«АҚЫН ЖАСЫ ЖЫЛЫМЕН ӨЛШЕНБЕЙДІ…»
Қазақ ақын-жазушыларының қай-қайсысының да жарымен сөйлесіп көріңіз – отағасына деген адалдықты, ерекше сүйіспеншілікті, үлкен сағынышты байқар едіңіз. Жастық дәуренін бірге бастаған олардың өткеніне деген құрметі шексіз. Бір-біріне деген сыйластықтың, сенімнің үлгісін кейінгілерге көрсету – міндеті секілді, қай жерде жүрсе де жарының жоғын жоқтап, өлең-жырын, жазған-сызғанын насихаттап жүргені. Есләм Зікібаевтың түтінін түтетіп отырған Рауза Зікібаеваның әңгімесінде де өткенге, жарға деген ерекше құрметті байқадық…
– Әдебиеттің келіндері атанған сіздердің бірталайыңызбен сұхбаттас болғанда бір байқағаным – жарларыңызға деген ерекше құрмет, ерекше сағыныш, ерекше сүйіспеншілік бірден байқалады. Сіздердің отбасылық өмірлеріңіздің артықшылығы неде еді? Жарды, отағасын ерекше құрметтеуді кімнен үйрендіңіздер?
– Анамыздан. Үш қыз, бір ұлды тәрбиелеген менің әке-шешемнің отбасылық дәстүрі бар еді. Біз әкемізді қатты қадірледік. Әкеміз жұмыстан келгенде бәріміз тік тұрып қарсы алатынбыз. Жұмысқа киіп барар костюмін үтіктеп, аяқ-киімін тазалап қоятынбыз. Сол өнегені кейін ағаңа көрсетуге тырыстым.
Енем де ерекше кісі болды. Өте балажан еді. Бала-шағаның жолына бәрін де құрбан ете алатын.
…Баяғыда, студент шағында ағаң ауылға бір жолдасын ерте бармай ма? Енеміздің жалғыз ешкісі бар екен, соны сойып, жолдасын қарсы алған. «Жалғыз ешкіні неге сойдыңыз», – десе, енеміз: «Сенен артық емес, жолдасыңның алдында беделің түспесін дедім», – деген екен.
Баланы сүйе білуді, сыйлай білуді енемнен үйрендім. Өзіне көйлек апарып берсең, кимей, өзге біреуге сыйлап жіберетін. Қышқыл кәмпитті ерекше жақсы көретін. Ауылға барған кезде 4-5 келісін апарамыз. Бәрін көрші-қолаңға үлестіріп жіберетін. «Бәлен деген апаң ауырып жатыр еді, аузының дәмін алсын, мына кәмпитті апарып берейін, батасын беріп еді», – деп отыратын.
Ағаңды құрметтеуді мен ол кісінің туған ауылынан да үйрендім. Есіл өзенінің жағасындағы «Өрнек» деген кішкене ғана ауыл бар. Айналасын аққайыңды орман қоршаған. Сол алақандай ауылда бір-бірін танымайтын жан жоқ еді. Жаз шыға елге барсақ, әрқайсысы үйлеріне қонаққа шақырып жататын. Кішкене ауыл ғой, әр үйін білемін. Алдыңғы жылы барғанда көшеде шапқылап ойнап балалар жүр. «Кімнің баласысың, әкеңнің атын айтпа, атаңның атын айт», – дедім. Қазақылығын жоғалтпаған ауылдың әр тұрғынын білетін едім, кейінгі жас балалардың түрін шырамытам, себебі бәрі аталарына, әжелеріне тартқан.
Өрнек орта мектебіне 2004 жылы Есләм Зікібаевтың аты берілді. Кезінде төрт жылдық қана мектеп болған екен. Қазір тоғыз жылдық білім береді. Мектепте ағаңның атында музей бар.
Ағаңды құрметтеуді мен ағаңның өзінен де үйрендім. Біздің өміріміз жақсы өтті. Той-думанда бірге жүрдік. Ешуақта қонаққа жалғыз бармайтын. Мен ағаңа сендім. Өзімді, өмірімді соған сеніп тапсырдым. Ағаң да сенімге қылау түсірген жоқ.
– Ілгеріде сөйлескенімізде, тұйық, ұяң қыз болғаныңызды айтып едіңіз. О баста Есләм Зікібаевтың өлеңдеріне ғашық болдыңыз ба?.. Сіздерді табыстырған қандай жағдай?
– Біз студент кезде таныстық. Екеуміз де Алматыда оқығанымызбен, бізді таныстырған Қордайдың би алаңы еді. Ол кезде кешкі сегізден бастап, бір-екі сағатқа, анда-санда биге баратынбыз. Ата-анамнан сұранып, қасыма өзімнен бірер жас кіші сіңлімді ертіп алып, би алаңына барғанмын. Алаңда бейтаныс екі жігіт жүр екен. Түрі сұсты болып көрінген бойшаңы биге шақырды. Билеп жүріп атымды, қайда оқитынымды сұрады. Атымның Роза екенін, ЖенПИ-де екінші курсқа көшкенімді айттым. Қазақ пен қырғыз арасындағы диалектілерді жинау үшін Ғылым академиясының Тіл білімі институты іссапарға жібергенін, ауыл аралап, диалекті сөздерді жинап жүргендерін айтты. Бірақ жігіттің аты есімде қалмапты. Күзге салым Алматыға келіп, жатақханама орналасып жатсам, қыздардың бәрі: «Сені ұзын бойлы бір жігіт іздеп жүр», – деп қоймайды. Сөйтсем, ағаң Алматыға келе сала мені іздеп, жатақханаға екі-үш рет келіп кеткен екен. Жақын таныса жүріп, сырлас дос болдық, қыз бен жігіт болып екі-үш жыл жүрдік. Маған ақын едім, өлең жазатыным бар еді дегенді айтқан емес. Газет-журналдарға мақалалары, хабар-ошары жарияланып тұратынын білетінмін.
Ол заман сондай, халықтың жағдайы нашарлау кезі ғой. Ағаң – соғыс кезінде қиындықты көп көрген балалардың бірі. Мектепке киіп баратын аяқ киімі болмай, екі жыл кешігіп барған екен, сөйтіп мектепті жиырмасында бітіріп, жоғарғы оқу орнына он жетісінде емес, жиырмасында келген екен. Мұндай жайт ол уақыттың балалары үшін кемістік емес еді. Ешкімнің қабырғасы бүтін емес кез, шерлі көкірек кілең жас заманымыз тар екен демеген. Аз-мұз шәкіртақыға күнелтетін студенттердің бір киер киімі болғанының өзі – жарты байлық. Баршаның арманы болған Алматыда оқу оқып жүрген жастар жағдайдың нашарлығына қарай ма, қыдырғылары, би алаңдарына барғылары келеді ғой. Ағаң стипендия алған күні бөлмелес балаларымен бірге ақша жинап, ішіп-жем сатып алады екен де, артылған аз ғана ақшаны Октябрь атты курстасының қолына ұстатып, осы ақшамен биге барып, би үйреніп кел де, бізге үйрет дейтін көрінеді. Ол биге барып, жатақхананың көлеңкелеу бұрышына тұра қалып, өзіне телміре қараған жігіттерге би үйретеді екен. Жағдайымыз нашар еді, қалтамыз жұқа еді демей, ол уақыттың жастары амалын тауып, жастық дәуренін де өткізіп, оқуын да оқып, отбасын да құрап, армандарына адалдықтарын таныта жүріп, кітап, газет, журналдан бас алмайтын.
Бірді айтып, бірге кетті деме, ағаңмен мені табыстырған сол заман ғой, ол уақыт туралы да айтып өтпеске болмас.
Ағаң ақкөңіл адам еді. Тез ашуланғанымен, қайтымы да тез болатын. Ол кісінің мінезі нағыз ақынның мінезі еді. Әділетсіздік көрсе, қатты жабырқайтын.Ал мен ұяң болдым. Кез келген жанмен бірден сөйлесіп кете бермейтінмін. Ағаңның мінезі менің мінезіме қарама-қайшы еді. Біздің бір-біріміздің жоғымызды толықтырып тұруға сол мінездердің ұқсамауы әсер еткен шығар. 1957 жылы кездескен біз, 1960 жылы шаңырақ құрдық.
Күйеуге шығатынымды айтқанда, ата-анам жер түбіне кетіп барасың деп қатты толқыды. Әкем араға ағайындарымызды салып, алысқа бармай-ақ қойса қайтеді дегендей пікірін білдіріпті. Әншейінде ұяң, біртоға маған мінез пайда болып: «Бәрібір сол жігітке тұрмысқа шығамын», – деп ашық айттым. Менің сол сөзімнен кейін ағайын-туыс аса қарсылық танытпады. Ағаң жиен аға-жеңгесі екеуі құдалыққа Қордайға келіп, әкем жолашарын жасап, шығарып салды. Әкем өмір бойы қызметте болған кісі, қандай ортада болсын, жарқылдап отыратын жан еді. Көпшілік бірден, күйеу баласы қайын атасына ұқсайды екен десіп жатты.
– Кейінірек ағаның ақын екенін білдіңіз. Ақынның жары ретінде ол кісінің қас-қабағын бағып, бабын табу қиын болмады ма?
– Ағаң жақсы ән тыңдап отырып та жақсы өлең жаза беретін. Шынын айту керек, өлеңдерін көбіне асүйде отырып жазатын. Және онысына қабақ та шытқан емес. Балаларын бір бөлмеге тығып тастап, екінші бөлмені кабинет қылып алуына да болатын еді. Өзінің тыныштығынан балаларының жағдайын көбірек ойлайтын.
Ол кісі және өзінен кейінгі бауырларына да аса қамқор болды. Алматыға оқуға келген жиен інісі мен туған екі інісі біздің қолда тұрып оқу бітірді. Ағаң мектеп бітірген жылы әкесі қайтыс болады. Алматы барам, оқу оқимын деген талабы таудай баласын енеміз бетінен қақпай, оқуға жіберген екен. Анасы қоңырлатып ән салатын. Әкесі өлең жазған кісі екен. Шиеттей бала-шағамен елде қалса да, бірдеме етіп күнелтеміз деген анасы ағаңа ақ батасын беріп, Алматыға шығарып салыпты.
Ағаң жастайынан анасы мен бауырларына көп қарайласты. Поэзияға да кеш келіп жүргені сол ғой. Інілерім аяқтарынан тұрып кетсін деп, оқу оқып жүріп-ақ жұмыс істеді. Алған қаламақысын солардың қажетіне жаратты, отбасына қарасты…
Енем жарықтық керемет адам еді. Алматының ауа-райына үйрене алмағандықтан, қолымызға қыста ғана келетін. Екінші баласы үйленген соң, елге біржолата кетті. Тоқсанға келіп көз жұмды. Балаларына: «Есләм мен Раузаның арқасында Алматыны көрдіңдер. Әйтпесе сендерге қайдағы Алматы. Ауылда трактор айдап жүретін едіңдер», – деп отыратын.
Отағасының алғашқы кітабы «Ақ қайыңдар» деген атпен 1975 жылы жарық көрді.
Өлеңге кеш келгенмен, айналасы он-он бес жылдың ішінде сегіз өлең кітабын шығарды. Ақындардың ағасы, абыз жыршы Әбділда Тәжібаев: «Есләм тақырып жағынан кілең жаңалық айтады деу қиын. Бірақ бізге мәлім тақырыптардың өзі де Есләмша жырлап, жадырап отырады. Өйткені, талантты ақынның өлеңді поэзиялық дәрежеге көтеретін өнері көп, аспаптары мол», – дегені бар. Ағаңның ақындығына бағаны мен бермей-ақ қояйын. Ағаларынан асырып айтпаспын. Қадыр Мырза-Әлі: «Есләм күй таңдайтын, бап таңдайтын ақын. Оның сирек жазатыны да осыдан шығар. Дарын иесінің өзін мүлде ерекше сезінетін алымды сәттері шабытты шақтары болса керек», – десе, Мұзафар Әлімбаевтың: «Есләм поэзияға кешігіңкіреп келді. Алайда, кенже қалған жоқ. Ақындық өнер санымен емес, сапасымен өлшенер болар. Ақынның негізгі тақырыбы – азаматтық, Отанға, туған елге деген сүйіспеншілік», – дегені бар…
– Естуімше, Есләм Зікібаев бірталай газет-журналдарда, Жазушылар одағында қызмет еткен екен. Сол уақыттарда кімдермен аралас-құралас болды, кімдерді жақын тартты?
– Ағаң қаламын газет-журналда шыңдады. Қарапайым хабардан бастап, бас мақалаларға дейін жазды, сурет те түсірді. Құдайға шүкір, жұмысы жеміссіз болған жоқ. «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде, «Қазақстан әйелдері» журналында, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан»), Алматы облыстық «Жетісу» газеттерінде еңбек етті. Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеттің бөлім бастығы, «Жалын», «Жазушы» баспаларында бөлім меңгерушісі, «Кітап жаршысы» – «Друг читателя» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі, көркем әдебиетті насихаттау бюросының директоры, «Ақиқат» журналының бөлім меңгерушісі және алқа мүшесі болды. Бұл орындарда қызметте жүргенде жазған бірталай дүниелерін қаттап қойдым. Тұшымды мақалаларының өзі бір кітапқа жүк. Естеліктері, эсселері де жеке жинақ болып шықса, талайлардың жүрек қылын шертері даусыз.
Қасым Тоғызақовпен көрші тұрдық. Сырбай Мәуленов, Қайнекей Жармағанбетов, Ғафу Қайырбеков бар – барлығы Қасым ағайдың үйіне келсе болды, бізді де шақырып алатын. Хамит Ерғалиевпен де жақсы араласты. Өз қатары емес, көбіне, өзінен жасы үлкен ағаларымен жүретін. Ағаң Сағи Жиенбаевты, Баққожа Мұқаиды өте жақсы көретін. Шериаздан Елеукенов ағайдан көп жақсылық көрді.
Жалпы, журналистикада Әбдуәли Қарағұловты ұстаз тұтты. Ол туралы өз естелігінде Сарбас Ақтаев жақсы жазған екен. «Баяғыда Алматының облыстық газетінде ол әдебиет бөлімін басқарып, мен редактордың орынбасары ретінде жетекшілік жасап жүрген кезде мінезі қызбалау, басынан сөз асырмайтын Есләмнің шап етіп шадырайып шыға келетіні болатын. Сонда редакторымыз Әбекең, кәдімгі Әбдуәли Қарағұлов осылар түс шайысып, бірін-бірі көрмей кете ме деп қауіптене ме: «Айтпады деме, күні ертең екеуің де қазақ әдебиеті мен мәдениетінің ортаңқолдай өкілі боласыңдар. Сондықтан сөзге келмей, бір-біріңді жебеп-желеп, демеп жүрсеңдерші!», – дейтін. Көпті көрген көзіқарақты кемеңгер қарияның өзіме қарата айтқаны келген-келмегенін білмеймін, ал Есләмнің казақ әдебиетінің белді өкілі болғанында дау жоқ. Кейде кейбіреулердің еліміздің солтүстік өңірі орыстанып барады, қазақ мектептері құрып бітуге таяу, сол себепті одан енді жазушы шығуы неғайбыл деген пікірі қылаң беріп қалады. Бірақ қасиетті орын құр тұрмақ емес. Киелі топырақ талант туғызбай тұра алмайды. Кешегі Мағжан мен Сәбиттің, Ғалым мен Ғабиттің ізбасары сынды кейінгі Сафуан мен Кәкімбекке серік солтүстіктің дарынды бір перзенті алғыр ақын Есләм Зікібаев деуге толық хақымыз бар»…
Отағасы Мәскеуге дейін барып, іссапарда көп жүрді. Үйде отырғаннан сыртта көп жүретін. Неге екені, Мәскеу ол кісіге ұнамайтын. Сағат Әшімбаевпен Балтық елдеріне іссапармен барып, қатты ұнатып келгені есімде. Жалпы, кейінгі уақытта шетелдерге көп шықтық. Ағаң шетелдердің өмір салтын ұдайы біздегі өмір салтымен салыстырып, балаларға «жақсысын үйретіп, жаманынан жирендіріп» отыратын.
Отағасы қайтыс болған соң, арада біраз уақыт өткен кезде сағынып, күнделігін парақтап шықтым. Аты аталмай жүрген жазушылар жайлы көбірек жазған екен. Тоқаш Бердияров, Ізтай Мәмбетов, Әділбек Абайділданов сияқты ақындарды атап кетіпті. «Менің де шығармашылығым қалай болар екен» деп ойлаған болу керек. Сырбай, Ғафу ағалармен талай тойларда бірге жүрген, ол кісілер жайлы да естеліктері бар екен. Осыларды жинақтап 2003 жылы ой-толғамдары мен эсселерінен құралған «Жыр-тағдырым» жинағын шығардық. Сондай-ақ, «Қас қағым сәт», «Армандай ғұмыр», «Өмір бәйге» жинақтарымен қоса үш томдық таңдамалысы жарық көрді. Ағаң ақындықпен, журналистикамен ғана шектеліп қалмай, аудармамен де тыңғылықты айналысқан. Серб жазушысы Змайдың бірталай шығармаларын, башқұрт ақыны Ш.Бикколдың «Жүрегімнің жарығы», қырғыз ақыны Ж.Садықовтың «Тау жолы» жыр кітаптарын, түркімен жазушысы К.Құрбаннепесов шығармаларын тәржімалағанын осы күні біреу білсе, біреу білмейді. Ал сол кітаптарды аударудағы бастан кешкен қиыншылықтары мен шығармашылық азабына мен куәмін.
Блокноттарындағы өлеңдерін
компьютерге теріп қойдым. Жазбаларын мұрағатқа әлі өткізбедік. Алдымен бәрін компьютерге түсіріп алайын деп жүрмін. Бір жол болса да, өлеңдері жоғалмасын, жерде қалмасын деймін.
Бұл күнде бала-шаға, немерелері ағаңның артын жоқтатпай отыр. Әрине, атасын көре алмай қалған, атаны сағынатын немерелері бар. Солардың көздеріндегі мұңды, сағынышты көргенде жүрегім ауырады. Алайда, Алланың осы бергеніне де шүкір деймін.
Маусымның алтысында, ағаң тірі болса, сексенге толар еді. Еліне рахмет. Ұмытпапты. Мерейтойын жасап берді. Ендігі қолдан келері – ағаңның кітабын шығарсам деймін. Оның баспа бетін көрмеген өлең-жырлары мен мақалаларын кітапқа жинақтап бастыру – менің мойнымдағы аманат қой. Сол аманатты орындасам деймін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Қарагөз СІМӘДІЛ.
• Хабарландыру
ЖҮРЕГІНЕ ЖЫР ҰЯЛАҒАН…
Қазақ сөз өнерінің белді өкілі, ақын Есләм Зікібаевтың туғанына 80 жыл толу мерейтойы қаламгердің туған жерінде кең көлемде аталып өтті. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов Есләм Зікібаевтың жары Рауза Зікібаева және өзге де ақын-жазушы, қаламгерлер Әділғазы Қайырбеков, Нұрдәулет Ақыш, Сәметай Жусанбаев, Болат Шарахымбайды қабылдап, ақын мұрасы туған өлкесінде ұмытылмайтынын тілге тиек етті. Сөз кезегінде әкіммен кездескен қаламгерлер Петропавл қаласынан Есләм Зікібаевтың атына көше беру жөніндегі Жазушылар одағының ұсыныс хатын табыстады. Әкімдік тарапынан бұл ұсыныстың жауабы жақын арада берілетін болды. Оған қоса, Солтүстік Қазақстан облыстық Сәбит Мұқанов атындағы облыстық музыкалық драма театрында Есләм Зікібаевтың шығармашылығына арналған ғылыми конференция өтіп, онда ақын шығармашылығы туралы баяндамалар жасалды. Есіл ауданының ансамблі концерт беріп, ақын өлеңдері оқылды. Шара Солтүстік Қазақстан облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада жалғасты. Кеш барысында ақын, журналистің өлеңдері оқылып, шығармашылығы жайлы баяндамалар тыңдалды.
ӨСТІМ МЕН ДЕ САҒЫМЫҢМЕН ЖАРЫСЫП
Есләм ЗІКІБАЕВ
ЖАЙЫМДЫ СҰРАМА, АНА
Қалайсың деп жайымды сұрама, ана,
Мен емеспін кешегі бұл бала.
Ойшыл етіп жіберген бұл күндері
Зеңгір аспан,
Шет-шексіз мына дала.
Қалайсың деп жайымды сұрама, ана,
Артық кетсем, айыптап сынама да…
Еркелеуді кейде өмір көтермейді –
Ара түсер сен жоқсың бұл арада.
Айтары не –
Келмесе, келсе де әлім,
Тағдырын көп ойлаймын мен солардың.
Мен солардың саулығын тілеп жүрем,
Өйткені сол саулықтан енші аламын.
Мақтаушы ең ғой қайыспас қайсарды көп,
Арамзаның бетін бір қайтарды деп
Соның бәрін енді ұқтым,
Үйретті өмір –
Балаң қазір кеткендей байсалды боп.
Айта алмаймын –
Нені ұқтым, нені ұқпадым.
Өмірден көп сырлардың көріп бәрін.
Кейде опық жеген де кездерім бар
Алдамшының сөзіне сеніп қалып.
Темірқазық мен үшін – пәктік деген,
Содан болар –
Ісім көп нақ бітпеген,
Аңғалдықпен алданған кездеріме
Енді есеп беріп жүрмін сақтықпенен.
ӨЛЕҢ ӨЛМЕЙДІ
Ақбөкен – сахараның ботакөзі,
Атты екен қандай адам көзі қиып.
С.Сейфуллин.
Жалындаған жанарында от
Жырға құштар жан едің.
Берерің де, аларың көп
Сырға құштар жан едің.
Күн көзі боп аялаған
Аяулы асыл бар елің.
Жақсылығын аямаған
Жомарт, жайсаң жан едің.
Аққу едің айдындағы,
Көлдің көркем сәні едің.
Елестетер ай-нұрды әлі
Ерекше бір жан едің.
Сұлулықтың тәңіріндей
Бар адамзат табынған
Жанарың от, жаның гүлдей
Жаралып па ең жалыннан.
Алаулаған гүлзар – бақты
Ұқсатам да өзіңе,
Көктемдегі қызғалдақты
Елестетем көзіме.
Тау құзына асылған ән,
Сәкен шығар деп қалам.
Арамдыққа бас ұрмаған,
Көз алдымда текті адам.
Қарамаймын келбетіне,
Кейде көзге жас алам.
Мүсін бе едің жер бетіне,
Қолдан құйып жасаған.
Жүрек тоқтап, көз жұмылып,
Дамылдасын ол мейлі.
Ақын тірі, ізгі үміт,
Өлең, өнер өлмейді.
Асыл аға, жыр еліңде
Бізбен бірге жүресің.
Адал жанның жүрегінде
Сәкен деген ұлы есім.
БАЯНАУЫЛ БАУРАЙЫ
Баян жайлы ән де көп, өлең де көп,
Ғаламат жер беретін өнерге леп.
Деген сөзді естуші ем, сондықтан да
Іздеп келем әдейі көрем бе деп.
Іздеп келем жолдармен бұратылған,
Кейде шыңның басына тік атылған.
Енді бірде жалт беріп ылдиына
Сақтандырар өзіңді сұрапылдан.
Ақбет жатыр төбеде мұнарланып,
Бұлты бүркеп көктемнің, тұманданып.
Тас-табиғат жасаған тұлғасына
Көз алмастан қарайды құмар халық.
Ай сәулесі шомылған жасыл айдын,
Қарайды оған көңілі тасымай кім?
Жағасында сыр тербеп Сұлтан аға
Отырады екен қанша рет Жасыбайдың.
Өз тарихы болса да әр ұяның,
Жоқ бұл жерде жазылған жария мұң.
Бір ғаламат тастарға тіл бітірсе,
Шырқар ма еді Шолақтың «Ғалия» әнін.
Сыр ақтарсақ берісі, әрісінен,
Талай тарлан көрінер табысымен.
Қазақ жерін әлемге әйгілі еткен
Баянауыл бақытты-ау Қанышымен.
Сандық тастар тау болған, өріле кеп,
Ойладым бұл қазақтың төрі ме деп.
Дүниеде жер көп қой, сондадағы
Шіркін, Баянауылдай жөні бөлек.
ТУҒАН ЖЕР
О, туған жер!
Бабам өтті өз қойнында мекендеп,
Жер жұмағы осы арада екен деп.
Өстім мен де сағымыңмен жарысып,
Арманыма жетем деп.
Бір ұлыңмын сол сенімнен танбаған,
Сенің ғажап құдіретіңе таң қалам.
Өмір бойы көкірегімді кернеген,
Секілдісің, арман-ән.
Қиял қуып кеттім алыс, кеш мені,
Сырым саған, жырым саған кестелі.
Өзің жайлы толғанусыз өткен жоқ
Өмірімнің кештері.
О, туған жер!
Сенсің менің тағдырым,
Мәуелі еткен арманымның жаз гүлін.
Бір ескерткіш жасап берем
болса да –
Тындырғаным аз бүгін.
О, туған жер!
Менің байлық-ырысым,
Арманымның шешек атқан гүлісің.
Өмірім де бір өзіңе өзектес,
Тіршілігім,
Қуанышым,
Тынысым!