БҮГІНГІ ОРЫС ӘДЕБИЕТІНІҢ ТЫНЫСЫ…
Светлана АНАНЬЕВА,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының кафедра жетекшісі.
Римма АРТЕМЬЕВА,
Орыс әдебиеті кеңесі төрағасының орынбасары
Ресейден өзге жерлердегі орыс әдебиетін «орыс, бірақ ресейлік емес», «шетелдегі орыс әдебиеті», «халықаралық» дейді. Әр елдің әдебиеттанушылары бүгінгі посткеңестік кеңістігіндегі орыс әдебиетінде нендей ағым, тенденция пайда болып, қандай бағыт-бағдар алғанын анықтауға құштар. Қазіргі әдеби үрдістің күрделілігі соншалық, жанр мен стиль шекарасын айыра біліп, оны бір-бірінсіз бөліп қарастыру тым қиын. Әдеби дәстүр тарихи құжаттар мен жаңа теориялық дискурстармен сабақтасып жатуы – заңдылық. Осыған орай, орыс әдебиеті Қазақстанда да қанат жайған-ды.
Бұл ауқымды тақырыпты магистранттар, докторанттар мен ғалымдардың зерттеу объектісіне айналғалы қашан?! Жоғары оқу орындарында орыс прозасы мен Қазақстандағы орыс әдебиеті турасында лекциялар оқылады. Белгілі бір мәселені әр тараптан қарастыра зерделеудің бір артықшылығы – мазмұн мен формалық ерекшелікті анықтау, көркемдік элементтерді саралау, шығармашылық лабораторияны терең түсініп, поэтикалық анализге бару, стиль байлығын бағамдай білу. Қазақстандағы орыс әдебиетін әлемдік контексте қарастырғанда назарымыз бірден тарихи һәм мемуарлық прозаға ауды!..
Айтар жаңалығымыз өте көп. Бір жылда әдеби тұрғысынан біршама байып қалдық. Еліміздегі орыс поэзиясының өкілдері – В.Михайловтың «Божий парус», Н.Чернованың «Ты со мной», «Книга пепла», С.Назарованың «Печать России на челе», Р.Артемьеваның «Когда молитвы время перейдут», Т.Васильченконың «Зинка», Е.Титаеваның «У неба учиться пора», С.Комовтың «Над быстрым Иртышом» жыр жинақтарында дәстүр үндестігі мен жаңашылдыққа бой ұру анық аңғарылады. Ал А.Арцишевский, В.Мосолов, Н.Веревочкин, Ю.Серебрянский, М.Земсков пен мемуарлық прозаның белбаласы – О.Григорьевалар жаңа тақырыптарға, тың дүниелерге бара алғаны қуантады. Авторлар көшпенділер әлемі, олардың дүниетанымы, ұлттық образдары, бұрнағы ғасырлар куәсі саналатын шаһарлары туралы баяндай келе, соларды бүгінгі заманмен байланыстыра отыра, ғылым-білім, руханият, мәдениеттегі алар орны жөнінде толғанады. Көбіне ортақ бір ерекшелік – очерк пен деректілікке бару. Фэнтези жанры реалистік баяндаулармен бітеқайнасқандай әсерде боласыз. Осындай кезде ғана жанрлар түрленіп, жаңа дүниелер туатынын әлемдік тәжірибе дәлелдеп үлгерді. Мәселен, осылардың қатарына Т.Фроловская, Н.Чернова, Л.Шашкова, Н. Веревочкин, Г.Доронин, Л.Сон және т.б. жатқызуға болады. Г.Богдаевтың «В земле их корни» атты тарихи-деректі және тау-тайгалық тақырыбына арналған «На таежных профилях» повестері жарық көрді. Бұл да үлкен жаңалыққа баланды.
Бүгінгі көркем әдебиетте автобиографиялық дүниелер өте көп. Очерк пен публицистикада Ю.Поминов, В.Михайлов, Н.Чернова, Б.Қанапиянов, В.Проскурин, Л.Шашкова, О.Тарлыкова, С.Комов және т.б. авторлар өнімді еңбектеніп жүр. 2015 жылғы «Простор» жаңа есімдерді ашқан «Фронтовики – потомкам», «Семипалатинск литературный», «Поэты Костаная» айдарларымен мазмұнды бола алды. Жорналдың мерейтойлық санында «К 170 летию Абая» атты айдарында әр жанрда жазылған әдебиеттанушылардың зерттеу мақалалары берілген.
Әдебиет – ұлт пен ұлтты байланыстыратын алтын көпір. Мысалы, Петерборда шығатын «Нева» жорналының 12 саны толықтай Қазақстан әдебиетіне арналған. Онда В.Михайлов, М.Земсков, Ю.Серебрянский, С.Ананьева, И.Одеговтарды көріп қалдық. Проза мен поэзияда О.Сүлейменов, Б.Қанапиянов, В.Михайлов, Д.Сүгіралинов, З.Асим, А.Сахариев, В.Шемшученко, В.Куклин, А.Загрибельный, т.б. қаламгерлер туындылары топтастырылған екен. Одан бөлек, Қ.Бақбергеновтың серб тілінен Слободан Симичты аударса, Н.Чернова А.Брусиловскийдың «Бунтующая святость» кітабына рецензия жазыпты.
Әдебиет – еуразиялық кеңістіктің рухани діңгегі. Бұл туралы «Литературно-художественный процесс на евразийском пространстве в ХХI веке» атты дөңгелек үстеліне өзек болды. Мәскеуде өткен, Ресей мен Қазақстан қаламгерлері бас қосқан аталмыш жиынға Ресейдегі Қазақстан елшілігі мен «Литературная газета» басылымы мұрындық болды. Дәл осы тақырып Каспий жағалауы елдерінің «Каспий – море дружбы» атты және «Литературная Евразия» атты әдеби форумында да талқыланды. Ортақ тақырып – әдеби интеграция және оның даму жолдары.
Ал енді өткен жылы өзіндік ерекшелігі бар кітаптар, атап айтқанда, әлемге әйгілі ғалым, П.Мариковский туралы «Воспоминания натуралиста, зоолога, писателя» атты мемуарлық жинақ пен «Ан-Арыс» баспасынан ақын, аудармашы Татьяна Фроловскаяның мерейтойына орай Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Әлеуметтік маңызы бар әдебиет түрлерін басып шығару бағдарламасы» бойынша «Житие Льва и Бориса» (оның ішіне Лев Гумилевтің тарихи ерлігі мен Борис Пастернактың «Доктор Живаго» романы туралы зерттеу енгізілген) атты таңдамалысы жарыққа шыққан.
Роллан Сейсенбаевтың «Честь» романы оқырманды соғыс пен бейбітшілік, жамандық пен жақсылық, достық пен сатқындық туралы ойға жетелейді. Осы жылы қазақ жазушысы жетпіс жасқа толып отыр. Прозашы, драматург, аудармашы Роллан Сейсенбаев «Жажда», «Найти себя», «Последний снег», «Утешение», «Всего одна ночь», «День, когда рухнул мир», «Возвращение Казыбека», «Дни декабря», «Ночные голоса», «Если хочешь жить», «Лестница в никуда», «Трон сатаны», «Отчаяние или мертвые бродят в песках» секілді туындылардың авторы. Сыншылар оған: «Қазіргі қазақ интеллектуалды прозасының эталоны» деген баға берген еді. «Честь» тарихи романы соған дәлел. Орталық оқиға Отанының арын сақтап қалуды көздеген он тоғыз жасар сардар Күшікбай төңірегінде өрбиді. Бірақ ол әділ жекпе-жекте емес, өзінің қатарласы – қызғаншақ әрі көрсеқызар Төбеттің кесірінен опат болады.
2015 жылы «Молодая гвардия» баспасынан жарық көрген ақын, аудармашы, жазушы В.Михайловтың «Дымящийся свиток» жыр жинағы «Золотой жираф» лирикалық поэзия кітапханасының қорын толықтырды. Автор жан, Аспан, Уақыт, жоғалту мен табу, өмірді түсіну мен Ұлы жол, Отанды сүю туралы жырлайды. Ақынның «И смертной тоскою болел по Отчизне» лейтмотиві өзге поэтикалық кітаптарына да өзек болды.
Жазушы, журналист Адольф Арцишевскийдың «Однажды после войны» атты жаңа кітабының негізгі тақырыбы – соғыс. Алайда, автор деректі әңгімелерінде аса бір нәзіктікпен Бауыржан Момышұлы, Айтқали Есенғұлов, генерал Әлібек Қасымов, Сағадат Нұрмағамбетов, Мәлік Ғабдуллин, Қасым Қайсенов, Або Лозинский, Морис Симашко, Леонид Скалковский, Юрии Померанцев қалдырған рухани мұрасы туралы баяндайды.
Жазушы Константина Кешинның «Страстные силы мира» жинағында археолог Алан Медоев, суретші Павел Зальцман, ақын әйелдер Людмила Лезина, Инна Потахина, Тамара Мадзигон мен теңдессіз теңеулер шебері Виктор Мармонтовтың көркем бейнелері керемет ашылған. Автордың «Все встречи мои», «Кирпичи», «Пропущенные уроки», «Бродячий пленник музы», «Прекрасная Ольмиер», «Адмирал Виго» туындылары көркемдігімен құнды.
«Русская премия», «Ясная поляна» және «Сорос-Казахстан» әдеби сыйлықтарының иегері Николай Верёвочкинның «Человек без имени» атты кітабына төрт повесть енген. Олар: «Человек без имени», «Место сбора при землетрясении», «Железная дверь без ключа» және «Выхудра». Шығармада бүгінгі заман кейіпкерінің кісілік келбеті, рухани-моральдік ахуалы суреттелген. Бір қызығы, ондағы юмор мен фэнтези элементтері шығарма шынайылығын одан сайын күшейте түскен.
«Вечерний Алматы» газетінің тілшісі, жазушы Василий Шупейкин «Я люблю этот город» атты кітабы жарыққа шығыпты. Оның ішіне 57 очерк, мақала, сұхбат пен «Оңтүстік астана» тұрғындары туралы әңгімелер топтастырылған-ды.
Сөз соңында орыс-қазақ әдеби байланыстары туралы айтпай кетпеске болмас. Соған дәлел – «Казахстан-Россия» альманахы. Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елші Марат Тәжиннің бастамасымен жүзеге асырылған бұл әдеби-жоспар – «мәдени диалогсыз мәдениеттің өзі де болуы мүмкін еместігін» аңғартты. Альманах бес бөлімнен тұрады. Екінші бөлімді қамтыған Мұзафар Әлімбаев, Арғынбай Бекбосын, Қажығали Мұхамбетқалиев, Әлібек Асқаров, Есенғали Раушанов пен Ғалым Жайлыбайлардың шығармалары қазақ тілінде берілген. Осы жинаққа арнайы Әбе – Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Ақшатауы» аударылып, енгізілген-ді. Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Владимир Карпов «Хлеб нищего» әңгімесінде бабалар салған сара жол, Отанға деген махаббат, адам мен табиғат арасындағы тылсым байланыс турасында терең толғанады. Жинақты толықтай оқып шыққан ойлы оқырман әңгіме, роман, повесть пен өлеңдердің стиль, әдіс-тәсіл, образ жағынан қаншалықты бай әрі жан-жақты екенін түсінеді. Мәселенки, О.Сүлейменов, Е.Рейн, Н.Оразалин, Н.Чернова, Ұ.Есдәулет, С.Мнацаканян, Б.Қанапиянов, М.Замшев, С.Ли, Д.Қадыржанов, Т.Толқынқызы, С.Қамшыгер поэзиясы мен Ә.Кекілбаев, В.Личутин, Ю.Поляков, Г.Пряхин, Г.Доронин, Ю.Козлов, Е.Шишкин мен А.Жақсылықов прозасы ойшылдық пен лирикаға толы. Қорыта айтқанда, ұлттық ерекшелік, ұлттық код, ұлттық сипат, ұлттық бояуы басым туындылар жадыңда жатталып, ешқашан ұмытылмайды. Сөз өнерінің құндылығы сонда деп білеміз!..