АУДАРМА КІТАПТАР АЗАЙЫП БАРАДЫ
03.06.2016
3053
2

photo_59634Кітап палатасының 1975 жылдың 1 қаңтарындағы дерегі бойынша 403 повесть пен роман жарық көрген. Оның 286-сы аударма болған. Бұл көрсеткішті қазақ әдебиетіндегі  аударманың шарықтау шегі деуімізге әбден болар еді. Ал бұдан кейінгі 40 жыл ішінде бұған тең келерлік, тіпті жақындарлық көрсеткіш кездескен емес. 2014 жылы Жазушылар одағына  аударма саласында 4 кітап қана келіп түсті. Ал өткен жылғы аударма кітаптардан қолымызға тигені 6 кітап.


Ғазизбек ТӘШІМБАЙ,
аудармашы

 

Алғашқы кітап адамзат ақыл-ойы алып­тарының бірі, ұлы ойшыл, оқымысты, та­рихшы, жазушы, қолбасшы, мемлекет қай­раткері, есімі мен мұрасы ата жұртына ХХ ғасырдың аяқ жағында барып тым кеш орал­ған Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Та­рих-и Рашиди» («Хақ жолындағылар тарихы») атты дүние жүзі ғалымдарына мәлім клас­сикалық еңбегі болды. Өткен жылдың кү­зінде Ұлттық кітапханада «Тарих-и Ра­ши­ди» кітабының аудармасының тұсау­кесері өткен еді. Бұл кітапты аударған Ис­лам Жеменей екен. Кітаптың мұқа­ба­сында Мұхаммед Қайдар Дулат. «Тарих-и Рашиди». Аударған Ислам Жеменей деп көрсе­тіл­ген. Осы уақытқа дейін ұлы ғұ­ламаның аты-жөні Мұхаммед Хайдар Дулати болып кел­ген еді. Барлық энциклопе­дияларда, к­і­тап­тарда, ғылыми ең­бек­терде осылай қа­лыптасқан. Ал Ислам Жеменей оны Мұ­хаммед Қайдар  Дулат деп өзгер­тіпті. Тұ­сау­кесерде біраз ғалымдар, жазушылар сөй­леп, өз пікірлерін айтты. Со­ңын­да осы тұ­саукесерге қатысқандарға бір-бір кітап­тан таратылады деген уәде де берілді. Бірақ та олай болмай шықты. Сөйтіп жүргенде 2015 жылғы әдеби жыл қорытындысында ау­дарма саласы маған тапсырылғандықтан Одаққа алғаш келіп түскен аударма «Тарих-и Рашиди» кітабы болғанына қуанып қалған едім. Бірақ бұл кітап тұсаукесеріне өзім қатысқан Ислам Жеменейдің аудармасы емес, басқа кітап болып шықты. Қазақ та­ри­хының атасы, қазақтың тұңғыш жазушы­сы, ғұлама ғалымның осынау қасиетті де қас­терлі еңбегін ана тілімізге парсы тілінен аудар­ғандар: белгілі ғалым, профессор, Тә­жік-Қазақ достық қоғамының төрағасы Әб­саттар Нұралиев пен М.Х.Дулати қо­ры­ның директоры, Жазушылар одағының мү­шесі, дулатитанушы Мұхтар Қазыбек екен. Кітапта кездесетін өлең жолдарын жол­ма-жол тәржімасынан ақын Болат Ша­ра­хымбай аударыпты. Кітаптың көлемі 48 баспа табақ. Әрине, бұл аударманы пар­сы тіліндегі түпнұсқасымен салыстырып шы­ғу­ға біздің шамамыз жетпейді. Сон­дық­тан оқып танысқан кезде сөйлем құ­ры­­лысына, сөз саптауына, терминдерді қолдануына жә­не еңбектің жеңіл оқылуы үшін аудар­ма­шылардың ізденген жақта­рына назар ау­дардық. Екі кітаптан және 187 тараудан тұратын аударманың тілі жатық, түсінікті. Соңына кітапта кезде­се­тін кейбір ұғым­дарға түсіндірме, есімдер көрсеткіші, география­лық және топо­графиялық атаулар көр­сет­кіші, этникалық топтар мен тайпалар көр­­сеткіші, терминдер мен аударылмай алын­­ған сөздердің көрсеткіші, кітапта ата­латын шығармалар көрсеткіші және ең соңында пайда­ланыл­ған әдебиет­тер тізімі бе­рілген. Бір сөзбен айтқанда аудармашылар қыруар еңбек еткен.

Ал енді былтырғы жылы тұсаукесері өт­­кі­зіліп, жұртқа таныстырылған Ислам Же­менейдің аудармасы қайда? Сонымен біз бұл қалай, бір жылда бір кітапты екі автор ау­дарған ба деген ойға қалдық. Сөйтіп, Ис­лам Жеменейдің аудармасын із­дедік. Тап­тық. Көз жүгірттік. Иә, бір кі­тапты екі ау­дар­машы тәржімалаған болып шықты. Сон­дықтан салыстырып қарап шығуға тура келді. Мұның өзі аударма­шы­лар­дың қалам-қарымын, парасат-пайы­мын байқау үшін қажет те ғой.

Осынау іс-әрекет үстінде отырғаны­мыз­­да «Үш қоңыр» газетінің бетінде (29 сәуір, 2016 жыл) жарияланған «Тарих-и Ра­шиди» пендешілік бұлауына батпауы тиіс» деген мақала жарық көрді. Ә.Х.Мар­ғұлан атындағы Археология институтының же­тек­ші ғылыми қызметкері, тарих ғы­лым­­да­­рының кандидаты Арнабай Нұржан­ов­тың ауыр айыптаулардан кейін біз ерік­сіз түрде екі аударманы салыстырып шы­ғуға мәжбүр болдық. М.Қазыбектің 2003 жылы қазақ оқыр­­мандарына алғаш рет қолжазба нұс­қа­сынан аударып ұсынған нұсқасы мен И.Жеменейдің 2015 жылы парсы тілінен ау­­дарған нұсқасында ұқсас­тықтар бары рас екен. Бұл бір жағынан заңды да ғой. Өйт­кені, түпнұсқа – біреу. Ә дегеннен көзге түсетін айыр­­­машылығы – М.Қазыбек кі­таптың ішін­дегі бөліктерді «тарау» деп, ал И.Же­ме­ней «әңгіме» деп алған.

Бірінші кітаптағы 70 тарау мен әңгімені са­лыстырғанда сөз тіркестері мен сөй­лем­дердің бірдей болып кездесіп отыратынына онша мән бере қоймаған едік. Бара-бара мұн­дай ұқсастықтар жиілей бастады. Мы­са­лы, И.Жеменейдің аудармасындағы 78-бет М.Қазыбектің 2003 жылы шыққан ау­­дармасындағы 74-бетпен үтір-нүктесіне дейін бірдей. Бір шығарманы екі кісі ау­дар­ған кезде бұлай болуы мүмкін емес қой. Тым болмағанда синоним сөздер, сөз тір­кес­терінде айырмашылық болары сөзсіз. Сол­  сияқты И.Жеменейдің аударма­сын­дағы 84, 92, 100, 103-104, 112, 124-125 беттер мен М.Қа­­зы­­­бектің аудармасындағы 78, 84, 89-90, 92-93, 99, 108 беттерде бірдей болып шық­­қан тұтас абзацтар, жарты бет, тіпті тұ­­тас беттер кездесті. Ал екінші кітаптағы екі аудармадағы ұқсас сөйлемдер мен аб­зац­­тарды былай қойғанда, түп-түгел кө­ші­ріл­ген беттер де кездесті. Мысалы И.Же­­­­ме­­нейдегі 234-235 беттер (М.Қазы­бектегі – 192-193 беттермен), 237-238 беттер (194-196 беттермен), 239 бет (196 бетпен), 242 бет (199 бетпен), 256-257 беттер (210-211 беттермен), 263-264 беттер (215-216 беттермен), 268 бет (219-220 беттермен) егіз қозыдай ұқсас. Ал И.Жеменей аударған кітаптағы 271-288, 301-302, 311-312, 320-321 бет­тер арасында бірді-екілі абзацтар болмаса М.Қазыбек 2003 жылы аударған кі­тап­тағы 222-236, 246-248, 254-255, 262-263 беттерден түгелдей кө­шірілген. Ал 19-39 әңгімелер (тараулар) ара­кідік өзгеріс­тер кездесетіні болмаса, тұтасымен көші­ріл­­ген деуге болады. Бұдан кейінгі әңгіме­лерде (тарауларда) көшірілген беттер аз емес. Бұл арада таңырқамасқа болмады. Себебі, бір-біріне ұқсай беретін сөз тіркес­тері, сөйлемдер кездесуі заңдылық де­сек, ал енді тұтас беттердің үтір-нүктесіне де­йін бірдей болып шығуы мүмкін емес қой.

Оу, Ислам  Жеменей бауырым, «жиен­дік» жа­саудың да жөні бар емес пе? Жартысына жуығын бұрын шыққан кітаптан кө­­­ші­ріп алып, мұндай кітапты ұял­май-қы­зар­­май оқыр­мандарға қалай ұсындыңыз? – деген сұрақ еріксіз туындап отыр. Сон­дық­тан да мынадай ұсыныс жасауға тура ке­леді:

Ұлы ғұламаның еңбегіне бұлайша жеңіл-желпі, атүсті қарауға болмай­тын­дық­тан бұл кітапты талқыдан өткізу үшін ақыл­дастар алқасын құрып, оның құ­ра­мы­­на дулатитанушы ғалымдарды, тарих­шы­ларды, әдебиетшілерді, дінтану­шы­ларды және осы салаға қатысы бар-ау деген басқа да кісілерді кіргізу керек деп ойлаймыз. Сөй­тіп, мұндай даулы мәселенің басын бір­жолата ашып,  Дулати бабамыз­дың мұра­сы­на ешқандай да нұқсан келмеу жағын қатты қадағалап, барынша қас­тер­леуіміз қажет. Осы орайда Дулати еңбек­те­рінің энциклопедиясы шығарылса, құ­ба-құп болар еді.

 

***

Орыстың ұлы ақыны Сергей Есенин өлең­дерінің аудармасы «Өкінбеймін, Ша­қыр­маймын, Жыламан…» деген атпен қо­­лы­мызға тиді. Бұл кітап «Хантәңірі» бас­­пасы­нан шығыпты. Егер де осы бір жыр шу­мақтарын Есениннен аударған Исраил Са­парбай деп көрсетілмесе, мұны жазған Исраилдың өзі екен деп ойлауға әбден болар еді. Шынымды айтсам, оқта-текте кез­десіп қалатын «әл-күшім», «мұтылмай», «ан­жаққа» деген сөздер болмаса, «Тырау-ты­­рау тырналардың тізбегі, Алқа түзіп, бет­­ке алысты алысты» деген сияқты қай­та­­лаулар болмаса, мен бұл жинақтан пә­лендей кем­шін тұстар көре алмадым. Ал ке­лесі үш бө­лім проза: Есениннің анасына, қауым-қа­рындастарына, қаламдас, қа­дамдас дос­тарына езіліп, елжіреп, ашынып, ақтары­лып жазған хаттары, ол жайында за­ман­дастары мен тұстастарының, оның ішінде М.Горький мен В.Мая­ковс­кий­­дің  және тағы басқалардың естелік­тері топ­тастырылған. Сонымен қатар, Луи Ара­гон­ның, Алексей Толстойдың, Айседора Дун­канның, тағы басқалардың ақын жайлы ой-пікірлері бар. Бұларды тебірен­бей, тол­қымай оқу мүмкін емес. Өйткені, 15 жа­сында кіндік қаны тамған туған өл­кесі Рязань жерінен Мәскеуге келіп, небары 30 жасында Петербургте көз жұм­ған, артына мол мұра қалдырған орыстың соң­ғы ұлы ақы­ны туралы хикаяттарды қазақ оқыр­ман­дарына ұсынғаны үшін Исраилға ал­ғыс­тан басқа айтарымыз жоқ.

 

***

«Татар әңгімелері» кітабына бауырлас татар халқының танымал жазушыларының қырықшақты туындылары топтастырылыпты. Татар тілінен аударған Гүлзат Шой­бекова. Бұл жинақ тікелей татар ті­лінен аударылыпты. Кітаптың алғы сөзін­де «Жақында Татарстанда, Қазанда бүгінгі заман қазақ ақындары Нұрлан Оразалин мен Ғалым Жайлыбайдың өлеңдері және поэма жинақтары басылып шықты. Міне, осыларға жауап ретінде Қазақстанда татар жазушыларының әңгімелерінен топтас­тырылған «Татар әңгімелері» деген жинақ құрастырылды… Бұл кітапты жарыққа шы­ғаруға көрсеткен қызметтері үшін біз Нұрлан Оразалин мен Ғалым Жайлыбай сияқты достарымызға, әңгімелерімізді қазақ тіліне аударған Гүлзат Шойбековаға алғысымыз шексіз», – деп жазыпты Татарстан Жазушылар бірлігі төрағасы, ақын Ра­фис Құрбан. Көлемі 20 баспа табаққа жуық, 36 әңгіме топтастырылған кітапты бір а­дамның еңсеруі оңай шаруа емес десек те, Гүлзат бұл қиыншылықтан шыға біл­ген.

Рас, Мәдина Маликованың «Қар сулары» атты алғашқы әңгімеде Гүлзаттың бі­раз кібіртіктегені байқалады. Мұнысы мы­на сияқты сөйлемдерден көрінеді: «Ал біз өсіп қалаға кеттік, ол жақтардан аяқ бас­тарын екі жаққа қаратып жүруді үй­реніп қайттық», «Бала күнімізде сыңар ше­лекпен суға бару жоқ еді», «Ол су тым қадірлі еді, оны самауырға құйғызуға әке­летін», «Қар астынан пұшпағы ғана көрініп тұр­ған үлкен сұр тастың жанына тоқта­дым», «Қаздар соңғы туылған әлсіз балапанды қағып-шұқып әурелейді», «Он үш жасар баланың көңілінде басталған сезім де бүкіл кісілер үшін құпия еді», «Менің көңі­лімде көп қыстардың қарлары жатыр» деген сияқты.

Бұдан кейінгі әңгімелерде мұндай екі-ұшты мағына беретін сөздер, сөз тіркестері мен сөйлемдер жоқтың қасы деуге болады. Гүл­заттың тәжірибе жинақтап, құлашын кең сермегенін көреміз. Мысалы, Ришат Ни­замиевтің «Бірінші монша», Фәнис Ярул­линнің «Гүлжиһанның балалары» әңгі­мелерінде сәтті сөйлемдер, тың тіркес­тер, әдемі теңеулер жиі кездеседі. Демек, Гүлзат алдына қойған мақсатының үдесі­нен шыққан деуге әбден болады.

 

***

Сәтті шыққан деп айтуға тұратын кі­тап – «Ең әдемі ертегілер». «Ғажайып ер­те­гілер әлемі» топтамасына әлем әдебиеті классиктерінің бірі, дат жазушысы Ханс Христиан Андерсеннің төрт ертегісі кірген. Олар: «Жабайы аққулар» («Дикие лебеди»), «Су перісі» («Русалочка»), «Принцесса на горошине» («Нағыз ханшайым») және «Стойкий оловянный солдатик» («Қайтпас қайсар қалайы солдат») ерте­гілері. Бұл ертегілерді қазақ жеткіншек­те­рі­не жазушы Сәбит Дүйсенбиев сөзбе-сөз аудармай, мазмұны бойынша әңгімелеп, ба­лалардың ұғымына сай келетіндей ой­нақы тілмен ұсынған. Сәбиттің, әсіресе, «Су ­перісі» («Русалочка») ертегісін ша­быт­та­­на аударғаны байқалады. Өйткені, су ас­­ты патшалығының өмірін суреттегенде бейне бір су түбінде өзі жүргендей баяндайды. «Алыстағы теңіз суы көктікеннің гү­ліндей көкпеңбек, шыныдай мөп-мөл­дір…» деп басталатын ертегі оқырманды бір­ден баурап алады. Аудармашының тағы бір ұтқан жері түпнұсқада кездесетін кейбір сөздерге сілтеме жасап отырған. Мы­салы, шыңырау, тірсек, қағида, жөңку, ша­пақ, суыт, тұлдыр, ішірткі, айлақ сияқ­ты балаларға ә дегенде тосын естілетін сөз­дердің мән-мағынасын тәптіштеп тү­сін­діріп берген.

 

***

Қолымызға тиген тағы бір кітап – «Ой ұш­қындары». «Жалын» баспасынан шық­қан бұл кітаптың аннотациясында «ав­тордың оңаша қалғанда қойын дәптеріне түр­тіп қойған жылт еткен ойлары мен әлем­ге әйгілі драматургтердің туын­ды­ла­рының тәржімалары топтастырылған. «Ой ұшқындары» кітабынан театр саласында ең­бектеніп жүрген өнерпаздар өзі үшін қа­жетті дүние табады деген ойдамыз» деп жазылыпты. Жинаққа ағылшын жазушысы әрі драматургі Джон Голсуорсидің «Үл­кен ұл» атты үш бөлімді драмасы және Юд­жин О, Нилдің «Шегіршін саясындағы ма­хаббат» пьесасы кіріпті. Аударған Әлі­бек Байбол. 5 беттік «Ой ұшқындарында» А.Чеховтың, Н.Гогольдің, А.Эйнштейннің. В.Белинскийдің, Ф.Достоевскийдің, И.Эренбургтің және Абай мен Зейнолла Қаб­доловтың қанатты сөздері бар. Әлбетте, Абай мен Зейнолла Қабдоловтың айт­қа­н­да­ры аударма емес. Сонда бұл қандай ой ұш­қындары? Ал шын аударма жоғарыда атал­ған екі драма. Театр сыншысы бол­ма­ғандықтан  бұл  жағын театр зерттеуші­ле­ріне қалдырғанды жөн көрдік.

 

***

Қазіргі кезде қазақ тілінен орыс тіліне ау­даратын ақын-жазушылар қатары сиреп кеткен сияқты болып көрінеді. Өйткені, екі тіл­ді, яғни орыс тілі мен қазақ тілін еркін мең­герген қаламдастарымыз көп емес. Қ.Ба­қ­бергенов, Б.Қайырбеков, Ү.Тә­­жі­­ке­нова, О.Жанайдаров, А.Жақ­сы­лықов, М.Жа­нұзақова, Г.Шаңғытбаева, К.Ахметов. Міне, енді олардың қатарына Мұрат Ра­хымжанұлы Сұлтанбеков қосы­лып отыр. Ол Семейден «Абай и Шакарим в ХХI веке» деген кітап шығарыпты. Онда Абай мен Шәкәрімнің біраз дүниелерін орыс тіліне аударған. Мен орыс тілді ақын емес­пін және орыс тілінің маманы да емес­пін. Дегенмен, аударманың кей жерлеріне көңілім толмағанын айтуға тиіспін. Абай мен Шәкәрімдей ғұламалардың шығарма­ларын басқа тілге аудару екінің бірінің қо­лынан келмесі анық. Ондай аса жауапты іске абайлап барған жөн.

Мен бір ғана мысал келтірейін. Абай­дың атақты «Желсіз түнде жарық  ай» деген өлеңінің алғашқы шумағын Мұрат бауырымыз былай аударыпты. Абай:

«Желсіз түнде жарық ай,

Сәулесі суда дірілдеп.

Ауылдың жаны терең сай

Тасыған өзен гүрілдеп»,

десе, Мұрат:

 

Безветренной ночью луна,

Нагая, дрожит на воде.

В овраге ворчлива волна,

Река разлилась в темноте,  – дейді.

Орыс тілі мен қазақ тілінде сөйлеп, жа­за алатын кез келген жанның бұл аударманы осы күйінде қабылдай қоюы қиын. Өйт­кені, бұл аудармада Абайдың суда діріл­деген сәулесі, ауылдың жанындағы те­рең сайы, гүрілдеп тасыған өзені жоқ. Оның орнына Мұрат «нагая», «ворчлива вол­на», «в темноте» деген артық сөздерді қо­сып жіберген. Сондықтан бұл кітапты одан әрі оқуға дәтім бармады.

Алғаш шығармашылық жолын аударма жасаудан бастап келе-келе шашасына шаң жұқпас заңғар жазушыға айналған Та­хаң (Тахауи Ахтанов) бір сөзінде аудар­ма­ны бастан-аяқ түгелдей салыстырып шығудың қажеті жоқ, оның сапасы алғаш­қы сөйлемдерінен-ақ байқалады  деген еді. Біз де солай еттік. Өзім орыс тілді ақын бол­масам да, орыс тілінде хат танитын жан бол­ғандықтан Абайдың бұл шумағын бы­лай деп аударса түпнұсқаға біртабан жа­қын­дай түсер ме еді деп ойлаймын. Күл­сеңіз­дер күле беріңіздер, бірақ құлақ қою­ларыңызды сұрар едім.

В безветренную ночь ярко светит луна,

Лучи ее сверкают в зеркальной тиши.

А возле аула глубокая лощина,

И слышен рокот бурлящей реки.

 

***

Қазіргі кезде шет тілінен тікелей ау­да­ра­тын қаламгерлеріміздің қатары толығып келе жатқаны қуантады. Ағылшын тілінен Д.Берікқажы, француз тілінен Т.Тол­қын­қызы, қытай тілінен Д.Мәсімхан мен И.Нұрахмет, жапон тілінен Ш.Жылқы­баева, моңғол тілінен Қ.Шамақайлар табысты еңбек етуде.

 

***

Түркиядағы Еуразия Жазушылар қауым­дастығының ай сайын шығатын «Кар­деш Калемдер» көркем әдеби журналы өткен жылы Сүйінбайдың, Қасым Аман­жоловтың, Бердібек Соқпақбаевтың, Шерхан Мұртазаның шығармашылығына бірнеше сандарын арнаған. Сонымен қа­тар, Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен ТҮРКСОЙ ұйымының қолдауымен қа­зақ жазушыларының бірнеше кітаптары тү­рік тілінде жарық көрді. «Сүйінбай Аро­н­ұлы». Өлеңдер және эссе-мақалалар жи­нағы. Кітапты құрастырған және түрік тілі­не аударған Мәлік Отарбаев. Темірхан Ме­детбектің «Соңғы сөз алдындағы соңғы сөз» атты қазақ, қырғыз және түрік тілін­дегі өлеңдер жинағы. Қырғыз тіліне Қожа­гелді Қулуев, түрік тіліне Мәлік Отарбаев аударған. Халдун Танердің «Қызғаншақ кісінің қу  әйелі» атты пьесасы мен әңгі­ме­лер жинағы. Қазақ тіліне Нұрғали Ораз жә­не Мәлік Отарбаев аударған. Әзиз Несин­нің «Нау немене?» атты әңгімелер жинағы. Қазақ тіліне аударған Ғаббас Қабышұлы. Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» романы. Түрік тіліне аударған Гүлзада Теменова.  Мархабат Байғұттың «Дауыстың түсі» атты әңгімелер жинағы. Түрік тіліне ау­дарған Эльмира Қалжанова. Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» роман-трилогиясы. Түрік тіліне Абдулахап Қа­ра, Ысмайыл Доған, Аида Унал, Мұрат Ай­­­дынлы және Мехмет Ясин Кая аударған. Қазақстанның Түркиядағы елшісі Жан­сейіт Түймебаев бауырымызға төл әде­бие­тінің бауырлас түрік оқырмандарына танылуына көп үлес қосқаны үшін шын жү­рек­тен алғыс айтамыз. Нұрғали Ораз­дың «Адасқан жұлдыз» атты пьесасы. Тү­рік тіліне аударған Мәлік Отарбаев. Ахметжан Аширидің «Идикут» атты пьесасы. Түрік тіліне аударған Өмір Білген. Зия Са­медидің «Ипархан» атты пьесасы. Түрік ті­ліне аударған Гүлзада Теменова. Сондай-ақ, ТҮРКСОЙ ұйы­мы­на, Еуразия Жазушы­лар одағына және Қазақстанның ТҮРК­СОЙ-дағы өкілі, жазу­шы әрі аудармашы Мәлік Отарбаев бауырымызға айтар ал­ғы­сымыз шексіз. Дей тұрғанмен, мұның бәрі әлі де аздық ететін сияқты көрінеді. Жағ­дайы­мыз тү­зеліп, сәті түсіп жатса, әлем әде­биетінің жау­һарлары тәуелсіздік алған елі­міздің мемлекеттік тілінде оқырман­дары­мыздың қолына көптеп тие бастайты­нына, ал қазақ қаламгерлерінің шығар­ма­лары шет ел оқырмандарына жол тарта­рына сен­гіміз келеді.

 

ПІКІРЛЕР2
Аноним 22.12.2019 | 20:47

Сауатсыз неме. Ислам Жеменей кім екенін танып ал. Алғаш қазақ тіліне аударған сол кісі. Ұятсыз албасты. Сазасын әлі аларсың. Өзің тілде білмеймің, өзіңді тағы аудармашы дейсіңмен. Сауатсыз

Аноним 22.12.2019 | 20:50

Ұятың жоқ екен, ғалымның атына олай өтірік жала жабуға болмайды. Қазақ әдебиеті редакциясының да ар-ұяты жоқ екен осындай “проплаченный” мақала шығарып. Бетім ай.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір