МӨҢКЕ БИДІ ТӘПСІРЛЕУДЕН ТУҒАН ЖЫР
23.09.2025
254
0

Бауыржан Жақып

Үш ғасыр бұрын өмірді,
Болжап кеткен кімің бар?
Тезге салар елімді,
Мөңке бидей пірім бар!
Ақтарылған жүректен,
Бабаға арнар жырым бар.
Көмкерілген тілекпен,
Көңілден төгер сырым бар.
Өсиетін тыңдасаң,
Жығылмайтын туың бар.
Қасиетін сезінсең,
Қасқайған биік шыңың бар.
Қадірін білсең сөзінің,
Қараорман қазақ – нуың бар.
Оянған қалың ұйқыдан,
Қызың менен ұлың бар.

Сонау бір өткен заманда,
Дін мұсылман аманда.
Не деп еді Мөңке би,
Әрбір сөзін ұғыңдар.
Асыл, жауһар ойына
Назар салып тұрыңдар.
Інжу-маржан сөздерін,
Қайыра оқып шығыңдар.

Болжап кеткен жарықтық,
Түрлі-түрлі халықты.
Күндіз-түні жанатын,
Таусылмайтын жарықты.
Өре менен темірден
Тартылатын жолыңды.
Ақысыз жұмыс істемес,
Оңың менен солыңды.
Құрамалы-қорғанды,
Салып алған үйіңді.
Айнымалы, төкпелі,
Айтары жоқ биіңді.
Пайдасы жоқ халыққа,
Ай сайын болар жиынды.

Көріп кеткен жарықтық,
Үш ғасыр бұрын бүгінді.
Домалақ-домалақ түймедей,
Ішетұғын дәріңді.
Жастарға жүрмес билігі,
Қадірі қашқан кәріңді.
Ертеңіне сенбейтін,
Елең-алаң күніңді.
Бетіңнен алып түсетін,
Бетбақ болар ініңді.
Алашұбар тіліңді,
Дүдәмалдау дініңді.
Ішіне шынтақ айналмас,
Ежірей деген ұлыңды.
Кес-кестеп өтер алдыңнан,
Кекірей деген келінің,
Ақыл айтсаң ауырар,
Бедірей деген қызыңды.
Адамдар құмар болатын,
Берсең ит те ішпейтін,
Ішетін сары суыңды.
Жас баладан болатын,
Басқаратын биіңді.
Саз балшықтан тұрғызған,
Бас сауғалар үйіңді.
Суы бітіп көліңнің,
Қалатынын табаны.
Жүйрігі кетіп атыңның,
Қалатынын шабаны.
Әулиенің кетіп аруағы,
Қалатынын мазары.
Сөздің кетіп маңызы,
Қалатынын самалы.
Болатынын ақылсыз,
Санасыздың заманы.
Үш жүз жыл бұрын көрген ол,

Әйелің – базаршы болғанын,
Еркегің – қазаншы болғанын.
Жылқы – жұлдыз болғанын,
Қойың – құндыз болғанын.
Кебір – жерге теңелгенін,
Әйел – еркекке теңелгенін.
Көл – теңізге теңелгенін,
Сиыр – өгізге теңелгенін.
Ақырзаман адамы,
Сағынып тамақ жемейтінін.
Ащыны – ащы демейтінін.
Тапқанын – олжа дейтінін,
«Әлһам» білгенін,
Молда дейтінін.
Бір-біріне қарыз бермейтінін,
Шақырмаса,
Көршіге көрші кірмейтінін.
Ақшаны сарылып келіп тосатынын,
Құны жоқ қағазды,
Судай шашатынын.

Қайран да бабам Мөңке би,
Үш ғасыр бұрын болжаған:
Ақырзаман халқының,
Шайдан басқа асы жоқ екенін,
Жақыннан басқа қасы жоқ екенін.
Лағынет қамыты мойнында,
Жұмыстан қолы босы жоқ екенін.
Әрқашан да олардың,
Көңілінің хошы жоқ екенін.

Әулие бабам Мөңке би,
Үш жүз жыл бұрын көрген ғой,
Заманақыр боларда,
Жер тақыр болатынын,
Халқы пақыр болатынын.
Балалар жетім болатынын,
Әйелдер жесір болатынын.
«Ә» десе, «мә» дейтін,
Кесір болатынын.
Бас қосылған жерлерде,
Әйелдер жағы ден болатынын,
Жаман-жақсы айтса да,
Өзінікі жөн болатынын.
Ұят жағы кем болатынын.
Сөйткен заман кез болса,
Түзелуі қиын болатынын.

Сол Мөңке би көріпкел,
Үш ғасыр бұрын болжаған:
Құбыладан шыққан Күн,
Жанып шығатынын.
Жалғаны жоқ сөзінің,
Анық шығатынын.
Балғын-балғын көлдерден.
Балық шығатынын,
Екі басы қайқайып,
Қайық шығатынын.
Қазағымның сорына,
Қырда – Қоқан,
Ойда – орыс,
Жарып шығатынын.
Қылмысы жаққан қылықты,
Алып шығатынын.
Қылмысы жақпас қырсықтың,
Екі етігі су болып,
Бір жаратқан Тәңірге,
Налып шығатынын.
Ауылдарын шу қылған,
Жаулықтарын ту қылған,
Зайып шығатынын.
Келіні – айғыр,
Кемпірі саяқ шығатынын,
Бір уысқа толмайтын,
Аяқ шығатынын.
Оқшантай жоқ, кісе жоқ,
Белбеу шығатынын,
Жүгініс жоқ, малдас жоқ,
Көлбеу шығатынын.
Заманақыр адамы,
Менмен шығатынын,
Үй басына тақ еткен,
Келін шығатынын.
Бұзау, тайынша, танаға,
Жүк артылатынын,
Ағып жатқан дария,
Суы тартылатынын.
Өзі болған жігітке,
Қыз артылатынын,
Көкек айы болғанда,
Кемпір күйлейтінін,
Ендігінің қатыны,
Байын билейтінін.

Сол Мөңке би әулием:
«Туған байым болар!» – деп,
Аруақ шығар деп еді.
Сол аруақтың ішінен,
Ыңғайы жоқ жаманның,
Пышағы мен шақпағы,
Қалып шығар деп еді.
Бес қойға алған өгізің,
Тегін шығар деп еді.
Егін егіп, тарының,
Сөгін жерсің деп еді.
Жалаң аяқшар иттерін,
Бегім дерсің деп еді.
Алысқа деген қамыстан,
Үй шығады деп еді,
Сол үйіңнің ішінен,
Құныс жауырын, қой бұтты,
Би шығады деп еді.

Соның бәрі шын болды,
Шын болғанын бір емес,
Жиылған миллион, мың көрді.
Мөңке би айтқан болжауы,
Қазақ үшін сын болды.
Күн дегенім түн болды,
Түн дегенім күн болды.
Адастырған халықты,
Ханның өзі жын болды.
Мөңке бидің арманы,
Біз шыға алмас шың болды.
Қойдан қоңыр қазағым,
Әлдекімге құл болды.

Өсиет айтып, бабамыз,
Жамандықтан қаш деді.
Тазалықтың жолына,
Құшағыңды аш деді.
Оян, ойлан, қазағым,
Баба ойына құлақ ас,
Егер құлақ аспасаң,
Молаға қарай тұра қаш.
Сілкін, серпіл, түрегел,
Мақсат қойып алдыңа,
Ешбір халық шықпаған,
Өнер-білім, ғылымның,
Шыңын бетке ап жүре бер!
Сонда ғана көрінер,
Ақиқаттың ақ жолы,
Адалдықтан айнымас,
Әділеттің хақ жолы.
Сонда ғана жеткізер,
Берекенің орманы.
Орындалар тек сонда,
Мөңке бидің арманы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір