Дамудың жаңа көкжиектері

Риддер қаласы бүгінде Шығыс Қазақстанның туристік картасында жарқырай көрінетін аймақтардың біріне айналуда. Тау мен орман үндестігін тапқан бұл мекен — көркем табиғаты, айнадай мөлдір көлдері мен жыл он екі ай қызмет көрсететін инфрақұрылымымен ерекшеленетін, жан тыныштығын іздеген жандар үшін таптырмас демалыс орны.
Бүгінде Риддерде 40 туристік нысан жұмыс істейді. Олардың қатарында 12 қонақүй, түрлі форматтағы 25 орналастыру орны (жайлы коттедждер мен шале үйлерінен бастап, аңшылық және балықшылық аймақтарға дейін), сондай-ақ «Эдельвейс» пен «StardustCamp» атты 2 тау-шаңғы базасы бар. Жаз мезгілінде балалар лагері де жұмыс істейді. Қаланың жалпы нөмірлік қоры 515 бірлікті құрайды, бұл бір уақытта 1 586 қонақты қабылдауға мүмкіндік береді.
Туристік ағынның өсуі
Риддер қаласына деген қызығушылық жылдан-жылға артып келеді. 2024 жылғы мәліметтер бұл үрдісті толық растайды: өткен жылы қалаға 41 700 турист келген, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 17,4%-ға артық. Туристердің басым бөлігі — Қазақстан азаматтары (40 518 адам), дегенмен шетелдік қонақтар саны да аз емес — 1 182 адам, бұл өңірдің халықаралық деңгейдегі тартымдылығының артып келе жатқанын білдіреді.
Бұл өсім 2025 жылы да жалғасуда. Жылдың алғашқы алты айында Риддер 22 990 туристі қарсы алған, бұл 2024 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 12,1%-ға көп. Ең қызығы — шетелдік қонақтар санының екі есеге артуы, яғни 1 199 адам, бұл қаланың туристік әлеуеті тек ел ішінде ғана емес, халықаралық аренада да мойындала бастағанын көрсетеді.
Риддер өңірінде туризмнің жаңа бағыттары белсенді дамып келеді. Атап айтқанда, ауылдық және гастрономиялық туризм саласы Поперечное ауылында қарқын алуда. Бұл ауыл Қазақстандағы туристік ауылдардың ТОП-5 қатарына еніп, өңірлік байқаудың жеңімпазы атанды. Нәтижесінде, ауылды абаттандыруға 200 миллион теңге көлемінде грант иеленді.
Экологиялық туризм де аймақта қарқынды дамып келеді. Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы аумағында қазірдің өзінде 5 жаңартылған туристік маршрут жұмыс істеп тұр. Табиғатпен үндескен бұл бағыттар саяхатшыларға экожүйенің байлығын тамашалауға, таза ауада демалып, белсенді серуендеуге мүмкіндік береді. Ал жаз бен қыс мезгілдерінде өтетін мәдени фестивальдер әлемнің түкпір-түкпірінен туристерді жинап, өңірдің рухани және табиғи әлеуетін кеңінен танытуда.
2024 жылы демалыс базасы — «BearLog»-тың құрылысы аяқталып, ол заманауи белсенді демалыс түрлерін ұсынатын орталыққа айналды. Мұнда туристерге арналған хайкинг, багги-турлар, атпен серуендеу, тікұшақ экскурсиялары және survival-туризм сияқты бірегей тәжірибелер ұсынылады. Сонымен қатар демалыс базасында жартылай олимпиадалық жүзу бассейні де салынып жатыр.
2025 жылы 4 жобаны аяқтау көзделіп отыр, олардың қатарында жаңа қонақүйлер, демалыс базалары мен ақылы балық аулау аймақтары бар. Бұл нысандар 37 қосымша нөмір мен 100 төсек-орын санын қамтамасыз етіп, 32 жаңа жұмыс орнын ашады.
2027 жылға дейінгі кезеңде жалпы құны 4,2 млрд теңге болатын 4 ірі инвестициялық жоба іске асады. Соның ішінде, ең ауқымдысы — Иванов жотасында жыл бойы жұмыс істейтін «Анатау» тау-шаңғы курортының дамуы. Бұл жоба Риддердің туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Сын-қатерлер мен шешімдер
Табиғат, спорт және мәдениет — бір жерде тоғысқан мекен.
Бүгінде Риддер Шығыс Қазақстандағы туризмнің дамып келе жатқан орталығы ретінде өз орнын нықтап келеді. Қала өзіне тән бай табиғаты, белсенді демалыстың алуан түрлері және мазмұнды мәдени өмірімен ерекшеленеді. Туристер ағынының артуы, жаңа жобалардың жүзеге асуы және халықаралық қызығушылық — осының бәрі Риддердің туристік саласы сенімді қадаммен алға басып келе жатқанын дәлелдейді. Бұл үрдіс өңір қонақтары мен тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер мен көкжиектерді ашуда.
Қ. ТӨЛЕУХАН,
Риддер қаласы әкімінің орынбасары