Тайланд делегациясы Зияткерлік мектептер жүйесі және NIS- Programme ерекшеліктерімен танысты
16.09.2022
384
0

Алматыдағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі Бангкоктағы ең үздік білім ордаларының бірі – THAI CHRISTIAN SCHOOL делегациясын қарсы алды. Тайланд делегациясы Қазақстанға халықаралық білім беру кеңістігінде танылған NIS-Programme-ның ерекшеліктерімен танысып, сондай-ақ серіктестік байланыстарды кеңейту мақсатында келді.

Мектеп директоры Гүлмира Мункеева шетелдік әріптестерін NIS жүйесімен таныстырып, оның қазақстандық және әлемдік білім беру жүйелерінің үздік дәстүрлерін біріктіретін инновациялық модель ретіндегі маңызын атап өтті:

– Зияткерлік мектептерді құру көптеген жаңа дүниелерді қалыптастыруды көздеді: құндылықтар, білім берудің құрылымы мен мазмұны, оқыту әдістері, оқу жетістіктерін бағалау принциптері және білім беру ортасы.

Тайландтық әріптестер жаратылыстану-математикалық бағыттағы сабақтарға қатысты. Шетелдік педагогтер оқушылардың ағылшын тілін еркін меңгергенін, сабақты құру ерекшеліктерін және мұғалімдердің кәсіби деңгейін ерекше атап өтті.

Кампус-турдан кейін мектептің көпсалалы «DreamTeam» клубының мүшелері «Нұр сазы» халық аспаптар оркестрінің, вокалдық топтың және би ансамблінің концерттік бағдарламасын ұсынды. Тайланд делегациясын Құрманғазының «Балбырауын» күйі, сондай-ақ жетінші сынып оқушысы Ұлас Амантайдың орындауындағы Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әні таң қалдырды.

– Зияткерлік мектепте білім беру үрдісінің адамгершілік-рухани құндылықтарды қалыптастырумен табысты ұштасқанын атап өткен жөн. Бұл, әрине, NIS артықшылықтарының бірі. Мұнда оқушылардың жеке тұлғасын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Біз одан әрі ынтымақтастыққа, серіктестік құрып, нығайтуға сенім білдіреміз, – деп мойындады Тайланд мектебінің директоры Ms. Warriors.

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір