Тағы да Шыңғыс хан төңірегі
17.06.2016
2841
1

Мұхтар Мағауин


15Бүгінде біздің Қазақ елінде Шыңғыс хан ең танымал тарихи тұлғаға айналды. Білімдар маман атаулының жоққа жақындығы, барының қандай да лепесінің ескерусіз қалатыны нәтижесінде, «Тарихқа әркімнің-ақ бар таласы» дейтін қанатты сөз қалыптасыпты. Күні кеше профсоюз, колхоз құрылысы, халықтар достығы тақырыбында кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғап абырой тапқан кері-тарихшылар өз алдына, қалам ұстаған жазарман атаулы тұрыпты, аз ғана малын баға алмай жүрген қара қойшыдан бастап, физик пен физкультурниктен өтіп, агрономнан астрономға дейінгі аралықтағы барша қазақ қауымы жапырлай көтерілген, – қажетті, әрі пайдалы дабыра тақырыпты астын үстіне төңкере, қопара түйгіштеп жатыр. Ақыры, қорыс батпаққа түстік. Жоқ, құйға батып өлмейміз, алайда, жер-әлем алдында күлкіге ұшырауымыз анық. Қайткенде, қатарымыз кемитін түрі көрінбейді, күн озған сайын жаңа бір білгірлер шығып жатыр. Міне, осы топырға енді академик Жұрынов қосылыпты.

Мұрат Жұрыновтың есім-сойы бізге бұрыннан мағлұм еді. Бүгінде аты бар, заты жоқ Ұлттық Академияның еселі еңбекақы және тиесілі үстеме сияпат алып отырған мәртебелі президенті, өткенде – қазақ деген халықтың ақыл-ой, ғылым-білім ұйытқысы болған, атағы зор, іргесі мығым Ғылым Академиясын өз қолымен таратқан сабаз. Әлбетте, жеке-дара қалауымен емес, жоғарыдан түскен нұсқау бойынша. Орындаушы деп, күнәсін жеңілдетуге болар еді. Мұндай мүлтіксіз орындаушылар, мәселен, бізден бүйрегі ажыра­маған Ресейде, арнайы тапсырма бойынша, Пәленбай деген саяси қайраткерді атып тастайтын, жүрегі тас, қолы қатты кісілер киллер аталады, ұстала қалса, кімнің нұсқауы бойынша әрекет етке­ніне қарамастан, қатаң жазаға кесілмек. Қазақ Ғылым Академиясының жабылуы – қандайда бір үлкен қайраткердің зорлықты қазасынан он, жүз есе артық сұмдық. Жарар, жарлыққа қарсы тұра алмапты және бұл реттегі күнәһар – жал­ғыз өзі емес, сүйікті өкіметімді айт­па­ғанда, «жабылғанымыз жөн» деп қол көтерген, көнбіс қаншама академик тағы бар. Сонымен, Академияны жап­тық. Оған қоса, әр тарап, жүйелі зерттеу атаулыға тоқтау салдық. Алайда, бар өмірін ғылымға арнаған абыройлы тарландар, атаулы жұмыс орны болмаса да, қол қусырып, қарап отыра алмайды. Әуелгі мамандығы химик, әлде биолог, енді жаңа жағдайда жаңаша қуат, жігер тапқан Жұрынов мырза баяғы замандағы әмбебап, энциклопедист оқымыстылар салған жолмен, нақты, техникалық ғылымдарды жинап қойып, гуманитария саласына барлау жасапты. Әуелде – әдебиет мәселелері, жазармандар қауымының ортасында ұшырасып жат­қан келеңсіз жағдаяттарды әшкере­леу. Қазақ әдебиетінің бүгінгі ахуалына қат­ты алаңдаған универсал академиктің алғаш нысанаға алғаны – мына біз, яғни Мұхтар Мағауин болыпты. Міне, сондағы, тіпе-тік, өтімді, өткір толға­мын­да: «М.Мағауиннің… бауырлас қыр­ғыз елінің біртуар, даңқты жазушысы Ш.Айтматов пен есімдері ұлт мақтаны­шына айналған қазақтың бір шоғыр ақын-жазушыларын орынсыз ғайбаттап, қаламгерлер арасында дүрдараздық ахуал қалыптастырғандығы… жазушылар арасындағы бірлікке орасан нұқсан келтіргендігі…» туралы көсіліп жазған. Және анау-мынау емес, тұпа-тура Рес­публика президентінің атына жолдаған ғарызнамасы бұқара жұртына да кәміл жетуі үшін, қаламгер атаулының ортақ басылымы – ол заманда біршама абыройы бар «Қазақ әдебиеті» газетінде жариялапты (18.VІІІ.2005). Кезінде жалпы жұрт қызығып оқыған, әуесқой іздеушілер әлі де кітапхана қоймалары­нан тауып алуға мүмкін; өз қоямызды ақтармай, осымен тоқтайық.
Академик Жұрынов аталмыш мақа­ласында әдеби мәселелерді бұдан әрі қазбаламайды, тәрізі, ұңғыл-шұңғылы көп көрінсе керек, ізінше, ендігі ерінбеген ерлердің бәрінің қанжығасын­да жүрген тарих саласына қарай ойысыпты. Модный тақырып – Шыңғыс хан мәселесіне. Әлбетте, бұл Жауыз атамыз туралы сөз болса, Мұхтар Маға-
у­ин қоса кетеді. Академик Жұрынов та манағы екпінімен, үйреншікті сүре жолға түсіпті. Әп дегеннен-ақ: «Мағауин айтқандай, «Шыңғыс ханның негізгі жасағын құраған, кейін қазақ халқының құрамына құйылған қоңырат, найман, керей, жалайыр, қият, дулат, қатаған, төлеңгіт, маңғыт, күрлеуіт, тағы басқа да аталы тайпалар болатын» [деген сөз] «тарихи шындыққа мүлде жанаспайды», деп нақты тұжырады да: «М.Мағауиннің түпкі мақсаты не? Шыңғыс ханды дәріптеу ме, жоқ әлде онсыз да қырық рулы қазақтың жартысын моңғол етіп шығару ма?» деп қатал қайырады, содан соң нақты үкімін айтқан: «Мағауин мырза – Шыңғыс ханды дәріптеймін деп жүріп, қайта ұйысқан тәуелсіз қазақ мемлекетінің тұтастығына сына қағып отыр!».
Екі қайыра нокдаун. Енді Шыңғыс­хан­шыл пәлекетті біржола сұлатып салу керек екен. Гүрзіден ауыр, найзадан да өткір, аталы сөздер кеңінен қолданысқа түсіпті: «Мұндай дүмшелік оймен көзі ашық халықты иландырамын деу бекершілік. Сол сияқты, оның шындық­ты бұрмалап, қолдан тарих жасағысы келуі де… дәйексіздік. Сол дәйексіздіктен Мағауин Отырарды жаңқиярлықпен қорғаған Қайырханға қатысты деректер­ді де бұрмалап баққан… Шыңғыс хан Отырар оқиғасында өзі жіберген керуен­ді құпия түрде өз жансыздарына өлтіртіп, бар кінәні Қайырханға артты. Бұлай ету – залым қағанға Орта Азияға, яғни «айыпкер өлкеге» қылмысын мойнына сала отырып, соғыс ашу үшін қажет еді».
Бұл – академик Жұрыновтың терең зерт­теуге құрылған ғаламат мақаласы­ның шарықтау шегі. Алайда, білімдар ғұлама мұнымен тоқтамайды. Шыңғыс ханның шаруасы бітті, енді оны көпе-көрнеу дәріптеп отырған бізді де тиесілі жерге апарып тастау қажет екен. Өзі­мізді-өзіміз сөгіп, өткенді түгенде­мей-ақ қоя­лық, тек атаулы анықтамалар ғана есте қалыпты: «сауатсыздық!», «дүмше­лік!», «рухсыздық!», «басбұзар­лық!», «аран­дату­шылық!» – тағы қаншама ал­қау сөз. Ең кереметі – «Шыңғыс ханды дәріптеудің арғы жағында – тіл жанашырларына қарсы жасырын күштердің тұрғаны» әшкереленген. «Қазақ әде­биеті» – 18.VІІІ.2005, «Жалын» журналы – №7, 2005, «Рух-дария», «Айқап», тағы қаншама ғаламат басылымдарда жарияға шыққан, жарым қазақ құнығып оқыған. Өзіміз де ықыласпен қабыл алғанбыз. Ендеше, несіне еске түсіріп, қайыра тәптіштеп отырамыз? Амалсыздан… Арада соншама заман өткенде, құрметті академик ежелгі тарихқа басқа бір тұр­ғыдан келіпті. Әлбетте, танымы терең­деп, ой-пікірі нақтылана түскен. Ең бастысы – бұрынғыға мүлде кере­ғар.
«Біз, ғалымдар, саясатпен шұғылдан­бай­мыз, тек ғылыми шындықты іздеу­мен айналысамыз», – деп бастайды академик Жұрынов өзінің бүткіл қазақ халқына қарата айтылған, жаңылыс­пасақ, әуелде «Нұротау.кз» сайтында (16.І.2016) басылып, араға күн салмай, «Қамшы», «Ұлт», «Отан», тағы басқа да қаншама электрондық ақпаратта (бәлкім, бізге жетпейтін тағы пәленбай газет, журналда) жағалай берілген, ақыры «Гу-гу.кз» сайтында тыным тапқан (19.І.2016) әйгілі сұхбатын. Жөн-ақ. Әйтсе де, біз туралы, бұдан аз-көп емес, тура он бір жыл бұрын жасаған мәлімдемесі – бастан-аяқ саясатқа құрылған еді ғой. Қазақ халқының тұтас­тығы, арам нәсіл бүлдірмеген қан тазалығы, егемен республикамыздың береке-бірлігі, тыныштығы… – өзі де ұмытып қалыпты, осыдан артық қандай саясат керек. Бұл толғамдар барар жеріне жеткен. Өткен, біткен іс. Енді мүлде басқаша лепес – саясатсыз, нақты, ғылыми шындық.
Бұл шындықтың негізгі түйіні – Шыңғыс хан соншалық жаман кісі емес екен. Өткені… бәрі керісінше болғанына неше тарам дәлел мен дәйек бар.
Ең бастысы – бұл Шыңғыс ханыңыз өзіміздің елде, бүгінгі Қазақстан шегінде дүниеге келген: «Шыңғыс ханның туған жері, өскен өлкесі Бұрхан және Түрген деген жерлерді қазіргі Моңғолия аума­ғынан да, Солтүстік Сібір өлкесінен де таба алмайсыз. Ол жақта ондай жерлер бұрын да, беріде де болмаған. Керісінше, дәл сол Бұрхан мен Түрген деген жер-су аттары Жетісу жерінде ежелден бүгінге дейін бар». Әп-бәрекелді! Алайда… пендесі қайда тумайды, Академиктің әуелгі мақаласына демші болған рухани інісі, «әлемге әйгілі ақын» Шахаң сияқ­ты, әлі қырқынан да шықпаған қызыл­шақа кезінде ата-анасы басқа бір аудан, басқа қалқозға көшіп кетуі мүмкін ғой немесе тіпті, ержеткен, толысқан ша­ғын­да, мәселен, Мұстафа Шоқай, кейінгі тағы біреулер сияқты, шет елге эмиграцияға өтіп… Шыңғыс хан өмірін­де ондай жағдай орын алмапты: «Шыңғыс хан – Алтай, Балқаш, Алакөл өңірінде өмір сүрген адам. Қазіргі Моңғолияның аумағында тұрмаған». Туған жері мен еліне ақырына дейін адалдық сақтаған екен.
Десе де, осы Шыңғыс ханыңыз кім болып шықты? Әрине, қазір кейбіреулер өңешін жыртып жүргендей, тап-таза қазақ… деп айтуға білімдар академиктің жүрегі дауаламайды. Сондықтан арыдан салыпты. Атап айтпаса да, анық аңдалып тұр. Қайткенде алысқа жібермеген. Моң­ғол емес, түрік. Бүгінгі тілге көшір­сек, түрік текті. Өйткені… Осы арада ғұлама академик, біздің қаламы жүйрік журналистердің тілімен айтқанда, қысқа, әрі нұсқа, «нақты дәлел» келті­ре­ді: «Дулатидың, Бичуриннің еңбек­тері­нің бір жерінде Шыңғыс ханның мұсылман дінінде болғаны, бір баласы­ның ораза тұтқаны… айтылып кетеді».
Сонымен, бұдан он бір жыл бұрынғы жауыз моңғол Шыңғысхан – өзіміздің қандас туыс, әрі дін қарындас болып шықты. Зұлым қанішер емес, мейірбан, ғажайып тұлға, мәжуси емес, мұсылман, аруақты, киелі кісі. Ендеше, біз де кеңінен салайық, бұл Шыңғыс ханды өзі­міздің ғана бабамыз деп білу – жет­кіліксіз, «Шыңғыс ханды түрік әлемінің (яғни туыстас барлық түрік халық­тарының, – М.М.) көсемі ретінде тануға келісуге тиіспіз!».
Ай – аспанға шықты. Енді төменде, қара жерде тұрып, жоғарыға ғана емес, төрт тарабымызға тегіс, қорғалақтай көз саламыз. Қараңғылық түнегі, масалаң ұят деп айтпайық, ғылым, білім атаулыдан іргесі бөлек, келеңсіз жағдай. Траги­комедияға күле қараудың жөні тағы жоқ. Турасына көштік.
Шыңғыс ханның нақты тарихы – арғы замандағы, кейбірі ұлы қағанның көзі тірісінде, көпшілігі тікелей жалғас дәуірде қағазға түскен, ханзу негізді, араб, парсы, түрік тілді қадыми ескер­т­кіштерде, өшіп, жоғалмастай, нақты таңбаланған. Туған, өскен жері – ол кезде Татар Даласы атанған, бүгінде Моңғол республикасы мен Қытайға қарасты Ішкі Моңғолия hәм Ресей басып отырған Бурят өлкесінің бір пұшпағы – Шығыс Еуразия. Бұл байтақ жұрт ол кезде түрік текті қият, керей, меркіт, найман, татар, жалайыр, ұраң­қай, қоңырат, қатаған, маңғыт, салж­ұ­ғыт, таз, күрлеуіт, шанышқылы, байжі­гіт, байыс, төлеңгіт және басқа да туыс­тас, үлкенді-кішілі, далалық ру-тайпалардың ежелгі мекені болатын. Жинақтап айтқанда, Ұлы Түрік қаға­натының тікелей мұрагері Шығыс түріктері. Есугей-бахадүр ұлы, қият Темужін, қаншама сүргіннен соң Шыңғыс хан атанып, ел билігіне жеткен кезінде, қанатын кеңге жайып, өзінің ежелгі арманы – Еуразия шегіндегі барлық түрік тайпаларын бір ту астына қарату жолындағы жанкешті күресін одан әрі жалғастырды. Ұлы қағанның жарлығымен, Батыс тараптағы әуелгі, Жошы хан бастаған жорық – 1218 жылға сәйкеседі. Шыңғыс ханның өзінің қазіргі Қазақстан шегіне түбегейлі аттап басуы – 1219 жыл, жазғытұрым, Сарта-
уыл жорығына дайындық кезінде. Осы 1218-1220 жылдар аралығында бүгінгі Қазақстан жері, барлық өңір, аймағымен Шыңғыс хан империясының құрамына біржола қосылды. Түрік текті қият руынан шыққан, тілі бірлес, дәстүр-салты үйлес түрік тайпаларының жиын ортасында өсіп-жетіліп, ғұмыр кешкен Шың­ғыс ханның түрік тегіне ешқандай күмән жоқ. Ресми ғылымда орнықпа­ғаны­мен, бұл турасында ХVІІІ ғасырдан күні бүгінге дейін француз, неміс, ағыл­шын, американ, орыс оқымысты­лары қаншама мәрте жазған, дәлелдеген. Яғни әуелден-ақ біршама жұртқа белгілі жағдаят, барды бекіте түсеміз демесек, төтенше жаңалық емес. Әйтсе де, бұл арада академик Жұрыновтың өзі көлеңкесін көрмеген Дулати (анығы – Дулат) және Бичуринге сілтеме жасауы қисынсыз, Шыңғыс хан түрік екен, мұсыл­ман болыпты дейтін дерек бұл кісілерде атымен жоқ. Шыңғыс хан барлық дін атаулыға айрықша құрметпен қараған, осы тарапта Жасақ заңының арнайы баптары да бар, бірақ өз басы ислам дінін қабылдамаған, Тәңірі рәсімін ұстанған. Ұлы қағанның нәсіл-тегіне қатысты М.Жұрынов куәландыр­ған, өзгеше екі тұрғы: «Шыңғыс ханның кеңсе құжаттары түрік тілінде жүргізіл­гені» және оның өзінің де «түрік тілінде сөйлегені» – ешбір тарихи құжатта нақты, тұпа-тура айтылмаған. «Моғұл тілінде», «татар тілінде» деп көрсетіледі, кейінгі зерттеушілер тұпа-тура «моңғол» қылып шығарған. Бұл «моғұл» мен «татар» тілдері – ежелгі түрік лұғаты екендігін, тағы қаншама қосымша дерек, дәйектер арқылы алғаш рет айғақтаған – біз едік, «Шыңғыс хан және оның заманы» аталатын төрт томдық еңбектің 2011 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланған һәм сол жылы баспадан шыққан Бірінші кітабында. Яғни «тек ғылыми шындық­ты іздеумен айналысатын» академик арнайы сілтеме жасауға міндетті болатын. Жасамады. Ақиқат  ғылымда мұның өз атауы бар – плагиат деген. Қазірде Шыңғыс хан турасында жапырлап жазып жатқан қазақ білермендері, өз тарап­тарынан ашқандай-ақ, аузынан тастамайтын та­ғы бір айғақты дәлел – Шыңғыс ханның мемлекеттік мөріне қатысты; дәп сол кітапта «Шыңғыс ханның мөр-тамғасы» аталатын тұтас бір тарау бар. Алғаш рет француз Пеллио ашып, ажыратып оқыған мөр мәтінін одан әрмен талдап, біржола дәйектеп, үйлес, ұқсас басқа да мұраларды тек­серіп, кейінгі зерттеулерді және қамтып, беріге бұрған біз едік, міне сондағы лепесіміз: «Аз ғана ойланайық. Шыңғыс ханның мөрінің мәтіні – түрік тілді. Түрік тілді! Сонда… не болып шықты?.. Балаға да белгілі, қашанда мемлекеттік мөр бетіндегі жазу – сол елдің мемле­кеттік тілінде таңбаланбақ. Шыңғыс хан империясының ең басты, мемлекет­тік мөрінің бетіндегі «легенда» мәтін – түрік тілінде екен, шет жұрт әміршісіне жолданған ресми құжаттың дұғалық бастамы тағы да түрки, ендеше, бұл елдің мемлекеттік тілі де түрік тілі бол­ғаны күмән туғызбауға тиіс!». Міне, дәп осылай.
Ғылымдағы ең басты тұрғы – дерек. Ол деректі алғаш сен ашуың мүмкін, сен ашпасаң да, өз жұртыңда елдің алды болып ғылыми айналымға қосуың мүмкін. Батыс және орыс рәсімінде мұның ешқайсы ескерусіз қалмайды. Тіпті, баспадан шыққан, көпке таралған кітап, мақаланың өзін: «Бұл туралы маған Пәлен мырза айтып еді… Түген мырза назарымды аударып еді», – деп, ықылас, алғысын білдіріп жатады. Бізде есеп емес. Мейлі, әдепкі этикаға қатыс­ты, елеусіз нәрсе дейік. Алайда, осы «бел­гілі» дерекке қатысты, «белгісіз», яғни сіз ғана түйіндеген дәйек, қо­ры­тын­ды, ғылыми пікір бар. Ол да түк емес екен. Жаңағы, біршама мағлұм (болуға мүмкін), алайда, өзіне мүлде белгісіз деректі сіз арқылы тауып алады да, соған орай, осы сіз ғана түйіндеп берген, арнайы, түбегейлі зерттеуіңіздің мәйегі, бәлкім, ғұмыр бойғы бар білігі­ңіз, таным, көзқарасыңыз көрініс табатын тұжырым ойларыңызды, бірер сөзін ғана өзгертіп немесе жаңаша жаңғыр­тып, қаз қалпында иелене салады һәм тек өзі ғана ашқан жаңалық ретінде ұсынбақ. Менің жиырма төрт–жиырма бес жасымда жазылып, сол кездің өзінде негізгі бөліктері баспасөзге шыққан, арада үш-төрт жыл өтпей дербес кітаптар ретінде басылған «Қобыз сарыны», «Алдаспан» аталатын зерттеу еңбектерімді бұрын да, кейін де пайдаға жаратпаған адам қалмады, баз-базында кесек-кесе­гі, бой-бойымен көшіріп алады және ешқандай сілтеме жасамайды. Әрине, біз де қарыздар қалғамыз жоқ, тіпті, «Менің меншікті ұрыларым» дейтін арнайы мақала да жазыппыз, алайда, суық қол ешқашан да аталы сөзге тоқ­тамайды, өз кезінде, авторлық құқық заңы бойынша, ресми тәртіпке шақыру, яғни айыпкер қылу қажет екен. «Біз деген – дария, мұхит, әлдекім бір шелек суымызды ұрлағаннан азаймаймыз», – дедік әзілге сүйеп; ұрлап қана емес, былғап та жатқанын ескермеппіз. Енді дәп осы ретпен «Шыңғыс хан» эпопеясы да талапай, тонауға ұшырамақ. Тәрізі, бұл жолы басқа бір, төтенше шараларға жүгіну қажет шығар. Және сұраусыз кеткен мал иесі ретінде, аспандағы академик М.Жұрыновтан бастасақ несі бар. Әзірше, іште жиналған аз ғана кірнені ақтарып салуға түрткі болғаны үшін, рақмет айтуға тура келеді.
Қайткенде де, құрметті академиктің дәп осы жолғы талабын мақұл көреміз. Бар  лепесін емес, өткеннен кері бұрыл­ған бағыт-бағдарын. Тек әзірше танымы мен білігі жетіңкіремей жатыр. Жүз тарау ғылымның бұрын аяқ баспаған жаңа бір саласы ғой. Кінә жоқ, «Көш жүре түзе­леді» деген. Кешегі «қазақты қыр­ған» жауыз Шыңғыс хан бүгін өз кісіміз, тума көсемге айналса, бұрнағы химиктің келешекте айтулы тарихшы болып шығуы да әбден мүмкін.
Қостау, дәйектеу орайындағы соңғы лепесімізге жалғас, нақты бір түсініктеме бере кету жөн сияқты. Екі реткі мақала да академик Жұрыновтың авторлық, жеке-дара еңбегі емес. Кейінгі оң бағыты – әлдебір көлденең білерменнің соны көзқарасын мақұлдау, көпшілікке насихаттау орайында айтылған, ал әуелгісі – тәрізі, өз ұранымен ұйыстырған он бес академиктің көшбасшысы ретіндегі программалық жазба болатын. Яғни екі ретте де тел-автор, бірақ қосалқы емес, орталық, әрі басты, жетекші тұлға. Ғылым Академиясының президенті үшін бәрі де жарасымды деп таптық. Ал бізді тыңдап, төңірегімізге ұйыспаса да, қатарымызға тұрып жатқан ешкім жоқ, сондықтан сопа бас, жалқы атымыздан қол қоямыз, – Шыңғыс ханның рухани мұрагері.

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 15.08.2020 | 19:02

Паааа

ПІКІР ҚОСУ