ӘДЕБИЕТ ТҮЗЕЛМЕЙ, ӘЛЕУМЕТ ТҮЗЕЛМЕЙДІ
Бақыт САРБАЛАЕВ,
әдебиет сыншысы
Халқымыздың күні кеше емес, ертеректе-ақ өмір сынын танып, тіршілік сырын тауып айтқан бір қанатты даналық түйіні:
Ой да жоқ, уайым да жоқ, –
ойнай берсең,
Ой да көп, уайым да көп –
ойлай берсең… – деген пайым-сөзге сайса керек. Осы сөз қазіргі көркем әдебиетке, оның сынына да ортақ. Шынында да әдебиеттің бүгінгі қалпын әділ таразылап, әсіресе келешегінің қамын жеп ойланар болсақ, уайым көп.
Бірақ біз алдымен әдебиетіміздің күнгей жақсылық жағына көңіл бөліп, сүйсінтіп, «ойнататын» жағына ден қойсақ, бізде бәрі бар. Мейлі, сырттай қарағанда болса да. Өйткені, жаңа кітаптар көп жарық көруде. Негізгісі – проза жанрында да, поэзия, драматургия, балалар әдебиеті саласында да осал, ортақол шығармалар жетіп-артылғанмен, шынайы, тіпті базбірі шың дерлік шығармалар да кіндік кесуде. Осыған орай туған әдебиетіміздің бүгінгі сыны да саптан табылып, кемшіліктермен тіресіп, жақсылықтың таразы басуы үшін күресіп келеді.
Бүгінгі әдебиетіміздің деңгейі қандай болса, оның көркем сыны да сондай.
Өткен 2015 жылы белгілі ғалым, қазіргі әдебиетіміздің қабырғалы сыншысы Дандай Ысқақұлының «Рухани толғамдар» атты жаңа кітабы жарық көрді. Көлемі ғана қалың емес, кенеуі кемел, құнары қалың еңбек. Өзін кешегі тарихтан, бүгінгі қоғамнан бөліп қарай алмайтын білікті ғалым-сыншы кітабының «Әдебиет жайлы ойлар», «Әдебиетті ұлықтағандар», «Түркі әлемінің рухани жұлдыздары», «Тіл – ұлттың жаны» атты бөлімдері-ақ біраз нәрсені байқатса керек. Дандай нені жазса да тақырыбын терең танып қана қоймай, солардың бүгінгі күндік (тығыз қатысты, әйтпесе келешек күндерде де өлмес-өшпес) бітім-болмысын ашып, бүгінгі халыққа жас ұрпаққа берер білімі мен бойына дарыр тағылымын байырқалатады. Нысананы жан-жақты қамтыған баяндама емес, шолу баяндамамызда аталмыш кітапта шын сыншы, ғұлама ғалым Дандай Ысқақұлы жеңістері мен жемістері мол екенін тек хабарлаумен шектелеміз.
Дандай Ысқақұлы әдебиетті сынау арқылы әлеуметтің қалпын аңғартады, еріксіз бүгінгі заманның, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген қазіргі уақыттың басты қаупін, ұлтымыздың болашағына зор қатерін ашық айтады. Оның бұл тұрғыдағы ұраны да – Алаш арыстары көтерген ұранға сәйкес: «Ойлан, қазақ!». Бір-ақ мысалды алға тартумен шектелейін: «ХХІ ғасырдағы қоғамдық дамудың өзіндік ерекшелігі болып табылатын жаһандану үдерісі адамзат қоғамының алдына мүлдем жаңа проблемалар қойып отыр. Батыста басталып «Бұл – болмай қоймайтын өркениетке апарар жол» деп барынша насихатталып жатқан жаһандану жолындағы мәдениеттердің, әдебиеттердің барлығын жалмап, жұтып, халықтардың ұлттық рухын тамырынан айырып, мәңгүрттендіру арқылы бір оқ шығармай, әлемді бағындыру әрекетіне көшті».
Ғалым-сыншымыздың бұл айтқаны – көп проблеманың бірі емес, бүгінгі күннің басты мәселесі.
Менің бұған дейін де айтқан, бүгін де қадап айтар бір ұстаным-ойым – қайсыбір жанрдағы болсын қабілетті қаламгерлердің ең алдымен сыншы, содан соң барып ақын, прозашы, драматург, сықақшы екендігі. Себебі Абайды да абыз Абай, алып ақын еткен ақындық талант емес, ұлы сыншылық бітім. Онда зор талантына сай, тіпті сол талантын зор ететін терең талғам, мәртебелі Өлең (талап) мен Өмір: оқырман-тыңдарман ұлты алдындағы ұстаздық жауапкершілік болмаса, бәлкім, ол көп, көбең ақындардың бірі болып қалар еді.
Бұл айтылғандардан шығатын бір қорытынды – әдебиетті түзеу үшін біз алдымен әдеби-көркем сынды түзеуіміз керек.
Өткен жылы танымал сыншы, талантты прозашыларымыздың бірі – Тұрлыбек Мәмесейіттің «Таным таразысы» атты жаңа кітабы жарық көрді.
Өткен жылы өмірден ерте жарқ етіп жанып өткен, өткенмен өшпеген, көрер көз болса, көрер қоғамымызда әдебиетіміздің болашағын ойлар билік бар болса, бағасын берер ерекше еңбек – Әмірхан Балқыбектің «Ақын апологиясы» атты кітабы.
Мұндағы әрбір мақаланың бітімі бөлек Әмірханның, өнер мен өмірге көзқарасы ерек. Білімділік – ол үшін өміртанудың, өнерді өзгеше танудың құралы ғана. Тәуелсіз елдің шын мәніндегі тәуелсіз ұланы әлем әдебиетіндегі үздік үлгілерді, айрықша суреткерлерді қазақ көзімен қарап талдаған. Ол классикалық көне шығармалар бойындағы мәңгілікті тауып, жаңаша таразылап, туған әдебиеті көш бастап, әлемді таңырқатарына көшіп, өз басы да бір төңкеріс жасарына сеніп өткен сыншы-ақын.
Сенімнің өзі – сұмдық күш. Әмірхан тірі болса, әлі де ортамыздан қаламы қайраулы жүрсе, мүмкін ол осы арманына жетіп, Алаш сөзінің шынында да бір кездегі Латын Америкасы дамуындай, жапон әдебиетінің жарқырап жануындай деңгейге жетіп, төрткүл дүниедегі тиісті орнын – төл тағын иемденуін көрер ме едік. Әттең!..
Қазақ әдебиеті сыны қазір де тоқырап тұрмағанына «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жұлдыз», «Жамбыл» журналдары беттеріндегі талай-талай мақалалар дәлел. Әмина Құрманғалиқызы – жаңа көрінгенмен, әдебиетте бұрыннан бар қаламгер. Алмас Нүсіп, Бағашар Тұрсынбайұлы, Әлібек Байбол мақалалары да әдеби сын жалауы жастар қолында, нық желбіреп тұрғанын аңдатады.
Тек тиісінше қамқорлық қажет. Жас ақын, жазушылардан гөрі екі есе көп нақты қамқорлық. Бұл арада қомақты қаламақы төлеу деген – жай сөз: ұлағатты, ұлық сын ғана емес, әділдік пен шындыққа суарылған ұстаз сын тамыр тартып, Әдебиетті – сол арқылы әлеуметті (бұқараны ғана емес, билікті де) де түзейтін көркем сын салтанат құруын қамтамасыз ететін қамқорлық жасалуы міндетті.
Тәуелсіз елімізде мұндай әдеби-көркем сын өзінен-өзі туындауға тиісті-ақ тәрізді. Алайда, көне де кемеңгер халқымыздың «Ер Төстік» ертегісінен басталып «Алпамыс батыр» жырына ұласатын, «Күлтегін» тарихи дастанынан сабақталып, Асанқайғы Сәбитұлы, Бұхар жырау Қалқаманұлы, Махамбет, Абай, Жамбыл, «Оқжетпестің қиясындамен қыр асатын ұлан Қазақ әдебиеті қағанатының тағдырын, бүгіні мен болашағын негізінен бір ғана қоғамдық ұйым – Қазақстан Жазушылар одағы құзырына тапсырып, биліктің Мұхтар Шахановтың кітабын 1000 данамен шығарып, миллион долларларды қақпақылдайтын олигархтар ойынына дес беруі ойлантады. Бұл «ой да көп, уайым да көп – ойлай берсең…» жағдайынан асып кететін, болашағымызды Батыстың бейбіт басқыншылығы құшағына басып кететін ойын емес пе? Қазір ел сауатты, кім, мемлекет игілігі үшін не істеп жүр, не істемей жүр, бәрін көріп-біліп отыр. Кезінде әлемдегі ең екі астам елдің (империяның) бірі КСРО-ның 70 жылдың аржақ-бержағында құлайтын көріпкелдікпен болжаған Збигнев Бжезинский: «Сіздің елдің элитасы ақшасын біздің елдің банкінде сақтаса, онда ол – қай елдің элитасы, сіздікі ме, біздікі ме?» деген сұрақ туады», – деп бекер айтпаса керек.
Жаман кітап аз таралыммен шықса да көп, ал жаңа жақсы шығарма небәрі 2000 данамен жарық көрсе, ол кімге жетеді, оны кім оқиды? Ал халқына жетпеген, әлеуметін түзей алмаған әдебиет шынында жақсы ма, жоқ жаман ба, өзі бар ма, жоқ па? Кеңес өкіметі кезіндегі тәуір кітаптарды 30 мың, 60 мың, 120 мың таралыммен шығарып, халықты іс жүзінде соңына ерткен Коммунистік партияның озық ісін неге жүзеге асырмаймыз?
ХХ ғасырдың басындағы орыстың нағыз отаршыл үкіметбасы Николай Столыпин: «Ұлттық сана-сезімі жоқ, қалыптаспаған халық өзге халықтар өсіп-өнетін көң», – деп мәлімдепті. Бастауыш кластарда мемлекеттік туған тілін оқып қана сусындап қалыптаспаған, ағылшын мен орыс тілдерін қоса оқып, қойыртпақтан миы ашыған мәңгүрт қазақ баласы – шын мәнінде де ағылшын мінезі мен орыс менталитеті өсіп-өнбекші қорда қоқыр болғаны ма?! Қазақ болып қалмаған, Алаш баласы – оқырман болып ойлана алмаған ұрпақтан үміт үзе береміз бе?!
Біз неге жаһанданудан жойылуымыз керек. Азаттығымызды бекемдеудің, жер бетін қазақ болып мекендеудің жалғыз жолы – әдебиетімізді түзеу. Әдебиет түзелмей, әлеуетіміз де, әлеуметіміз де түзелмейді.