МЕКТЕПТЕР МЕН БАЛАБАҚШАЛАР ЖАҚСЫ ӨЛЕҢГЕ СУСАП ОТЫР
03.06.2016
3971
0

УсенбаевБалалар поэзиясы ойнақы, ойлы, шұбалаңқылықтан ада, баланы жалықтырмайтындай ықшам болуы керек. Қиындығы да сонда.


Болат ҮСЕНБАЕВ,
ақын

 

Балаларға арнап өлең жазып жүрген ақын­да­ры­мызда ортақ кемшілік бар. Кібіртік, екіұшты ой ба­лалардың поэзиясына жарамайды. Ескі сүрлеу, жо­балап жазу етек алып барады. Қазіргі баланың жан дүниесіне үңілу, бала болып ойлану жағы же­тіс­пейді. Баланың санасын сілкіндіріп жіберетін дү­ниелер кемшін. Баланың ойлау жүйесінен ақын­дардың ойлау жүйесі қалып қойды.

Өткен жылдың ең сүбелі дүниесі қатарында Ер­тай Ашықбаевтың «Туған күн» кітабын атауға бо­лады.  Кітап 30 бөлімнен тұрады, әрқайсысы же­ке-жеке кітапша сияқты. Автор өлеңдеріне өте мұ­қият, жауапкершілікпен қарайды. Шығарма­ла­рын­да жинақылық бар. Балаға тән әр іс-әрекетті ба­рынша зерттеп таныған. Бала «Туған күнді» оқи оты­рып, өзін-өзі таниды, сол арқылы өмірді таниды. Онда баланың қызықты қылықтары да, үйдегі, түз­дегі, мектептегі алуан түрлі әрекеттері де қам­тыл­ған. Ертайдың кішкентай кейіпкерлері «Мен Ота­нымды сүйем, тәртіптімін, білімдімін» деп ай­ғай­ламайды. Осы бір ұлы мұрат кітаптың өн бойын­да бар. Қадыр ағасындай шебер де сақ, Қастек аға­сындай талғампаз, еркін көсіледі. Ал­да­ғы уақытта «Туған күн» жыр кітабын қандай сый­лық­қа да ұялмай ұсынуға лайық.

Жылдың ең жүйелі де жемісті жұмысы – «Тәтті ал­ма» кітабы. Бұл – балаларға жасалған тосын сый. Маз­мұны, құрылымы, көлемі, идеясы жағынан да көңіл толарлық. Елін, жерін сүю, табиғатты аялау, адамгершілік мәселелері, т.б. тақырыптар қам­тыл­ған. Кітаптың көркемделуі де көңілге қонымды. Жауап­ты жұмысты «Фолиант» баспасы мен құрас­тыру­шылар да сәтті орындап шыққан. Екінші томы ба­лалар поэзиясына арналыпты. «Тұлға­лар­дан – тә­бәрік», «Ағалардан-аманат», «Жас буыннан – жаңа жыр» атты үш бөлімнен тұратын 372 беттік кітапқа 45 автордың 324 шығармасы енген. Ересектер де, ұстаздар мен тәрбиешілер де, балалар да тағылым алар дүниелер бар. Мұзағаңнан басталған жыр көші Нұрлан Қалқа, Ауыт Мұқибек, Алмат Исәділ, Қал­махамбет Мұхаметқали, Ернұр Сейдахмет, Серік­бол Хасан секілді жас буын талант­тарға жалғасады. Аталған авторлардың кез келгені балалар поэзия­сының қыр-сырын терең меңгерген. Бұл кітапқа енбей қалған, балалар поэзиясында аянбай тер төккен, тер төгіп жүрген әлі де жүзге жуық ақын бар. Осы «Тәтті алманы» жылда болмаса да, екі жыл­да бір шығатын дәстүрлі кітапқа айналдырса. Елбасы балалар үшін жасалатын игілікті істі қол­дайды деп сенемін. Бұрын оқырманға көп белгілі емес Кәп Құмарұлы мен Егеухан Мұқамәди­қызының балаларға арналған жырларын да осы кітаптың бір жаңалығы деп есептеймін. Сондай-ақ, өздерін тек балаларәдебиетінің өкілі ретінде танытып келе жатқан Қалмахамбет пен Ернұрға Жазушылар одағы тарапынан қолдау көрсетіп, шығар­маларының өрісінің кеңеюіне жол ашу қажет. Бұл – балалар әдебиетін қолдау болып табылады.

Оразбай Байбақ – қазақ әдебиетінде өнімді ең­бек етіп жүрген өзіндік орны бар қаламгер. Ақын­ның 25 кітабы Тәуелсіздік жылдарының ен­шісіне тиеді. Солардың 5-6-уы балаларға арналыпты. Былтыр ғана жарық көрген «Еңлік» атты кітабы екі бөлімнен тұрады. Кітапқа 35 өлең, 23 қара сөз­бен жазылған ертегі ендіріліпті.

«Көмекші» атты өлеңін оқып көрелік:

Келгенінше шаманың,

Татитындай талғамға,

Көмектесем анамның

Бақшасына барғанда.

Көргенім жоқ мазалап,

Айтқан сөзде тұрамын.

Жүйектерді тазалап,

Арамшөбін жұламын.

Өлеңде еңбекті сүйетін баланың жинақы обра­зы жасалған. Соншама кітап шығарған ақынға та­лап та жоғары. Кейбір өлеңдері ол үдеден шыға ал­майды. «Таласпаймын» атты өлеңінде: «Келді бә­рін аңғарғым, Өтіп жатыр өмірім», «Орын­дық» өлеңінде «Не көрмеген бұл білек» деген жолдар бала айт­пайтын, оған тән емес сөздер. Осындай сел­кеу­лік­тер жақсы өлеңнің құнын түсіреді.

Бүбіш Тікебаева өткен жылы жарық көрген кі­табын «Періште көңіл «Ангел мой» деп атапты. Кі­тап­тың ерекшелігі – екі тілде. Белгілі ақын
Н.Чер­нова орыс тіліне аударған. Аудармашының еркін сілтеп, автордан асып түсіп жататын  тұстары да бар. Кі­тап маған көпті көрген байыпты  әженің ба­лаларға айтқан ақ тілегіндей әсер қалдырды. Жақ­сылық пен ізгілікті дәріптеп, жамандықтан сақ­тан­дырады. Қырыққа жуық өлеңнің шетінен бәрі мөл­діреп тұрмаса да, сәтті өлеңдер баршы­лық:

Ақымақ күшік

Тамағын ішіп,

Табағын жалап,

Отырды қарап…

…Күшікті баулып

Тіл алғыш етті.

Көп ойнап жүріп,

Дос болып кетті. («Ақымақ күшік»).

Жоғарыда біз келтірген шағын үзінді Бүбіштің қа­лам қарымының қуаттылығын танытады.

Мен «Алматы бағын арала» атты  өлеңінен «Жау­қазын иіс жырымды көтере шықтым белдерге» деген поэтикалық жолдарды оқыдым. Кітаптағы «Ат­тың суреті», «Тоты құс», «Бата», «Бақа» атты өлең­дері сәтті шыққан. Көп өлеңдерінде шалыс ұйқас­пен «шаңдатып» кете беретін тұстары да көп. Періш­те көңіл ақын өлеңді бұдан да сұлуырақ, бұдан да әдемірек жазғанын қалар едік.

Балалар әдебиетінің ыстығына күйіп, суығына тоң­ған, елеулі үлес қосқан, қазір дүниеде жоқ, соңы­на қомақты мұра қалдырған кейбір қалам­гер­лердің іздеушісі жоқ болғандықтан ба, кітаптарын шығару жұмыстары да назардан тыс қалуда. Белгілі балалар ақыны Бейсебай Кірісбайұлының  былтыр алпыс жылдығына орай бір томдық кітабы «Таң­дамалы» деген атпен жарық көрді. Онда өлеңдері, өлең ертегілері, жаңылтпаштары мен жұмбақтары қамтылған. Б.Кірісбаевтың өлеңдерінің жырсүйер қауыммен қайта қауышуы ақын рухына жасалған құрмет пен тағзым деп білеміз. Бейсебай бүгінгі жаңарған, жас оқырмандардың да сүйікті ақынына айналатынына сенімдіміз. Осы орайда  Бейсебайдың замандастары, ағалары, бүгінде арамызда жоқ Қар­жаубай Омаров пен Балтабай Әділовтің де балаларға арналған шығармаларын шығару қолға алынса, нұр үстіне нұр болар еді.

Қайырбек Шағыр тәуір өлеңдерімен жиі көрініп жүрген ойлы ақын. «Сиқырлы кітап немесе тарихқа саяхат» атты кітапшасы өткен жылғы айтулы мереке Қазақ хандығының 550 жылдығына арналыпты. Шығарма республикалық «Дарабоз» бәйгесінің аламанында бірінші орын алған. Сыннан сүрінбей өткен шығарманың композициялық құрылымы поэманың жүгін көтеріп тұр.

Жәди Шәкенұлының баспасөз беттерінен тұ­шым­ды әңгімелерін, ойлы мақалаларын оқып жү­ретінмін. «Арманшыл бала» атты кітабын оқы­ғанда ақындық ауылына ат басын бұрғанының, оның ішінде балалар поэзиясына үлес қосуға та­лап­танғанының куәсі болдым. Қуандым. Игі ниет­ті неге құптамасқа. Кітапқа 150-ден астам ша­ғын өлеңдері, 50-ден астам қара сөзбен жазылған ер­те­гілері, жаңылтпаштары, ондаған танымдық әңгі­ме­лері топтастырылыпты. Автор «Жылқы» деген өлеңінде:

Ауыздығын шайнайды,

Айға шауып ойнайды.

 Көмбелерге жетеді,

Бәйге алып кетеді

Дәл осындай мен, елім,

Тұлпар болсам деп едім,

деп баланың арман-қия­лын ширақ, кестелі тіркестермен жеткізеді. Та­қырып қанша көп жырланса да, Жәди өзінше өр­нектеген. Шіркін, өлеңдерінің бәрі осындай бол­са ғой дейсің! Автор сападан гөрі санға көбірек көңіл бөліп кеткендей. Шалыс ұйқасты жиі пайдалану да қаламгердің шеберлігіне нұқсан. Ал ерте­гі­ле­рі мен танымдық әңгімелерінде тайпалмас жор­ға­дай көсіледі. Қысқа да нұсқа, астарлы да ұш­қыр ойларға толы. Тәрбиелік, өнегелік мағынасы да терең.

Балалар әдебиеті байыппен қарауды, қамқор­лық­ты қажет етеді. Қазір балалар әдебиетінің жал­ғыз ғана тірегі бар. Ол – «Балдырған» журналы мен «Ұлан» газеті. «Балдырған», «Ұланда» жарық көрген өлеңдерді ізін суытпай, ішіндегі ең таңдаулыларын жыл сайын кітап етіп шығарып отыру қажет.

Мемлекеттен тендер алып жүрген баспаларға жы­лына 1-2 кітап болса да балаларға арнап кітап шы­ғаруды міндеттеу керек.

«Балалар оқымайды» дегенді ұран етіп алдық. Қо­лымыздағы бары 5-6 кітап. Миллиондаған кіш­кентай оқырман бар екенін ескерсек, таласа-тар­маса ұстайтын сүйекті дүниелердің жоқ екені көзге ұрады. Міне, біз балаларға бір жылда мынандай сый-сыбаға, тарту-таралғы тарттық деп, ауыз толтырып айтуға келмейді.

Балалар әдебиетінің көркеюі үшін жүйелі жос­пар қажет. Бұл – әдебиеттің аса маңызды саласы. Ба­лалар поэзиясы қуатты болса, ертеңгі үлкендер поэзиясының да оқырмандары молая түседі. Өлеңге деген баланың қызығушылығы артады. Сол үшін баланың ойына ой қосатын, танымын кеңейтетін дүниелер молынан керек-ақ.

Тіл комитетінен, Білім басқармасынан «Ба­ла­ларға арналған қандай көркем шығарма бар, бізге бағдарлама бойынша мынадай дүниелер керек» деген өтініш жоқ. Басқа кітап шықпаса да, балаларға арналған кітап шықсыншы деген ниет болу шарт. Ұлтын, ұлтының болашағын ойлайтын ел балалар әдебиетінің марқаюына көңіл бөледі. Бізге бір ғана Мәдениет және спорт министрлігіне қол жайып қарап отыруға болмайды.

Қолжетімді бағамен ата-ана да, бала да сатып алуға лайықты кітаптар шығару қолға алынбай отыр. Балабақша мен бастауыш сыныптардың шә­кірттері қалың кітаптардан тез жалығады. Суретті, шағын  кітапшаларды молайту керек. Қазақ балалар поэзиясының көптомдығын, антологиясын шығару қажет. «Қазақ әдебиеті» газеті де балалар поэзиясына салғырт қарайды. Нөмір сайын болмаса да, айына бір рет балалар поэзиясын беріп тұруға болады.

Тағы бір мәселе. Балаларға жазатын ақындар жоқ деп жар саламыз. Неге болмасын. Бағдат Айт­мұқаева деген өте жақсы ақын бар. Жаркент қала­сында тұрады. Балаларға арнап 2-3 кітап, ересектерге 2-3 кітап шығарды. Өлеңдері ойнақы, тілі құнарлы. Осы ақын қызды Жазушылар одағына қабылдауға лайық деп есептеймін.

Қазақ телевидениесінің тарихы балалар әде­биетінің классигі Жақан Смақовтан басталатынын ұмытпау керек. 3-7 жастағы балаларға арнап жазуда Смақовтың шеберлігін біз әлі меңгере алмай ке­леміз. Жақан сияқты телехабарларға бел шешіп кі­рісуге батылымыз бармайды, салғырт қарай­мыз.

Мектептер мен балабақшалар сыныптан тыс ша­раларды, кештер мен ертеңгіліктерді өткізгенде жақ­сы өлеңдерге әлі де сусап отыр. Балабақшада жә­не бастауышта ең көп пайдаланатын тәрбие құра­лы – балалар поэзиясы. Оның сапасы төмен бол­са, тәрбие де төмен болады.

Балалар поэзиясы туралы айта берсе мәселе көп. Мен орыс мектептерінің төменгі сыныптарға ар­налған қазақ тілі оқулықтарын қарап отырып, он­дағы келтірілген мысалдардың көпшілігі
60 жыл­дардағы жазылған өлеңдер екенін аңғардым. Бұл ойланатын мәселе. Одан бері жарты ғасыр өтті, қо­ғам да өзгерді. Қазіргі поэзия ол деңгейден
әл­деқайда биік.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір