АЗА ЖЫРЫ
10.06.2016
1535
0

Боз ғаламның…

Боз даламның көзі – қан…

Күнәһарлар сілкіді ойды қозынан.

Қазақ Елі аза тұтып, қайғырды:

Қапияда оқ жалынды боз ұлан.

 

Боздады ана…

Боздады жер, боз аспан,

бар ма, сірә, аза жырдан сөз асқан?

ажал қапты Ібілістің оғынан

қыршын жігіт жаңа-жаңа көз ашқан…

 

Қатыгездік өңді қойып, түске енді.

Қайғы…

Уайым…

Ел көзінде тістенді.

Жаңа дәуір жаңылдырып пендесін,

Қалай?

Қашан?

Жаналғыштар «іштенді»?!

 

Бір шөкім бұлт жел қуалап, қара, әні,

Ақтөбенің аспанымен тарады.

Қазақ қашан бір-біріне оқ атқан?

Ойдан қалың жұлын, жүйке жаралы.

 

Жанарларды торлап тұман, мұз қайғы,

Сана тоңып, жүрек қатты сыздайды…

Азат елдің кезіп көгін ауыр үн,

Суық сарын шарлады кеп түзді, айды.

 

Неден?

Неге?

Сайтанға еріп, суыстың?

Ей, жеткіншек!

Азаптандым… У іштім…

Ұлтым менен ұрпағыма алаңдап,

Сөзін айттым қасіретті туыстың.

 

Жүрек шерлі… Дел-сал күйде тұр денем…

Қалай?

Қайтіп кірді жылан іргеден?

Аналарға басу айтып қаралы,

Боздақтарға жоқтау айттым жырменен.

 

Білем дәуір өз түйінін шешеді…

(Құрып кетсін жер үстінің өсегі!)

Кең даламның бүтіндігін толғаған

бабаларға не дейін мен кешегі?!

 

Сөзі мінсіз… Жаралғандай құрыштан,

Еділ, Жайық, Ертіс үшін ұрысқан.

Алатау мен Қаратауын қалқан қып,

Сары белде – Сарыарқада тұрысқан…

 

Бабаларға – даналарға не дейін?

Сөз таба алмай, сусып отыр өгей үн?

Тамырымды сақтау үшін Тәуелсіз,

Аза тұтып, жалынымды төгейін!

 

Ойша тізіп дәуірлерді құс ілген,

көмек сұрап Көктегі Ұлы Күшімнен;

Аза жырын ақ қағазға түсірдім,

ұрпақ үшін қателеспеу үшін мен.

 

Боз Даламның…

Боз Ғаламның көзі – қан.

Сұрқиялар сілкіді ойды қозынан.

Алашымның көзін сүртіп өлеңмен,

Ұлы Жұртқа көңіл айттым…

Қош!

Бақұл бол!

Боз ұлан!

Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Сенатор, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір