Қарттарға құрмет – ұлт мәдениетінің көрсеткіші

Айбарша ГПУОВА, КазХҚжӘТУ университетінің журналистика факультетінің 1-курс студенті
Алтай мен Атыраудың арасындағы қойнауы қазынаға толы ұлан-ғайыр алқапты мекен еткен ұлтымыз мәдениеттен кенде емес. Тағылымға толы қазақ тарихында хас батырлармен қатар, оларды рухтандырып отырған ақындар да, абыздар да, би-шешендер де өткен. Ал, солардың барлығын бір кісідей басқарып, талайлардың мақсатын бір арнаға тоғыстырған, бүтіндей елдің тыныштығын сақтай білген нағыз ұлылар – елдің қариялары. Ендеше, ұлт мәдениетінің озық үлгісі – қарттарға деген құрмет десек, артық айтқандық емес.
Халқымыздың «қарты бар үйдің қазынасы бар» деген ұлы сөзінен-ақ үлкенге деген құрмет-қошеметін байқауға болады. Олар – ұлтымыздың ұйытқысы ғана емес, өткен тарихтың куәсі, дәстүріміздің қайнар бұлағы, бабадан қалған салтымызды көзінің қарашығындай сақтап, өскелең ұрпаққа аманат ететін көненің көзі, өнегенің өзі емес пе! Оның үстіне, «атаңнан бота қалғанша, бата қалсын» демей ме жұрт? Батаның төресі де – қариялардан шығады. Әр нәрсенің жөнін білетін, өткеннен алған өнегесін бүгінгі ұрпаққа үгіт-насихат етіп, адамдықтың озық үлгісін көрсететін де – солар. Сондықтан да, ақсақалын ардақтаған еліміз «Қариялар күнін» белгілеп, жыл сайын атап өтеді. Осы мақсатта мемлекетіміздің түкпір-түкпірінде қаншама іс-шаралар ұйымдастырылып, үлкендерге құрмет-қошемет көрсетіледі. Олардың көңілін аулау үшін талай волонтерлық топтар құрылып, ізгі ниеттер іске асты. Аталмыш мереке қарсаңында талай қарттар ұлықталып, жастар қауымы құрмет ретінде оларға үй шаруасына көмектесіп, жер-жерде концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, түрлі мекемелердің атынан сыйлықтар да таратылады. Әйткенмен, мұндай құрметтер ардагерлерге тек атаулы күндер аясында ғана көрсетілетіні өкінішті… Кешегі бабаларымыз ақсақалын ардақтап, төріне отырғызса, бүгінде «қарттар үйінің» пайда болуы, ондағы үлкендер санының көбеюі – бүгінгі күннің бір кем тұсы іспетті. Әсіресе, балалары жан-жаққа тарап, қара шаңырағын күзетіп, қараусыз қалған қарттарды көргенде, жүрегің сыздайтыны тағы бар… Менің айтпағым: қарияға құрмет тек атаулы күн аясында ғана жасалып, концерттік бағдарламамен шектелмесе деймін. Олар – кешегі қилы замандарды бастан кешіріп, аштықты да, Кеңес кезеңіндегі түрлі құйтырқы саясатты да өткеріп, Егемендіктің алғашқы жылдарындағы дағдарысты да көрген, көкейге түйгені, ұрпаққа айтар ақылы мен үлгі-өнегесі мол тұлғалар ғой. Ендеше, олар бүгінгідей жаһандану дәуіріне аяқ басқан Тәуелсіз Қазақстанның құрметін күн сайын көруге лайық! Ғұмырын елінің игілігіне арнаған еңбек ардагерлеріне кемінде жыл сайын бір мәрте еліміздегі ірі демалыс орындарына, шипажайларға тегін жолдама берілсе, өмір бойы көрген бейнетінің ақысы болған зейнетақысына қол тигізбестен, кез келген емханада тегін медициналық көмек, ем-домдар көрсетілсе, мемлекет тарапынан оларға қалаған тренажерлық залдарда тегін жаттығуға, қоғамдық көліктерде тегін жүруге рұқсат етілсе, көңілдері қалаған концерттерге, әдеби-сазды кештерге алдыңғы орындардан тегін билеттер ұсынылса, нұр үстіне нұр болмай ма?..
Мұқағали ақын айтқандай «Неменеге жетістің, бала батыр? Қариялар азайып бара жатыр…» Ендеше, көненің көзі, әжім басқан жүзіне қасиет тұнған, елдің ұйытқысы болып, елдестіру мен бірлестіруді мақсат еткен қадірлі қазынамыз – қарттарымызды құрметтеуді әсте естен шығармайық!