БОКСТЫҢ ҰЛЫ «АҚЫНЫ»
10.06.2016
1647
0

full_b3568fc4-6007-40d3-b7fc-40ba48996761Өз тегі антропологтардың пікірінше «адам­заттық Отаны саналатын» – «Қара құр­лықтан» бастау алатын, Алланың сы­на­ғын Тағдыр деп қабылдап, ұлы азапты кез­дер­ді өгіз белі майыспай көтерген ұлдар аз емес-тін. Солардың бірі – джеб пен хуктың тең­дессіз шебері, панчер әрі нокаутер Кассиус Марселлус Клей биылғы жылдың 3 мау­сымында, 75 жасқа қараған шағында дү­ниеден озды. Паркинсон дертімен ұзақ жыл­дар бойы күрескен ол бұны да Жа­рату­шы­ның «сыйы» деп ұқты. Мил­лиондаған жан­күйер жиған, аты аңызға айналған боксшыны достары әзілдеп «ақын» дейді екен. Қарсыласын қай раундта сұлататынын алдын-ала шешетіні өз алдына, бұған қоса суы­рыпсалмалыққа салып, адамның жіге­рін құм қылатын, ашу-ызасына тиетін тақ­пақтар шығарып, горилланың тұлыбымен ой­найтын әдеті үйреншікті нәрсе-тін. Бойы – 1.90, салмағы – 90 кг, қолы – ұзын, әрі ауыр спортшының жаны нәзік екен. Ке­зекті бір жеңістен кейін үйіне келе жат­қан Әли қанаты сынған кептерді көреді де, оны екі апта бойы баптайды. Әлгі құс ұшып бара жатып Мұхаммед Әлидің басына саң­ғыпты-мыс. Со бір жылдары қара нәсіл­ді­лер­дің боксқа көптеп келуі «янкилердің» қыз­ғанышын тудырған. Алайда, «шын мық­тыны төрт бұрыш қана анықтайды» деген сөз кей сәтте ұран секілді естіліп, саяси си­пат алғаны да заңдылық еді. Расизмнің бе­лең алғаны соншалық, ата сақалы аузына түскен шал-шауқанның өзі: «Қаралар – қарғыс атқан нәсіл», – деп боқтанып оты­ра­тын болған. Луисвилльдік гений жас­тайынан нәсілшілдік қорлығын көріп өседі. Анасы Одесса Клей үй қызмет­шісі, әке­сі Кассиус Клей суретші болған. Бір күні қат­ты шөлдеген үшеуі бір ақ нәсіл­дінің үйі­не кіріп, су сұрағанда әлгің оларды қуып шы­ғып, есікті тарс жабады. Ал 1960 жылы Рим Олимпиадасында жеңіп алған алтын ме­далімен бір ресторанға кіріп, кофе сұ­рай­ды. Жауап жоқ. Қызметші «енді қай­тейін?!» де­ген сыңай танытып, теріс бұры­лып кетіп қал­ғанына қатты қапаланған Әли алқаны Огайо өзеніне лақтырып жібереді. «Пе­ріш­те­лердің бәрі ақ нәсілділер ғой. Ғайса да ақ. Біз өлген соң жұмаққа бара аламыз ба, ше­ше?», – деп сұрағанда жанында тұрған әкесі шы­дамай, далаға шығып еңіреген екен. Әуес­қой деңгейде 100 жекпе-жек өткізіп, оның 8-інде ғана жеңілген мақтампаз әрі өз-өзіне өте сенімді қара балаға ұрыссыз-ақ бе­ріл­гендер шаршы алаңнан кетпей, көз жа­сын көл қылып жылап тұрғанына көрер­мен талай рет куә болған-ды. Кәсіби дең­гей­де 21 жыл бойы бокстасқан спортшы өзін: «Ұлымын!» – деп жар салған. 12 жа­сын­­да спортқа барған Әли ағасы Рудольфқа: «Әлем чемпионы боламын!» – деп уәде бе­реді де, оны 22 жасында орындайды. Оның бокс­қа келуіне басты себеп – қызыл ве­ло­сипе­дінің жоғалуы. «Ұрлықшыны тапсам са­зайын беремін!» – деген балаға бір кісі: «Ал­дымен төбелес техникасын үйрен», – деп кеңес береді. Содан бастап қара бала әлі еш­кім ашпаған әдіс-тәсіл іздейді. Рингте би­леу, қос қолын бос кою үрдісі кейін өң­гелерге үлгі болды. Мұсылмандыққа бет бұруы­на себеп болған оның рухани ұстазы, «Ислам ұлттары» ұйымының төрағасы Элайд­жи Мұхаммед дүние салғанда спортшы  қатты  қайғырады. Ал боксшы аты-жө­нін ауыстырғанда оны бәрі: «Өскелең ұрпақ­қа жаман үлгі көрсетті», – деп айыпта­ды. Былғары қолғап шеберінің спорттағы ең ұлы екі жеңісі Джо Фрейзер мен Джордж Фор­манмен байланысты. Біреуі «Ғасыр жек­пе-жегі», екіншісі «Маниладағы триллер» деген атпен тарих жадында қалды. Аме­риканың Въетнамға қарсы әрекеті, же­тім-жесірлер күйі, зәңгілердің жайы, бәрі-бә­рі Әлиді қатты толғандырды. Оның: «Ме­нің жүрегіме адамзат сыйып кетеді!» – деуінде де бір сыр бар. 4 рет үйленіп, 7 қыз, 2 ұл сүйген Мұхаммед Әлидің жолын 3-ші әйелінен туған қызы Лейла Әли жал­ғастырып, Әлем чемпионы атанды. Ол тек спорт Олимпына ғана көтеріліп қойған жоқ, ол ел есінде қала алды! Қош бол, бок­с­тың Ұлы ақыны!

Әлібек БАЙБОЛ.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір