ІЗДЕНІС ІЛГЕРІ ЖЕТЕЛЕГЕН ШАҚ
Жұмабек КЕНЖАЛИН,
жазушы
Ежелден белгілі ақиқат – қаламгер өзі өмір сүріп отырған қоғамның тамыршысы, ал оның шығармашылығы уақыт барометрі болған. Осы тұрғыдан келгенде Дәуір мен Уақыт үніне үн қосып, оның оңы мен солын бағамдап отыратын деректі проза не дейді? Енді осыған көшейік. Біздің қолымызға былтырғы жылғы әдеби жыл қорытындысынан бергі уақыт аралығында баспалардан шыққан Қайсар Әлімнің «Кәусар», Самат Ибраимның «Сыр перне», Зәкір Асабаевтың «Ешкім білмейтін айла», Көлбай Адырбектің «Жүрек жұтқан», авторлар ұжымының «Герольд Бельгер кім?», Бегімбай Ұзақбаевтың «Намыстан шыңдалған қайрат», Нұрмахан Оразбектің «Өткенге өкпе жүрмейді», Итен Қарымсақұлының «Жүрек жазбалары», қаламгер Сәрсенбек Бекмұратұлының «Айтқыштар», Нұрлытай Үркімбаеваның «Аласармас асқарлар» деп аталатын кітаптары тиді.
Соның ішінен жазушы Қайсар Әлімнің «Ана тілі» баспасынан жарық көрген «Кәусар» атты әдеби портрерттер, эсселер кітабын айрықша бөліп алып айтуды парыз санадық.
Кітаптың тілі жатық, мазмұны тереңдікпен әдіптелгенін былай қойғанда, деректі прозаның өз кеңістігі мен өрісін соңғы кезде көркемдікпен байыта дами түскенінің куәсі боларлықтай түрлі жанрлық жаңалықтар синтезін де көреміз бұл жинақтан. Ең бастысы, әрбір портреттер мен эсселер архитектоникасы таза түзілімімен, сараптамалық сипатымен, композициялық өзгеше құрылымымен, сюжеттік сонылығымен ерекшеленіп тұрғандай әсер береді. Бәрінің тұма бастауы деректілік болғанымен, орындалуында көркем әңгімелеудің алуан элементтері қабысып, шынайылық күйін сақтап, алып отырған нысанасы – әрбір жазушының қаламгерлік шеберлігін, азаматтық ұстанымын, заман, қоғам дамуындағы ұлттық мақсат-мүдделік көзқарасын, тіпті болашақ аңсар-арманның дәлдікпен болжалып, сабақтасуын оңтайлы образды, қилы оқиғалы амалмен суреттеп беруі талғампаз оқырманды бей-жай қалдырмасы анық.
Ал енді «Кәусардың» жаңалығы не дегенге келер болсақ, бұл кітапта көп насихаттала бермейтін, тіпті ұмытыла бастаған ақын-жазушыларды әдеби ортаға өз болмыс-бітімімен, нағыз таланттық тұлғасымен қайта оралтуы дер едік. Мысалы, Тәшібай Әлмұхамбетов, Нұрхан Ахметбеков, Назарбек Бектемісов, т.б. қаламгерлердің ұлттық руханиятқа қосқан өшпестей үлестері сонылық үрдісімен үлбіреген күйінде жүректерге жетіп жатқандай.
Самат Ибраимның есімі оқырман қауымға жақсы таныс. Өзінің шығармашылық жолында журналистік шеберлік пен жазушылық қарекетті тең ұстап келе жатқан қаламгер.
Самат Ибраимның «Сыр перне» атты кітабы («Ана тілі» баспасы) «Қобызшы» шығармасымен басталады. Кейіпкері – Дәулет Мықтыбаевтың шәкірті, белгілі қобызшы Сматай Үмбетбаев.
Осы деректі әңгімеде Сматайдың өзгеге ұқсамайтын өнер жолы әдебиет пен өнердегі халқымыздың біртуар тұлғаларының талант иесіне деген қамқорлығымен қатар өріледі. Сәбит Мұқанов Арқада өткен Сәкен Сейфуллиннің мерейтойына барғанда Сматайдың қобыз тартқанын ұнатады. «Сматай, Алматыға шақыртсам, келесің бе?» дейді. Жас жігіт табан астында кесімді жауап айта алмайды. 1971 жылы Жамбылдың 125 жылдық мерейтойында «Бір қалқа» мен «Кертолғауды» тартқан Сматайды қасына шақырып алған Сәбең Тмат Мерғалиевке «сен Сматайды Еркеғалиға алып бар» деп тапсырма береді. Еркеғали Рахмадиев ағамыз ауылдан келген жастың нағыз талант екеніне көз жеткізгесін консерваторияға оқуға қабылдайды.
«Қобызшы» деректі әңгімесінде қазақ руханиятының жанашыры болған Өзбекәлі Жәнібековтің Сматайға нарқобызды жасатқаны да қызықты жәйт.
Қаламгердің Армения сапарынан жазылған «Матенадаран және қыпшақ тіліндегі қолжазба» атты көлемді публицистикалық мақаласы ғылыми зерттеу жүгін де көтеріп тұр десек, артық айтқанымыз емес.
Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы ақтаңдақтар ақиқаты туралы жазған қаламгерлер мен тарихшыларымыз мұрағаттан көп дерек тапқанын, айтылмай келген талай шындықты айтқанын білеміз. Бұл орайда Самат Ибраимның мұрағат құжаттарына сүйеніп жазылған «Шұбартау көтерілісі», «Аяусыз жаза», Ораз Жандосов туралы «Жазықсызға жабылған жала» және тағы басқа саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы жазылған шығармаларын ерекше атаған жөн.
Зәкір Асабаев есімі оқырман қауымға ана заманнан белгілі. Оның «Ешкім білмейтін айла» атты жинағы екі бө-
лімнен тұрады. Алғашқысына сықақ әңгімелер топтастырылса, екінші бөлімге эсселер, естеліктер, деректі әңгімелер жинақталыпты. Баршаға мәлім бір ақиқат бар: жазушының қаламынан туған шығармадан оның болмыс-бітімі аңғарылып тұрады.
Эссе, естеліктердің қай-қайсысын алып қарасаңыз да автордың ағалар рухы алдында інілік парызын өтеуге деген құлшыныстың сыр-пернелерін дөп басар едіңіз. Бұл – бір. Екіншіден, автордың оқиғалардың өткен, болған күндерін нақпа-нақ келтіріп, оқырмандардың шексіз сенуіне, көңілінде дүдәмал ой қалмауына барынша күш салған. «СҚ»-ны аударма басылымнан құтқарып қалған» (Қасым Шәріпов туралы), «Мен білетін ардагер Ғаббас Баталов», «Айбергеновтің апайы» (жазушы Әзиза Нұрмаханова жайлы), «Көтібардың жиені көрген құқайлар», «Баукеңе күтпеген сыйлық жасайық», «Қорланның жөні бір басқа» деп аталатын эссе, естеліктер З.Асабаевтың қаламынан бар ынты-шынты ниеттен туған шығарма деп есептейміз.
Өткен жылы «Тоғанай Т» баспасынан жарық көрген кітаптардың бірі «Герольд Бельгер кім?» деп аталады. Бұл кітап таралымға шығарылысымен-ақ қолдан-қолға тимей оқырмандар көзайымына айналып жүре берді.
Кітапқа қоғам, мемлекет қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммедтің алғысөз жазуының өзі көп нәрсені аңғартса керек. «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жаппай қазақшалаймыз деп жүргенде, әлдеқашан қазақ тіліне балдай батып, судай сіңген (класс, текст, т.б.) талай сөздерден көз жазып қалдық. Орыс қана емес, күллі батыс тілдерінде жиырма бірінші ғасырда еркін қолданыста жүрген сөздерді «сынып», «мәтін» сияқты ортағасырлық сөздермен, басқаша айтқанда, кірме сөзді кірме сөзбен алмастырдық» деп жазуы көп нәрсені аңғартады.
Кітаптағы қарымды қаламгер Қали Сәрсенбайдың «Бүкпесіз Бельгер немесе Шоқан ескерткішінің алдындағы өмір», публицист жазушы Талғат Айтбайұлының «Бір өзі бір әлем немесе Гераға жазып жүрген қазақ шындығы туралы сөз», жазушы Смағұл Елубайдың «Білгір Бельгер», Нұрдәулет Ақыштың «Қазақ руханиятының жанашыры», Болат Шарахымбайдың «Біздің Гераға» деп аталатын туындылары кітап кейіпкерінің кісілік болмысын, азаматтық тұлғасын, қаламгерлік шеберлігін әр қырынан танып-білуге, оның жандүниесіне бойлауға ұмтылыс жасаған.
Белгілі көсемсөзші, қарымды қаламгер Нұрмахан Оразбектің есіміне оқырман қауым қашаннан қанық. Көзі тірісінде өзінің ірілігімен де, қалам қуатының молдығымен де жалпы қазақ қуымына танылған тұлға өмір сапары аяқталар алдында ғана «Өткенге өкпе жүрмейді» деп аталатын кітап жазып қалдырыпты. Белгілі көсемсөзшінің бұл еңбегі өзі беташарында жазып көрсеткендей, Ұлы Отан соғысында опат болған, қанды қырғынға аттанған перзентіне, жарына қайтсем көмектесем деп күні-түні тер төккен, сол қиындықтарының бәрін бастан өткеріп, енді мамыражай заманға жетеміз деген үмітін әлдилеп, бақиға аттанған жерлес ағаларының, апаларының аруағына арналған.
Жазушы-журналист Көлбай Адырбекұлының «Жүрек жұтқан» деп аталатын кітабы да өз оқырманын тапқан туындылардың бірі деп есептейміз.
Қаламы қарымды азамат Көлбай Адырбекұлын оқырман қауым Желтоқсан көтерілісінің жоқшыларының бірі, оның қаһармандарының деректі прозада образын сомдауға үлес қосып жүрген қаламгер ретінде біледі.
Кітапға енген қос деректі повесть және әңгімелер жастарға үлгі-өнеге болып, олардың елі мен жеріне деген патриоттық сезімдерін арттыратыны сөзсіз. Көлбайдың «Ұшқыш тағдыры», «Күтумен өткен ғұмыр», «Майдангер» әңгімелері де оқырман қауымды бей-жай қалдырмасы анық.
Қаламгер қыздар арасында өндірте жазып жүрген әріптестеріміздің бірі – Нұрлытай Үркімбай.
Оның өткен жылы оқырман олжасына айналған туындысы «Аласармас асқарлар» деп аталады. Кітаптағы «Ұлы адамдар туралы майдалылықты халық қаламайды» деп аталатын туынды оқырман назарын аудартары сөзсіз. Сондай-ақ, «Соғыс жылдары майдангер көзімен», «Ананың табанының астында жұмақ бар», «Атеистік қоғамда қор болған ғұмыр» деп аталатын дүниелер Нұрлытайдың шын мәнінде деректі прозаның шебері екендігін дәлелдейтін шығармалар.
Соңғы жылдары деректі проза саласында өнімді еңбек етіп жүрген қаламгерлердің бірі – Итен Қарымсақұлы. Оның «Жүрек жазбалары» деп аталатын кітабы өмірде сырлас, сыйлас, дос боларлық жақсы адамдар туралы ой толғанысқа құрылған.
Итен ағамыз жазған тұлғалар бейнесі – өмірдегі бар адамдар, бақилық болса да артына жақсы сөз қалдырған қайраткер азаматтар. Оқырман олардың ғибратты ғұмырынан тәлімді тәрбие алады.
Өткен 2015 жылы Сәрсенбек Бекмұратұлының «Айтқыштар» деп аталатын жаңа жинағы жарық көрді. Елімізге белгілі ақын-жазушылардың тосыннан тауып айтқан сөздері Сәрсенбек қаламының қауқары нәтижесінде уытын азайтпай, қайта әрлене түскен.
Біздің қолымызға тиген кітаптың бірі Бегімбай Ұзақбаевтың «Намыстан шыңдалған қайрат» деп аталатын деректі-хикаяттар кітабы. Мұнда негізінен ел құрметіне бөленген азаматтардың қилы тағдырлары мен олардың бастан кешкендері шығармаға арқау болған. Айталық, «Қалдырған ізің мәңгілікте» Жақсылық Жылқышиевтің азаматтық тұлғасын сомдайтын оқиғалар өзек етіп алынса, «Арман мұратына адалдық» атты хикаят Сыр өңіріне ерекше еңбегі сіңген Елеу Көшербайұлының тағдыр жолын әңгімелейді. «Өрге өрлеген өр тұлға» деп аталатын хикаят Кеңесбай Қаритегінің тағдыр-талайынан сыр шертеді. Ал Қалыбай Бекенұлының басынан өткендері «Шырағың сөнбесін» деп аталатын хикаятқа арқау болған. Кітаптың өз оқырманы бар ғой деген ой түйдік. Себебі, мұнда Сыр бойы елінің кешегісі мен бүгінгісі өзінің жанқиярлық еңбегімен ауылдастарының құрметіне бөленген абзал азаматтар туралы қалтқысыз әңгіме айтылады.
Қазақ қауымында тасқа басылған сөз ежелден заң бабындай қабылданған. Кітап оқырманның эстетикалық тұшымын, талғам-таразысын қалыптастырудың бір тұтқасы болған. Осы бір өлшем соңғы жылдары қаперден шығып бара жатқандай. Қазір әдебиеттің, рухани құндылықтың құнын кетірмейік десек, кітап шығару мәселесіне айрықша ыждаһатпен қараған жөн. Бүгінде әулеттік кітап, өмірбаяндық кітап, мерейтойлық кітап дейтіндерден аяқ алып жүре алмайсыз. Нарықты заманда кітапты шығару әркімнің өз ырқы деген принципті алға тартқан кейбір баспагерлеріміз тіпті қолға ұстап парақтауға тұрмайтын «дүниелерді» басып шығаратын жағдайға келді. Кітаптың мазмұндық сапасын былай қойғанда, оның ішінде қойдай өрген қателерден көз сүрінеді.
Сондықтан кітап шығару мәдениетіне байланысты кешенді жұмыстар қолға алыну керек деп ойлаймыз. Бұл Қазақстан Жазушылар одағының секретариатында, тіпті болмаса кеңейтілген мәжілісінде арнайы қаралуы қажет.