«Қазақ тілін үйренушілерді үш санатқа бөліп қараймын»
Ғылым дамыған сайын қазақ тілін үйрету әдістері де жаңаланып отырады. Әсіресе, жасанды зерденің тіл үйрету мен қосымша тіл меңгертудегі ықпалы жоғары. Қазақ әдіскер-ғалымдары да жасанды интеллект арқылы қазақ тілін үйретудің жаңа тәсілдерін зерделеп, оның практикалық мүмкіндіктерін тексеріп жатыр. Астана қаласындағы Абай институты жыл сайын «Қазақ тілін үйрету: отандық және шетелдік тәжірибе» тақырыбында біліктілік арттыру курсын ұйымдастырады. Биыл курсқа шетелде және елімізде қазақ тілін насихаттап, тіл үйретіп жүрген 80-нен аса маман тіркелді. Бәрінің көкейінде «қазақ тілін үйренемін деген адамға қандай мүмкіндік жасай аламыз, нендей әдіс-тәсілдерді қолдануға болады?» деген сұрақ бар. Биылғы баяндамашылармен бірге әдіскерлер көп тәжірибе алмасты. Атап айтқанда, филолог, аудармашы, мәдениеттану ғылымдарының PhD докторы Жұлдыз Жұмашова қазақ тілін оқытуға байланысты жүргізген ғылыми жобасының нәтижелерімен бөліскен еді. Дәрістен кейін маманмен аз-кем сұхбат құрғанды құп көрдік.
– Жұлдыз Аманбайқызы, бүгін бізге сұқбат беруге келісім бергеніңізге көп рахмет. Сіздің соңғы уақыттарда қазақ тілін шетелдіктерге оқыту бойынша ізденіп жүргеніңізді айтып өттік. Дегенмен сіз қазір елде емессіз. Ғылым жолындағы ізденісте жүрсіз. Сонда да, қазақ тілінен сабақ беру- сіздің күн тәртібіңізден түскен емес. Тіпті осы тақырып төңірегінде арнайы зерттеу жобасын да жүргіздіңіз.
– Мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде мәдениеттану бойынша PhD қорғадым. Қазіргі таңда АҚШ-тағы Texas A&M университетінде антропология бойынша екінші докторлық жұмысымды жалғастырып жатырмын. Сонымен қатар, 2021-2023 жылдары Қазақ тілін оқыту бойынша заманауи технологияларды қолдану әдістерін зерттеу бойынша жобаға қатыстым. Аризона университетінде, Назарбаев университеттерінде шетелдік студенттерге қазақ тілінен сабақ бердім.
– Қазір қазақ тілін кімдер үйренгісі келеді? Шетелдіктер тарапынан қызығушылық бар ма?
– Қазақ тілін үйренуге қызығушылық танытатындарды бірнеше санатқа бөліп қарастыруға болады. Біріншісі – Орта Азияны зерттейтін антропологтар, тарихшылар, саясаттанушылар сияқты докторлық ізденіс аясында тіл үйренушілер. Олар тіл үйрену курстарынан кемі орташа деңгейде тілді меңгеріп шығуды мақсат етеді. Екіншісі – туристік мақсатта, тек бастауыш деңгейде ғана тіл үйренетіндер. Үшінші санаттағыларға шет елде жүрген қазақ диаспорасының өкілдері жатады. Бұдан бөлек, қазақ мәдениеті туралы әртүрлі деректерден хабардар болып, қазақ мәдениеті мен тіліне қызығушылығы оянған топты айтуға болады.
– Қазақ тілін шетелдіктерге оқыту бойынша қандай негізгі қиындықтар бар деп ойлайсыз?
Қазақ тілін шет тілі ретінде үйрету саласына қатысты ғылыми зерттеулер жүргіздім. Қазақстанда соңғы жылдары қазақ тілін меңгеруге деген сұраныс артып келеді, соның ішінде шетел азаматтары тарапынан да қызығушылық бар екені байқалады. Бірақ оларға қажет, бейімделген сапалы оқу-әдістемелік құралдар жеткіліксіз. Сондықтан мен ағылшын тілді студенттердің сұраныстары мен тәжірибесін зерттеп, соның негізінде ұсыныстар беруді мақсат еттім.
– Негізгі қандай қиындықтар байқалды?
– Зерттеу барысында бірнеше басты мәселе анықталды. Ең алдымен, тыңдалымға арналған материалдардың тапшылығы, грамматиканың ағылшын тілінде жеткілікті түсіндірілмеуі, әрі оқу құралдарының өмірлік жағдаяттарға бейімделмеуі. Студенттер сөздерді жаттайды, бірақ оларды күнделікті қарым-қатынаста қолдану қиынға соғады.
– Бұл қиындықтарды қалай шешуге болады деп ойлайсыз?
Біріншіден, интерактивті тапсырмалар мен шынайы өмірдегі диалогтарды көбірек енгізу қажет. Екіншіден, мәдениетпен ұштасқан тәжірибе сабақтары керек. Атап айтқанда, қазақстандық тұрмыс пен дәстүрге байланысты тақырыптар өте пайдалы. Сонымен бірге, онлайн платформаларды тиімді пайдалану арқылы тіл үйренушілерге анағұрлым қолжетімді орта қалыптастыруға болады.
– Өз тәжірибеңізге сүйеніп айтыңызшы, қазақ тілін үйретуде қандай әдістер тиімді?
– Менің ойымша, тіл үйренушілерге тек грамматикалық жаттығулар емес, мәдениетке енуге мүмкіндік беретін тапсырмалар қажет. Мысалы, студенттерді қазақ әндерімен, салт-дәстүрлерімен, қазіргі жастардың сөйлеу тіліндегі тіркестерімен таныстыру – олардың қызығушылығын арттырады.
– Болашақтағы жоспарларыңыз қандай?
– Алдағы уақытта қазақ тілін үйретуге арналған заманауи, ағылшын тілді аудиторияға бейімделген оқу материалдарын жасауға үлес қосқым келеді. Сондай-ақ, мектеп жасындағы балаларға арналған қазақ тілін үйрену бойынша материалдарды әзірлеуді қолға алу керек екенін түсіндім.
– Уақыт бөліп, тәжірибеңізбен бөліскеніңізге көп рахмет.
Айнұр ТӨЛЕУ