Ел махаббатына бөленген дарын
20.05.2026
47
0

Әдетте, халқының сый-құрметіне бөленіп жүрген, аты кеңінен танымал өнер иесі туралы өзгеден ерек көзқарас білдіру қиын. Ал сол адам өзіңнің ең жақын бауырың, тетелес өскен ағаң болса оның жауапкершілігі, тіпті арта түспек. Олай болатыны, ол туралы айтар ой-пікірің бұра тартқан өзімшілдіктен туындамауы керек, мүмкіндігінше, ел көзқарасымен үндесіп жатса, соғұрлым қисынды болар еді деп ойлаймын.

Дей тұрсақ та, бір нәрсені сеніммен айта аламын, мен жоғарыда айтқанымдай, тетелес өскендіктен бе екен, әлде Есағаңның өнеріне деген кіршіксіз сүйіспеншіліктен бе, өз басым ес білгелі оның шынайы жанкүйері болып келе жатырмын. Оның екі түрлі себебі бар: біріншіден, бізді алақанға салып, әлпештеп өсірген, осы күнімізге жеткізген ардақты әкеміз бен аяулы анамыз, екеуі де өнер десе ішкен асын жерге қоя­тын адамдар еді. Мамыражай кештерде, жұмыстан шаршап келгендеріне қарамастан, ауыл адамдары біздің қонақжай шаңырағымызға жиі жиналатын. Ондай кештерде, екінің бірі әнші болып кетеді ғой, әйтеуір, шаңырағымызды үнемі сазды әуен кернеп, айналаны ғажайып әсерге бөлеп, шуағына малындырып тұратын. Біз осы сұлу сазбенен тербеліп өстік. Бала болсақ та, есімізде жақсы сақталғаны, әкеміз шынайы өнерді қатты сүйді, бағалай білді, өнер адамын демеп, қолдап отыратын жан еді. Бәлкім, жан жары, яғни біздің анамыздың әншілігіне деген шынайы іңкәрлігінен бе екен деп ойлаймын. Сол кезде үйге жиналғандар қосыла шырқап ән салатын, арасында анамызға қолқа салушы еді. Ал анамыз, асыра мақтағаным емес, шынымен де, елді ауызына қаратқан, мақпал қоңыр үнді, әжептәуір әнші болатын. Міне, өз басым шаңырағымыздағы осы бір ұлағатты өнеге Есжанның балалық қиялына қанат бітірді деп санаймын. Әрбір жарқын өнерпаздың ел ішінен жарып шығып, бой көрсетуіне қатты әсер ететін осындай себептер болатыны сөзсіз. Әрине, ең алдымен, Жаратқан сыйлаған дарын, қасиет өз алдына. Бірақ кез келген дарынды қоламта астындағы шоқты үрлеп маздатқандай, оятып, серпіліс беретін, қуаттандырып, талпындыратын күшті менің Есжан ағам өзі ұшқан ұядан алып шығыпты, соған мен әбден көзім жеткен осы күндері қуанып, мақтаныш тұтамын.
Иә, ақиқаты сол, Есжан ағамдай үлкен талант иесі осындай қас өнерді құрметтей білген ұлағатты шаңырақтан өсіп шығуы заңдылық деп есептеймін, соған жанашыр, тел өскен бауыры ретінде айрықша қуанамын. Міне, Есағаң өнер әлеміне қанат қағып, халқының сүйікті өнерпазы, әндерін сүйіп тыңдайтын сазгері ретінде жарқырап танылғаннан бері де отыз жылдан астам уақыт өтіпті
Бұл туралы қазақ өнерінің мэтрі, әйгілі композитор әрі өнертанушы-қаламгер Илья Жақанов «Аққудың кәусар әуезі» деген кітабында тамаша жазғаны белгілі. Әке-шешемізді көрмеген, шаңырағымызда болмаған адамның көзбен көріп, куә болғандай, сол өткен шақтарға жан бітіріп, керемет нанымды әрі әсерлі жазғанына тәнті болып едік.
Ал жалпы, таза өнер адамының өзі тектес нағыз өнерпазбен ұғысуы, жан жүректерінің сезімталдықпен қабысуы қандай ғанибет десеңізші!
Илья Жақановтай ірі тұлғаның Есжанды мойындауы, мойындап қана қоймай, соншалықты биік деңгейлі қайраткердің ағынан жарылып, бір романға татитындай лирикалық эссе жазуы өнер әлемін дүр сілкіндіргені шындық, мұндай құрметке екінің бірі іліге бермейтінін де ішіміз жақсы сезеді. Әрине, өнердің өз ортасының пайымы бөлек, талап-талғамы да өзгешерек болатыны сөзсіз.
Бірақ композитор Есағаң туралы, оның азаматтық тұғыры, шыққан биігі туралы ұялас өскен өз бауыры ретінде көкейге түйгендерім, әсерім, пайы­мым бөлек деп есептеймін. Қалайда, мен бауыры болғандықтан, өзгелерден жақынырақ жүрдім, тыныс-тірлігін, жан дүниесінің нәзіктігін жақсы сезіндім, өнерге бала жастан бейімделіп, қалыптаса бастағанына, іштей толысып, рухани биіктегеніне жұбымыз жазылмай жүрген бала кезден-ақ тәнті болып өстім. Әрине, ол кездегі түсінуім өзгеше, балаң ой, аңғырттық басым. Бірақ ішкі бір түйсікпен, өзгелерден ерекшеленіп тұратын, оқшау қасиетін ерте таныған болуым керек, кей-кейде өмірдегі біз үшін қалыпты жағдайды Есжанның өзгеше қабылдайтынын аңғарып, таңданып қалатын сәттерім аз болмайтын. Ол тым әсершіл еді, жүрегі нәзік еді. Сол бітім-болмысымен ортасынан жиі оқшауланып та қалатын. Соны ерте байқаған ата-анамыз да, өзге балаларына: «Есжанды қозғамаңдар, мазасын алмаңдар, шаруаларды өздерің атқарыңдар!» – деп үйретті. Ол кісілер Есжанның музыка аспаптарын меңгерген салалы саусақтарының қатып кетпеуін, табиғи қалпын бұзбауын қадағалайтын. Қазір таңғаламын, былай қарағанда, өздері өнердің соңына түспеген ата-анамыздың өнер талабын ұғуы қандай десеңізші. Тіпті олардың талапшылдығы музыка мектебінің ұстаздарынан кем түспегендей екен-ау деп толқимын қазір.
Мен ол кісілерді тамағы тоқ, киімі көк боларлықтай балаға деген ата-аналық қамқорлығы өз алдына, Есағаңның ең алғашқы ұстаздары, өнерге баулушылары деп есептеймін. Міне, осы тұрғыдан, бүгінде еліміздің танымал, белді композиторларының біріне айналған өнер иесінің қалыптасу жолдарының, алғашқы өнер баспалдақтарының тікелей куәсі ретінде өзіндік көзқарасымды білдіруге толық қақым бар деп санаймын. Осы айтқандарымның үстіне, Есағаңның еліміздің үздік өнер қайраткері ретіндегі қалыптасу, өрістеу жолдарынан да көз жазбай, жанкүйерлік етіп келе жатырмын, оның әрбір шығармашылық кешін, әрбір өнердегі жетістігі, туған халқы тарапынан сый-құрметке бөленген атау­лы күндері, мерейлі той-салтанаттары, марапаттаулары менің назарымнан қағыс қалған емес. Оның өмірінің елеулі сәттерінде жүрекжарды қуанышты шақтарымен бөлісуді өзімнің абзал борышым деп ұғамын, ондайға келгенде, өзге шаруаның бәрін жиып қойып, қай қиырға аттанып кетуге де, қандай құрбандыққа баруға да ел перзентіне айналған ағам үшін әрқашан әзір болғаным анық.
Есағаң халқының танымал композиторы ретінде абыройы асқақтап, көтеріле түскеніне куә болып келеміз. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, басқа да мәртебелі атақ-марапаттауларға ие болуда, бұл үшін ең жанашыр жақындары ретінде біз де қуанамыз, мерейіміз тасиды. Әрине, орнымен, ретіне қарай, дарын иесінің басшылық тарапынан ескерусіз қалмағаны жақсы. Дегенмен, өнер адамы үшін, халықтың ықылас-қошеметіне ештеңе жетпейтіндей. Сондықтан өз басым, Есжанның шығармашылық кештерін, мейлі, қай өңірде, қай қалада өткізілсе де құр жібермеуге тырысамын. Өйткені өнерпазға деген халқының ілтипаты мен махаббатына осы шығармашылық концерттерінде айқын көз жеткізуге болады. Олай болатын себебі, концерттік кеш үстінде, оның әндерін жанды қалпында тыңдап, ләззат аласыз және ең маңыздысы, өнерпаз бен көрермен қауым арасында тікелей байланыс орнайды. Сіз өнер иесінің сырлы әндерінен әсерленген көпшіліктің толқынысы мен тебіренісін өз көзіңізбен көресіз, қатар отырып, жан дүниеңізбен сезініп, жүрегінің лүпіл қаққанына дейін түйсіне аласыз. Сонда өзіңіз рақаттана тыңдап отырған әннің қуат-күші, әсері еселене түсіп, ғажайып күйге бөленесіз!
Мен Есжанның осындай шығармашылық кештеріне куә болып әрі жанкүйерлік ете жүріп, қазіргі замандағыдай үлкен, еңселі залдарда өнерін паш етуге мүмкіншілігі болмаған қазақтың атақты сал-серілерін еске аламын; әрине олар, бәлкім, қазіргі өнерпаздардай соншама жұртты жия алмаған шығар, мүмкіндіктері бір қырынан қарағанда, шектеулі де болған шығар; бірақ олардың бір артықшылығы да болған сияқты; сол сал-серілер айлап, тіпті жылдап, бала-шағасынан жырақтап, өз елінен шығандап жүргенде, олар халықпен үнемі тікелей байланыста, етене жақын болған, қоян-қолтық араласқан, таңды-таңға ұрып, өнерсүйер қауымды ән-жырға бөлеген, олардың қазіргі тілмен айтсақ, олардың мұндай гастрольдік сапарлары апталап, айларға ұласуы халықтың өз қалауымен жалғаса берген. Әрине, сал-серілер топ құрап жүреді, сондықтан олардың салмағын, еркелігін ауыл болып көтереді, бүгін-ертең осында, келер күндерде көрші ауылдарға сырғып отырады дегендей. Сонда ауыртпалығы да сезілмей қалатын болуы керек. Әрине, оның ең басты дәнекері – қазақ халқының өнерге деген шексіз құрметі, ықыласы мен сүйіспеншілігі. Оған қоса, дарқан пейілі, жомарт көңілі.
Міне, Есжанның шығармашылық кештерін тамашалап жүргенде, мен үнемі туған халқымыздың өнерге деген ғажайып іңкәрлығына тәнті боламын, жаратылысымыздан өнерге ғашық жұрт екенбіз-ау деп таң-тамаша қалумен келемін. Әрине, заман өзгереді, қоғам бір қалыпта тұрмайды, дәуір дөңгелегі алға жылжи береді, бірақ халықтың жаратылысын, бітім-болмысын өзгерту мүмкін емес екен. Соған Есжанның шығармашылық кештерінде үнемі көзім жете түседі; ал халықтың ықыласы, өз әндерін жан дүниесімен сүйіп қабылдауы, үлкен әсермен түйсінуі өнерпаз үшін құрметтің ең үлкені деп білемін. Сондықтан да қас өнердің құдіретін көкке көтере білген Есжан ағамның өнердің өзіне айналған дерлік шығармашылық деңгейге көтерілгенін аңдап, бағалаймын және мақтаныш тұтамын.
Әділін айтуымыз керек, Есжан өнер адамы, композитор ретінде Қарағанды топырағында өрістеп, биік шығармашылық деңгейге көтерілді. Қас өнерді бағалай білетін, сүйетін Қарағандының әсершіл, сезімтал ортасы Есжанның өнеріне зор қолдау білдірді, демеп отырды. Өзім оқыған, қызмет атқарған қала болғандықтан мен мұны айрықша сезінген болуым керек. Бұл қаладағы шығармашылық кештері, мұндағы өнер иелерімен, Есағаң шығармашылық байланыстағы талантты ақындармен кездесулер мен сырласулар нәтижелі де болып жатты; өнерпаз ағама деген құрмет-ықыласымды аңдаған ақындардың шабытына түрткі болдық, дүниеге бауырлар туралы әдемі әндер келді.
Дегенмен, бұл әндерге тоқталмас бұрын Арқаның арқалы һәм асау арынды ақыны Серік Ақсұңқарұлының Есжан екеуіміздің жұбымызды жазбай, сыйласып жүрген, екі қалада, екі түрлі қызмет бабымен жүрсек те, қиыса алмай жүрген бір шағымызға куә болып, лапылдаған көңілмен қалам ұшына іліккен, әсерлі толғанысына орын бергім келді. Былай қарағанда толғаныс дейтіндей, анау айт­қандай көлемді дүние емес, бірақ отты ойлардың жалын қуаты адамды шарпып, толқытып жіберетіні болады ғой. Серік ақынның бетқаратпас ақындық шабытын сол жолы тағы бір мойындап қалғандай едім, мәселе оның ішінде өз атым аталуында емес. «Аққудың кәусар әуезі» жинағына енген азғантай бір толғаныс «Есжан мен Досжан» деп аталады. Бірақ осы бір қысқа ғана ой-түйіннің әсері толқытып, жүректі ерітіп жіберіп еді, тіпті жұп-жұмыр айтылған шөкімдей ойдан оймақтай ой бөліп алу қиынға соқты, тіпті обал болып көрінді:
«Есжан мен Досжан бірге туған ағайын­ды жігіттер екен. Тараздың тарихын көкірегіне сіңіріп, Айша-бибінің сәнін, Шәмшінің әнін алып, екеуі Сарыарқада жүр.
Есжан мен Досжан туған ағайынды,
Жарқыратып жіберді-ау маңайымды!
Көмейінен төгеді қалай үнді,
Есжан мен Досжан туған ағайынды!

Екеуі бір-бірімен егіз бе екен,
Кеудесі мұхит па екен, теңіз бе екен.
Шешесі қандай уыз емізді екен,
Әкесі қандай қалжа жегізді екен.

Мұндай сәт ұзақ емес, аз-ақ екен,
Ғаламның кереметі қазақ екен!
Сабындай қамшының қысқа өмірде,
Есжан мен Досжан болған
ғажап екен!»
Міне, бар болғаны осы ғана! Ал осындай жұп-жұмыр ойды бөліп-жарған қиянат болмас па?
Кейде үлкен дүние жазбаққа оқталғанның басына ілуде бір келер ақынның ғажайып ой ұшқыны жаныңды бір серпілдіріп, қиялыңды көкке ұшырмай ма?!
Нақ осындай ілкі ойлар өзгелерді де селт еткізбей ме, қиялына қанат бітіріп, шабыт арғымағына қондырмас па?!
Міне, мен де ілгерілі-кейінді дүниеге келіп жатқан «Бауырым-әнім» әндерінің шығуын ақын мен сазгер сезімдерін селт еткізген тасқындаған шабытты, шығармашылық толғаныстарының жемісі дер едім. Екеуі де айтары жоқ, сәтті шықты, жүректен шыққан жүрекке жетеді дегендейін, екі өнер иесінің тандемі өзгелердің де жүрегін тулатпай қоймайды, толғантады, тебірентеді. Бұл, әсілі, менің жеке басымның қабылдау түйсігі ғана емес, жоғарыда айтқанымдай, Есағамның шығармашылық кештерінде орындалғанда қалың көпшілік көрерменге соншалық әсер еткенін аңғарып, одан сайын әсерленген жайым бар. Осы жерде айтпағым ең бастысы, сөз бен әуен үйлесім тапқанда ғажап болады екен!
Міне, байырғы сал-серілеріміздің, өз заманымыздағы Шәмші, Нұрғиса, Илья, Ескендір ағаларымыз әндерінің күш-қуа­ты да осы шығармашылық бірлікте, сол өнер иелерінің ән сөздеріне айрықша назар аударуында екен. Міне, осындай талапшылдықты Есжанның өз ісіне деген жауапкершілігінен аңғарамын, оның шығармашылық өрлеу сырын барлағандай боламын.
Есжан композитор ретінде толысып, пісіп-жетілгеннен кейін тақырып аясы кеңи берді, көп ізденді, өз өнеріне халықтың самарқау қарамайтынын, қолдауы мен қолпаштауын көрген сайын шабыттанып, шығармашылық арнасы кеңи түсті.
Маған, әрине, оның, екеуміз жалаңаяқ құм кешкен туған жеріміз туралы әндері, сондай-ақ бұл күндері сағынышқа айналған асыл анамыз, ардақты әке, бауыр, қарындас туралы әндері айрықша ұнайды. Өзімшілдігім емес, бұл ән туындыларының кейіпкерлері маған етене таныс, жақындарым болғандықтан, бейнелері көз алдымда тұрғандықтан болуы керек. Мен бұл шығармалардың ең алғаш орындалған кештерінде де болдым, оның әсері тіпті ғажап болатынын сезіндім. Осы тұрғыдан алғанда, сөзін Қасқырбай Нарбатыров ағамыз жазған «Ауылға арнау» әні бәріміздің, аға-іні, бауырдың, апа-қарындастың туған жерге деген мұң-сағынышын тамыршыдай дөп басқан сәтті шыққан туынды деп ұғамын. «Арман ағыс мені алысқа кетті алып, Өмір сырын қалғандаймын көп танып. Бар байлығым – туған ауылым екен ғой, Сағыныштан жаным азап шекті анық…» – деген бастапқы ән жолдарынан-ақ сырлы әуез жаныңды баурап алып, жүрегіңді толқыта жөнеледі. Ақын мен сазгердің жан дүниелері табысып, үйлесуі дегеніміз осы шығар. Есжанның студенттік досы­мыз, ақын Рамазан Сәттібаев жазған «Анаға сағыныш» әні де аяулы анамыздың адамгершілік бейнесін көркем кестелеп, перзенттерінің оған деген махаббат пернелерін дөп басқан ән деп санаймын. Иә, жоғарыда аталған, екі түрлі нұсқада шыққан «Бауырым-әнім» туындысы да оның сәтті дүниелерінің қатарына енгенін біз ғана емес, өнерсүйер қауым, шығармашылық орта жақсы қабылдап, жоғары баға бергеніне куә болдық. Жақсы әннің бағын ашатын мән-мағыналы сөздері мен үйлесімді ұйқас екенін осындайда аңдап қаламын. Жалпы, композитордың мықтылығы ән сөзіне талғампаздықпен қарауында сияқты.
«Балапаны ек бір ұяның,
Құсы болдық әр қияның,
Ұяласым сен, миятымсың,
Бірге туған егіздейін,
Толқып жаным теңіздейін,
Жан бауырым, сағынамын,
Сені іздеймін», –
деген әннің шумақтары неге толқытпасын, қалайша тебірентпесін?!
Бұл, меніңше, бауырын жанындай жақсы көретін әрбір жүректің соғысын тамыршыдай тап басқан ән. Ерғожадай ақын азаматтың Есжан екеуміздің жан дүниемізді айнаға салғандай көріп, мөлдірете сипаттағаны ғажап!
Мәселе әннің маған арналуында болмаса керек, бұл ән – бір ұядан ұшып шығып, әрқайсысы өз өмір жолына түскен жан бауырлардың ортақ көңіл күйі, мәңгілік сағыныш сазындай дүние. Есжанның барша әндері көңіл толқынысынан, тоқсан түрлі толғаныстан өткен сыршыл әндер, сондықтан да олар тыңдарман жүрегіне жол тартты. Кез келген өнер иесінің таң алдында туар Шолпан жұлдызындай айрықша туындысы болады десек, осы ән сол қатардан табылып қалуға тиісті.
Өз басым өнер адамы болмағандықтан, музыкалық талдауым солғын шығуы әбден мүмкін. Дегенмен, өз биігімізден, түйсік-танымымыз бойынша біршама ой тарқатуға тырыстық. Жоғарыда айт­қанымдай, Есағаңның өнер жолындағы әрбір қадамына, шығармашылықтағы биіктері мен жетістіктеріне куә болып келе жатқандықтан, өзіндік көзқарасым қалыптасқанына ешкім күмән келтіре қоймас деймін. Сондықтан Есжан бауырыма шығармашылық табыстар тілей отырып, туған халқын, біз сияқты жанашыр жақындарын жақсы әндерімен қуанта берсін дегім келеді.

Досжан ӘМІР,
ҚР Судьялар одағының төрағасы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір