ҰРПАҚ КЕРЕК…
Астанада Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында жазушы, драматург Роза Мұқанованың «Сарра» драмасының премьерасы өтті. Спектакльдің қоюшы-режиссері – Гүлсина МЕРҒАЛИЕВА, суретшісі – Берік БУРБАЕВ.
Қаракөлеңке сахна…
Ғарыш кеңістігі…
Ұшы-қиыры жоқ шексіздік…
Мұнарланған әлем…
Жылт-жылт еткен көп жұлдыздар ішінен сахнадағы алты ғаламшарды анық көресіз. Ауада қалықтаған ұзын құрыққа оралған арқан үш жерінен тұзақ боп байланған. Қаракөлеңке сахнаның қақ ортасында үш жас, үш қартаң әйел шеңбер жасай жүріп бір-біріне кезек-кезек көз тоқтатып қарайды, бір-бірімен үнсіз «танысады». Үш кәрі әйел үш жас қызды көргенде оларға бір ой келген тәрізді. Қойылым осындай баяу пластикалық қимыл-қозғалыспен басталады. Музыка да, дыбыс та жоқ. Шыбын ызыңы естілместей тыныштық. Үш кәрі әйел әлденені сыбырлап алдыңғы планға жақындай береді. Алғашында не айтып жатқанын естімейсіз, жақындаған сайын сыбыры айқындала түседі.
«Ұрпақ керек… ұрпақ керек… ұрпақ керек…ұрпақ керек…».
Бұлар – Сарра, Әз Ана, Құт Ана еді. Олардың ернінің ұшымен ғана, естілер-естілмес қайталаған «ұрпақ керек, ұрпақ керек…» деген сыбыры бірте-бірте күшейе береді, күшейе береді. Үшеуінің ішкі тілегі, арман-мақсаты, бар аңсары ұрпақ. «Сұраншыдан – тіленші туады, соқырдан – көрмес туады, сараңнан – бермес туады. Пайғамбардан – пайғамбар туады… Мен бедеумін!..» деген азапты үн Әз Ананың ішкі монологы – Ләйла Бекназар-Ханинганың жүрегін жарып шығады.
«Мен бедеумін… бедеумін… бедеумін…» деп қайталайды іле-шала Құт Ана – Майра Омар тізерлей отыра қалып.
Үш кәрі әйел үш жас аруға жақындайды да, оларға бір-бір орам жіптің ұшын ұстатып, тарқата бастайды. Міне, осы тұста ерекше әсерлі, ғарыштық әуен ойнайды. Алты әйел сол ерекше әуеннің ырғағында айнала жүріп, қолдарындағы жіпке «шырмалады». Яғни, алты әйелдің тағдыры көзге көрінбейтін жібек жіппен байланды. Бұларды байланыстырып тұрған ортақ мәселе – үш кәрі әйелдің бедеулігі…үш қыздың жастығы… үш бедеу әйелдің ұрпақ үшін өз күйеулеріне жауқазын жас қызды алып беруге бекінгендігі.
Осы тұста режиссер Гүлсина Мерғалиева ерекше ұтымды деталь, тапқыр шешім, көркем тәсіл ретінде жіпті сәтті пайдаланғанын көреміз. Режиссер кейіпкерлердің тағдырын ғана емес, бүкіл қойылымның композициясын, драманың ішкі тартысын, оның шарықтау шегін осы жіпке «байлаған». Жіп бірде Әз Ананың Бибіажарға қарай итерген «күйеуі» болса, енді бірде Бибіажардың ішіне біткен ұрпақ… Сарраның Ібіліске лақтырған тасы да – осы жіп…
Ібраһим пайғамбардың ұрпақсыз болуы Сарраның жанын жегідей жейді. Кәнизак Ажардың айрықша сұлулығын, жастығын, мінезінің көркемдігін айтып, оған көз салуын өтінеді, ұрпақ үшін Ажармен қосылуға үгіттейді. Пайғамбар келіседі, өйткені Алладан «Сарраның тілегін орында, қабыл ал!» деген әмір келген еді. Ажар да Сарраның тілегіне қарсы келмейді, Алланың әміріне мойынсұнады.
Сол сияқты, Әз Ана – Бибіажарды, Құт Ана – Бикешті ұрпақ үшін өз күйеулеріне қосқан.Содан бастап үш әйелдің ішкі трагедиясы басталады. Олар тартқан азаптың ең үлкені – күйеулерінен айырылып қалғаны. Пайғамбар Сарраға көзін салмайтын болды… Әз Ананың «айбатты арыстаны» да Бибіажардың жанынан шықпайды… Құт Ананың күйеуі де енді оған жоқ… Олар жалғыз қалды. Бұл әділетсіздікке Құт Ана ғана көнген, мойынсұнған. Ал Сарра мен Әз Ана күйеулерінің бұрынғы махаббатына, ыстық ықыласына зәру.
Өзі сұлу Ажардың онан сайын ажарланып, нұрланғанын көргенде, аяғы ауыр екенін білгенде, әсіресе, Ібраһимдегі Алланың нұры Ажарға көшкенін естігенде Сарраның қызғаныштан өзегі өртенеді. Тынысы тарылып, әл-дәрмені құрып, көзі қарауытады. Ажар бейнесіндегі Гауһар Жүсіпова сахнада шын мәнісінде нұрланып, көздері шуақ шашып тұр. «Осыншалық нұрланып, менен пайғамбарымды алшақтатқың келді ме?..» деген Сарраға: «Апа!.. Сіздегі нұр күштірек! Сіз Пайғамбар жанында қырық жыл бірге болдыңыз, сіздегі нұр мендегіден қырық есе күштірек!..» деген Гауһар Жүсіпова – Ажардың көздері қандай мөлдір, көңілі қандай таза еді…
Ібілістің азғыруына ерген Сарра Ажарды иен далаға апарып тастауды бұйырады. Сахарада «су!.. бір тамшы су!..» деп, киелі Сафа, қасиетті Марва тауларының арасында жаны мен тәні қатар аласұрған Ажардың қиналысын актриса шынайы көрсетеді. Ісмайыл пайғамбар дүниеге келердегі тау қопарылып, тас үгітіледі. Астаң-кестең аласапыранда Ажарды Алланың өзі қорғайды – оған періштелерді жібереді.
Актрисаға бір ескерту – Гауһар Жүсіпова Сахарада жалғыз қалғанда айғайлап жылай бермегені дұрыс. Пайғамбарға сыртынан айғайлап, ұрсып, айыптап сөйлеу Ажарға лайық емес. Өйткені, Ажардың өзі «Алланың әмірін бұлжытпас болар…» деп, Хақтағаланың бар әміріне көнген, бұл жолы да еш қарсылықсыз келіскен. Мойынсұнған. Алланың қорламайтынына сенген. Хақтағалаға деген сенімі берік болғандықтан Алла Ажарды әркез бар қиындықтан өзі «құтқарады», рыздығын молықтырады. Сол себепті Ажардың монологында Пайғамбарды айыптау емес, мойынсұну тоны басым болғаны жөн. Актриса, тіпті, Тәңіріне де «ұрсады». Ажар Аллаға күпірлік ететін кейіпкер емес, сондықтан ол Аллаға айғайлағаннан гөрі, өз-өзімен сөйлескені абзал. «Неге мені аямадың?..» деп, түсінбей сұрап тұр, күйеуіне, сүйген жарына – Пайғамбарға іштей ренжіп тұр…
Режиссерге айтар бір ойымыз – Ажар қиналып, босанатын осы сахнада Ажарды бір-ақ рет есінен тандырса жеткілікті… Ол екінші рет есінен танғанда нәресте дүниеге келді. Осы сәтте ілулі тұрған алты шардың ең үлкені жап-жарық болып, күндей шұғыла шашып жанады. Ерекше әсерлі сурет. Ібраһим пайғамбардағы Алланың нұры Ажар арқылы Ісмайыл пайғамбарға ауысқанын түсінесіз. Бала туылғанда оның шырылдаған дауысымен бірге аспанға шапшып атқылаған күміс бұлақты – зәмзәм суды да режиссер мен суретші керемет әсерлі етіп көрсеткен. Зәмзәм су туралы аңыз ойға оралады… Бұл көріністе «баламен бірге несібе, ырыздық келеді, Алла сүйген құлын тастамайды» деген ой жатыр.
Бұл кезде екінші жұп кейіпкерлердің де тағдыры астаң-кестең болған. Аяғы ауыр Бибіажардың халықпен бірге алаңдағы көтеріліске шыққанын Әз Ана патша жасақтарына айтып қояды. Бұл сахнада патша жасақтарын көрмейсіз, бірақ актриса Ләйла Бекназар-Ханинганың сөздері мен қимыл-әрекеті жасақты көз алдыңа әкеледі. Әз Ана жоғарыдан көлденең салбыраған ұзын құрықты жағалай, ерсілі-қарсылы жүгіріп, ентігіп, құрықтың өн бойына байланған үш тұзаққа кезек-кезек асыла жүріп, «…тыңдап тұрмысыз, оның алаңда болғаны рас! Төңкеріске қатысқаны да рас!..» деп, өзіне сенген Бибіажарды сатып жібереді. Қойылымның басынан бастап қақ ортада ілінген ұзын құрықтың не екенін енді түсіндік. Ібілістің құрығы екен. Әз Ана да сол әзәзілдің қызғаныш деген құрығына ілініпті.
Бұл қойылымда Құт Ана образы Сарра мен Әз Анаға мүлде қарама-қайшы. Ол өзінің «ұрпақ керек… ұрпақ үшін…» деген бастапқы ізгі ойынан айнымаған. Қызғаныштың қызыл итіне бой алдырмаған. Бикештің баласын өз баласындай әлдилеп, мәпелеп, шомылдырып, бәйек болып жүргені. Актриса Майра Омарова өз кейіпкерінің шексіз тазалығын, жарына деген адалдығын, Бикешке деген тілеулестігін әсерлі, шынайы жеткізген. Ол баланы қандай махаббатпен шомылдырады десеңізші!.. Актрисаның қолында шақалақ жоқ, бірақ сіз оның тәп-тәтті бөпені шомылдырып отырғанына сенесіз. Жүзінен ізгілік, шуақ төгіліп тұр. Бұл екеуінің оқиғасында Ібіліс Құт Ананы емес, Бикешті «уысына» алған тәрізді. «Жолама балаға!.. Көзің тиеді!.. Аулаққа бар!..» деген ерке де ессіз, қызғаншақ, менмен, кердең тоқал – Бикеш бейнесін актриса Алтынгүл Серкебаева сенімді кескіндеген.
Гүлсина Мерғалиева – сахнадағы шарттылық, минимализм принциптерін ұстанатын режиссер. Сахнадан өз ойын айту үшін оған сірескен бай декорация керек емес. Оның атмосфера жасауы, кезең шындығын бейнелеуі ерекше. Тосын эксперименттерге қорықпай баратын жаңашыл режиссер қойылымның формасын сәтті ойластырған. Ібраһим пайғамбар пьесада бар кейіпкер, ол Саррамен де, Ажармен де тілдеседі, диалогтары аз емес. Бірақ режиссер сахнаға Ібраһим пайғамбарды шығармайды. Иә, кинорежиссер Мустафа Аккадтың «Мұхаммед – Құдайдың елшісі» фильмі еріксіз ойға оралады. Гүлсина Мерғалиева Ібраһим пайғамбарды сахнаға шығарудан бас тартып, осы тәсілді сәтті қолданған. Ібраһим – көзге көрінбейтін кейіпкер, оның сөздері түгел қысқарған. Алайда, Сарра бейнесіндегі актриса Сая Тоқманғалиева Ібраһим пайғамбарды көріп тұрғанына, онымен бетпе-бет сөйлесіп тұрғанына сенесіз.
Пьесадағы Сарраны айналсоқтап шықпайтын, әркез оның кеудесінде қызғаныш шоғын үрлейтін Ібілісті де сахнадан көрмейсіз. Ібіліс – әр адамның ішінде деген ойды меңзейді режиссер. Сол секілді, Әз Ананың «арыстаны» да, Құт Ананың күйеуі де – жоқ кейіпкерлер. Ол кейіпкерлерді де көрермен актрисалардың және режиссердің көзімен көре алады.
Бұл қойылымда режиссердің тағы бірнеше ерекше шешімі – Мысыр патшасы Садықты да, оның екі қарауылын да, Ажарды сақтайтын періштелерді де жеке-жеке актерлер орындамайды, режиссер олардың жүгін үш жас ару – Ажар, Бибіажар, Бикештерге артқан. Сарра – Сая Тоқманғалиева, Әз Ана – Ләйла Бекназар-Ханинга, Құт Ана – Майра Омар да бұл қойылымда бірнеше жүкті қатар арқалаған. Яғни режиссер сахнаға тек әйелдерді шығаруды мақсат еткен. Оның әйелдері – Мадонналар, Бибі Фатималар… Зере, Ұлжан, Айғаным, Домалақ аналар… Ләззаттар мен Сабиралар… Әлемді әйел құтқарады деген ойды алға тартқан Гүлсина Мерғалиева актрисаларға үлкен жауапкершілік жүктеген, сенім артқан. Актрисалар да режиссер сенімін ақтады. Олардың әрқайсысы өз образдарын сомдау барысында сан түрлі көңіл-күйді бастарынан өткізді. Актрисалардың образға енгені соншалық, өздерін ұмытқан. Бұл орайда, әсіресе, Ләйла Бекназар-Ханинганың еңбегін ерекше атап өткіміз келеді. Әр сөзі шынайы, жүрек түкпірінен шығып жатыр, әрбір іс-қимылынан артық әбігерді байқамайсыз. Ләйла Бекназар-Ханинга бірде жарын кінәлап, бірде өзін кіналап, бірде жалынған, бірде бұйырған, бір жылап, бір күлген кейіпкерінің шарасыз халін, ішкі психологиялық сезім иірімдерін сыртқы іс-әрекетімен шебер жеткізеді. Көзбен, ишарамен сөйлеу әдісі ерек. Актрисаның ішкі-сыртқы пластикасы мен сахнадан ескен ғаламат энергетикасы, қуатты дауысы – актрисаның ешкімге ұқсамайтын өзіндік ерекшелігі.
Біз Сарра, Әз Ана, Құт Ана деп бөле-жарып айтып отырған кейіпкерлердің үшеуі де – бір Сарра, бір кейіпкердің үш түрлі бейнесі, үш түрлі болмысы деп қабылдауға әбден болады. Яғни жалғыз Сарраның сан құбылуы, үш түрлі кейіпте сан түрлі мінезде көрінуі десек, қателеспейміз. Немесе, керісінше, кез келген әйелдің ішінде бір Сарра жатыр…
Қызғаныш та, қызғаныштан туған жаман ой да, астам сөз де, қатыгез әрекет те – бәрі ішіңдегі Ібілістің сыбыры. Сен соның дегенін деп, айтқанын орындаушысың. Өз ішіңде отырған Ібіліспен күрес, соны жеңе біл. Сарра да бойын алған Ібіліске: «Жоғал! Көрінбегін көзіме! Қоздырмағын дертімді!..» деп тас лақтырып қуып, өзінің бастапқы ізгі қалпына қайта енеді, өз кінәсін мойындап, Пайғамбардан кешірім сұрайды. Осы жерде ғана көрермен Пайғамбардың жаңғырыққан дауысын естиді. «…О, Сарра! Тас емшегің жібіп, тар құрсағың кеңіп, маған ұрпақ әкелерсің. Дүниеге пайғамбар келер. Сен жүктісің. Мен – Әке, сен – Анасың, Сарра!..». Осы кезде ілулі тұрған екінші шар жанады. Күнәға белшесінен батқанын мойындаған шарасыз Сарра бұл сүйіншіге не жыларын, не қуанарын білмейді. «…Сен қуантсаң, ар алдында жылатып тұр жасаған!..» деген сөзбен қойылым аяқталады. Осы сәтте сахнаға ілінген басқа шарлар да түгел жанып, іле-шала көк жүзінде жыпырлаған сансыз жұлдыз пайда болады. Сәби туылғанда көкте бір жұлдыз жанады деген ой емес пе?.. Алты актриса сахнаға шығып, қойылым басталғандағыдай шеңбер жасай айнала жүріп, әр түрлі қимылда қатып қалады. Бұл сурет ежелгі грек аңыздарындағы Әйел-құдайларды еске салса, енді бірде діни аңыздардағы Әйелдер бейнесі көз алдыңа келеді. Рембрандт, Микеланджело картиналары да елес береді.
«Сарраның» ерекше басталып, ерекше аяқталуы, сахнаға тек әйелдердің шығуы, Пайғамбар мен Ібілістің көрінбеуі – қойылымның «фишкасы». Шығармашылық қолтаңбасы өзгеге ұқсамайтын Гүлсина Мерғалиеваның бұ жолы да ерекше режиссерлік интерпретациясын көрдік. Соңғы уақытта қазақ режиссерлері «…драматург – пьесаның авторы, ал спек-такльдің авторы – режиссер!» деген ойды алға тартып, «сен жаздың, өз міндетіңнен құтылдың, ендігісі менің шаруам» деген сыңай танытады. Кешегі өткен «Сарра» қойылымынан режиссердің автормен соавтор болғанын көрдік. Роза Мұқанованың пьесаға қосымша кейіпкерлер қосқаны – оның үлкен компромиске барғаны, драматургия шарттарын жақсы түсінгені. Ұрпақ мәселесін қазіргі проблемалармен ұштастырған автордың философиялық идеясына Гүлсина Мерғалиева ерекше режиссерлік интерпретациямен терең көркемдік-идеялық мазмұн берген. Автор мен режиссер тандемі деген осы болар. Қойылымнан өмірді жалғайтын ұрпақ та, адамзаттың ақыл-парасаты да – әйелдің сұлулығынан, оның жүрегіндегі ізгілік пен мейірімділіктен нәр алады деген ойды оқыдық. Автордың да, режиссердің де айтпағы – осы.
Сәуле ӘБЕДИНОВА.