Күйдің Қаршығасы (Атырауда дәулескер күйшінің 80 жылдығы аталып өтті)
Атырауда Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, күйші-композитор, дирижер, зерттеуші, профессор Қаршыға Ахмедияровтың туғанына 80 жыл толуына арналған мерейтойлық іс-шаралар өтті. Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған тағылымды шара еліміздің әр өңірінен өнер қайраткерлерін, ғалымдар мен күйшілерді, Қаршыға Ахмедияровтың шәкірттері мен туған-туыстарын бір арнаға тоғыстырды. Тағылымды күн ескерткішке тағзым етуден басталып, ғылыми-танымдық конференциямен жалғасты. Ал мерейтойдың қорытындысында Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында «Күй – ұран» гала-концерті өтті.

Қаршыға рухына тағзым
Мерейтойлық іс-шара Қаршыға Ахмедияров ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталды. Мұнда өнер және зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, күйшінің шәкірттері, туыстары мен жақындары бас қосты. Олардың арасында өнер иесінің жары Нұрбике Ахмедиярова да болды. Тағзым рәсімінде Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов Қаршыға Ахмедияровтың қазақ күй өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған тұлға екенін атап өтті. Күйшінің ұлттық өнерді насихаттап қана қоймай, тұтас бір шәкірттер буынын тәрбиелеп, мол мұрасын кейінгі ұрпаққа аманаттағанына тоқталды.
Бұл күні Атырауға Астана, Алматы, Орал қалаларынан және еліміздің өзге де өңірлерінен арнайы қонақтар келді. Олардың қатарында ғалымдар, өнертанушылар, күйші-домбырашылар, Қаршыға Ахмедияровтың шәкірттері, достары мен отбасы мүшелері болды. Мерейтойдың күйші ескерткішіне тағзымнан басталуының да өзіндік мәні бар. Қаршыға Ахмедияров – Атыраудан шығып, қазақтың тұтас күй кеңістігіне танылған тұлға. Сондықтан бұл күн бір өнер иесін еске алу ғана емес, оның артында қалған күйшілік мектепке, ұстаздық дәстүрге құрмет көрсету күніне айналды.
Мерейтойлық іс-шара Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Күй өнерінің кемеңгері – Қаршыға» атты танымдық конференциямен жалғасты. Жиынның мақсаты – Қаршыға Ахмедияровтың өмірі мен шығармашылық мұрасын тереңірек зерделеу, орындаушылық мектебінің ерекшелігін саралау және ұлттық күй өнерін кейінгі буынға таныту. Конференцияның ашылуында Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов пен Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы, ректоры Саламат Идрисов сөз сөйледі. Сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетовтің мерейтой иесіне арналған құттықтау хаты оқылды. Конференция жұмысын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Карима Сахарбаева жүргізді.
Жиында Қаршыға Ахмедияровтың орындаушылық шеберлігі ғана емес, композиторлық, зерттеушілік және ұстаздық қырлары кеңінен сөз болды. «Өмір өткелдерінде», «Талант бастауы», «Қазақ күй өнерінің көрнекті композиторы», «Қоңырқазды қалықтатқан Мағауия мен күй Қаршығасының әлемі», «Қаршыға – күй өнерінің зерделі зерттеушісі», «Өнер өрісіндегі достық», «Күй керуеніне ілестірген ұстазым» тақырыптарында баяндамалар мен естеліктер тыңдалды. Әсіресе күйшіні көзі көрген адамдардың әңгімелері ғылыми басқосуға ерекше сипат берді. Қаршыға Ахмедияровтың ағасы Алғи Ахмедияров пен жары Нұрбике Ахмедиярова оның өмірі мен өнер жолынан естеліктер айтты. Ал мәдениет қайраткері, профессор, Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясының оқытушысы Сәлімгерей Садықов ұстазымен бірге өткізген жылдарын еске алып, оның орындаушылық мәдениеті мен шәкірт тәрбиелеудегі ерекшелігіне тоқталды.
Конференцияда еркін микрофон ұйымдастырылып, күйшінің замандастары мен шәкірттері оның өнердегі ғана емес, адамдық болмысы туралы да естеліктерімен бөлісті.
Атырау – күйдің елі
Мерейтой барысында айтылған ойлардың бір арнаға тоғысатын тұсы – Қаршыға Ахмедияровтың шығармашылығын өзі туған өлкенің күйшілік дәстүрінен бөліп қарауға болмайтыны. Атырау – Құрманғазы мен Дина, Махамбет пен дәулескер күйшілік дәстүрдің талай өкілі шыққан топырақ. Ұрпақтан- ұрпаққа жеткен төкпе күй мектебі бұл өңірдің рухани болмысының бір бөлігіне айналған.
Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің ректоры Саламат Идрисов те конференцияда осы сабақтастыққа назар аударып, Атырауды Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Махамбет секілді күй алыптарының дәстүрі тоғысқан өлке ретінде атап өтті. Қаршыға Ахмедияров сол үлкен мектепті жалғастырып қана қоймай, өзіндік орындаушылық мәнер қалыптастырған тұлға болды. Сондықтан Қаршығаның 80 жылдығын Атырауда атап өтудің мәні мерейтойлық датадан әлдеқайда кең. Бір жағынан, бұл – туған жердің өз перзентіне тағзымы. Екінші жағынан, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан күйшілік дәстүрдің сабақтастығын көрсету. Құрманғазыдан, Динадан жеткен күй келесі дәуірде Қаршығадай орындаушылардың қолында жаңаша тыныс алды. Ал енді сол мұраны жаңа буынға жеткізу – бүгінгі ұрпақтың міндеті.
Бұл сабақтастықтың нақты көрінісі де бар. Қаршыға Ахмедияров кезінде Атырау университетінің құрметті профессоры болды. Өңірге келген сапарларында Музыка және өнер кафедрасының студенттері мен оқытушыларына шеберлік сабақтарын өткізді. Қазір де университетте оның шығармалары мен орындаушылық мәнері зерттеліп, жас домбырашыларға өнеге болып келеді.
«Күй – ұран» – мерейтойдың музыкалық түйіні
Мерейтойдың қорытындысы Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында өткен «Күй – ұран» гала-концерті болды. Кеш басталар алдында көрерменге Қаршыға Ахмедияровтың өмірі мен шығармашылығына арналған фильм көрсетілді. Одан кейін сахна төріне күйші есімін иеленген «Нарын» халық аспаптар оркестрі шықты.
Салтанатты кеште облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов Қаршыға Ахмедияровтың ұлттық музыка өнеріне сіңірген еңбегіне тоқталып, оның мұрасы кейінгі ұрпаққа аманат екенін атап өтті. Күйшінің жары Нұрбике Жұмағалиқызына құрмет көрсету рәсімін орындады. Нұрбике Жұмағалиқызы өз сөзінде отбасы жалғастырып келе жатқан бір игі дәстүрді де атап өтті. Он бір жылдан бері Қаршыға Ахмедияров атындағы мектептің бір оқушысына жоғары оқу орнында білім алуына мүмкіндік беретін арнайы стипендия тағайындалып келеді. Мұның өзі мерейтойдың «ұрпақ сабақтастығы» деген негізгі мазмұнымен үндесіп жатты. Өнерпаздың атын есте сақтау бір бөлек, сол есім арқылы келесі буынға жол ашу – екінші мәселе.
Гала-концерт «Атырау» күйімен ашылды. Одан әрі «Ауылым», «Жер ана», «Азаматы елімнің», «Ақ мешіт», «Көктем сазы», «Мұнайшы Ақжелең», «Алтын орда», «Той күйі», «Нұрғиса», «Арпалыс», «Қуаныш», «Имаш Байжұма» және басқа шығармалар орындалды. Қаршыға күйлерімен бірге Құрманғазының «Төремұрат» күйінің орындалуы да кештің мазмұнын аша түсті. Бір жағында – қазақ күйінің ғасырлық дәстүрі, екінші жағында – сол дәстүрді ХХ ғасырда жаңа биікке көтерген Қаршыға мектебі.
Кештің ерекше сәттерінің бірі – Қаршыға Ахмедияровтың күйлерінен құралған «Күй тартыс» болды. Ал концерт финалында жеке домбырашылар мен «Нарын» халық аспаптар оркестрі бірігіп, «Күй – ұран» шығармасын орындады. Осылайша бір күнге созылған мерейтойлық іс-шаралар тізбегі естелік айтумен немесе концерт өткізумен ғана шектелген жоқ. Ескерткіш алдындағы тағзым, ғылыми ортадағы әңгіме, ұстазын еске алған шәкірттер, сахнаға шыққан бүгінгі домбырашылар – бәрі бір идеяның айналасына тоғысты. Оның аты – сабақтастық. Қаршыға Ахмедияровтың өзі де күйді алдыңғы буыннан қабылдап, кейінгі буынға жеткізген үлкен керуеннің бір буыны еді. Бүгінде оның күйлерін орындап жүрген жастар сол керуенді әрі қарай жалғап келеді.
Атыраудың «күйдің елі» аталуы тек өткендегі Құрманғазы мен Дина есімдеріне сүйеніп қалмауы керек. Дәстүр өміршең болуы үшін күй музейде немесе архивте ғана сақталмай, сахнада орындалып, оқу орнында үйретіліп, жас домбырашының қолында қайта жаңғырып отыруы тиіс. Қаршыға Ахмедияровтың 80 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралардың келер ұрпаққа берер тағылымы да осында. Күй өткеннің үні ғана емес. Ол – ұрпақтан-ұрпаққа берілетін қастерлі аманат.
Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА