера және балет театрында Әбеңнің 95 жылдық мерейтойы аталып өтілді. Жиынға Алматының зиялы қауымы, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Әбеңнің алыс-жақындары, тума-туыстары және мәскеулік достары әлемге танымал ғалым-жазушы Николай Анастасьев, Анатолий Ким және баспагер Георгий Пряхин қатысты, сахна төрінде Әбеңді қолтықтап Қазақ­стан жазушылары Мырзатай Жолдасбеков, Төлен Әбдік отырды. Жиын соңынан «Қабылдау үйінде» 300-дей қонаққа ас беріліп, Әбеңнің жаңа шыққан көптомдық еңбектері сый ретінде қонақтарға таратылды. Ертеңіне Мәскеуден арнайы Әбеңнің мерейтойына құрмет­ті қонақ ретінде шақырылған Николай Анастасьев, Георгий Пряхин және жұбайымен бірге келген Ана­толий Кимді Алматыны аралатып, түскі шайды «Салтанат» қонақүйінің мейрамханасында жазушы Смағұл Елубаймен Әбеңнің өзін қатыстыра отырып, қонақ етіп, Әбеңнің атынан үш қонаққа арнайы даярланған ұлт­тық шапан жауып, құрмет көрсетіп, сол күні қонақтарды шығарып салдық. Әбеңнің қуанышында шек болмай, «өмірімде өткізген тамаша күндерімнің ең биігі осы болды», – деп, Смағұл екеумізді құшақтап сүйе берді. Тойдан соң үш күн өткенде, Президент­тің Әбдіжәміл Нұрпейісовті Қазақ­станның Еңбек Ері атағымен марапат­таған жарлығы шықты. 30 қазан күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға арнайы келіп, өз резиденциясында Әбеңе Қазақстанның Еңбек Ері жұлдызын тақты, сол кез­десуге Алматы қаласының сол кез­дегі әкімі Бақытжан Сағынтаев, Президент аппаратының сол кез­дегі басшысы Ерлан Қошанов және мен қатыстым. Жылы жүзді қысқа құт­тықтау әңгімесінде, Президент Ә.Нұрпейісовке деген ризашылығын білдіріп, тілек айтып, сол кез­десуде естелік ретінде Президентпен суретке түстік. Әбеңнің өмір жолындағы көптеген іні, жора-жолдастарының ішінен қайырымдылық көрсетіп, жанында жүріп, абырой атағын алуына інілік ізет көрсетіп, ықпал еткеніме шын жүректен алғысын білдіріп, шапанын жауып, таяғын естелікке ұстат­ты. Әбеңмен өткен сол бір күндер жадымда жат­талып қалды. Әбеңнің халыққа, ұлт әдебиетіне сіңірген еңбегінің бағаланып, жарыққа шығуына қолқабыс еткенімді ризашылықпен еске алып отырамын. Ел құрметіне бөленген ардақты ақсақалдың жатқан жері жарық болсын, топырағы торқа болсын!

Бекет ТҰРҒАРАЕВ,
Қазақ­станның еңбек сіңірген
қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір