КӨГІЛДІР КӨКШЕДЕН КӨНЕ АТАУЛАР КӨШПЕЙ ТҰР.
Әкім мен мәслихат қайда қарап отыр?
«Шаңыраққа қара!» Қазақтың осы бір аталы сөзі есіңе түскен сайын бүгінгі пұшайман хәліңе налығандай, көңілің құлазып сала беретіні бар. Неге құлазымасын?! Ата қонысыңның арғы атын айтсаң, көзі аларып, қояншығы ұстайтындар да көп арамызда. Бір елдімекеннің ежелгі атын қайтару дегенің қияметтің қыл көпірінен өткендей қиямет болды бұл күні. Оған ономастикалық комиссия құрылып, оны жергілікті мәслихат депутаттары бір ауыздан қолдауы керек дегендей. Орман орысы, орыс тілдісі басым жерде кім қазақ туғанның қара шаңырағына қарасын, «қарсымыз!» дейді қабарып, қатуланып. Назарларыңызға ұсынып отырған журналист Бейсенғазы Ұлықбектің мақаласы да осы мәселені қаузайды.
Ақмола облысының әкімі
Ермек Маржықпаевтың
назарына!
Біздің Қазақстанда аса көрікті, табиғаты сұлу, өзімізге болсын, тіпті шетелдік қонақтарға да көкірек кере, мақтанышпен көрсетуге тұрарлық, кереметтей әдемі өлкелеріміз баршылық. Соның бірі және бірегейі – Алтай-Тарбағатай аумағы, сондай-ақ анау Алатау баурайы саналатын Жетісу өңірі және маңғаз, тәккаппар, көгілдір аймақ Кокшетау атырабы. Бұл шұрайлы, сән-салтанаты келіскен, құтты, қасиетті өлкелер, жаратушының қазақтың дархандығы мен әппақ пейіліне берген теңдесі жоқ бақ деуге болады.
Әрине, бұл мақалада менің айтайын дегенім, мүлде басқа мәселе. Күннен-күнге көркейіп келе жатқан, келбетті Елордамыз орналасқан Ақмола облысы, яғни, Көкшетау өңірі. Біз кейінгі кезде, идеологиялық тұрғыдан мүлде ескірген, сонау Кеңестік дәуірдің бодандығын елестетіп тұратын (тіпті құлдығын десе де артық айтпағандық) біраз атауларды әлі күнге дейін өзгерте алмай келеміз. Ұсақ-түйек демей айтатын болсақ, тура Астанамыздың іргесінде тұрған Целиноград ауданы. Мысалы: Көрші Ресейде Кеңестік заманның атауларын баяғыда-ақ, сыпырып тастаған. Сонау, бұрынғы Ленинград, қазіргі Санкт-Петербург, Калинин – Тверь, Куйбышев – Самара, Горький – Нижний Новгородболып өзгерді. Одан да басқа қалалар мен аудандар толып жатыр. Ал біз уақыт оздырып, шегінумен келеміз. Өз уақытында, туған еліміз бодандықтың қамытында жүрген кезде, ақымақ Никита Хрущевтың күштеп, қарадүрсін қойған Целиноград атауын да әлі күнге дейін өзгерте алмадық. Ол тұрмақ, осы облыстың құрамындағы аудандарда көптеп кездесетін: Заречный, Двуречный, Приречный, Дальний, Раздольный, Ейский, Курский, Красный Запорожец, Свободный, Красивинский, Красивое, Комсомольский, 37 лет октября, Калачевский деген атаулардың қазіргі уақытқа керегі қанша? Мен осы облыста ұзақ жылдар қызмет жасағандықтан, Есіл, Жақсы, Жарқайың, Атбасар, Астрахань, Зеренді және өзге де аудандардың иелігіндегі округтердің қалай аталатындығын жатқа білемін. Тура бір Ресейдің губерниясында жүргендей боласың. Осындай идеологиялық тұрғыда мүлде ескірген атауларды Жаңа Қазақстан заманына сай етіп, қайтадан атауды уақыт кетірмей ұйымдастырып, тездетіп, ономастикалық комиссияның жұмыс істеуіне рұқсат берілуі керек. Жақында бұрынғы Державинск қаласын Кенесары деп өзгерттіңіздер. Сол секілді Ұлы Абылай ханның резиденциясы тұрған Щучинск қаласын да Абылай хан қаласы деп атасаңыздар да нұр үстіне нұр болары еді.
Бұл ұйымдастырушы адамға көп қиындық тудырмайды, оп-оңай нәрсе. Әйтпесе, жоғарыда аталған «жер-су аттары» бодандықтың, тіпті құлдық кезеңді еске түсіріп тұрады.
Сондықтан қазіргі Ақмола облысының әкімі, құрметті Ермек Маржықпаев мырзаның, осы атауларға көңіл аударып, уақыт оздырмай алдырып тастауын қалар едік! Неге десеңіз, көгілдір Көкшетау өлкесі, қалың қазақ елінің, мынау айналадағы шартарап жұртына мақтанышпен көрсететін, асыл байлығымыз десек, артық кетпегендігіміз!
Бейсенғазы Ұлықбек
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі